Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнердің хас шебері

Өнердің хас шебері

Өнер деген, айтсам сөздің турасы,
Өшпес, өлмес, ол халықтың мұрасы.
Сол өнерді, тұмар қылған бойына,
Арда туған, ол – Сыдықтың Мұраты.
Өнерімен бар өмірі өрілген,
Ол – шоқ жұлдыз, биіктерден көрінген.
Көз алдында көк теңізі тартылды,
Қасіретін бірге көрді елімен.
Әділдік пен адалдықтың символы,
«Олай емес» деп айтады Кім мұны?
Ақын, жырау, сазгер, күйші, тау Тұлға,
Мұрат – өнердің хас шебері, дүлдүлі.
Ол тартқанда домбыраның күмбірі,
Естіледі ат тұяғы, дүбірі.
Елестейді жауға шапқан батырлар,
Үндес тапқан, оқиғамен бір-бірі.
Кездескенде «інім-ау» деп тұратын,
«Тұз-Ел қалай?» деп жаудыратын сұрағын.
Мініп алып кемесіне келместің,
Кеттің мәңгі, қимас аға Мұратым.
Қош бол, Мұрат, арда туған ағамыз,
Ел қимады, жұрт берген ол бағаңыз.
Иманды бол, торқа болсын топырақ,
Сайрап жатыр өнердегі салған із.
Қойбағар АЯҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Арал ауданының құрметті азаматы

Сурет: автордан
26 қаңтар 2025 ж. 166 0