Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арал өлкесінде Қазалы уезінің құрылуы

Арал өлкесінде Қазалы уезінің құрылуы

Қазалы қаласының құрылуында өзіндік әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан туындаған бірқатар ерекшеліктері болды. Біріншіден, орыс отаршылдарының Арал теңізін зерттеу желеуімен өңірге келуі, екіншіден, орыстардың Түркістан аймағын отарлау үшін Хиуа, Қоқан хандықтарының жерін ағылшындардан бұрын иелену мақсатында, Сырдарияның төменгі ағысында бекіністер салуы нәтижесінде пайда болды.Қазалы қаласы туралы «Қазақ совет энциклопедиясында» төмендегіше мәлімет береді. «Қазалы – Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы қала. Қызылорда-Ақтөбе темір жолының Қазалы станциясынан оңтүстікте 12км, Сырдарияның оң жағасына орналасқан. Қазалы деген ат «қаза» дейтін балық аулау үшін құрал-жабдықтың атынан шыққан. Мұнда 1852 жылы орыстың өзен кемелерінің отряды келіп тұрып, Сырдария өзенінен өтетін керуендерді бақылаған, оларды қоқандықтардың шабуылынан қорғаған. Капитан Макшеев бекіністі осы жерге салуға кеңес берді. 1853 жылы көктемде инженер Богданов №1 форт деп аталған жаңа бекіністің жобасын жасады. Бұл жоба кейінен бірнеше рет өзгертілді. 1853 жылы күзде құрылыс жұмыстары басталды. Алғашқы бекіністегі гарнизонда жаяу әскер ротасы және 50 қазақ, 300 жұмысшы-башқұрт болды» деп жазады.
Жердің Қазалы атымен аталуының өзінде де халық арасында бірнеше пайымдаулар айтылады. Жоғарыда көрсетілген көлдерден, дариядан жағалауын мекендеген халықтың балық аулауда қамыстан жасалып қолданатын құрал атауымен байланысты болуы мүмкін деген жорамалы да айтылып жүр. Негізінен «Қазалы» атауы Нәжімадин Мұсабаев пен Айгүл Мұсабаеваның 1998 жылы шыққан «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» кітабындағы мына жолдар жауап беріп тұрғандай. «...ХІІІ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1219 жылы Жошы хан бастаған Монғолдар шабуыл жасап, халықты қырып, қаланы түгелдей өртеп жібереді. Халық тағы да ауыр қазаға душар болады. Мүмкін, қайталана берген осындай қанды оқиғалардан кейін сол кездегі халық бұл жерді «Қазалы» деп атаған болар» деген тұжырымы сәйкес келетін сияқты. Қазақ тарихыда мұндай тарихи оқиғаларға байланысты жер атаулары, әсіресе жоңғар-қазақ арасындағы шайқастар болған жерлерде көптеп кездеседі.
ХІХ–ХХ ғасырлардың бас кезінде Арал өлкесіндегі Қазалы уезінің құрылуын ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмысы қарқын алды. Қазалы қаласының құрылуын зерттеумен алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауымының өкілдері, шығыстанушылар (ориенталистер), саяси жер аударылып келгендер айналысты. Бұл салада А.Бутаков Арал теңізіне жасаған экспедициясы кезінде Сырдария өзенінің жағалауларын суретке түсірді, Арал теңізі мен Сырдарияның тереңдігін анықтап, картада белгіледі. «...Экспедиция Сырдарияның төменгі алқабының алғашқы суреттемесін құрастырып, сол кезде жабылған Райым бекінісінің орнына жаңа әскери қамалдың негізін салуы және Ресейдің Орта Азияға баруын қамтамасыз ету мақсатында Қазалы жерін де суретке түсіру жұмыстарын жүргізді. Экспедиция аяқталғаннан соң гидрогеологиялық карта құрастырылды. Ол 1850 жылы басылып шықты» деп жазады.
