Жантұма
«Қодарың құрысын! Ойбай, Қодарың құрысын!» Ол шошып оянды. Біруақ өңім бе, түсім бе деп, не болғанын түсіне алмай отырды да, бұрынғы кезде ортаңғы бөлме аталып, бүгінде заманына қарай «холл» деген атауды иемденген, отбасының бүкіл күні сонда өтер, диван, кресло, телевизорды меншігіне айналдырған бөлмеден сығырая қараған әлсіз жарықты аңғарды. «Уһ...! Ү...у... Түс екен... түсім екен ғой».
Қасындағы жарына қарады, ол болса алаңсыз ұйқыда, мұның тұрғанын сезер емес. Бұл үй ішін оятып алмау үшін ақырын ас үйге өтті, тоңазытқыштан салқын су алып ішті де, орындыққа тізе бүкті. «Апыр-ай, мына күннің жануын-ай! Өртеніп кетер ме екен... Елу болмағанмен қырықтан асып кеткен шығар, сірә. Не деген сұмдық мынау, демалсаң болды ішіңе жалын кіріп кеткендей болады. Бұрындары түнде көрпе жамылып жататын еді бұл аймақ, ендігісі – мынау, түннің өзі тамұқтың табасындай күйіп тұр. Алла-ай, баяғыда теңіз қала іргесінде жатқанда мұндай ыстық болмайтын еді-ау. Қайран, Арал! Теңіз жақтан ескен желдің өзінен салқын самалмен ілесе бір кермек дәм келер еді-ау, келетін де жаныңды сергітіп жіберетін еді-ау. Ой, заман-ай! Қадіріңді білдік пе теңіз-анам?!» Кенет құлағына шағаланың даусы келгендей болды. Ол селк ете қалды. «Піссіміла! Піссімілла!». Осы мені бірдеме айналдырып жүрген жоқ па өзі?! Әйтпесе, шағаласы несі, атам заманда жойылып кеткен жоқ па бұ қаладан... Жарықтықтың өзімен бірге қала сұлулығының, табиғат көркінің бір бөлшегін әкеткеніне де жарты ғасыр болған жоқ па еді?
Ойына көрген түсі оралды. Алла-ау, тура өңіндегідей, баяғы кез екен дейді. Түс болғанда да тура түрлі-түсті кино көргендей... Бұл жап-жас, ән де шығарып, күйді де тартып, сахналық қойылымда да ойнап жүрген кезі. Иә, тура сол кез. «Маяк» клубының іші екен, бұл көрермендер залын бойлап қашып келеді, ол қолына үлкен бақан алып қуып келеді.
– Тоқта! Тоқта! – деймін саған.
– Қодарың құрысын!
Бұл қашады, ол қуады. Ол – деп отырғаны Әбілхан Маханов ағасы, жер жаһанды тітіреткен, талай ананы баласынан айырып аңыратқан, талай арудың қосағын жалмаған, талай баланың әкесін жұтқан аты өшкір қырғын соғыста болған адам, қан майданнан жараланып оралса да бір күн «Ауырдым» деп айтпаған, ғұмырын қасиетті өнерге арнаған әрі ақын, әрі жыршы, әрі әртіс ағасы, талай жас талаптың өнер жолындағы тұсауын кескен нар тұлға, жыраулардың соңғы тұяғы.
– Тоқта! Әй, Жантұма тоқта!
– Жоқ! Қодарың құрысын...
Сол күйі қайрылмай, мәдениет үйінен қашып шықты да, теңізге қарай бұрылып еді, екі қабат үйдің көлеңкесінде отырған он бір-он екілердегі қыздың тесіле қарағаны. Өй... соншама тесіліп.... Ау, мынау...Таныды, неге танымасын... бұл ойнаған спектакльдің көрермені ғой, ылғы жек көре оқты көзін қадап отыратын. Бұл әлгі сөзді оған да айтты да, жүре берді.
