Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәңгілік сағыныш

Мәңгілік сағыныш

Адам Ата-Хауа Анадан бермен қарай ер мен әйел заты Алланың әмірімен жүрек қалауымен бас қосады. Бұған қоса бұрынғы өткен ғұламалардың «Көктегі күн нұры мен жердегі ылғалдан өсімдік өседі, еркек пен әйелдің бір-біріне деген ынтызарлығынан ұрпақ жаратылады» деген ғақлия сөзі тағы бар.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетов төсекте басы, төскейде малы қосылған көршілес Қазалы ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының жаужүрек жауынгері, Ленинград майданында Ладога көлі үшін болған қанды шайқаста ауыр жараланған ол елге қайтады. Туған ауданында жауапты қызметтер атқарған Тәкей Есетов сол 1943 жылы Құралай Кәрібайқызы деген бойжеткенмен көңіл жарастырып, отау құрады. Болашақ мемлекет қайраткерінің қайын атасы Қазалы өңіріне танымал Кәрібай ақсақал заманында тасы өрге домалаған, ел билеген кісі екен. Патшалық Ресей тұсында он сегіз жасынан бастап елу төрт жасқа дейін атақты болыс болып атқа мінген ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсүйек адам болған көрінеді.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары күншығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың әкесі Мұратбай болыстың тұстасы, үзеңгілес жолдасы болған Кәрібай ата қайдан осал болсын. Бұл кісінің қосағы Күміс әже екеуінен Бекайдар есімді ұл және Маржан, Құралай атты екі қыз бала тарайды. Құралай ана 1925 жылы туған. Өкінішке қарай, әкелері Кәрібай болыс сталиндік қуғын-сүргін жылдары ұсталып, абақтыда қайтыс болады. Ал Күміс әже 1967 жылы, 67 жасында дүниеден озады. Ата жұрттары Қазалы ауданының осы күнгі Өркендеу елді мекені.
Екі жас қосылғаннан кейін Құралай ана Қазалы аудандық білім бөлімінде қарапайым есепші болса, Ленинград қаласынан жоғары оқу орнын үздік тәмамдап елге оралған ері екеуі 1955 жылы қызмет бабымен көршілес Арал қаласына қол ұстасып қоныс аударды. Тәкей Есетов аудандық қаржы бөлімінің басшысы, жұбайы Құралай Кәрібайқызы қаладағы №13 орта мектепте ұстаз болып қызметке орналасады. Қолдарында Жүсіпбек (80-жылдары қайтыс болған) Қайырбек, Әділбек, Еркінбек есімді жас балаларымен теңіз аттас қалаға қоныс аударған олар осы жерде өсіп-өнеді. Болашақ қайраткер аупарткомда бөлім меңгерушісі, хатшы қызметін қалтқысыз атқарып, жағалау жұртының сеніміне бөленеді, шексіз құрметіне ие болады.
Құралай анамыз қызметте қандай тиянақты болса, үй шаруасында да сондай ұқыпты әйел ана болады. Аралға келген ерлі-зайыпты екеуінің отбасына араға жылдар салып алдындағы ересек үш ағасына Еркінбек есімді інілері, Айгүл есімді қарындастары қосылып, шаңырақ керегесі одан әрі кеңге жайыла түседі. Бес баласын бауырына басып бәйек болған ана жүрек мейірімін Тәкей Есетовтің өзіне және оның қарт анасына аямай төгеді.
Жақсы әйел – жанұяның шамшырағы, ерінің жанашыры, айнымас ақылшысы. Кіші жүздің әйгілі биі Әйтеке бабамыз бұл жайында «Ниеті жаманның иманы кетер, әйелі жаманның мейманы кетер, Алланың сүйгені азан, халықтың сүйегі қазан» деген екен. Сол сияқты Құралай анамыз мәдениетті, қонақжай әйел болған көрінеді. Оның даладай жайылған дархан дастарханынан заманында ел билеген басшы да, зиялы қауым өкілдері де, қарапайым малшы мен балықшы да дәм татқан көрінеді.
«Әйел қырық шырақты» деген ұлтымыздың ұғымымен ұйысқан мәтел Құралай ана туралы қолдағы деректерге көз жүгіртіп отырғанда ойыңа ой, ақылыңа ақыл қосқандай болады. Ол осындай әйел аналарға байланысты айтылған айшықты мәтелге лайықты әйел болған еді.
1965 жылы Құралай Кәрібайқызы қосағы Тәкей Есетов Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалғанын құлағы шалғанда, қуаныштан өткен күндері еріксіз көз алдына келген еді.
Иә, Құралай ана болашақ жары өзіне тұңғыш рет сөз салғанда мүлде жас еді. Отбасының тәлім-тәрбиесін, қызға тән ұлттық бітім-болмысын өн бойына молынан сіңірген бойжеткен майдангер жігіттің сезімін сыпайы қабылдады. Сөйтіп 1943 жылы екеуі жас отаудың шаңырағын тіктеп бас қосқанда өмірлік серігі бар болғаны жиырма үш, өзі он сегіз жаста болатын. Кейін ерлі-зайыпты екеуі балалы-шағалы болып қоғам жұмысына белсене араласты. Отбасы тіршілігі, қызметтегі қарбалас сәттен бір уақ қол үзіп Қазалы жақтағы төркін жұртымен де хабарласуды ұмытпайтын. Сондай-ақ дастарханнан дәм татқан ел ағаларының қарапайым сәттерін ойынан қалт жібермейтін есті ана болатын ол.