Ресейдің шеткі аймақтарға қызығушылығының артуына байланысты Торғай облысының мал дәрігері, орыс зерттеушісі А.И.Добросмыслов мол дереккөздер негізінде «Торғай облысы. Тарихи очерк» атты үш томдық іргелі еңбек және 1914 жылы Ташкент қаласынан «Сырдария облысының уездік қалалары Қазалы, Перовск, Түркістан, Әулиата, Шымкент қалалары туралы» шағын анықтамалық кітап шығарды. Осы еңбегінде Сырдария облысында қалалардың пайда болуы туралы азды-көпті қанағаттанарлық ақпарат табуға болады. Сырдария облысының жаңа қалалары халқының жыл сайын артуы, өлкедегі ұйымдарды басқару, шаруа қожалықтары, халық, сауда және тағы басқа өмір сүруі деңгейі туралы мәліметтерді алуға болады. Бұл еңбек жинаған материалдардың және генерал-губернатор кеңсесінің, Түркістан бақылау палатасының, Сырдария облыстық басқармасының және уездік бастықтар басқармаларының архивтерінен алынған мәліметтердің негізінде жасалынған. Автор мұнда «Сырдария облыстық басқармасы мен уездік басқарманың архив істері, ылғалдылық пен түрлі зиянкестердің әсерінен, тіпті тышқандардың бүлдіруінен баяғыда жоғалып кетті. Істердің жоғалуы мен бүліну фактісі, әрине, түзетілмейді, бірақ бұл жергілікті күшейтілген архивтерді сақтау мен үшін маңызды міндет. Көлеңкеде мәңгі қалмауы үшін жалпы шаралар қабылдау керек» деп көрсетеді. Сонымен бірге ол, «....Жоғары мәртебелі Түркістан генерал-губернаторына, атты әскер генералы Александр Васелевич Самсоновқа материалдық қолдау мен рұқсат бергені үшін жоғарыда көрсетілген барлық материалдарды және канцелерия басқарушысының көмекшісі генерал-губернатор Александр Александрович Семеновке осы жұмысты орындауға көмек көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдіре отырып, біздің міндетіміз және біздің парызымыз деп санаймыз» деп жазады. А.И.Добросмыслов өлкеде ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалар барысын және қалай жүргізілгенін толық баяндаған.
1867-1868 жылдардағы патша үкіметі реформасының негізгі мақсаты қазақ өлкесінде отаршылдық тәртіпті нығайтуға бағытталды. XIX ғасырдың екінші жартысындағы өзгерістер Арал өңіріне де жетіп, едәуір ықпалын тигізді. Жоба бойынша басқаруды ұйымдастыру 1867 жылғы Ереже және 1886 жылғы 12 маусымдағы ережеге сай жүргізілді.
Қазалы қаласы географиялық орналасуы бойынша 45,46 градус солтүстік ендік және 37,47 градус шығыс бойлықта орналасқан. Биіктігі – теңіз деңгейіне 235 фут. Сырдарияның оң жағалауында және Ресей, Хиуа мен Бұхара арасындағы бұрынғы үлкен керуен жолында. Шыңғысхан жорықтары кезінде қираған Жанкент қаласы және Ташкент темір жолының атаулы станциясынан 10 шақырым жерде орналасқан. Жылдық орташа ылғалдық температура шамамен +10 градус. Жоғары температура +42,2 (1902) және төменгі температура – 40 (1893). Жауын-шашынның орташа мөлшері 120м. орташа барометрлік қысым 758,9 болған.
1847 жылы Орынбор әскери губернаторы генерал-лейтенант Владимир Афанасьевич Обручев Орынбор ведомствосының қазақтарын Қоқан мен хиуалықтардан қорғау үшін тұрғызды және орыстың Сырдария өзенінің төменгі ағысында Райым (бекініс) шатқалында Орта Азияға ықпал ету үшін 1851 жылы 4 ақпанда Арал деп өзгертілді (40-45 миль қашықтықта орналасқан). Көп ұзамай бұл жер бас сауда жолынан тыс жерде сәтсіз таңдалғаны белгілі болды, мұнда негізінен бір жағынан хиуалықтар мен Қоқан халқы арасында және екінші жағынан біздің Кіші жүз қазақтарының Шекті тайпаларының ірі қарсылықтарына тап болды.
