Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алыстаған аға аласармайды

Алыстаған аға аласармайды

Өмірдің қыр-сырын толықтай түсінген пенде бұл фәниде болған емес, болмайды да. Оны түсінуге адамның ғұмыры да қысқалық қылады. Іс-тәжірибесі толысып, тіршіліктің тәсілін алған шағында қариялықтың қыраулы қабағы қыр астынан қылаң беріп тұратынын қайтерсің. Адам ұрпағымен жасайды, жеріңе жеткізе алмаған мақсатыңды алға апару кейінгі буынның борышы болмақ. Десе де, бұл пенденің арманы таусыла ма? Ол қайда-а?..
Осындай күй кешкен ардақты азаматтың бірі, бірі ғана емес бірегейіСейітжан аға Досжанов болатын. Яғни Кеңес Одағы кезінде ас тұзын өндіретін бары-жоғы екі комбинаттың бірі – «Аралтұз» комбинатына табаны күректей 20 жыл бойы басшылық жасап, елі үшін емірене жүріп еңбек еткен ағамыз да «бәрін орын-орнына қойып кете алдым ба?» деген арманда кеткен болар. Айтайық...
Қандай да болмасын бір пенденің дүние дәлізіне еніп, кіндік қаны тамған жердің табиғатындай бітім-болмысы, қадір-қасиетінің қалыптасары хақ. Сейітжан аға 1933 жылдың мамыражай мамыр айында айдынды Арал теңізі жағасына қоныс тепкен кезіндегі Жамбыл атындағы балық колхозында (бүгінгі Жалаңаш) өмірге келген. Содан болар, Арал теңізінің маржандай мөлдірлігі, қиырсыз көк жиегіндей кең пейілі, теңіздің ел асыраушысы болғандай қамқорлығы ағамыздың азаматтығын айшықтайды.
Атам қазақта: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қағида бар. Айтса айтқандай, Досжановтар әулеті ұрпақтарының ұлағатты істері ұшан-теңіз болып, есімдері ел ішінде күні бүгінге дейін «мен мұндалаумен» келеді. Асқар таудай әкелері Қисық атамыз сауатты да салауатты, есімі елге  танымал айтулы азамат болған. Ұзақ жылдар бойы кезіндегі Жалаңаш ауылдық кеңесі төрағасы қызметін бар абыройымен атқарып, ел-халықтың ақ алғысын алумен өмірден өткен.
Әкелері салған сара жолмен жаза баспай жүруді мұрат тұтқан Қуатжан мен Сейітжан ағаларымыздың есімдері де елге танылып, тектінің тұяқтары атанады.  Нақтылай айтар болсақ, Қуатжан аға Досжанов Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып, Сыр елінің еңсесін тіктеуге өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Ендігі сөз кезегін бүгінгі жазбамыздың кейіпкері Сейітжан аға Досжановтың өнегелі де өркенді өмір жолына берелік.
Иә, ақбас толқындары тулаған, шағалалары шулаған Арал теңізінің жағасында өмірге келген ағамыздың балалық бал дәурені күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндермен өткен. Ол елдің аузынан ашаршылықта жеген құйқаның дәмі әлі кетпеген уақытта өмір есігін ашып, бары-жоғы алты жасында, яғни буыны бекіп, бұғаналары қатаймай жатып асыраушыларынан көз жазып қалғандықтан ерте есейеді.
Сейітжан ағамыздың балалық шақтың бал дәмін татар сәтте Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Содан болар, тіршілік үшін тіртінектеп балық аулап, үйдің асыраушысы болады. Бертін келе білім алуға деген арман жетегіне жүгінеді.
Аңсаған арманына жетуді мұрат тұтқан Сейітжан аға С.М.Киров атындағы университетінің экономика факультетінен дәріс алып, үздік дипломын иеленіп, 1957 жылы туған топырағына оралады. Сәкең ерлікке толы еңбек жолын «Аралтұз» комбинатында қатардағы шебер болудан бастандырады. Бертін келе бөлімше басшылығында болып, өзінің білімділігі мен біліктілігінің арқасында өзгелерден оқ бойы оза шауып, 1963 жылы осы «Аралтұз» комбинаты бас директорының орынбасары қызметіне тағайындалса, 1965 жылы бас директор лауазымын иеленеді.
Кезінде,жоғарыда айтқандай, Кеңестер Одағында ас тұзын өндіретін бар-жоғы екі ғана комбинат – бірі Ресейде, енді бірі осы «Аралтұз» комбинаты болатын. Осы комбинатқа табаны күректей 20 жыл бойы басшылық жасап, оның атын елімізге ғана емес, Одаққа танымал еткен Сәкеңнің игілікті істерін әлі күнге дейін аралдықтар аңыз ғып айтумен жүр.
