Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі

Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі

Биыл адамзат тарихындағы ең бір қасиетті де, қаһармандықпен көмкерілген күннің 80 жылдығы. Бұл – сұрапыл соғыстың соңғы бомбасы үнсіз қалған, бейбіт таңның шапағаты жер жүзін нұрға бөлеген Ұлы Жеңіс күні.
Ардагерлеріміздің маңдайы әжім, кеудесі орденге толса да, көздерінде сол жылдардың оты әлі сөнбеген. Қазақ елі де бұл соғыста үлкен үлес қосты. 1,2 миллионнан астам боздақ майдан даласына аттанды, көбі оралмады. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен аналар мен балалардың, қарттардың жанкешті жігері де еш ұмытылмайды.
80 жылдық мереке аясында елімізде ардагерлерді құрметтеу, еске алу шаралары ұйыдастырылуда. Осы орайда ауданда мереке мәртебесін ұлықтау мақсатында аймақтық ақындар айтысы өтті.
Ерлік пен елдікті жырға қосу арқылы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру және ұлттық өнерді насихаттау аясында «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» екенін айтыскер ақындар қайта жаңғыртып, ұлылығын ұлықтай түсті.
Отан үшін от кешкен ардагерлердің рухын асқақтату, бүгінгі бейбіт күннің бағасын білу, тарихтан тағылым алуға негізгі өзек болған додаға он ақын қатысты. Бұл рухани жиын көркін қыздырған он ақын сахна төрінде таныстырылып, арнайы шақырылған – Алтынгүл Қасымбекова, Нұрзат Қару, Жансая Мусина, Мейіржан Жақыпов, Ерасыл Бәйментаев, Бекзат Серіков, Ержеңіс Әбдиев, Бексұлтан Орынбасар, Мұхтар Ниязов, қырғыздық ақын Эсенбек Кийизбаев сынды суырыпсалма өнердің жүйріктері жиналды.
Айтыстың әділ төрелігін айтар, абыройлы орынға сөз өнерінің сырын меңгерген, тіл жанашыры Серік Негимов, қаламы қарымды, ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы және ұлттық рухты ұлықтауға үлес қосып жүрген қаламгер, ғалым Қайырбек Кемеңгер, Республикалық және халықаралық жыршы-жыраулар байқауының бірнеше дүркін лауреаты Айбек Тәңірбергенов пен салмақты сөз иесі, жас ақын, «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов ақындардың ой тереңдігі мен тақырыпты игеруін әділ бағалады.
Айтыстың жүргізушісі – белгілі ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, Халықаралық айтыс ақындарымен жыршы-термешілер одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр тізгіндеді.
Сахна шымылдығын сырдариялық ақын Ерасыл Бәйментаев пен қазалылық Бекзат Серіков ашты.
Бұл далада Сартай мен мың баланың,
Естілген дүбірі мен күн, ай батқан.
Жанқожадай батырың орыстарға,
Бір қарыс жерін бермей мың ай жатқан.
Жетес биің төрелік айтқан кезде,
Ақиқат, шындық кімге ұнай жаққан.
Термесі кейінгіге тәлім болған,
Нұртуған жырау мұнда жыр ойнатқан.
Мына дала Қазанғап күйіменен
Тербетіліп тұрғандай нұр ойнап таң.
Әбдіжәміл, Зейнолла, Жарасхандар,
Әдебиет биігінде шың аймақтан.
Омаров Кеңесіңнің шәкірттері,
Кем болмаған рынокте шын айбаттан.
Тұңғыш премьер-министр
Қараманов Ұзақбай сүрінбеген сын айғақтан.
Осындай алты алашқа аты әйгілі
Тектілер тамыр жайған бұл аймақтан,– деп сөз бастаған Ерасыл Бәйментаев жалынды жыр өнерін жандандырғандай болды. Арал атақтыларын өлеңге өзек етіп алып, сахна сырын аша түсті. Аға мен іні көрінісін көрсеткен қос ақында сөзден кенде емес екендігін дәлелдеді. Әрине қарсыласы Бекзат Серіков:
 Жастардың жанарында жаңа жалын,
Жыр жолында алауымды жаға аламын.