1851 жылы Орынбор әскери-губернаторы Обручевті ауыстырған Орынбор және Самара генерал-губернаторы атағымен атты әскер генералы Васелий Алексевич Перовскийді тағайындалды. Орынбор өлкесін басқаруда ол өзінің Хиуаға қарсы сәтсіз жорығын ұмытып, Орта Азияға қарай алға жылжу қажеттілігі туралы ойды дамыта отырып жаңаша сөйлей бастады. 1852 жылдың көктемінде ол Сырдария өзенінің оң жағалауын Қоқан бекінісінен тазарту үшін экспедицияны жабдықтады және осы жылдың ерте көктемінде Арал бекінісінен Қазалы маңына жіберілді. Аймақты зерттеу үшін де, Сырдария өзені арқылы сауда керуендерінің кедергісіз өтуіне жәрдемдесу үшін де, командасымен және бірнеше өзен кемелерімен бірге офицерлер жаз бойы болып, күзде ғана Арал бекінісіне қыстауға оралды.
1853 жылы 20 маусымда инженер генерал майор Богданов А.И.Перовский жасаған жоспар бойынша Қазалы шатқалдарында болуының себебі мұнда №1 бекіністі тұрғызуға бұйрық берілді және сол жылдың күзіне қарай казематтар (әскерлер жатағы) деп аталатын екі үй дайын болды. Онда шағын команда Сырдария арқылы керуендердің кедергісіз өтуіне жәрдемдесу үшін қыстады.
Келесі 1854 жылы инженер-лейтенант Антоновичтің басшылығымен инженер құрастырған жаңа жоспар бойынша құрылысты генерал-майор Бюрно жалғастырды. Осы қыста мұнда 50 казак пен 300 башқұрт жұмысшыларының ротасы қалды. 1855 жылы Орынбор генерал-губернаторы граф Перовскийдің рұқсатымен Арал бекінісі жойылды, оның әкімшілігі гарнизоны және барлық қазыналық мүліктері №1 фортқа ауыстырылды. 1856 жылы желтоқсан айында №1 бекініс маңындағы қоныстанған қазақтар бекініс комендантының астық егуге және мал жаюына жер учаскелерін жер аударушыларға беру жөніндегі әрекеттеріне наразы бола отырып, бекіністің барлық жағынан қоршап алды. Обертышевтердің 3 казагының басып алып, өлтіріп, қазыналық шөпті өртеп жіберді.
Бұл оқиға туралы тарихшы И.В.Аничков өзінің «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхамедов» кітабында «...Сол жылдың желтоқсан айының 18-і күні Жанқожаның сарбаздары шөп шауып жатқан Обертышевтің үш казак-орысын қол-аяғын байлап әкетті. Кейіннен анықталған дерек бойынша, олардың үшеуі де өлтірілген. Сол жылғы желтоқсан айының 24-і күні әлгі орыс-казактарды тұтқындап алып кеткеннен кейін Жанқожа Қазалы фортына қайтадан шабуыл жасайтын ыңғай танытты» деп жазады.
Сырдария желісінің командирі барон Фитингоф бұл туралы есту бойына Перовск фортынан 265 адамнан тұратын 2 зеңбірек пен 1 зымыран станогымен әскерін алып келді. №1 Фортқа жақындаған кезде Фитингоф отряды осы Форттың басындағы 20 казак пен 200 мылтықпен, 200 жаяу әскер қатарына қосылды. Қазақтар орасан шығынмен Арықбалық шайқасында жеңіліске ұшырады, орыстар жағынан 6-ы жарақат алды. Мұнан соң Сырдария өзені бойы мен Кіші Борсық құмдарында көтерілісшілердің іздерінен қуа жүріп, 21,365 әртүрлі ірі қаралары тартып алынды.
