Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қамшы сыйлау

Қамшы сыйлау

«Түздіктердің қаруы да, сыны да, ишарасы да — қамшы… Қамшы көліктің, киімнің жас мөлшерінің ыңғайына сай келмек. Қамшы тастасаң – дауға оқталғаның. Қамшымен нұқысаң – зәбір көрсеткенің. Қамшыны қонышқа тықсаң – сабаласамын дегенің. «Ат мінгіземін» деген ауыз байлық. Қамшыны қоса беру – екі айтылмас ант. Қара танымаған қазақ, белгіге қамшы жолдаған. Оның құдіреті ақ қағазға бармақ басқанмен бірдей.» (Тәкен Әлімқұлов «Қызыл қамшы»)
Пірәлі би жанында серіктері бар жолаушылап келе жатып елге сыйлы замандасы Талқанбайға сәлем беруге соғады. Үйге келсе Пірәлі биді Талқанбайдың ұлы Қалдан қарсы алады. Қалданның он төрт жастағы кезі екен. Биді ерекше ілтипатпен қарсы алып, әкесінің жаңа қонысқа көшкенін айтып, асықпай қона жатуларын өтінеді. Пірәлі би, Қалданның қарсы алған ілтипатына ризалығын білдіріп, Талқанбайдың үйіне қарай жүретін ыңғай білдіргенде, Қалдан: — Биеке, мына ту бие сыбағаңыз, осыны жеп кетесіз, – депті. Сонда Пірәлі би: — Айналайын Қалданжан, құрметіңе рахмет! Қонақ болу да, сыбағалы аста дәмдес болу да қатарыңмен, сыйласыңмен отырсаң жарасымды ғой — деп, бет алған жағына қарай атының басын бұрыпты.
Талқанбайдың үйіне барып, серіктерімен қонақ болып, сый-сыяпатын көріп, ауылына қайтар жолда алдарынан Қалдан шығып: — Ақсақал, сіздің сыбағаңыз деп аталған ту биенің ең болмаса қуырдағынан ауыз тиіп кетіңіз — деп шылбырына жармасыпты. Пірәлі би үйге жақындағанда, ту биенің бауыздалып, қазанда қуырдағы дайындалып жатқанын көреді. Үйге кіріп жайғасқан бойдан дастархан жайылып қуырдақ та әкелінеді. Қуырдақтан ауыз тиіп, батасын беріп үйден шығып атқа қонғанда жанындағы серіктері Пірәлі бидің қолында қамшысының жоқ екенін байқап: — Піреке, Қалдан балаңыздың үйінде қамшыңызды ұмыт қалдырыпсыз дегенде «Қамшы өз иесін тапты!» дейді. – Ау, сіз ұстаған бұйымнан біз де дәмеліміз. Бізге берсеңіз ырым етіп, ағамыздың көзі деп, қасиет тұтып ұстап жүрер едік, дегенде: «Сендерге ол қамшы ауырлық қылар!» деп жауап беріпті.
Қазіргі өлшеммен он төртке толған жасты бала дейміз. Қалдан он төрт жасында өз алдына шаңырақ тігіп, отау иесі болған. Пірәлі бидің адам танитын айрықша қасиетінен болар, Қалданның келешегінің кемел, болашағының болымды боларын бір кездесіп, бір-екі ауыз тілдескеннен аңғарып тұрғандығы.
Сөйткен Қалдан, — Кімсің? — Қалданмын! — Қай ауылдансың? — Қалдан ауылынанмын! атанған. Қалдан ауылының мал-мүлкіне ешбір ұры-қары, барымташы-сырымташы батылдары жетіп қол сала алмаған.
Батыр Қалдан, би Бақа,
Көнеден қалған гүжімдей.
Айтқандары елге үлгі,
Аузынан шықса таңырқап,
Тәбәрік етер жүзімдей.
«Басы артықтың бәсі артық»,
Сәлемі-дағы сыртқа айтқан,
Сайланып шыққан жүзіндей деп Тұрмағамбет Ізтілеуұлы жырға қосқан елдің қорғаны, айбаты болған Қалданға, Пірәлі бидің сыйлаған қамшысы мен берген батасының игілігі болмады деп айта алмаспыз.
Сәпен АҢСАТ.
25 наурыз 2026 ж. 69 0