Адал еңбекпен абыройға кенелген


Иә, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Тоғыс Байназаров еңбекпен өскен азамат. Қаршадайынан жұмысқа бейім келген ол 1931 жылы Арал ауданына қарасты Аманөткел ауылында дүниеге келген. Сырдың жағасында туған әкеміздің балалығы да да сол маңда өтті. Ал осы тұста мекен еткен жергілікті тұрғын толқынмен жарысып, ескекпен алысып ер жететіні белгілі. Себебі көнеден-ақ аралдықтардың атакәсібі саналған балықшылықты бала шақтан меңгеретіні айтпасақ та белгілі.
Ерте жастан еңбекке бет бұрған жан қандай жұмыс болса да жасқанбай, тез машықтанып алады емес пе?! Міне, әкеміз де әуел бастан еңбекқор болғандықтан кейіннен Аралға көшіп келген уақытта да қала халқының тіршілігіне тез бейімделді. Көргенін, білгенін естен шығармай, еңбектің наны тәтті болатынын терең сезінген ол кеме жөндеу зауытында қызмет жасап, сол жерден зейнетке шықты. Бүгінгі ұрпаққа тек естелік болып жететін, ғасырдан астам тарихы бар зауыттың ыстығы мен суығына көнген жан қай істе де көптің көңілінен шыға білетін.
Осы еңбектің бергені болар, зейнетке шықса да ширақ қалпынан танбады. Бала жастан бейімделген жұмысқа деген ынтасы әкемізді құр отырғызбады. Қам жасауды жөн санады. Осылайша Сарышығанақ ауылында мал бағып, шаруа қожалығын ашты. Малдың жайын баққан білер дегендей балаларына да өзі көрген өнегесі мен талаптың тауға шығаратынын түсіндіре алды.
Адалдық пен әділдікті тумысынан жанына жақын еткен Тоғыс әкеміз 13 перзент тәрбиеледі. Барлығына сол өзінің өнегесін, көрген-түйгенін айтып, оларды да еңбекке баулыды.
«Балаларым, біздің абыройымыз, еңбегіміз, сендерге жасаған қызметіміз елдің, сендердің көз алдарыңда. Бірақ «әкенің малы балаға мал болмайды» деген бар. Соны естеріңнен шығармаңдар. Бала кезден жаныма ертіп жүріп, жұмыстың жайын үйретуімде де үлкен тәрбие жатыр деп біліңдер. Өздерің де талаптаныңдар. Сонда ғана жұртшылықтың арасында жақсы аттарың шығады» деп отыратын әкеміздің сөзі әлі күнге дейін санамыздан өшкен емес.
Өмір тасқыны басылмаған, толқыны тынбайтын үлкен теңіз сияқты. Ал осы толқынмен аласып, жағаға жеткен адамды жаюлы кілемдей жұмсақ, жайлы жағалау күтеді. Міне, осы жағалауға жеткен адам жанына рахат тауып, бейнетін ұмытады емес пе?! Адам баласы да жұмыстан шаршап, шалдығып келгенде жанына рахат сыйлайтын бір орын бар. Ол жайдары жағалаудай көрінетін өз отбасы екен. Еңбек сүйген әкеміздің өмірлік жары, анамыз Мәкеш Қалышова да ақжарқын, бір сөзді, еңбекқор болды. Әркез жанынан табылып, қай ісіне де қолдаушы атанған анамыз әкеміз үйге клегенше бізді тойдырып, әкеміздің де бабын жасап қоятын. «Екі жақсы қосылса, Ай мен Күндей жарасар» деген осы болар. Ол 1936 жылы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. Алтын құрсақты ананың аялы алақаны мен жылы шырайы бала кезінен еңбекке бейімделген балаларының бақытына басты себептің бірі десек қателеспейміз.
Қос алыбымыз қатар отырып, барлығымызды оқытты, білім алуға жағдай жасады. Бірақ баланы оқытып, оны шығар шыңына жеткіздім деуге де болмайды. Барша түркі әлеміне ортақ тұлға, шығыс ойшылы Әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегендей, ата-анамыз бірінші кезекке тәрбиені қоя білді.
Қазақта «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деген терең мағыналы тәмсіл осы екен. Қазірде өнегелі жанның үлгісін көрген балалары еліміздің әр аумағында, әр салада тынымсыз еңбек етіп, ортасында абыройға кенеліп келеді. Мұның барлығы адал еңбек пен терең тәрбиенің мызғымас іргетасының арқасы.
Сара БАЙНАЗАРОВА