Жанқожа батырдың көтерілісі хақында жазылған архив құжаттары мен тарихи-фольклорлық шығармаларды алып қарайтын болсақ, көбісінде Қазалы қаласы үшін шайқастар, оның орналасуы мен табиғаты жазылады. Мысалы, «...№1 комендантының Қазақ даласындағы хал-жағдайды шолушы Төтенше комиссияның төрағасы Гирске 1866 жылы берген мағұлматтарынан, ол жайында жазылған қысқаша жазбалардан анық білеміз. Ол кездері Арал бекінісі тарқап, форт 1858 жылы Сыр бойындағы Қазалы төңірегінде, Төменкөлдің маңайына, Қазалы (бөгет) дейтін кішкене өзендердің ағып барып Сырға құяр тұсындағы жерге көшіріп әкелінген-ді. Бұл ара өте шұрайлы еді. Орынбор әскерінің казактары осы фортқа орналасып, пішенге қарық болып қалған-ды. Оған қоса әртүрлі дақыл егіп, гарнизон азық-түлік, жемшөп жағынан еш мұқтаждық көрмеген-ді. Бұған дейін 1850 жылы Қазалы маңында Бұхар мен Хиуадан шыққан керуендердің Сырдан өтетін жерін  шолып, барлап тұру үшін атты казактардың форпосты салынған еді» деп жазады.
1858 жылы полковник Генрихтың жоспары бойынша фортқа қайта жоспарлау жүргізілді. Бұл кезде гарнизонда 600 жаяу әскер, 300 казак, 85 артелеристен басқа Арал фортының шенділерімен 200 адам тұрды. Генрихтың жоспары бойынша жұмыс 1960 жылы аяқталды. №1 форттың командирі, подполковник А.И.Скалимовский 1962 жылы Сырдария желісінің қолбасшысына форттың сыртқы құрылысын былайша сипаттады: «Форттың айналасы өрт қауіпсіздігі үшін қазылған қоршауы мен бекіністі қамыстан қоршап, сырты сыланған жергілікті топырақпен бекітілген. Ылғалдың әсерінен түсіп, сырт көзге ұсқынсыз көрініс беріп үнемі жөндеуді қажет етеді. Бекініс қабырғалары жергілікті топырақпен, сазбен көтеріліп қамыс араластырып тапталған, төзімділігі мықты. Атыс болған жағдайда қабырғалары бүлінуі мүмкін, жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыруы керек. Фортты қорғау үшін он екі фунттық 6 зеңбірек, алты фунтық – 6, үш фунттық – 3, жарты футтық – 4, төрт футтық – 3, он фунттық – 2, үш фунттық – 1, барлығы 25 қару-жарақ әрбір 11 көздеу нысанына қойылған.
Сол кездегі форт пен форстаттың барлық мемлекеттік үйлері: казармалар офицерлер жатақтары, жартылай госпиталь, цейхгауздар. Төменгі шенді қоныстанушылар үшін салынған отбасылық үйлерінің күйдірілген кірпіштен немесе бір қабатты табиғи тастардан қалануы, үйлердің астындағы іргетас жоқтығы, іргелерінен ылғалдылық байқалып тұрады. Барлық құрылыстарының төбесі жоқ, ағаш тіректерге салынған қамыстан тоқылған төсеніштері сазбен жабылғаны көрсетіледі.
Патша үкіметі Сырдария өзендерінің түбінде бекініс орната отырып, көшпелі халықты егіншілікке және отырықшы тұрғындарды құрылыс, балық кәсіпшілігіне басқа да іс-шараларына үйрету үшін қоныс аударушыларды орналастыру кезінде қамауға алуды да ойлады. 1849 жылы Райым бекінісінде Орынбор казактарының 25 отбасы, ал келесі жылы тағы 3 отбасы қоныстанды, бірақ осы 28 отбасының көп ұзамай 11 отбасы сол кездегі істерде көрсетілгендей бейәдеп мінез-құлықтары мен жүріс-тұрыстарындағы қолайсыздықтары үшін Орынбор қаласындағы әскери бөлімдерге қайтарылды. Қоныс аударушыларды әкелген кезде, орнынан жөнелту кезінде әр отбасына 100 рубль күміс ақша берілді, содан кейін бекініс кезінде тұрғылықты жері үшін ұзақ мерзімді үйлер салынды, оларға екі жыл бойы қазыналық жеңілдіктер берілді. 1857 жылы Сырдария желісінің түпкілікті құрылысына дейін белгіленбеген уақытқа дейін жалғасқан 8 жылғы әскери міндеттері шегірілді.