Сол қездегі ел ағаларының бірі – облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлімгерей Тоқтамысовқа Аралдан обкомға бөлім меңгерушісі қызметіне ауысқан Тәкей Есетов жаңа жылдық дастарханынан дәм татуға қолқа салады. Бұл 1962 жылдың жаңа жылы болатын. Тап сол күні осынау мерекемен қабат перзентханада жатқан Құралай ана қыз бала босанып, қуанышты хабар дастархан басында отырған мәртебелі қонақтың құлағына шалынады.
«Қос тойың қабат болсын» деген осы. Адамзат баласы Айға ұшып жатқан дәуірде дүниеге келген сәбиге ендеше Айгүл есімін еншілейік» деген қонақтың ұсынысын әулеттің үлкен-кішісі зор ризашылықпен қабылдаған болатын. Сол Айгүл қарындасымыз қазір Астана қаласында тұрады. Үлкен әулеттің әжесі, ақылгөй ана. Ағасы Еркінбек те үйлі-баранды. Қызылорда қаласының байырғы тұрғыны. Тәкей аға мен Құралай ананың Қайырбегі, Әділбегі Арал қаласында. Құрметті демалыста. Ардақты ауыл ақсақалдары.
Сол Қайырбек ағамыз өзінің әкесі мен анасы жайлы естелігінде былай деп жазыпты: «Әкемнің ол кездері Арал аупарткомның бірінші хатшылығына тағайындалғанына жыл өткен. 1966 жылы қытымыр қыс айында әкем, анам, мен және қарындасым Айгүл бәріміз сол тұстағы астанамыз Алматы қаласына сапар шектік. Бұл әкемнің Қазақстан Компартиясының кезекті съезіне сапары болса керек. Біздің Д.А.Қонаевтың көмекшісі Дүйсетай Бекежаннов күтіп алды. Сол сапарда Димаш Ахметұлының отбасында қонақта болдық».
Одан әрі Қайрбек Тәкейұлы ағамыз 1968 жылы 43 жасында өмірден өткен марқұм анасы Құралай Кәрібайқызының қазақ әйеліне тән иманжүзді мейірімді, қайырымды адам болғанын сағынышпен айтады. 1969 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін Сыр бойы жасаған ресми сапарында Д.А.Қонаевтың Аралға арнайы атбасын бұрып, отбасында болғанда аналарынан көңіл қосынын білдірген көрінеді.
Осыдан біраз жыл бұрын Қайырбек пен Әділбек бастаған жиендері бала-шағасымен барып Өркендеу елді мекеніндегі нағашы әжелері Күмістің басына барып зиярат етіп қайтыпты.
Ғасырдан астам уақыт бұрын ақ қағазға түскен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Адамдық негізі – әйел» деген асыл сөзі осындайда ойға оралады. Өйткені әйел тіршілік көзі, жер бетіндегі шапағат, рахым, адалдық нұрының бастауы да. Көзі тірісінде жүрегіне имандылық ұял салған абзал ана Құралай Кәрібайқызы отбасы, ошақ қасындағы емес, жан-жақты адам болыпты. Бірін-бірі танып, тауып қосылған екі жақсының шарапаты балаларына да, басқаларға да жұғысты болса керек.
Анасы Құралай туралы Қайырбек аға әңгімесінің соңында былай деді: «Аралдағы №13 мектепте әуелі есепші болған анамыз Н.В.Гоголь атындағы пединституттың түлегі болатын. Әкеміз бірер жыл обкомда қызмет атқарғанда анам Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепте шәкірттерге тарих пәнінен дәріс берген. Анам ауырып жатқанда Д.А.Қонаевтың жұбайы Зуһра Шәріпқызы Алматыдағы ауруханаға көңілін сұрай келгені әлі күнге көз алдымда».
Ал анасы жайлы екінші ұлы Әділбек Тәкейұлы әңгімесін одан әрі төмендегіше өрбітіпті: «Анамыздың руы Жиенейдің Қабаны. Ауылының аты бұрын Жанкент, одан №6 ауыл, қазір Өркендей. Нағашы әжеміз Күміс Төртқараның Матайы. Аштықты да, жоқшылықты да көп көрген кісілер. Әжеміздің өзінен үш, бәйбішелерден сегіз баланы өзі бағып-қағып жеткізіпті.
Анамыздың апасы Маржан 1971 жылы Қызылорда қаласындағы Шара деген қызының қолында қайтыс болды. Анамыз жасында ерке, ат жалынында ойнаған шабандоз, бірбеткей болып өсіпті. Марқұм ағам Жүсіпбекті Есеттің, екінші ағам Қайырбекті ата-анамыздың баласы деп есептейтін. Мені жас кезімде нағашы әжем Күмістің қолында өскендіктен солардың баласы дейтін. Еркінбекті өз әжеміздің баласы, Айгүлді бәріне ортақ деп атайтынбыз. Бұл күндері біздібң мәңгілік сағынышымызға айналған абзал анамыз мейлінше сабырлы, байсалды адам болатын.
1968 жылы қараша айында 43 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Мен екі ананы тел емген бақытты жанмын. Үстіміздегі жылы сүйікті анамыздың туғанына 100 жыл болып отыр. Әкем екеуінің жайы жұмақтың төрінде болып, артында қалған тірілерді рухьтары жебеп жүрсін».
Жарық дүниенің шапағат нұрын ұрпақтарына сыйлаған абзал ананың о жақта нұры шалқысын деп тілейміз біз де.
Толыбай АБЫЛАЕВ
04 қараша 2025 ж. 234 0