– Мен, – деп еске алады Рамазан Таңатаров, – сол жылдары өндіріс бөлімінде инженер болып қызмет атқаратынмын. Осы жылдары Сейітжан ағамыздың ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті мен ересен еңбегінің арқасында комбинаттың материалдық-техникалық базасы орасан зор нығайтылды. Саралап айтар болсам, 1980 жылдары сағатына 100 тонна ас тұзы қазылатын болса, Сәкең келісімен жаңа комбайндар алынып, ас тұзын қазу сағатына 200-250 тоннаға жеткізілді. Екіншіден, тұз кептіру цехы мен тұз қалталайтын цех іске қосылды. Үшіншіден, комбайн, тепловоздарды жөндейтін депо ғимараты салынып, жарылғыш заттар сақтайтын қойма мен май құю бекеті іске асты. Жаңадан үш бу қазандығы іске қосылып, өндіріс бөлімдері ғана емес, тұрғын үйлер мен мектеп, балабақша ғимараттары орталық жылу жүйесіне қосылды.
– Ал, мен, – дейді Жақсыбай Құлманбетов, – 1966 жылы мектеп бітірісімен комбинатқа жұмысқа орналастым. Айтпағым, Жақсықылыш кенті мен Арал қаласы арасындағы жол қатынасы мүлдем нашар болатын. Сейітжан ағамыз комбинат басшылығына келісімен осы жол қатынасын жақсартуды шұғыл қолға алып, асфальт төсеп, жобаға келтіріп, ауыл тұрғындарының алғысын алды. Сондай-ақ Сәкеңнің тапсырысымен комбинаттың құрылыс цехында тұрғын үйлердің есік-терезелері дайындалып, жарыса тұрғын үйлер салына бастады. Үстіне жұмысшы киімін киіп жүріп жұмыс барысын үнемі бақылауда ұстайтын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, комбинаттың Одақ бойынша тамақ өнеркәсібі өндірушілері арасында тоқсан қорытындысы бойынша 33 рет ауыспалы Қызыл Ту жеңіп алуы Сейітжан ағамыздың ересен еңбегінің жемісі болса керек.
– Мен комбинатта қатардағы жұмысшы болатынмын. Айлық табысымыз бары-жоғы 68 сомнан аспайтын. Қалай басшылыққа Сейітжан аға келді, айлығымыз 250 сомға дейін көтерілді. Ай сайын сыйақы да алатынбыз. Сондай-ақ, Сәкеңнің тапсырысымен жұмысшыларға ет, балық, бақша өнімдері өте арзан бағамен берілетін.
Тағы бір игілікті ісі мектеп жанынан жаға ғимараттар бой көтеріп, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуларына жағдай жасалды. Ауыл көшелері мен тұрғын үйлер тазалығын үнемі бақылауда ұстайтын, – дейді Сағидолла Кішкенебаев.
Жоғарыда айтқандай, Сейітжан ағамыздың ас тұзы комбинатын ғана емес, «Аралтұз» елді мекенінің өсіп, өркен жаюына қалдырған қолтаңбасы орасан зор. Елдің батасын алып, ықыласына бөленуге ұмтылды. Артында өшпес із бен өлмес іс қалдыруға барын салды. Нақтылай айтар болсақ, комбинаттың қаржылай қолдауымен жарыса тұрғын үйлер салынып, көшелер көріктене түсті. Ашық алақанды Сәкеңнің қамқор қолы арқасында тұрғындар кәсіптерінен несібе теріп, тұрмыстарын түзей түсті.
Сейітжан аға қызметін қалтқысыз атқарумен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстардан да қағыс қалмайтын. Ауыл тұрғындарының аманатын арқалаған ол заманында дүркіреп тұрған аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып тұрақты түрде сайланды. Айтқандай, Сәкеңнің осында жүріп Қазақстан Компартиясының ХV съезіне делегат болып сайлануы екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын.
Сейітжан ағамыздың «Аралтұз» комбинатында атқарған қыруар қызметін санамалап айту әсте мүмкін емес. Біздің бұлай тоқтам жасауымызға Сәкең басқарған жылдары аты әлемге мәшһүр болған комбинаттың Бүкілодақтық Социалистік жарыстың жыл сайын жеңімпазы атанып, Қызыл Туды тұрақты түрде ұстап тұрғаны сеп болып отыр.
Еңбекті елеу, азаматқа лайықты құрмет көрсету, халық болып ризашылық таныта білу де – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Сейітжан Досжановтың ел мүддесі жолындағы ересен еңбегі ескерусіз қалмай, мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Өнеркәсіп саласының еңбек сіңірген қызметкері», «Азық-түлік саласының еңбек сіңірген қызметкері» атақтарына ие болып, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президумының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерімен, ондаған еңбек және мерекелік медальдарын иеленді.
Сейітжан аға Досжанов 1985 жылы Алматыға қоныс аударып, қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалса, 1987 жылы «Қапшағай» шаруашылығының басшылығына барады. Қандай бір жерде қызметте жүрсе де, сол елдің ынсабының берекесін базарға айналдыратын Сәкең бұл ауылды ажарландыруда да өз қолтаңбасын қалдырды. Береке демекші, іскер де ұсынықты басшы қай шаруашылыққа келсе сол шаруашылықтың тіршілігін түзеп қана қоймай, жергілікті жер тұрғындарының әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени мәселелеріне де бел буа кірісіп кететін. Абзал аға қызмет еткен бұл ауылда да тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылыстары бірінен соң бірі жарыса бой көтеріп жататын.