1855 жылы Арал бекінісі жойылып, қоныс аударушылар №1 фортқа ауыстырылды. 1858 жылға дейін қоныс аударушылар уақытша үй-жайларда өмір сүрді, ал сол жылы Орынбор генерал-губернаторы Александр Андреевич Катенин қоныстанушыларға бекіністен тыс жерлердегі ғимараттарға жіберуге бұйрық береді. 1860 жылға қарай қоныс аударушылардың жағдайлары қанағаттанарлық түрде ұйымдастырылды. 1858-1859 жылдары фортқа келген 28 қоныстанушылар отбасына да қазыналық жәрдемақы беріліп көшіп келді, 1860 жылы тағы 3 отбасы келді, бірақ бұларға жәрдемақы енді төленбеді. 1861 жылға қарай №1 форт кезінде 340 адамнан тұратын 47 отбасына қоныстанушылар болды (187 ер адам, 153 әйел). Алпысыншы жылдары осында тұруға әртүрлі уақытта қызметтен кеткен төменгі шенділерге, Арал флотының әскери бөлімдері мен матростарына тұрғылықты тұруына рұхсат берілді. 1862 жылы №1 фортта 90 қазыналық үй болды, оның 54-інде қоныс аударушылар өмір сүрді, ал төменгі дәрежелі шенді 36 отбасы, сонымен қатар 58 отбасы пәтерлерде тұрды.
1862 жылғы ұсыныстың есебінде айтылғандай, төменгі дәрежелі отбасыларында балық аулау кәсібі де болмады, әскерилердің әйелдері кейде базарға нан мен бәліш, тоқаш сатып күн көрсе, ал кейбіреуі көбінесе үйлерінен қудаланғанымен шарап дайындап сатып отырды. Көбінесе қызметкерлер, қызметші әйелдер жұмыссыздықтан мүлдем табыс алмады, бұл арада солдаттардың өмірі отбасы кедей емес, дегенмен әйелдердің жұмыссыздығы, жетіспеушілігі оларды еріксіз азғыруға итермеледі.
1847 жылы Генерал Обручевтің бастамасымен №1 форт Арал флотилиясының негізгі тұрағы ретінде қызмет ету үшін флотилия пайда болды. Жылына қазынадан 200 000 рубль бөлініп, 1883 жылдың 7 сәуіріне дейін өмір сүрді. Бұл флотилияның кемелері ешқайда жарамсыз болды және тек қазынаның қаржысына қызмет етті. 1893 жылы жария сауда-саттық сынағымен сатылды. 1868 жылға дейін Жетісу және Сырдария облыстарында басқару туралы ережеге сәйкес халық форттың комедантына, ал жақын арадағы казак офицері форттың резервіне бағынды. Коменданттардың ішінен Форт подполковнигі А.И.Скалимовский (1866 жылға дейін) және подковник М. П. Юний (1869 жылға дейін), ал соңғысы К.П.фон-Кауфман патша өкіметі тарпынан ерекше мақтауға ие болды.
1867 жылғы әкімшілік реформадан кейiн Сырдария облысы әскери губернаторы Қазалы уездік басқармасына капитан Соболевке ұйымдастыру комиссиясын құру туралы 1867 жылы 23 желтоқсанда Ташкеннен хат жiбередi. Ұйымдастыру комиссиясының төрағасына уездің басшысын, құрамына Новокрещенов, титулдық кеңесшi Карловты енгiзiп, тапсырманы нақты орындау керектiгi және ұйымдастыру комиссиясы қай күнi бекiтiлсе, сол күнi жұмысқа кiрiсуi қажет екенiн ескертедi. Комиссия жұмысы кезiнде, Қазалы уезін басқару №1 форт коменданты майор Юнийге тапсырылады. Осыған орай Қазалы уезінің бастығы болыстар мен ауылдар құру жөнінде ұйымдастыру комиссиясының жұмыстар жүргiзiп жатқандығы туралы Сырдария облысының әскери губернаторына 1868 жылы 2 сәуiрде мәлімдеме жолдайды. Уездік басқарушылар генерал-губернатордың бұйрығымен тағайындалды.