«Қодарың құрысын!» Қыздың өңі жылып, көзі күлімдегендей болды. Кірпіктер арасынан бір жылы шуақ шашырады. Осы бір шуақ... Оу, осы бір шуақты баяғыда... сонау бала кезінде көрген сияқты ғой... Иә, иә... Астапыралла, адамның түсіне тіпті ойламаған нәрселер де кіре береді екен ғой. Мұның «Қодарың құрысын» деп айтқанына... Ол сәл ойланып қалды, іштей есептеп отыр... О, тоба! Алпыс жылға жақындап қалыпты ғой. Ой, дүние-ау, зымырап өте шыққаның-ау! Ау, ана Әбілхан ағасының қолындағы бақаны несі? Е... Есіне енді түсті. Оу, ол бақан емес, сахна шымылдығын ысырып, ашып-жауып тұратын сырық екен ғой. Ол кезде қазіргідей электр қуатымен сырғып ашылар сахна қайда... Бәріне қол күші керек еді ғой. Екі жақта екі жігіт тұрып, шымылдықты ұзын сырықпен ашып, жауып тұратын-ды. Қазіргі жас өнерпаздарға осыны айтсаң – сенер ме екен? Әй, қайдам, сенбейді ғой. Бірақ, ол кезде ынта, өнерге құштарлық қандай еді, қазіргідей «Түскі асқа шығамын» деген әңгіме түгіл, ондай ой да жоқ болатын, қашан қойылым толық дайын болғанша «Маяк» клубынан аттап шықпайтын-ды бұлар. Үш литрлік банкаға суларын құйып, бір-екі пирожкиді газет қағазына орап алып тор қалтаға салар еді, міне, сол түскі ас болатын. қазіргідей судырлаған пакеттер, түрлі сусындар, минералды сулар қа–й–да... ондай тіпті қиялдарында да жоқ еді. Тіпті басшылардың кабинеттерінің өзінде графинге құйылған су тұрса – ол үлкен жетістіктей көрінетін еді ғой. Е... заман-ай!
Ол түсін жақсыға жорыды, ішінен күбірлеп бет сипады. Түсінде Әбілхан ағасына ұстатпай кеткені – жаратушым бұған әлі де біраз ғұмыр беріп тұр екен, тесірейе қарайтын қыздың күлгені, әлгі бір әдемі шуақ – қиындықтан құтылады екен, ұлы науқастанып жүр еді, жазылады екен. Аудан әкімінің де ықыласы түсіп, Әулиеатаға емге баруға көлік беріп еді... Иә, Алла! Оңынан қыла гөр бәрін... Ұйқы қашып кетті, сосын ойлансын кеп... Көрген түсін Базарға айтса ма екен, айтпаса ма? Жұрт осы жақсы түсті адам баласына айтпау керек деп жататын еді. Тіс жармасам... Қой... Бұл қасқаң ол түсті Базарға айтпай қалай шыдайды. Тіпті қалай айтып қойғанын өзі де білмей қалар... Ол өзіне-өзі күле, мырс етті.
Әбілхан ағасының да өмірден озғанына біраз жыл болыпты, әй, бір жиырма бес жылдан асты-ау. Е... Базар тұрғасын, шай ішіп алып, басына барып, құран оқиын. Тірі пенде тіршілігімен десек те, марқұмдардың зиратына барып, дұға оқып тұрған жөн ғой. Әбекеңнің басына бармағалы да үш-төрт жыл өтіпті-ау, бір туыстарын жерлеуге барғанда арнайылып тізе бүккен, білетін дұғасын оқыған. Сол кезде де жүзіндегі соғыстан қалған тыртықтар тереңдей жайыла күліп, «Әй, Жантұма!» деп, Әбекең бейіттен шыға келетіндей болған. Соны бір танысына айтқанда мұны әпенде көріп күліп еді... Не деп еді сол сорлы... Иә, иә, басқа түгіл әке-шешемнің басына бармағалы отыз жылдай болды, сенікі не, туысың емес, жақының емес айдаладағы біреудің бейітіне барғанға үлкен бір іс тындырғандай боп отырсың ғой. Осы сау адамның ісі ме? – деген еді. Е... Сорлы... Сорлы болмаса сөйтіп айта ма... Қорым болса міне, таяқ тастам жерде... Несі кетеді, екі айда бір барып Құран оқыса... Ой, Алла-ай, отыз жыл дейді...Құрысын... Адам емес шығар... ертең өзінің де сол жаққа баратынынан хабарсыз мұндар болғаны ма...