Арғымақтар бәйгесіндей мынау айтыс,
Қас тұлпарлар тарпыған тағаларын.
Өлшетуге сөздерін келді бәрі,
Көрсетуге жөнімен жобаларын.
Көңіл тойып көз сүйсініп ажарыңа,
Аралға келіп бәрін араладым.
Жыраулардың мекенін келіп бүгін,
Өзімше кереметке жобаладым.
Ақын деген жыраудың баласы деп,
Кезінде айтып кеткен бабаларым.
Бізді туған шайыр мен сүлейлердің,
Сөздерін сіңіргенмін санаға мың.
Мың алғыс көрерменнің баршасына,
Көруге келген айтыс аламанын.
Дәл бүгін жыраулардың еліне әкеп,
Жинап жатқан жыраудың балаларын, – деп алты алашқа аты мәлім сөз додасының шырайын келтіріп, көрерменнің делебесін қоздырды.
Екінші жұпта додаға түскен Нұрзат Қару мен Бексұлтан Орынбасар жеңге мен қайын іні арасындағы назды да әзілге толы сөз қағыс өрнегін көрсеткен, салт пен санаға тұнған ерекше әсер қалдырды. Бұл сөзімізге Бексұлтан Орынбасаровтың:
Мендегі мына көңіл еркелейтін,
Сендегі мейірім мен махаббатқа.
Қыз кезіңде еді ғой оның бәрі
Шынымен мына өмір қатал-ақ па?
Қаракесек еліне келін бопсың,
Ақсақалдан қол жайып, бата алып та.
Енді міне жеңгем боп шыға келдің
Малынып ап ақ дидарың шапағатқа.
Байқаймын үйленген соң өзгеріпсің,
Ауысып келін деген лақапатқа,
Тәп-тәтті кәмпиті едің Қазалының
Айналыпсың батончик шоколадқа.
Жеңгемнің жаны жайсаң жазы арайлы,
Қайның қалай қалжыңмен қажамайды.
...Ағам ғана басатын шүріппесін,
Қару Нұрзат Алашқа ажары әйгі.
Қаруды қолыма алып бір көрейін
Қызықпенен өткізіп ғажап айды.
Өйткені білесің ғой біздің елде
Жеңгесін қайнылары мазалайды,
Қаруды ағалары атқанымен
Ұңғысын інілері тазалайды.
...Жарыңыздың жұмысын естіп едім
Ол белгілі кәсіпкер секілді екен.
Пластик терезелер жасаушы еді,
Білмедім шебер ме екен, токарь ме екен?
Кешкісін жұмысынан шаршап келсе
Әйелінен күтеді хақын көкем
Ал сен болсаң жүресің айтыс қуып,
Қарамай алыс па кен, жақын ба екен?
... Ал күйеуің сен қашан келеді деп,
Қос көзі бақырайып жатыр ма екен.
Терезе жасап келіп қайран ағам
Телміріп терезеге отырма екен?– деп көрермен көңілін тербетті. Осы орайда жібек мінезбен өрілген ару Нұрзат тәрбиемен көмкерілген тапқырлықтың тамаша үлгісін көрсетті:
Қару десең дей берші, әй жарайды.
Қару жеңгең жолыңды байламайды.
Дегенмен мына сөзің қызық екен,
Оныңа Нұрзат қалай жай қарайды.
Ұңғысын інілері тазалайды деп
Қайным неге қалжыңын майдалайды.
Мен сенің ол сөзіңмен келіспеймін,
Мысалға келтірсең де қай маңайды.
Бұл жақтың салт-дәстүрін білемін ғой
Барлығы сен секілді ойламайды.
Арал жақтың ақылды інілері,
Ағасының қаруымен ойнамайды. – деп тұшымды жауап берді. Бұл да бір айтыстың керкем сәтіне айналды.
Әр шыққан жұп өз зерделі ойын жеткізуде ұтымды жауаптар мен өткір өлең жолдарын жырға қосты. Тағы бір айта кетер тұс, Эсенбек Кийизбаевтың қырғыздың қазыналы жырын арқалай келіп, сахнаға айбарлы үн, аламанға жаңа леп алып келді. Оның жұбы Мұхтар Ниязов қонаққа деген сый мен кәдесін танытып:
Сыйлайын Есенбектей қатарымды,
Құрметтеймін қырғыздағы атағыңды.