Автор «...1868 жылға дейін бекіністегі орыс елді мекенін азды-көпті абаттандыру туралы сөз болған жоқ, өйткені бұл үшін қаражат болмады. Базарда бір ғана салық жиналды, бірақ ол қайда кетті және қалай жұмсалды, оның есебін таба алмадық» деп жазады. 1868 жылы Катенин форт №1 жобасы Орынбор станциясының пошта трактісі болды. Басқарма 1867 жылғы Ереже бойынша және 1867 жылғы 12 маусымдағы ереже бойынша ұйымдастырылды. 1867 жылдың 11 шілдесінен бастап Түркістан генерал-губернаторлығы құрылған кезде №1 форт осы генерал-губернаторлықтың құрамына кіріп, Сырдария облысының Қазалы уездік қаласы болып өзгертілді.
Қазалы уезінде 1868 жылғы 1 сәуірден бастап 6 болыс құрылады. Олар: Қарақұм, Райым, Қостам, Сарытоғай, Қарабастоғай және Заңғар. Қазалы уезінің басшысы Қаракөл, Қостам, Сарытоғай болыстарында адам санының өскеніне байланысты тағы да 3 болыс құру керектігін, тіпті уездегі 7 болыстан 14 болыс құруға болатынын, оның әрбір болысында 1000-1600-дей үй бар екенін хабарлайды. Сол кезден бастап-ақ Қазалы уезді  Сырдария облысын басқару туралы жоба негізінде Ресей Түркістанының барлық қалалары сияқты басқарылды. Басқару туралы бұл жоба бойынша мемлекеттік басқару сатысы келесідей болды:
Әр уезд басқарушысы халық істерінде де әскери бөлімді де басқарды;
Халықтық басқару бойынша уездік бастық осы Ережені, ал әскер қолбасшылығында Түркістан әскери округінің Ережесін басшылыққа алды;
Уездік бастықтардың орналасуы уездік қалаларда тағайындалды;
Уезд бастығы қарамағында әкімшілік және полиция болды. Оның міндеттеріне уезде қауіпсіздік тәртібін тыныштықты сақтау, уезд жағдайында тәртіпсіздіктерді болдырмау, тәртіпсіздіктер болған жағдайда  уезд бастығы оларды дереу жою үшін шаралар қабылдау және өз билігінің шегінде іс-шара қабылдау, биліктен асып кеткен жағдайларда генерал-губернаторға хабарлау;
Халықтың денсаулығы мен білім алуына, жолдардың салынуына жағдай жасау;
Жергілікті полиция билігі мен күзетшілері уездік бастықтардың бақылауында болды;
Уездік басқарманың штат бірлігі болды, олар мемлекет есебінен қаржыландырылды.
Қазалы уезін 1869 жылдың желтоқсанынан бастап капитан Леонид Николаевич Соболевтен бастап подполковник А.С.Голев, И.НАбграль, В.А.Геруа, А.В.Девель, П.Н.Панкратов, А.П.Сумарков, А.Г.Реймерь, А.Н.Черневский, В.П.Киселев, С.Р.Путинцев, Э.Ф.Белинский, И.Л.Арзамасовтар басқарды. 1905 жылға дейін уезд басшысы болып, орта есеппен 3 жыл бойынша ауыстырылып отырған. Қазалыға келген уездік басшылардың көпшiлiгi қызметтiк дәрежесiн өсiруге үмiттенген уақытша қонақтар едi. Сондықтан олар уездің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық маңызына еш көңіл бөлген жоқ.
