Саздының Сәниясы
"Әйелден ақын шықпайды,
Биші не күйші болмаса..." – деген жыр жолдарына өлеңмен жауап беріп, "Өнерге әркімнің-ақ бар таласы" деген сөзді дәлелдеген нәзік жанды ақындардың қарасы көп. Поэзия әлемінде әдемі өлеңімен әйелдік түсінікті паш етіп кеткен ақындар аз емес. Жырдың желісін үзбей келе жатқан ақын қыздар бүгінде де көптеп кездеседі. Солардың бірі – Саздының Сәниясы.
Сәния Жақып жаңа ғасырдың жігінде, нақтырақ 2001 жылдың 26 мамырында Арал қаласында дүниеге келген. Балалық шағы мен білімге деген алғашқы қадамы Сазды ауылымен тығыз байланысты. Ол 2018 жылы Саздыдағы Жақсылық Түменбаев атындағы №60 орта мектепті тәмамдады. Білімге деген құштарлығы оны 2022 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне жетелеп, журналистика мамандығын бітіріп шықты. Студенттік кезеңде-ақ сөз өнеріне жақындығын танытып, республикалық және облыстық жыр мүшайраларында топ жарып, жеңімпаз атанды.
Қазіргі таңда Сәния Шамшақызы қаржыгер мамандығы бойынша білім алып, Жалағаш аудандық экономика және қаржы бөлімінде статист маманы қызметін атқарып, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман ретінде көзге түсіп келеді. Бүгін дарынды ақын қыздың бір топ өлеңін Аралдың төл басылымы "Толқын" газеті арқылы жерлестеріне тарту етіп отырмыз.
Аспан
Бір күлермін аспан жаққа кетерде...
(Жұматай)
Жанарына іліп алған тамшы мұң,
Аспан жаққа көп қарайды бір сұлу.
Қыз ғұмыры елестетті таң шығын,
Себебі жоқ, жай ғана бір күрсіну.
Өтіп жатқан өмірінің өлшемі,
Қуаныш пен қайғысының арасы.
Жүрегінің жұлып алып бөлшегін,
Жұлдыздарға ұсынады шамасы.
Жүзін сүйіп еркелетіп тұр ма екен,
Сәулесіне шомылдырып жарық ай?
Қыз дегенің қызыл күлте гүл ме екен,
Аяушылық білдіре гөр, о Құдай!
Қалғып кетсе нәлет айтып ғасырға,
Түсіне тек аспан енер ап-ашық.
Неге нұрсыз, түсініксіз расында,
Көңілінің көзіндегі қарашық.
Соры басым маңдайында он елі,
Ай, жұлдыздың жүрегінде жара бар.
Аспан жақта мөлдірлік жоқ, себебі,
Әлгі қыздың жанарында ғана бар.
Жыламаңызшы…
Жер бетінде түрлі-түрлі тағдыр бар,
Бар тағдырдың адам өзі егесі.
Автобустың бағытындай сан жылдар,
...Аялдама сіз түсетін келесі.
Қайғым көп деп мұңаяды бір кісі,
Кеудем толы көрмейсің бе қанша уайым.
Жұпынылау болғанымен тұрмысы,
Менің көршім шүкір
дейді күн сайын.
Сәттер ыстық мың күніңе бергісіз,
Шүкірлікпен жасалғанда қадамдар.
Өкпелейді кімге, неге, белгісіз,
Өткеніне тас атады адамдар.
Ең қайыры – Тәңіріңмен тілдесу,
Әр күніңді қадірлеуің – құлшылық.
Махаббатпен, мейіріммен күн кешу,
Кешкен күнің деп аталар тіршілік.
Тағдыры ғой, дей алмассыз көңілшек,
Жүзі мұңлы, қос жанары тұрды ісіп
Ұл тумадым деп күрсінді келіншек,
Бір тумадым деп жылады құрбысы.
Шын көңілдің нұры сүйсе бетіңді,
Иесіне айту парыз мың алғыс.
Бұлт артынан күн шығуы секілді,
Мұң артында жасырынған қуаныш.
Жыламаңызшы!
***
Біздегі қадірсіз уақыттар,
Желінген сағаттар сыртылы.
"Есіктің" артында бақыт бар...
Қайғылы һәм сосын күлкілі.
Белгісіз, табасың қай бақтан,
Жолдардан тым қысқа төтелер.
Көшеде шашылған минуттар,
Секундтар төгілген кафелер.
