Оқырмандармен мазмұнды талқылау
“Кітап AMANAT” жобасы аясында Қалалық №1 кітапханада қазақ спорт тарихында өзіндік орны бар танымал спортшы, боксшы, белгілі бапкер Кеңес Омаровтың туғанына 90 жыл толуына орай «Бапкерлік деген – бір ғылым» атты өнегелі тәрбие сағаты ұйымдастырылды.Іс-шараның басты мақсаты – оқырмандарға Кеңес Омаровтың өнегелі өмір жолы мен спорттағы елеулі жетістіктерін таныстыра отырып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға және спорт арқылы табандылық пен тәртіпке тәрбиелеу болды.
Кездесу барысында қатысушыларға Кеңес Омаровтың спорттағы еңбек жолы, бапкер ретіндегі табыстары, шәкірттерінің жетістіктері туралы кеңінен мәлімет берілді. Бапкердің өмірінен алынған тағылымды оқиғалар жас ұрпаққа мотивация сыйлап, спорттың адам өміріндегі маңызын айқындай түсті.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері тақырыпқа сай кітаптар мен басылымдардан құралған арнайы көрме ұйымдастырып, оқырмандарға спорт тақырыбындағы әдебиеттермен танысуға мүмкіндік берді. Қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, сұрақтар қойып, мазмұнды пікір алмасу өтті.
Мұндай тағылымды шаралар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды рухани әрі физикалық тұрғыда шыңдауға, отансүйгіштік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуге зор үлес қосады.
"Толқын" ақпарат