1868 жылдан бастап Қазалы қаласына Орынбор облысынан татарлар келе бастады. Оларға сауда жасауға, жергілікті халықтың діни сауатын ашуға, арабша оқытуға рұхсат берілді. Оларға жер иелеуге тиым салынды. Орынборлық саудагер Хусайновтың Қазалыдағы фирмасы жанына жиналып, сауданы өрістете бастады. Олар өздерінің товарларын ауыл-ауылды аралап сатып сауда жүргізді.
Сол жылдардағы Қазалы уезіндегі негізгі тұтынатын мал өнімдерінің бағасы көтерілмейтінін айтады. Мысалы, қой еті-1 рубл 20 копеек мөлшерінде болған, кейбір кездері 2 рубл 60 копеекке дейін көтерілген. Уезд орталығында нанның бағасы пұдына 5 рубль 20 копеекті құраса, қаладан сырт көшпелі қоныстарда нанның бағасы қымбат болып еттің бағасы төмен болғаны айтылады.
1870 жылғы Түркістан статистикалық комитетінің Қазалы уезінде жүргізген санағы есебі бойынша уезде қазақтардың негізгі денін әлімұлылар құрап, олардың басым бөлігі шектілерден тұрды. Шектілердің Құрманай, Құттық руынан – 1209, Жиеней – 509, Асан – 1011, Айдарбек – 555, Жақайым 1456 шаңырақ тіркелген. Ал, Төртқаралар – 1524, Қаракесектер – 463, Қарасақалдар – 789, Шөмекейлер – 3308 шаңырақ, Қожалар – 94, қарақалпақтар – 11, сұлтандар – 3, төленгіттер 11 шаңырақты құраған.
1875-1880 жылдары әскерге алынудан бас тартқан Орал казактарының 1000 адамы көшіп келді. Олардың кейбіреулері пәтерлерге орналасса, көбісі казармаларға орналастырылды. Олар жергілікті уезд басшылығына бағынбай қаланы кезіп жүрді. Тіпті аты-жөнін сұрағандарға тиісті жауап бермейтін. 1876 жылы Орынбор казактарынан әскери-жұмысшы батальонын құрып жұмысқа тарта бастады. 1881 жылы ІІІ Александр патша Орал казактарын өздерінің қоныстарына қайтару туралы жарлық шығарды. Олардың кейбіреулері еліне қайта бастады,  басым бөлігі қайтудан бас тартып « Бізді қалай жер аударды, солай елімізге жеткізіп берсін» деп Қазалыда қалып қойды. Қалған Орал казактары балық аулаумен, саудамен айналысты, 8-10 жыл өткеннен кейін олар құрылыспен де  айналыса бастады. 1910 жылы Орал казактарының саны Қазалыда 1800-ге жетті.
Бұл кезде Қазалыда жергілікті тұрғындардың саны 4000-ға жетті. Кейiннен мұнда Бұхар еврейлері, өзбектер, тәжіктер, Орал еврейлері қоныстанды. Ресейдің Бұқара, Ташкент, Хиуа қалаларымен Торғай уезімен сауда байланысының дамуынан керуен жолы өтіп сауда дами бастады.
1897 жылғы санақ бойынша Қазалыда 4303 ер адам, 3282 әйел, барлығы: 7855 тұрғын болды. Соның ішінде 3358 қазақ, 2610 орыс, 627 татар, 435 сарт, 352 тәжіктер тұрған.
1990 жылы Ташкент қаласынан басылып шыққан 1889 жылға Сырдария облысының Қазалы уезі бойынша Әскери губернатордың берілген есебіне шолу қосымшасында, Әскери губернатордың 1889 жылғы бойынша бекітілген сметадан тыс қалалық сомалардан өндірілген шығыстар ведомствосының көрсеткіші төмендегідей болған.