Айтпақшы, мені іздеп жүрген кім?
Келіпті нешінші ғасырдан?
Күлтесі ашылған гүлдердің,
Уәделер жолында шашылған.
Сенімдер, тым сондай мөлдір ең,
Мөлдірлік бағың ба?
Сорың ба?
Ағалар алдаса алдымен,
Інілер өле ме соңында?
Біздегі ең үлен өкініш –
Бұзылса аяулы серт күткен.
Айтатын сөз қысқа, өтініш!
Мазасын алмаңыз... Көп нүкте!
Азаттық
Азатпын
Анамның сүтінен,
Әкемнің қанынан дарыған.
Қыз едім ана тіл – уызға жарыған.
Әлдиін есітіп шешемнің,
Жөргекте-ақ өз ділін таныған!
Кей біреу өз жерін табалап,
Қор қылды-ау,
Жерімді темірге,
Өзгені алтынға бағалап.
Қаймана қазақтың бар жері,
Біздерге,
Қайраттай қыршыннан аманат!
Жыраулар толғаған,
Ақындар шалқытып сезімді.
Өзіңмен үйрендік,
Қиынға қалайша төзуді.
Аналар тербетіп бесігін,
Сәбилер сенімен көз ілді!
Азаттық!
Жауларым бостырып,
Көш қылып Ақтабан.
Арманда ерлерім,
Елі үшін опат боп жоқ бо(л)ған.
Келіншек өз жарын,
Анасы құлынын жолыңда жоқтаған!
Азаттық!
Кей кезде өз мұңым,
сырыма тұншығам,
Өрмелеп тіліммен шығуға ұмсынам.
Жар-жар қып
бозбала-бойжеткен,
Кетер қыз елім деп сыңсыған!
Азаттық!
Сенімен көз жасын,
Жан жасын құрғаттым.
Замана әлдиін тыңдаттың,
Азаттық
Дәл біздей ұрпаққа,
Тарих боп шежіре тіл қаттың!
Еркінмін!
Нәр беріп санама,
Айналған рухани панама.
Мәңгілік ғұмыр бер,
Күніне қазақтың!
Көктегі, е, Алла Тағала!!!
Түп-тамыр
Уа, Көк Тәңір!
Уа, киелі Көк Аспан!
Жол сілтеген жолаушыға адасқан.
Өткенінен көз жазса егер мына жұрт,
Ши бөрідей өлексеге таласқан...
Құмалақтай шашып тастап жұлдызды,
Бабаларым болашаққа бал ашқан.
Күн шыққанда қасіретті батыстан,
Қыл бұрауды тіспен шешкен шатысқан,
Дауыл тұрып қақса қанат сұңқары
Тұлпарының тағасынан от ұшқан.
Күнтізбесін төртке бөліп күн-айдың,
Құдіретіне Тәңірімнің құлаймын
Көк Бөрі боп Оғыз туған ордада
Жатырына құт дарыған Ұмайдың.
Шыққа тұнған о, боз жусан, боз далам,
Топырағыңды жастанбаған аз ба адам.
Жел соққанда селеу басы тербеліп,
Қасиетті боз інгендей боздаған.
Атпал ерге аманат боп көш – тізгін.
Есігіне телміртпе деп ессіздің.
Қара ошақтың үш бұтындай киелі,
Түбім – Оғыз, ділім – Қазақ үш жүзбін.
Жолын кешіп жалпағынан жалғанның,
Қаһарынан қаймықпаған хандардың.
Жал-құйрығын тарап мінген тұлпардың,
Жалайырмын, Дулат пенен Албанмын.
Болашақтан үмітім жоқ демеймін,
Тілегіммен, ниетіммен көбейдім.
Ар-намысын биік қойған жанынан,
Арғын, Найман, кер төбелді Кереймін.
Жау шапқанда тайсалуды білмеген
Ақ қасқасын ерттеп мінген кермеден.
Ақ сауытты Айдарбектің ұрпағы ем,
Әлім ұлын әлділерге бермеген.
Жырды сүйген Кетелердің бір ұлын,
Жар қып берген Тәңірімнің құлымын.
Оғыздайын ұлды туған Көк Бөрі,
Айқағандай ана болсам, шын ырым.
Құрсағымды жарып шыққан бөбегім,
Жыр бесікке әлди айтып бөледім.
Айдарына үкі таққан құлыным
Көк семсерлі батыр болса деп едім,
Домбыралы ақын болса деп едім.










