Өнегелі отбасының өркендері

Оразбай Молдадосов ағамыз бен Күләш жеңгемізден тараған ұрпақтардың бәріде үлгілі, өнегелі отбасы болды. Оразбай ағамыз сонау 1959-1960 жылдары зейнетке шыққанша, зейнетке шыққаннан кейінде шопан таяғын ұстап, кеңшардың абыройлы шопаны атанды. Өз ісіне адал еңбек адамының ерлікке пара-пар еңбектері ескерусіз қалмады. Басшылық жоғарғы марапаттарға ұсынды. Орден, медальдар тақты, Қазақ ССР ауыл шаруашылық министерінің «Мал шаруашылығының шебері» атағы берілді. Баспа сөз беттеріне шықты. Бақытын еңбектен тапқан еңбек адамы болды. Осылай жұмыс істеп жүріп балаларына жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілікті бойына сіңіріп, өсіп келе жатқан ұрпақтарына аласармайтын арманға жету үшін мықты білім алу керектігін естерінен шығармауды айтып келді. Оразбай ағамыз қойды баға жүріп Күләш жеңгеміз екеуі 9 баланы тәрбилеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ауылдың абыройлы отбасы атанып өмірден өтті.
"Әрине орнында бар – оңалар" деген. Жоғарыда атап өткендей еңбек адамдарынан тәрбие, білікті ұстаздардан білім алған, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, өнегелі істері көпке үлгі болған Оразбай ағамыздың кенже ұлы қара шаңырақтың иесі Жаңаберген Молдадосовтың өмір жолдарын тілге тиек етпекпін.
Жаңаберген Оразбайұлы 1972 жылы туған. №74 орта мектепті бітірісімен Алматы зооветеринария институтына түсіп, мал дәрігері мамандығын алып шықты. Қазіргі уақытта ҚР АШМ ВБжҚК Арал аумақтық инспекциясында ветеринарялық-санитариялық инспекторы болып қызмет етуде. Жары Ләззат Сейлова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдаған. Бүгінгі таңда №74 орта мектепте ұстаздық қызмет атқарады, білікті сарапшы. 2021 жылы өз сыныбынан үш бірдей Алтын белгі шығарған.
Өзі де ұстаздар отбасынан шыққан. Әкесі Аяпберген Сейлов білікті математик, марқұм анасы Күнқияш Жұмағалиева көп жыл балабақша меңгерушісі болды, мектепте ұстаздық қызмет атқарды.
Жаңаберген мен Ләззат отбасында бес бала тәрбиелеп отыр. Осы балдарының үшеуі ҰБТ-да жоғарғы көрсеткіштерге жетіп мектепті Алтын белгімен бітіріп ауылымыздың мақтанышына айналды. Тәрбие берген ата-анасының абыройын асқақтатты.
Атап айтсам 2018 жылы Әсет Оразбаев мектепті Алтын белгімен бітіріп ҚазМҰУ-дың Ақпараттық жүйе және математика факультеттерін бітіріп бүгінгі таңда Алматы қаласында «Monolit Grouf” құрылыс компониясында “графикалық дизайнер» мамандығымен жұмыс жасап жүсе, Әсел Оразбаева да 2019 жылы мектепті Алтын белгімен бітіріп, ҰБТ дан 132 балл жинап Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы медициналық университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға қабылданды. Бүгінде 7 курс студенті.
Ал Арысұлан Оразбаев 2024 жылы Қызылорда қаласындағы Еркін Әуелбеков атындағы Дарын мектеп лицейін жақсы тамамдап, ҰБТ дан 105 балл жинап Қаскелеңдегі Сүлеймен Демирал университетінде информатика факультетіне оқуға қабылданды. Бүгінгі таңда аталған жоғарғы оқу ордасында білімімен көпті таңдандарған 2 курс студенті.
Ал өткен оқу жылында бауырларының ізін жалғаған Гүлназ Оразбаева мектепті Алтын белгімен бітіріп, ағылшын және дүние жүзі тарихын таңдап нәтижесінде ҰБТ дан 126 балл жинап, Алматы қаласынан төрт университет таңдап отыр. Ал кенжелері Нұрлыжан Алматы қаласындағы Республикалық Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиет пәнін тереңдетіп оқытатын ұлттық мектепте 9 сыныпта оқиды, оқу озаты. Ол да келешек алтыннан үміткер.
Меніңше әрбір оқушы алғашқы мектеп табалдырығын аттап, 11 сынып бітіргенге дейін әр пәннен бес деген баға алып, ҰБТ-дан жоғарғы балл жинап Алтын белгіні қорғап қалу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы деректі Жаңаберген інімнен Алла тіл көзден сақтасын сіздің әр жылдары мектеп бітірген үш балаңыздың үшеуі де Алтын белгімен бітірді, осының сыры неде деп сұрағанымда:
– Сәке аға, өзіңіз білесіз біздің отбасымызда жалған сөйлеу жоқ, менің бауырларым да әкеміз бен анамыздың берген тәлім-тәрбиесін алып, білімімізді бойға сіңіре білдік. "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің" деген, ұрпақтарымызға өткен мен бүгінгі күннің тәлімдерін балаларымның анасымен бірге отырып болашаққа жарқын жолға жетелей білдік. Бұл жерде айта кету керек бала анасына жақын болады. Жолдасым Ләззат мектепте мұғалім болғаннан кейін балдарының күнделікті сабақтарын қадағалап, әр пән мұғалімдерімен кеңесе отырып балдарының бағыт бағдарын біліп, соған қарай жетелей білді. Мектебімізде білікті ұстаздар жеткілікті, балаларымның Алтын белгі алуы сол ұстаздарға байланысты. Оларға рақмет айтамын. "Тәрбие тал бесіктен" деген. Балаларды жастайынан неге тәрбиелесең, солай өседі, арасы 2-3 жастан болғандықтан үлкендері кішілеріне қамқор болып бір-біріне оқуда білгенін үйрете білді. Соңын да нәтижесі болу керек, – дейді.
Жоғарыда айтқанымдай тәрбие мен білім егіз деген әке мен ананың аманат сөздерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан, Арал ауданынан шалғай орналасқан бірлігі мен тірлігі жарасқан, түтіні түзу Жаңақұрылыс ауылындағы еңбек адамдарынан, еңбек ардагерлерінен шыққан Жаңаберген Молдадосов жас та болса көпке үлгі, сөзі салмақты, үлкенді үлкендей, кішіні кішілей сыйлай білетін азамат, жұмысында абыройлы маман. Отбасының бірлігі мен тірлігін сақтай білген, балаларына саналы тәрбие беріп отқан жан. Осындай алтын дарып білім қонған өнегелі отбасын оқырман қауымға жеткізу үлкендік міндетім деп білемін.Елімізде үлгі аларлық осындай білімді де тәрбиелі, бір-біріне деген сыйластығы артатын отбасылар көбейсін демекпін.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қызылорда обылысының құрметті ардагері
Фото: автордан