Сейітжан ағамыздың осы ауылда басшылықта жүргенде жасаған ерлікке тән бір еңбегін айтпасқа болмас. Сонау 1970-1980 жылдары Арал теңізі келмеске кетіп, теңіз жағалауындағы тұрғындар басқа аймақтарға үдіре көшіп жатты. Жерлестерінің тұрмыс тауқыметтері жүрегін жаралаған Сәкең Арал жағалауындағы 300 отбасын «Қапшағай» жағалауына алдырып, тұрмыстарының түзелуіне өз септігін тигізді. Қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Оңай кезде ойсырата іс тындыруға әркім де құштар. Қиын кезде бел бууға ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады» деген керемет сөзі көптің бірі – Сәкең үшін де айтылғандай.
Халқымыздың ұлттық танымын бойтұмардай қастерлеп, исі қазаққа ізгілік пен ізеттің жолын сыйлаған Сейітжан ағамыз 1996 жылы зейнет демалысына шығады. Қауқары қайтпаған ағамыз қол қусырып қарап отыруды қаламайды. Бұл өмірден өткенше Арал балаларын құтқару қоры – «Шапағатқа» басшылық жасап, экология қасіретіне шалдыққандарға қамқор қолын созумен ғұмыр кешті.
Иә, атам қазақ: «Қосағыңмен қоса ағар» деген ғой. Жаратқан ие Сейітжан ағамызға 1957 жылы Нұрмаханова Мария есімді жаны жайсаң жар беріп, шуақты шаңырақтарын көтереді. Мария жеңшеміз де текті әулеттің тұяғы болатын. Содан да қос қайың арасындағы шынайы махаббат, сыйластық, сенім мен сезім көпшілікке үлгі болатындай-ақ деп ел-халық тамсанатын. Алматыдағы қазақ педагогикалық институтынан дәріс алған, ұлағатты ұстаздықты үлгі етіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленген Мария жеңешеміздің ошағында қайнап жатқан қазан арылмайтын, дәмге толы ақ дастархан жиналмайтын. Жеңшеміздің аялы алақанынан даярланған астың дәмін татпағандар кемде-кем болар.
Сейітжан ағамыз бен Мария жеңешеміз бұл өмірге төрт ер бала мен екі қыз баланы әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қызықтарына кенелді. Текті тұлғалармен құдандалы-жекжат болып, қанаттарын кеңге жайды. Сондай құдаларының бірі кезінде Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Әуелбек Медетбаев, арқалы ақын Сырбай Мәуленов, генерал-майорСалыбай Құсайынов пен экономика ғылымының докторы, академик Яхия Әубәкіров ағаларымыз болатын.
«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ айтқандай, балдарының бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қалтқысыз қызмет жасады. Саралап айтар болсақ, Гүлнар мен Әділгерей қаржыгер, Бауыржан, Айгүл мен Бегайдар құқық қорғау саласында еңбек етсе, кенжелері Бекнұр бүгінде Алматы қалалық әкиматында жауапты қызметте жүр.
Иә, өмір деген осы. Сексен тоғыз жастың сеңгіріне шығып, артында өлмейтұғын іс пен өшпейтұғын із қалдырып, ғибратты ғұмыр кешкен Сейітжан ағамыз 2021 жылы бұл өмірден озып, Алматының «Кеңсай-2» қорымына қоныс тепті. Жатқан жері жайлы болсын.
Сөз соңында көп көкейінде жүрген бір ұтымды ұсынысты айтпасқа болмас. Біз жақсы адамдардың, олардың елінің кемел келешегі үшін жасап кеткен игі істерін ұлықтап, ұрпақтарға үлгі етуге келгенде құлықсызбыз. Сейітжан Досжановтай ардақты аға, абзал азаматтың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп атқарған қаншама игі істерінің бүгін жемісін жеп, игілігін көріп отырмыз. Осындай абзал жанға өзі туып-өсіп, тер төккен елді мекен, яғни аудан орталығынан көше атауын берсе қандай ғанибет болар еді. Туған топырағы үшін қанатымен су сеуіп, «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын иеленіп, ғибратты ғұмыр кешкен Сейітжан аға Досжанов есімін ұрпақтарға ұлағат ету – біздің өтелмеген парызымыз.
Атам қазақта: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген аталы сөз бар. Сол айтқанлай-ақ, Сейітжан аға Досжановтың бітім-болмысы бізден алыстаса да аласармайды, қайта ұрпақтары сабақтастығымен жыл өткен сайын биіктей бермек.
Биғали ҚАЮПОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері,
Қызылорда облысының құрметті азаматы.
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Арал ауданының құрметті азаматы.
29 қазан 2025 ж. 95 0