Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Елеулі еңбек еленді

Елеулі еңбек еленді

Елімізде халықтың салауатты өмір сүруі жолында аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын ұлт денсаулығын ұлықтауға арнап жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі 36 жыл ғұмырын денсаулық сақтау саласының дамуына арнаған Қанибай Оңдасынов Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісіне ие болды.
Оңдасынов Қанибай 1950 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Жастайынан алғыр, зейінді болып өскен ол білімге құштар, спортқа құмар болып ержетті. 1968 жылы Арал қаласындағы Т.Г. Шевченко атындағы №13 қазақ орта мектебін бітірген соң 1969 жылы Монғолия елінің Ұланбатыр қаласында екі жыл әскери борышын өтеген.
Әскерден келген соң 1971 жылы Қарағанды қаласында «Қарағанды мемлекеттік медицина институтына» оқуға түсіп, 1977 жылы «Санитариялық-гегиеналық маман» дипломын алған. Қанибай жоғары оқу орнында жүріп өзінің спортқа деген қызығушылығының бар екендігін байқатады. Түрлі жарыстарға қатысып жүлделі орындарды еншілеген болашақ дәрігер жан саулығы денешынықтыруда екендігін дәлелдей түскендей. Ол бокс спортынын «спорт шеберіне кандитат» дәрежесіне жеткен және  оқу орнынан жаттықтырушы дипломын қоса алған.
1977 жылдан бастап Арал аудандық «Санитарлық - эпидемиологиялық басқармасы» басшысының орынбасары қызметіне орналасып осы мекемеде табан аудармай 36 жыл қызмет етті. Ол аталған жұмыс орнынан 2013 жылы зейнет демалысына шықты.Дегенмен саналы ғұмырын қызмет жолына арнаған адамға қарап отырмай Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының "Арал аудандық туберкулезге қарсы диспансері" коммуналдық мемлекеттік мекемесінде және сонымен қатар жеке кәсіпкер ретінде «Дезинфекция, Дезенсекция, Дератизация» саласында лицензия алып жұмыс істеді.
 Денсаулық саласына өз үлесін қосып, аянбай еңбек еткен жылдарында Қанибай Оңдасынұлы «Үздік санитарлық дәрігер», «Үздік орынбасар», «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгілерін иеленді. Сондай-ақ  Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министірінің дипломымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министірінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің құрмет грамотасымен және медалімен марапатталған. Бұған қоса, Қазақстан Республикасының Гигиенистер съездіне 2 мәрте делегаты болып қатысты. Оның жетістік жолы бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен толықты.
Қанибай Оңдасынұлы отбасының ғана емес, өзінен кейінгі жастардың ақылшысы, ел ағасы ретінде танылып жүр. Қиындықтан жол табуыдың тетігін қарастырып беретін ақылман ағаны ағайыны мен ауыл – елі ерекше ардақтайды.
Н. МАРАТ
04 қараша 2025 ж. 109 0