Тесірейе қарайтын қыздың күлгені, жүзінің жылығаны, жымиғаны бір жақсылықтың басы болар. Тоқта... тоқта... Осы тесірейе қарау... ана бір әдемі шуақ... Тағы қайдан көрді. Есіне бала кезі түсті. Төу... қай заман, теңіз қолтығындағы ауылда бір қара бала қолы қалт етсе бітті – домбыра тартар еді, күйге ықыласы ауғаны сондай мына дүниені ұмытар еді, аспанда ұшқан құсқа ой қосып, толқынмен әуен тербейтін еді. Күйші баланың аты біраз елге мәлім болып қалған еді-ау сол күнде. Бірде үйлеріне бір аттылы түсті, қонды, жайланды, әкесінің қонақжайлылығына разы болды. Бұған күй тартқызып тесілді де отырды, тесілді де отырды. Не керек, әлгі жолаушы келесі күні аттанып кетті, ол қыр асқасын-ақ бұл мұрттай ұшты. Қатты ауырды... Әкесінің «Ол кісінің көзі көк емес еді ғой» – дегені, шешесінің «Не келсе де содан келді, балаға тесілді де отырды ғой» – дегені құлағына күңгірлеп жеткендей болды, одан арғысы есте жоқ...
Ол есін жиғанда көргені – буалдыр тұман ба, сағым ба, әйтеуір, анық емес, ауада қалқып тұрғандай кейіптегі анасының сұлбасы еді. Кенет санасында найзағай ойнағандай болды да, әлгі тұман сейіліп жүре берді. Е...сол сәтте көрген еді ғой әне бір керемет шуақты жанарды... анасының даусын естіді...«Көкесі! Ау, әкесі! Мұратжан... көзін ашты! Мені таныды... Күлді... Алла-ау, шүкір! Шүкір, жаратқан ием! Тілекті қабыл еттің ғой...Шүкір!
Иә, домбырашы бала есін жиды, сауыға бастады, бірақ, көз өту бәлесінің ізі қалды келбетінде. Ойына тағы да «Қодарың құрысынның» жайы түсті. Бүгінде сағыныш боп қана қалған сол күндер-ай, жас еді-ау, жап-жас еді-ау сонда, 1960 жылдардың ортасы, күллі әлемге ғашық еді ғой бұл. Бұлар сонда «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» сахналаған болатын. Аудандық мәдениет үйінің директоры Мырзабай Отарбаев деген азамат мықты режиссер еді, Әбілхан аға көмекшісі болып, сол спектакльді қандай керемет шығарды. Бұлар апта бойы соны қойды. Қозының рөлінде – Мырзабайдың өзі, Баянның рөлінде – Набат Айдаулетова, Қодардың рөлінде – бұл. Набаттың қыз кезі, гүл-гүл кезі, ой, дүние – ай, көрік қандай, дауыс қандай, ән қандай...
...Зал лық толы. Кейбір пысықай балалар алдыңғы қатар мен сахна аралығына еденге малдас құрып отырып алған. Зал шамдары өшіп, тек әлсіз жарықтар ғана қалды. Соның өзінде бұл құрметті қонақтарға арналған қатардан аудан басшыларын, иығындағы погон жұлдыздары әлсіз жарықтың өзіне шағылыса жарқыраған біраз әскерилерді де аңғарып қалды. Ойын басталды да кетті. Қойылымның жақсы өтіп жатқанын бұлар залдың тым-тырыс қалпы мен шымылдық жабылып-ашылғандағы қол соққан қошеметтен-ақ сезуде. Сценарий бойынша бұл Қозыға қанжарсалып, өлтіруі керек, қанжар ағаштан жасалғанмен, бояуы келіскен, былайғы жұрт нағыз қанжар екен деп қаларлық. Мырзабайдың шекпенінің ішінде қызыл бояу құйған кәдімгі шар бар, бұл соны межелеп ұруы керек, тек тура емес, қиғаштай, қолтыққа қарай бұра ұрса – бітіп жатыр шаруа. Шар жарылып, қызыл бояу қан сияқты сыртқа бұрқ ете қалады. Бұған дейінгі қойылымдарды көргендер Баян мен Қодардың рөлдері тамаша шығуда деп қаланы гуілдетіп жүрген, бойда аздаған мақтаныш та жоқ емес. Әйтпегендеше... Көп талапкер Қодар рөлін аша алмаған, бұл болса... Көшеде кездескен балалар мұны «Қодар» атай бастаған. Бейне мұның Мұрат екенін ұмытқандай, «Әне...Қодар келе жатыр» дей бастады... Өнер адамы үшін одан артық қандай баға керек.
