Шәкірттері жүлделі ұстаз
Облыстағы білімді оқушылардың арасында оқ бойы озған шәкірттерінің осынау жетістігі мектеп мұғалімдерін де бір серпілтіп тастады. Мұның бәрі әрине география пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Есенбаевтың ізденімпаздығы мен тынымсыз еңбегінің жемісі.
Ұстаздық қызметін бастағанына үш жылдан енді асқан Нұрлыбек үшін бұл үлкен белесті бағындыру, жарқын болашаққа жасалған ізгі қадам. Бір кездегі жас маманның «Бар білгенімді шәкірттеріме үйретсем» деген мақсаты да орындалып, ұстаздық жолдың алғашқы баспалдағынан бастап шәкірттері білім биігінен көріне бастады.
Нұрлыбек мектепті үздік бітіріп, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы университеттің білім грантын жеңіп алды. Ол география пәні мұғалімі мамандығын қызыл дипломмен бітіріп шықты. Білімге құштар жас мұнымен шектелмей 2010-2012 жылдары осы университеттің магистратурасында оқып, педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді.
Жоғарғы білімді жас маман туған ауылына келіп, өзі оқыған мектебіне жұмысқа орналасты. 2012–2023 жылдар аралығында ол мектепте зертханашы, бағдарламашы қызметтерін атқарды. Ал 2023 жылдан бастап өз мамандығы бойынша мұғалімдік қызметке кірісті. Білім, білігі сай келген жас маман өзінің алғашқы қадамдарынан-ақ ізденімпаз екендігін көрсете білді.
Мұғалімнің қызметі шәкірттерінің жетістігімен бағаланады. Осы тұста шәкірт тәрбиелеу ісін бастағанына үш жылдан енді асқан Нұрлыбектің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. «Жас келсе іске» деген осы болса керек. Биылғы оқу жылының өзінде оның үш оқушысы аудандық олимпиададан жеңімпаз атанып, облысқа жолдама алғанын құлағымыз шалып қалды. География пәнінен білім додасына түскен 9-сынып оқушымы Нұриман Ақылжанұлы үшінші орын иеленді. Ал 7 - сынып оқушысы Мұхаммад Нұрлыбекұлы бірінші орынды жеңіп алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Алдағы уақытта тағы бір оқушысы облыстық білім сайысында бақ сынап көрмек. Былтырға және биылғы оқу жылында төрт шәкірті аудандық олимпиададан үшінші орын жеңіп алды.
Қарапайым ауыл мектебінің жас ұстазы үшін бұл үлкен жетістік. «Алтын кездік қап түбінде жатпас» деген аталы сөз осындайда айтылса керек-ті. Білімді ұстаз қай кезде болсын жарқырап шығары анық.
Құт қонған Қызылжар ауылындағы №81 орта мектептің мерейін үстем етіп, оқушыларын өрге сүйреп жүрген география пәнінің мұғалімі Нұрлыбек Есенбаевтың әлі талай биік белестерден көріне берері сөзсіз. Ал облыс намысын республикалық білім бәйгесінде қорғайтын оның шәкірті Мұхаммадтың жүлдемен оралуына тілекшіміз.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені










