Шындық туралы ертегі

Сонымен Ақымақ Шындықты арқалап келе жатыр, салмағы құрғыры еңсесін тіктеуге мүмкіндік берер емес, тастап кете салайын десе қимайды. Қалай болғанда да ақысын төлеп кетті ғой. Үйіне құр сүлдері жетті.
– Ақымақ-ау, осынша уақыт қайда жүрсің? – деп әйелі дүрсе қоя берді.
Әйеліне базарда болған жайттың бәрін бүге-шігесіне дейін түсіндіріп шыққанымен, бұл Шындық деген салмақты, көлемді, еш жерге оңайлықпен сыя қоймайтын нәрсені қалай пайдаланатынына, қайда сыйғызатынына, тіршілік түйткілдеріндегі мың сан шаруасына қалай жарататынына екеулеп бас қатырғанымен ақылы жетпей-ақ қойды. Екеулеп біресе аулаға шығарады, біресе үйге кіргізеді, тіпті еш жерге сыятын түрі көрінбейді.
– Ей, Ақымақ, маған мынадай бір ой келіп тұр, – деді ақыр соңында әйелі. – Сен өзің алып келген Шындығыңды базарға қайта апарып сатып жібере сал. Өте қымбатқа сатпа, жұрт қаншаға сұраса, соншаға бере сал, пайдаға аспайтын нәрсеге жүйкеңді жұқартып қайтесің.
Ақымақ базардың адам көбірек шоғырланған жеріне келіп Шындықты саудалай бастады:
– Шындық алыңдар, Шындық сатам, кімге Шындық керек, өте арзанға берем.
Ешкім де алғысы келмейді, қанша қызылкеңірдек болып саудаласа да ешкім керек қылатын түрі жоқ. Мойын бұрған бірер адам «Е-е, бұл Шындығың бізге сәйкес келмейді екен, өзіміздің бағасы қолжетімді шындығымыз бар еді, соны пайдалана тұрармыз» деп жөніне кетті. Ақыр соңында Ақымаққа бір Ақылгөй келіп олай қарап, бұлай қарап:
– Ал жігітім, Шындық сатып тұрсың ба, қанша сұрайсың? – деді.
– Өте арзанға, азғантай рақметке бере саламын, – деді алғысы келетін біреудің табылғанына қуанып кеткен Ақымақ.
– Рақметке дейсің бе, о-о жоқ, мұның қымбаттау екен мен үшін, – деп ол теріс бұрыла беріп еді, сол жерде тағы бір Ақылгөй келе қалып, екеуі әрі ойласып, бері ойласып ақырында Ақымақтың тұтас Шындығын екеуі жарты-жартыдан бөлісіп алып кетті. Екеуі кетіп бара жатып «өте қолайлы бағаға түсірген жоқпыз ба, тұтас Шындықтан гөрі жарты Шындық алып жүруге де жеңіл әрі ыңғайлы» деп қуанысып, қауқылдасып, өздерінің тапқырлығына риза болысып бара жатты. Осыны көрген, естіген өзгелер де екеуара, бірнешеуі бірігіп кездестірген жерден тұтас Шындықты ортасынан бөліп-бөліп сатып ала бастады. Тіпті осылай еткен өте ыңғайлы, өзара сөйлескенде де тұтас Шындыққа қарағанда жартылай Шындық, оның да жартысы пайдалы болып шықты. Мысалы, «сіз оңбаған екенсіз дегеннен гөрі, мінез-құлқыңыз қиындау екен», немесе «сіз арсыз екенсіз дегенге қарағанда, біртүрлі екенсіз», «суайтты – қияли» деген сияқты.
Ал біздің әлгі Шындықты саудалап жүрген Ақымақты енді ешкім де ақымақ деп атамайды. Оны өзіндік ой-пікірі бар ерекше адам деп атайтын болады. Әне солай…
Сатирик Феликс Кривиннен аударған.
Ә.ӘЛКЕБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
syrboyi.kz