р/с
Шығыстар атау
Сумма
Рубль
Копеек
1
Полиция өкілін ұстап тұру үшін
300

2
Православие зираттарының қоршаулары мен қақпаларын жөндеу
1500

3
Қалаға екі шығыр орнату
1000

4
Дін өкілі Гаврюткинге дифтериядан қайтыс болған қызын өртеу үшін берілген
15
90
5
1888 жылғы қараша, желтоқсан айлары үшін қаланың жарығына төлемі,
Полиция ғимратын ұстап тұру үшін 1888-1889 жылдары үшін
68
54
6
Қалалық қарыздардың түспеуіне үмітсіздіктер бойынша
176


БАРЛЫҒЫ:
2810
44
Қазалы уезінде 1898 жылы қалада арнайы базарлар ашылды. 1.Аққыр және Қалымбас болыстарының көшпендiлерi үшiн Мұзбел және Манасбай-Сор жерiнен, 2.Райым болысы үшiн Заузан жерiнен. 3.Қаракөл және Қаратөбе болыстары үшiн Қамышлыбас және Көлқұдық жерiнен. 4.Қалымбас болысы үшiн Қуаңдарияның жағалауынан базарлар ашылды. Қалған болыстардағы халықтарға базарлар қажет болмады. Қалада күйдiрiлген кiрпiштен салынған үйлер, уездік мекеме, почта-телеграф, қалалық училище, бастауыш мектептер, қоғамдық кiтапхана, монша, шiркеу, мешiт болған. Өнеркәсiптiк өндiрiстен iрi сыра дайындайтын зауыт жылына 60 мың кiрiс әкелдi. Қалада жел диiрмен, ұсақ сабын қайнататын зауыт болды. Қала маңына бау-бақша егiлдi. Кейін келе аядай Қазалы үлкейе бастаған. Көптеген әдемі үйлер, мешіттер салынған. Шаһар Сырдарияға өте жақын болғандықтан бау-бақшаға бөленіп, сол төңіректегі көрікті жерлердің біріне айналған. Қаланың шет жағында патша ұлықтарының демалатын орны, жергілікті халықтың айтуынша Ояз бағы болған көрінеді.
1904-1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты, Қазалыға алғашқы теміржолшылар келуіне байланысты өндіріс орындары ашылып, халық саны көбейе бастады. Теміржол бойындағы шеберханаларға алғашқы жылдардың өзінде 40-тан астам кәсіптік мамандар келді. Олар теміржол вокзалын, стансадағы су көтеретін мұнара, локоматив, вагон деполары, паровоз жөндеу шеберханаларын тұрғызды.
1913 жылы 1 қаңтарда Қазалы уездінің жер көлемі 86688га жерді алып, халқының саны 234291 мың адамды құрады. Қазалы қаласында 17842 адам тұрды. Негiзiнен тұрғындар қазақтар болды. Уездің халқы мал шаруашылығымен, суармалы егiншiлiкпен айналысты. Астық, бақша, техникалық дақылдар егiстiктiң 22000 десятина жерiн алып жатты. Балық аулау шаруашылығы дамыды.
Қазақстанда 1917 жылы 7 қарашада патша өкіметін құлатып, Октябрь Социалистік революциясы орнағаннан кейін (1917ж), қазіргі Қызылорда облысының аумағы Түркістан Республикасының Сырдария облысы құрамына кірді. Орта Азия Республикасы шекараларын межелеуге байланысты 1921 жылдың 1 қазанында Сырдария облысының құрамында 7 уезд: Әулиата, Қазалы, Мырзашөл, Ташкент, Түркістан, Шымкент, Перовск болды.
1927 жылы Қазалы уезі таратылып, оның болыстығынан Қызылорда округінің аудандары құрылды. Осы округтің Арал, Қамыстыбас болыстығынан Арал ауданы құрылды. 17 қаңтар 1927 жылы Қазалы уезі таратылды;
1928 жылы сәуір пленумының шешіміне сәйкес Қазақстан әкімшілік-аймақтың бөлінісіне байланысты Қызылорда және Қазалы уездері таратылып, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылды. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылғы 12 мамырда Республикада алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылды.
Болатбек ҚУАТОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі
03 қараша 2024 ж. 101 0