Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Адамдық парыз – ар шоқтығы

Адамдық парыз – ар шоқтығы

Өткен ғасырдағы адамзат тарихындағы ең зор экологиялық апат жер бетінен Арал теңізінің аз ғана уақыт межесінде жойылып кетуі екені шындық. Ғасырлар бойы шалқып-толқып, Орталық Азияның жауһары атанған ұлы айдынның суы сарқылып, тіршілік тынысының тоқтатуы – бұл адамзаттың қолдан жасаған қасіреті. Телегей теңіздің, өзіндік тіршілік ортасының жойылуы осы теңіз жағасында жағалай қонып өмір көшін түзеп отырған ел-халыққа алапат ауырлық әкелді. Тіршілік көзінен айырылған жұрт санасында адамдық ар, азаматтық парыз сынға түсті. Қарапайым халық еңірегенде етегі жасқа толып ата жұрттан үдере көшті. Ел айырылған бір заман туды. Сол кезде ел тұтқасын ұстаған адамдар халық алдындағы, табиғат алдындағы парызын қандай дәрежеде орындай алды. Әлде адамдық парызын ұмытқан жандардың, атақ пен дақпырт даңқына масайрағандардың жетегінде кетті ме? Ар шоқтығы – адамдық парыз ұмытылып қалған жоқ па?
Міне, сахнада адамдық парыздың таразылар шағы көрерменнің көз алдында өтіп жатыр. Көзге жас, көңілге көп өкініш ұялатқан қойылым – атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» туындысынан еді. Әлем әдебиетінде орны бар классикалық романда адам жанының қалтарысты қатпарларын, психологиялық құбылмады сәттерін қырлай көрсеткен, жетеге жеткізе көрсеткен әдеби дүниені Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанындағы Халық театры сахнада көрермен алдына шығарып отыр. Соқталы туындыдан соны бір ой іздеген Серік Жаңабаевтың батылдығы бізді тәнті етті. Және де бір айтарлығы, романдағы қасіретті ауанды көрерменнің көз алдына айна-қатесіз әкеле білді. Кеше ғана өздері көрген өмірдің ащы шындығы аралдықтарды қатты тебірентті. Әрине, жерлестеріміздің барлығы дерлік Әбе романын оқығандығына дау жоқ. Сондықтан да инсценировка жасаған С.Жаңабаевтың мойнына алған жүгі екі есе ауыр болғаны сөзсіз. Бұл тұрғыда театрдың жұмысы өз міндетін барынша орындаған деген сенімде болдық. Сценадағы соңғы мезеттерден соң көз қиығы жасаураған көрермен қол соғып, әдеттегі асығыс қайтып кетуді ұмытқандай табжылмастан, демдерін іштерінен алып тұрып алды. Бұл – енді Аманөткел Халық театры ұжымының шығармашылық жемісі. Мұндай спектакльді еліміздің кез-келген кәсіби театрының сахнасында ұялмастан көрермен назарына ұсынуға болады. Бұл менің ғана ойым емес, бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының дарабозы, Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Серікбай Қосановтың сөзі. Ол әлеуметтік желіде салған өз пікіріне «Өтелген парыз» деп тақырып қоюы тегіннен тегін емес.
Театр, әрине, ұжымдық өнер. Қойылымның сәтті шығуына актерлер шеберлігінің әсері үлкен. Бұл жағынан аманөткелдік Халық театрының мүшелері ойдан шықты. Қарапайым ауыл өнерпаздары ысылған өнерлерін көрсетті. Сүйсініп отырдық. Алғаусыз ойнап, образдардың жан әлемін таныта білді. Бәкизатты бейнелеген Гүлжан Қабышева, Көткеншек Көшенді сомдаған Муат Ералиев, Сары Шаяны танытқан Марат Тілеулиевті, басқа да үлкенді-кішілі образдар жасаған Райса Жалмағанбетова, Нұрәлем Лайық, Ғабит Ибраев, Болат Сапаров, Данияр Доштаев, Ашық Базарбаевалар көрермен жүрегіне жол таба білді. Қойылым суретшісі және Жәдігер рөліндегі Бақытбек Шымановтың еңбегін ерекше айта кеткен жөн.
– Арал теңізінің құрып кетуі, ел басынан туған ауырлықты көрсету – басты міндетім болды. Арал тағдыры – адам тағдыры екендігін Әбдіжәміл Нұрпейісов «Соңғы парызда» әлемге паш етсе, біз туындыдағы ойды өрбітіп, жаңа буынға көрсетуді міндет тұттық. Адамдардың жан-дүниесіндегі адами, пенделік іздерін көрермен алдына шығарудың қандай кезеңдер болса да, адам әрқашан адам болып қалуы тиіс. Қойылымның негізгі идеясы – осы, – дейді спектакльдің көркемдік жетекшісі С.Жаңабаев.
Тартысқа толы тамаша спектакльді көріп отырып, «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» дегендей, шабытты көңіл-күй ауанында отырдық. Жергілікті өнер ұжымының шығармашылық үлкен ізденістен туған қойылымының сахна төріндегі сәттері ұзақ болғай.
Ерғали АБДУЛЛА

15 маусым 2025 ж. 70 0