Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рухты жырдың Рысбегі еді

Рухты жырдың Рысбегі еді

Арал өңірінде көптеген жыршы-термешілер өмір сүрген. Солардың бірі және бірегейі Рысбек Әшімов болатын. Рысбек Әшімов 1 ақпан 1955 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген.
1962-1972 жылдары Арал қаласындағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебінен тәлім алып, үлгілі оқушылардың бірі болды. Еңбек жолын 1976 жылы Жеңішкеқұм қаракөл кеңшарында көмекші шопан болып еңбек жолын бастады. Еңбектен қол үзбей 1980-1982 жылдары КСРО қарулы күштерінің қатарында болды.
Р.Әшімов Республикамызға және бірқатар шет елдерге танымал жыршы. Жыршылық, шешендік өнер нағашылары белгілі жыраулар – Дәріқұл, Жаңаберген, Жаппарберді, Үмбетәлі, Нұртуғаннан дарыған. Жыршылық өнерді игере жүріп, Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы «Қазанғап» атындағы халық оркестрінің, «Халық театрының» белсенді мүшесі болды. Аудандағы «Нұртуған» ақын атындағы жыраулар мектебін ашып, 40-қа жуық жыршы-термешілер дайындады.
Өнер жолында ұстаздары Әбілхан Маханов, Ізбасар Илиясов, Қапар Жармағанбетұлы тағы да басқа жандармен бірге жүріп, өз өнерінің тарихын алтын әріптермен жазды. Рысбек осы өңірдегі жыраулардың әндерін, Нұртуған жыр мектебі, жыршылық, термешілік әндер мен айтыстарда тартылған айтыс саздарын кейінгі ұрпаққа сол қалпында жеткізуші, насихаттаушы бірден-бір адам. Ол өнер үшін, кейінгі ұрпақ үшін қызмет істеген хас шебер өнерпаз. Қазіргі өнерде айтылып жүрген жыршы-термешілердің әндерін Әбілхан Маханов пен Қапар Жармағанбетұлы бірі сөзін, бірі әнін таспаларға жазып, Сұраған Мұрзаев пен Рысбек Әшімов шәкірттеріне үйретіп, өшіп кету алдында тұрған Нұртуған жыр мектебін тірілтіп, кейінгі ұрпаққа мұра етті. Бұдан кейін Рысбек ағамыз жыраулық өнерге басыбайлы ден қойды.
Арал өңірінде дәстүрлі өнердің мақам-мұрасы, жыр жұқаты көнеден сақталған. Әйтсе де аста айтылып, тойларда төгілтіп жүрген жырлар кәсіби сахнаға Набат апамыз арқылы шықты. Оны Сұраған Мұрзаев, Рысбек Әшімов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Демеу Жолымбетовтер жалғастырды.
Мәдениет үшін сіңірген бұл еңбегін Рысбек ағамыз "парызым" деп санайтын. Осындай ұшан-теңіз еңбек жемісін берді. Қәзіргі таңда Нұртуған жыр мектебінің өнерпаздары әлемді мойындатуда. Республикаға танымал шәкірттері Е.Жаңабергенова, Г.Суханберлиева бірнеше мәрте Одақ көлеміндегі халықаралық фестивалдар мен байқауларда лауреат атанды.
Жыраулар мектебінен тәрбиеленіп шыққан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде мәдениет саласында еңбек етіп келеді.
Р.Әшімовтың дауысы Қазақ радиосының «Алтын қорына» 1986 жылы жазылды.
Токио университетінің профессоры, дүниежүзі өнерін зерттеуші ғалым Минору Маритоның қазақ фольклор өнерінің жұлдыздары антологиясының алтын лазер дискісіне жазылып, жаһанға таратылды. Ал 1988 жылы қайтадан жаңартылып басылды.
1990 жылы Украинаның астанасы Киев қаласында өткен II Халықаралық фольклор фестивалінің дипломаты атанды. 1994 жылы Саха елінде Якутияда өткен III лорд конференциясында, 1996 жылы Алматы қаласында өткен V лорд халықаралық ғылыми және өнер конференциясында жоғарғы дәрежеде өнер көрсетті. 1998 жылы Астана қаласының ашылуына қатысып, «Астана» медалімен марапатталды. 2002 жылы Америкада өткен Смитсон халықаралық фольклорлық фестиваліне, 2006 жылы «Қорқыт және Ұлы дала сазы», 2007 жылы «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырған республикалық термешілер байқауына қатысып, арнайы жүлделі орындаға ие болды. 2007 жылы З.Шүкіров атындағы облыстық байқауға қатысып, бас жүлдені иеленді.
Міне, ұлы тіршіліктің тағы бір беймаза күні басталды. Алыстан Рысбек ағамыз салған ән қара жорғадай қан қыздырып, үн-ұрандай рух үкілетіп, түйсік тазалайды. Шағаласы шулаған, толқындары билеген көк айдын менмұндалап, әлденені іздеген рухты жырдың Рысбегі күн астында теңіз кешіп бара жатыр. Өмірде қарапайым, кішіпейіл, әділ, талапшыл, жолдастарына сыйлы, халық арасында беделді, оның өнері халық жанында мәңгі сақталады.
Қ.АРҒЫНҒАЗИЕВ,
«Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві» КММ-ның «Арал аудандық архиві» филиалының қойма меңгерушісі
28 қаңтар 2025 ж. 84 0