Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жүректегі ана жұпары

Жүректегі ана жұпары

Иә, иә, дәл солай. Менің апамның аңқыған иісі.
Ол кезде 7-сыныпта оқитынмын. Таңмен таласа оянып әйтеуір мектепке бару керек екенін әлдеқашан міндет етіп қойғанмын өзіме. Таңертең сабаққа келгенде қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағын асыға күтемін. Шындығын айтсам, ол пәнге деген қызығушылығым басым. Бірақ неге?
Бірде сабақ басталысымен Бақыт апайыма қарап ой үстінде отырғанмын. Оқушылардың диктант жазған дәптерін жинап келе жатқан апайым ашуланған күйі: "Қанат, сен мүлдем сабақ оқымайсың, келіп тек құр бос отырып кеткенің болмаса" деп алдымдағы дәптерді қолына ұстаған күйі орнына отырды.
Қолына алып не жазды екен десе керек, парақтай бастады.
Онда: "Апайым, таң атқанын асыға күтіп, сізді көруге мектепке қарай жүгіріп келемін. Менің бала жүрегім сізді көрген сайын марқұм анамды еске салады. Көптен көрмеген анамды сағынып жүрмін. Сіздің сеуіп келген әтіріңіздің өзі анамның әтірінің иісіндей. Қоңырау соғылғанда бәрін тастап жаныңызда барғым келеді. Анамды сағынып жүргеннен болар, сіздің жылы жүзіңіз әр күнімді қуанышқа толтырады. Кей кезде басымнан сипап, аналық ақылыңызды айтқанда мен үшін одан өткен жылы, одан өткен жағымды алақан жоқ.Сіз менің болашақтағы өміріме себепші болыңызшы..." деген сөздер жазылған еді.
Әрі қарай байқаймын, ол менің көзімнен сырғыған көз жасымды сезіп қалған секілді. Сөмкесінен бет орамалын қолына алып, көзін сүртер-сүртпестен асыға орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті.
Қоңырау соғылды. Сырт киімімді үстіме ілген бойда есік алдына шығар бергенім сол еді, "Қанат" деген дауысқа жалт бұрылдым. Апайым екен. Маған жақындай түсіп, маңдайымнан шөп еткізіп сүйді де бауырына қысты. Айқаса құшақтасқан күйде, үнсіздікте көзіміз жасаураған күйі тұрдық. Маңдайымнан сипап: “Балам оқуың керек, онсыз өмірді шынайы түсініп, меңгере алмайсың” деді қысқа ғана. Әкем мен анамнан ерте ажырап қалған мен де күнде ішіме сыймай жүрген бар жан сырымды ақтарып, жеңілдегендей болдым. Апайым да менің ішкі жан дүниемді түсінгендей.
Үйге ерекше сезімде кірдім. Әкемнің бауырының үйіне де үйреніскендеймін. Олар да менің көңіліме қарап, өздеріне бауырлап алды. Сабақтан келіп қора тазалау, отын жаруды өзіме міндет етіп қойғанмын. Бүгін де шаруаларымды қуана ән салып жасап жүрмін.
Ертеңгі күнді тағы асыға күттім. Бұл күн өзгеше. Неге десеңіз, бар сабаққа ынтамен дайындық жасап, ерекше бір сезіммен келемін. Сабағыма ден қойып болашаққа деген кішкене де болса үміт оты оянғандай. Күндер зулап өтіп жатты. Мектеп бітірер уақыт та жақындады. Сыныптастарыммен, ұстаздарыммен, балалық шағыңның әрбір сәтіне куә болған мектебіммен қош айтысып, жаңа өмірге қадам бастық.  Енді біз ең қызықты сәттерімізді өткізген мынау мектептің ауласында жарыса жүгіріп, сыныбымыздағы парталарға таласа тармаса отырмаймыз.