Қаншама рет қазаққа қонақ болдың,
Қандай қазақ көңіліңді қапа қылды.
Бауырымыз қобызын көтеріп кеп,
Қанша халық сыртыңнан бата қылды.
Өз шапаның бар екен дегенменен,
Қадірі болмады демесін мата құрлы.
Ат бергенмен сүйретіп кетеді ғой,
Ел алдында жабайын шапанымды, – деп қырғыз-қазақ бір туғанын дәлелдей түсіп, ата-дәстүр салтымен иығына шапан жапқан сәт – өнердің биік бағасы мен халықтың шынайы ризашылыған жеткізгендей белгі болды.
Әр айтыста көрермен көңілін баурап, ел ішінде жатталып жүрер жырдың тууы бұл дәстүрдің шынайы жеңісі. Осы бір айтыста көрермен көкірегіне ұялап, жүрегін тербейтін жауһар жырға айналған, ащы да болса тәтті шындықты Мұхтар Ниязов бір ауыз сөзімен түйіндеді:
Өткен өтті енді бізге ғылым керек,
Осы жаққа ұрпақтың нарқын білгіз.
Кей жағдайды Есенбек білмеген соң,
Кей нәрсені бетінен қалқып жүрміз.
Тоғызыншы мамыр келсе айқай салып,
«Немістерді біз жеңдік» деп айтып жүрміз,
Айқайлап болғаннан соң сол алаңнан,
Мерседес, ВМБ-мен қайтып жүрміз... Бұл Жеңістің рухы мен бүгінгі күннің шындығын жеткізген өлең өрнегі болды.
1941-194 жылдары... Сол жылдары «жау» атанған Германия еліне деген халықтың көзқарасы да ауыр еді. Алайда уақыт өте келе тарихтың сабағы өзгеріп, сана сабырмен, жүрек кешіріммен жаңарды. Соғыс аяқталған соң, Германиядан жер аударылған көптеген этностардың тағдыры қазақ жерімен тоғысты. Қазақ халқы кеңпейілділігімен, қонақжай мінезімен неміс ұлтының өкілдерін бауырына басты. Жағдайы жоққа жастық төсеп, тілін түсінбесе де, ниетін түсінді. Бұл – адамгершілік пен бауырластықтың айқын көрінісі.
«Уақыт – емші» екенін қайта дәлелдеді. Бір кездері соғыс салған жараны халықтардың парасаты мен кешірімі жазды. Бүгін біз қасіретті күндерге тағзым ете отырып, бейбіт күннің қадірін түсінеміз. Қазақ пен неміс – енді тағдыр тоғыстырған халықтар емес, саналы түрде достасқан, ортақ болашаққа бет түзеген тату халық.
Татулығы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанның болашағы ұрпақтың қолында. Нәубет соғыс келмесін, бейбітшілік гүлдесін. Бұл өткеннің арманы, бүгіннің ұранына айналды. Осындай тарих түсінер тұлғалар мен жыр саптары сүбеленген, сөз маржандары асыл айтыскер ақындар қашанда қоғамда орны елеулі.
Шабыт тынысынан туған өлең өрімінің бас бәйгесін еншілеген жеңімпаз Бексұлтан Орынбасаров дарын иесі атанды. Айта кетерлік жәйт, ол әрине бұл жеңіс тек әу дегеннен болған жоқ. Финалда ұстазы Мұхтар Ниязовпен аламанда айтысып, ағасынан қолдау алып жеңіске жетті. Бұл туралы Мұхтар Ниязов:
Ізімде жақсылардың ізбасар бар,
Осы сөзім көкейіңе жақты деймін.
Алдыңа томар болып неғылайын,
Мен сенің қадамыңа сәт тілеймін.
Сондықтан кедергі болмай саған,
Жол беріп інім саған бақ тілеймін...
...Осы айтыста мінекей Мұхтар ағаң
Өзіңе арнайылап жолын берсін.
