Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН АРАЛ АЙБЫНДЫЛАРЫ

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН АРАЛ АЙБЫНДЫЛАРЫ

Қаладағы Руханият орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңісті жақындатқан Арал айбындылары» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, зиялы қауым өкілдері, кітап авторлары, ардагерлер және оқырман қауым қатысты.
 Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Қан майданға Арал өңірінен 12 мыңға жуық азамат аттанып, олардың 6 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапқан. Бұл деректер – ел үшін жанын қиған боздақтардың ерлігін ұрпақ жадында сақтау жолындағы маңызды тарихи шежіре.
         Шара барысында алдымен майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің рухына Құран бағышталды.
Одан кейін аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сөз сөйлеп, жарық көріп отырған кітаптың тарихи маңызына тоқталды.
         – Қадірлі жерлестер, құрметті оқырман қауым! Бүгін тұсауы кесіліп отырған кітап – тасқа түскен тарих пен хатқа түскен ақиқаттың ақтаңдақтарын хаттап, кестелеген құнды тарихи туынды. Бұл кітапта батырлардың есімдері, олардың өмір жолдары мен ерліктері жайлы сыр шертетін бағалы деректер жинақталған. Кітаптың әрбір беті – сол кездегі қиындық пен қайсарлықтың, үміт пен жеңіске ұмтылған жігердің куәсі іспетті. Осы орайда кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан барша азаматтарға, әсіресе деректерді іздеп, жинақтаған зерттеушілер мен кітап құрастырушыларына және кітаптың жарық көруіне қаржылай демеушілік жасаған жандарға шексіз алғысымды білдіремін. Еліміздің бейбіт аспаны мәңгілік болсын, ал бабалар ерлігі ұрпақ жадында сақталып, Отанымызды өркендетуге жігер берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бағымыз баянды, бірлігіміз бекем болғай, – деді аудан әкімі А.Оңғарбаев.
         «Жеңісті жақындатқан Арал айбындылары» кітабы – тарихтың тасасында қалған көптеген боздақтардың есімін қайта жаңғыртқан құнды жинақ. Он бөлімнен тұратын еңбекте майдангерлермен қатар тылда еңбек еткен жандардың және соғыс жылдарында ерлік көрсеткен нәзік жандылардың өмір деректері де қамтылған.
         Салтанатты шарада кітап авторлары – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Е.Абдулла, архив саласының үздігі, «Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Б.Қуатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Айымбетов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Ж.Жақып және кітаптың шығуына демеушілік жасаған кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты М.Жұмашев сөз сөйлеп, еңбектің маңызын атап өтті. Сондай-ақ тарихи кітаптың тұсаукесер рәсімінің тізгінін кітаптың редакторы Айдар Сайлауов ұстап елге етене таныстырды.
         Шара соңында қонақтар кітаптың тұсауын кесіп, бұл еңбектің аудан кітапханаларының қорын толықтырып, жас ұрпаққа отансүйгіштік рух беретін маңызды туынды екенін жеткізді.
"Толқын" ақпарат
02 қаңтар 2026 ж. 277 0