АЖЫРАСАР АЛДЫНДАҒЫ ХАТ
«Сәуле, бүгін – біздің жұбайлық өміріміздің соңғы күні. Аз болса да маған бақыт сыйлағаның үшін саған рақмет. Бәлкім, қателік менен де кеткен шығар. Бар кінәні өзімнен іздепте көрдім. Бірақ адам өз қатесін бірден түсіне қоймайды ғой. Қандай ойға барсам да, өзімді ақтап ала бердім», – деген хатты оқыған Сәуленің жүрегі ытқақтай соғып қоя берді. Сағат 11:30-да сотқа бару керек, ажырасутуралы шешім шығады деп күтіп отырған.Олар алты жыл бір шаңырақ астында өмір сүрді. Бірін-бірі сүйіп қосылған. Сәуле ерке қыз еді. Жасұлан оны дәл осы еркелігі үшін жақсы көрді. Қыз бен жігіт болып жүрген кездің өзінде-ақ оның қыңыр, қисық мінезі барын білсе де, жүрегі қалаған жаннан бас тартқысы келмеді. «Ақыры мені сүйеді, түбінде түзелер» деп сенді.«Мен саған шын ғашық болдым. Сенің назданып еркелегенің, кейде томсырайып өкпелеп қалатының — бәрі маған ұнайтын. Сенен тек жақсылық іздедім. Қуантуға тырыстым. Кездесугеқолы бос барғым келмейтін — міндетті түрде сыйлық ала баратынмын. Сен қуанғанда, өзімді үлкен іс тындырған адамдай сезінетінмін», – депжазды Жасұлан.
Жасұланның анасы келін болуға лайық қыз деп таныстырғанда-ақ Сәулені жақтыра қоймаған. Бірақ амал нешік, баласының таңдауына қарсы тұра алмады. Той өтті. Сәуле келіндік міндетін атқара бастады. Енесі өз үйінің қағидаларын айтып, жөн сілтеп отырды.
«Менің анамнан басқа жақыным жоқ екенін жақсы білдің. Бірақ оның әр айтқанын маған шағып, «маған күн көрсетпейді», «істегенімді ұнатпайды» деп үнемі жеткізіп отырдың. Ал анам жекеде саған жақсы пікірін айтып отыратын. “Келін жақсы, айтқанды қағып алады”, – деп мақтайтын. Бір рет те жамандаған емес. Ал сен ше?..»
Бірде енесі: «Сәуле, жан-ау, мына шәйнек пен қазанның сырты май болып кетіпті ғой, жуып қойсаңшы», – деген. Бұл сөз Сәулеге жақпай, сол күні енесімен ұрысып, дау шығарып, Жасұланді де мазалап, төркініне кетіп қалған.
«Сен алғаш төркініңе кеткен күні анам қатты жылады. “Келінді алып кел, екеуің қалаға барып оңаша тұрыңдар”, – деді. Мен анамды қимадым. Бірақ отбасымды да сақтап қалғым келді. Сөйтіп қалаға келдік. Сен қуандың, мен ішімнен құлазыдым. Дегенмен сені өмірлік серігім деп, бақыт сыйлағым келді. Күндіз-түні тынбай жұмыс істедім. Қанша тапсам да, саған аз көрінді. Үй алып бермесе, әлі күнге пәтерде жүрер едік. 25 жасқа толғанда құндыз тон сұрадың. “Әйелім риза болсын” деп алып бердім. Балалар болған соң ақыл кірер деп ойладым».
Үш бала дүниеге келді. Сәуле үйде отырды. Үйдің барлық ауыртпалығы Жасұланның мойнында болды. Енесі анда-санда ауылдан ет, май жіберіп тұрды.
«Анам немерелерін көруге зар болды. “Алыпбарып көрсетіп келсеңші” деген күні үйде ас-сусызқалатынбыз. Мені балалардың әкесі ретіндесыйламадың. Олардың көзінше жекіріпсөйлейтінсің. Болмашы нәрсеге ашуланып шыға келетінсің. Жұмыстан шаршап келгенде жылықабақ танытпайтынсың. Ренжісіп қалсақ, кінәлі болмасаң да кешірім сұрамайтынсың. Достарымның алдында да абыройым төгілді».
Жасұлан ауылда өскендіктен, қалаға шаруамен келген достары оған түсіп-кетіп жүретін. Мұндайда Сәуле не ауырып қалатын, не ет, сүт таусылып, қонақ күтуге жағдай болмады. Кейде қатулы қабағымен балаларды ұрып-соғып, қонақтың мазасын алатын. Ақыры достары да келуді қойған.
«Балаларымды жақсы көрем. Олар — менің өмірім. Сен оны білесің. Бірақ саған мініңді айтсам болды, «ұнамаса ажырас», «балаларды алып кетемін», «басқа қатын аларсың» деген сөздер айтатынсың. Сенің қалауыңды орындауға шамам жеткенше тырыстым. Ол ездік емес, отбасымды сақтап қалу еді. Бірақ сен оны түсінбедің. Мен баяғы үйленбеген кезде сүйген Сәулені сағынамын. Ол ерке болса да, айтқанымды тыңдайтын. Маған әрдайым әдемі болып келетін. Жұпар аңқып тұратын. Ал қазір ше? Үйде қалай болса солай жүресің, көшеге шыққанда ғана сыланып-сипанып кетесің. Мен сені қызғанамын. Сол күні де қызғанышпен көзім қарауытып кетті».
Бірде екеуі туған күн кешіне барған. Көше бойындағы кафеде отырғанда, көрші үстелдегі екі жігіт тысқа шыққан Сәулеге еріп шығып, таныспақ болды. Мұны байқап қалған Жасұлан оларды сабап, Сәулені ертіп үйге әкелді.
«Сол күні ашулы болдым. Сені ұрамын деп ойлаған жоқпын. Бірақ сен де аузыңа келгенді айтып болмадың. Менде де намыс бар. Бір шапалақ үшін шаңырақты шайқалтуды жөн көрдің. Мейлі, мені қойшы, балаларды әкесіз етуге қалай дәтің барды? Қанша кешірім сұрасам да, тас түйін болып қатып алдың. Неге бұлай өзгердің? Менің де қателігім бар ма? Қанша ойлансам да шешіміне жете алмадым. «Мінсіз адам болмайды» деп өзімді жұбаттым.
Ал бүгіннен бастап біз екі бөтен адамға айналамыз. Бізді тек ортақ балалар ғана байланыстырады. Менен кетсең, бақытты боламындепсің. Бірақ біл — бірінші бақ, екінші бақ... Сен бақытты болсаң да, әкесіз үш бала бақытты бола ма? Оларға таңдау жасату — қиянат еді. Бақыт — ерлі-зайыптылардың екеуіне де ортақ. Барынбағалай алмаған жүрек, байлыққа шомылса да өзін кедей сезінеді. Тағдыр қосқан жарынан таппаған бақытты шайтан салған шаттықтан табаалмайтынын ұмытпағайсың...»
Хатты оқып болған соң, Сәуле кірпік қақпай ұзақ отырды. Беті сұрланып, өңі қашып кеткен. Жүзіндегі мұңды көрудің өзі қорқынышты еді.
Н.БАҚЫРАН