Қазыларда ескеріп бұл Мұхтарға,
Бексұлтаннан кейінгі орын берсін, – деп сахна төрінде сөзімен сүйсіндірген Мұхтар Ниязов І орын иегері атанды.

Тіл мен ойдың тайталасында топ жарып, жүлделі ІІ орынға қырғыз жұртының сөз зергері Эссенбек Кийизбаев пен Аралдан бір әріпі өзгеше Оралдық ару Жансая Мусина табан тіреді.
Түбі Қазалыдан шыққан айтыс аруы Нұрзат Қару, жамбылдық жыр додасының жұлдызы Алтынгүл Қасымбекова және жас ақын Бекзат Серік үшінші орынының иегерлері болып, үш ақын ортақ жеңісті еншіледі.
Айтыс аламанын аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп түйіндеді: «Бүгін біз алтын әріппен жазылған бір белесін – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту үшін бас қосып отырмыз. Бұл – күллі адамзат баласына ауыртпалығын салған, ел мен жердің, ұлт пен ұрпақтың тағдырын тәлкекке салған сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толған күн.
Қазақтың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тәмсілі бар. Біз – тарихқа құрметпен қарап, бабалар рухына тағзым ететін халықпыз. Бұл Жеңісте Арал өңірінің де үлесі бар. Бұл жай ғана өнер бәйгесі емес, бұл – рухтың жаңғыруы, елдің еңсесін көтерер өнегелі шара.
«Бірлік болмай, тірлік болмас» дейді дана халқымыз. Біз бірліктің қадірін, татулықтың бағасын соғыс жылдарында ұғындық. Бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқанымыз қандай бақыт!
Осындай бірліктің арқасында «жұмыла көтерген жүк жеңіл» болды. Дәл осы тұста Аралдың адамдары өз татулығын тағы бір дәлелдеп, бүгінгі шараны өз деңгейінде аяқтадық. Ақындар айтысына дем беріп, сөз сайысының сәнін кіргізіп отырған жомарт жандарға – жүрекжарды алғысымды білдіремін.
Көпке үлгі, кеңпейілді азамат – «Саида» супермаркетінің иесі Нұрбек Зағатовқа, сөз өнерін қолдап, ұлттық рухты асқақтатуға үлес қосып отырған ісмер жан, ел анасы – Ақыл Садуақасова апамызға, және де халыққа қамқор, белгілі кәсіп иесі – Нұрлыбек Исмайлов бауырымызға айтыс аламанына түскен барша ақындар және Ақұдайлар атынан зор ризашылығымды жеткіземін» – деді ол.
Айтыс – бабалар аманаты. Айтыс – жалаң сөз жарысы емес, ақиқаттың айнасы, рухани кемелдіктің көрінісі. Қазақтың жаны – айтыста. Бүгінгі сөз додасы – сол руханияттың биік үлгісі. Бұл додада тек суырыпсалма өнер емес, ел мен ердің тарихы, майдан даласының зарлы үні мен тылдағы аналардың зары, жетім қалған баланың мұңы, жесірдің көз жасы – бәрі де жыр болып төгілді.
Қара домбыра күмбірлеп, көрерменнің қошеметімен қоса, айтыс та өз шешімін тауып, сахна шымылдығы баяу жабылды.
Елдің сөзін сөйлеп, жүректегі сыр шертер ақындар айтысы әлі де жалғасын тапса, қандай тамаша?!
Құлақ құрышын қандырар өлең өрнегі өрілген айтыс қай уақытта да халық пен билікті жалғаушы сабақтастық. Ұлт рухын ұлықтайтын, сөз өнерін төрге сүйрейтін дүбірлі додалар жиі өтсін! Жыр жүгін арқалаған қоңыр әуен үзілмей, суырыпсалма ақындарымыздың жарқын үні ел аспанында жаңғыра бергей. Айтыс – тек өнер ғана емес, халықтың жаны, рухының тынысы. Осындай рухани шаралар жиі өтіп, жас ұрпаққа өнеге, елге медет бола берсін!
Нұрай ӘМІРХАНОВА
06 мамыр 2025 ж. 59 0