Мырзабай да, Набат та сахнаның гүлі ғой. Ойын тамаша өтуде. Міне, бұл барып Қозыға қанжарды ұрды, шардағы «қан» бұрқ ете қалды. Сол сәт не болғанын мұның өзі де сезбей қалды, басқалар да мұны күтпеген болуы керек. Зал ду етіп, халық орнынан ұшып тұрды, біреулер жылап жіберген... Бұл бесінші қатардан өзіне тесіле қарап отырған он-он бірдегі қызды көрді, жек көре, атарға оғы болмай қарауда. Осы кезде... Құдай-екем сақтасын... Баян рөліндегі Набат жыласын кеп... Сценарий бойынша осылай, бірақ, бірақ Набаттың мына жылауы бөлек... Ой, несін айтасың, бөлек жылау болды ғой, іші-бауырыңды суырып алып бара жатқан жылау...Егіле жылау... Бір кезде бұл өзінің Набатқа қосыла жылап тұрғанын аңғарды... Қайтеді енді, Набаттың жылауына ермеу, оған қосыла жыламау мүмкін емес қой ана жерде. Еңіреді бұл да еркінен тыс. Көзі шымылдықты ысыра жауып келе жатқан Әбілхан ағасына түскенде шошып кетті. Беттегі тыртықтар үлкейе, көзі бақырая бұған тап берді. Шымылдық жабылған, арғы жақта қол соққан жұрт, мұнда айқайға басқан Әбілхан.
– Әй! Құрттың ғой... Ойбай, құрттың ғой әп-әдемі жұмысты. Әй! Қатынсың ба жылап? Кім саған жыла деді.
Бұл да шыдай алмай кетті: «Қодарың құрысын! Енді ойнамаймын!» Иә... сонымен бітті. Ағасы қанша жалынды, Мұрат қайтпады: «Қодарың құрысын». Бұл Әбілхан ағасын жақсы көретін, оның да бұған ықыласы бөлек еді, атын атамай, «Пау, мұның жаны тап-таза ғой, баладай пәк қой. Жанының тазалығы тұма бұлақтай ғой», – деп мұны Жантұма атайтын. Ой, дәурен-ай! Кім сенер қазір бұған... Сол кездегілердің сыйластықтары бөлек еді ғой... Кейін ағасы бұған бір әңгіме айтты. «Жантұма! Сен дұрыстап тыңда! Өткенде саған жыладың,– деп кейіген менікі дұрыс емес сияқты. Көп ойландым. Мына военныйдың бастығы Дерягин екеуіміздің достығымыз бар ғой. Жақында кездесіп, үйіне ертіп апарды, аздап жұттық. Өткендегі біздің соңғы қойылымға үйіне Ленинградтан қыдырып келген немере балдызын ерте келіпті. Әлгі қатын... Дерягиннің балдызын айтам... ГИТС-ті бітірген, үлкен режиссер, әрі сценарист екен. Сол сенің ойыныңа әбден риза. Мен ол жыламау керек еді, – деп, жаман орысшаммен бүкіл сюжетті айтып бермеймін бе? Сөйтсем, жылауға қатысты ол: «Тогда тем более оригнально» деп, рөлдегі жігіт сондай қара жүрек адамның да, махаббат алдында, сезім алдында бас иетінін шынайы көрсетті,– деп қарап отыр. Сосын қалай ойланбассың»...
... Күн қызуы қайта екі адам қалалық қорымға бет алды. Олар – қазақ еліне белгілі күйші, композитор Мұрат Сыдықов пен оның жары белгілі өнерпаз, әнші Базар Қостаева еді.
Алдажар ӘБІЛОВ