Мектептегі кезең аяқталды, бүкіл өмір алда. Алайда, балалық көңіліміз бәрі баяғыдай. Әрқайсымыздың жүрегіміз алып-ұшып түрлі мамандықты сөз етіп, соған қол жеткізгенше асығудамыз. Менің таңдаған мамандығым – бала кезімнен алдыма қойған мақсатым – ұстаз болу. Анама ұқсайтын ерекше жаратылған апайымды көргеннен-ақ осы "мұғалім боламын" деген жалын оты бала кезімнен тұтанып, жүрегімнің түкпірінен орын алған болатын. Мектепте сабағыма ерекше назар аударып, жоғары балл жинап Алланың қалауымен армандаған әсем қала Алматыға келіп, арманыма жеткендеймін. Қуанышымда шек болмады.
Иә, жоғары оқу орнында білім ала жүріп анамды еске алған сайын екінші анам, апайымды ойлап отырамын. Өйткені ол анам орнында менің өмірімдегі үлкен-үлкен өзгерістерге себепші болды. Кей кезде кешкі абыр-сабырдан соң ұйықтарға дейінгі аралықта, оңаша отырып, бүгінгі күн және ертеңгі жұмыстар туралы немесе сонау алыста қалған, қайта оралмайтын бал-дәурен балалық кездер мен жалынды жастық шақтар туралы ой жүгірту, мен үшін бір ғанибет дүние. Сондай сәттерде әлде неге қуанып, әлде неге мұңайып та қаламын. Өзімше өмірден сабақ алып, келер күндерім үшін жоспар жасағандай боламын. Бүгін де солай, алты қырдың ар жағында жатқан ауылымды, ондағы маған барынша қанат бітірген жандарды  сағына еске аламын.
Шынымен де көзді ашып-жұмғанша зымырап өткен уақытқа таң қаласың. Зымыраған уақытта бұл оқу орнын да тәмамдайтын мезет та жетті. Әр күні, әр сәті қайталанбас бақытты төрт жыл төрт күндей өте шыққанына сене алар емеспін. Қуанған да, мұңайған сәттер де болды. Қызықты күндерді де өткіздік. Жан-жағымызға бағдарлап қалап ақыл-ойымыз толысып, білмегенімізді ұқтық.
 Бүгін қолымызға диплом алатын елең-алаң шақ... Алаңдаулымыз. Көкейді тескен ойлар мазалауда. Тағы да сол ойымнан кетпейтін, әр сәтте көз алдыма елестейтін, менің әр жетістігіме қуанатын жақын жандарымның жанымда болмағаны. Әр адамның өмір соқпағы әрқилы. Бәрінің де туған анасы бар. Оған деген телегей-теңіз махаббаты да бар. Өз жолымызды таңдап ер жеттік десек те, ана алдындағы балалық көңіліміз баяғыдай.
Осы тұста Бөкен бидің бақыт туралы "Бақыт дегеніміз – әр адамның асқақ арманы. Бақытты жек көретін адам жоқ. Жер басып жүрген пенденің бәрі жарық дүниеден бақытты болып өткісі келеді. Бірақ, бақыт ешкімді де өзі іздеп таппайды. Керісінше, оны бақытты болатын кісі өздері іздеп табуы керек" деген сөзі есіме түседі.
Ойымды әртүрлі ойлар мазалайды. Алаңдаулымын. Зал толы студенттер. Әрқайсысы есімін атағанда, жүрегі алабұртып қолына дипломын алған бойда ата-анасымен қауышуда.  Мен де оларға қарап: "Мен сияқты ешкім жыламаса екен деймін. Әттең, әкем де, анам да өмірден ерте кетті. Жүрегімдегі бітеу жара..." деп іштей күйзелісте тұрған едім, ақ жаулығымен қолын жоғары қарай қуана сермеп Бақыт анашым, ұстазымды көзім шалды.
Иә, иә менің өміріме бағыт берген Бақыт анашымның өзі. Дәл сол мектеп кезіндегідей сәт көз алдыма елестеді. Менің өмірімдегі үлкен-үлкен өзгерістерге себепші болып, өмір ағысымды үнемі менің бақытыма қарай бағыттаған Бақыт  апайым, екінші анаммен тағы да  құшақ жая кездестім. Бақыт ананың маған деген бар ішкі сырын, мұңын қос жанары-ақ айтып тұр. Әттең, тек жылы жүзі сәл жымиғанда көздерінің айналасын торлаған әжімдеріне қарап, қайта мұңайдым. Сол сәттегі аяулы жанның жан дүниесін сезіндім. Бұл сезімді тек анасы жоқ адамдар ғана көре алады.
К. ЗДЕНОВА

Сурет: aikyn.kz
28 желтоқсан 2024 ж. 150 0