Бекболаттың ән әлемі
"Ел іші - өнер кеніші" дегендей, туған жерге туын тігіп, ата-мекеннен аттап шықпаса да, өңіріміздің мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан дарындылар тобы бар. Олардың поэзиялық, музыкалық, бейнелеу өнер саласында туындатқан туындылары аудан, аймақтан әрі асып, еліміздің жұртшылығына мәлім болып жатады. Ең бастысы, олардың шығармашылығының негізгі арқаулы тақырыбы айдынды өңірдің барша келбетін, тарихи ерекшелігін, шынайы болмысын көрсетеді. Күнде аралас-құралас болып жүргендіктен де, кейде солардың толымды өнеріне өз бағасын бере алмай жатамыз. Бірақ "өткір пышақ қын түбінде жатпас" дегендей, талантты туындылары ерте ме, кеш пе ел назарын аударып, жүрек түбіне жол тауып жатады.Қайбір жылы ауданымызға белгілі білім саласының саңлағы, сазгер, музыкант Бекболат Сәдуақасовпен жол-сапарлас болғанбыз. Сол жолы оңаша қалған бір сәтте Бекеңнің сазгерлігінен хабарымыз болғандықтан да: "Әндеріңізді тыңдайық" деп азғантай қолқа салғанбыз. Біздің бұл қолқамызды жерге тастамады, сол сәтте-ақ Бекең аспапсыз-сүймелдеусіз өз дауысымен бір әнді шырқап қоя берді. Жүрекке жететіндей жып-жылы ағысты әуен екен. Қайта өтініш айтып, тағы бір мәрте тыңдадық. Сосын барып тамсана қол соға отырып:
-Беке, мынау кімнің әні?-дегеніміз бар.
-Ау, әніңнен орында деген жоқсың ба, бұл менің өз әнім. Туған жерім Ақбастыға арнаған туындым,-деген сонда ағамыз.
-Беке, мына әндерің қай-қай сазгерлердің әуендерінен де кем емес, қаншама сізбен қатарлас жүрсек те, бір тыңдап көрмеппіз,-дедік тағы.
Бекең сырбаз қалпы бір жөткерініп алды да:
-Шынымды айтсам, әнді әр кездері шығарып жүрдім ғой. Бірақ жұрт сияқты осыны әншілерге, музыканттарға ұсынуды бір ойламаппын,-деді.
-Әнді сазгер шығарғанмен де, оны барша тыңдармандарға танытатын әншілер. Басқаны қойғанда осы Аралдың өзінде қаншама мықты-мықты, күміс көмей әншілеріміз бар. Соларға берсеңіз, сахналардан шырқап, жүректерге жеткізер еді-ау...-дедік аға өнеріне дән риза болған біз.
-Дұрыс айтасың, білім саласында жауапты қызметтерде жүргендіктен де, ауыр тірлік мойын бұрғызбады. Жеке шығармашылық кеш өткізу дегенді тіпті ойыма да алмаппын. Алда желкенін керіп жетпіс деген жасымыз келе жатыр. Сол мерейлі жасымыздың тұсында қолдаушыларымыздың сұранысына орай кештер болып қалар,-деген еді құрметті ағамыз.
Сол бір кездесу сәттерімізден кейін Бекболат ағамыздың сазгерлік өнері жайында, ән әуендерінің шығу тарихы туралы өзінен де, өзгелерден де сұрап-біліп танысып жүрдім. Күні кеше ғана Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Рахат Наурызбаеваның "Әуен әлемінде" атты өлеңдер жинағын қарап отырып "Ұстазымның ізімен" деген өлеңіне көзім түсті. Өлеңге ән де шығарылған екен, әннің авторы, сазгер Бекболат Сәдуақасов деп көрсетіліпті.
Ұстаз болу - менің ізгі арманым,
Құзарына мақсатымның самғадым.
Өзім алған тәрбие мен білімді,
Шәкірттерім, өздеріңе жалғадым,-деп жырлаған ақын апамыздың айтуынша, өзінің жазған өлеңіне Бекеңнің шығарған әнінің сәтті туғаны сондай - ұзақ жылдардан бері бұл ән Қызылорда қаласындағы М.Мәмедова атындағы педагогикалық колледжінің сабақ жоспарына еніп, студенттер оқуға тиісті туынды ретінде ұзақ жылдардан бері орындалып келеді екен. Сондықтан да қазір осы ән аймағымыздың әр жерлерінде, әсіресе ауыл мектептерінің сахналарында шәкірттердің орындауында ұстаздарға музыкалық сәлемдеме болып жеткізіліп жүр.

Мәдениет пен өнер саласында иықтаса жүріп ұзақ жылдардан бері келе жатқан білім саласының көшбасшысы, өнерпаз Бекболат Сәдуақасовтың бүкіл өмірбаяны, шығармашылығы көз алдымызда. Ол 1956 жылы Арал теңізінің жағасындағы Ақбасы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы, алғашқы дүние-танымы асау теңіз жағасындағы елді мекенде өтті. Оның әуен-сазға деген құштарлығы сол балауса шағынан басталған. Ақбасты өңірі өнер қонған қасиетті жерлердің бірі. Мұнда күмбірлетіп домбыра тартқан, ақыл-кеңесті асқақтатқан термелер орындаған, дабылдатып жыр айтқан үлкен кісілер көп болатын. Соларды құлақ қоя тыңдаған, ұлы өнерінен нәр алған бала Бекболат осы әуен-саз өнеріне іңкәр болып өсті.
Ол етек-жеңі кең үлкен отбасында дүниеге келген. Әкесі Әки Сәдуақасов ауылдағы мектепте ұстаз, кейін осы мектептің басшысы болды. Анасы үй шаруасында еді. Отбасындағы ағайынды он бір баланың бәрі де дерліктей азды-көпті домбыра шертетін әкеден домбыра тартуды үйреніп, оның түрлі қағыстарға салып, шебер шерткен күйлеріне қызыға қарап отыратын әсіресе үлкен ағасы Айтөре киелі аспапқа құштар болып өсті. Ал кішкентай Бекболат осылардың саз әлемінде тербеліп өсіп келе жатты.
Ақбасты ауылындағы мектепте көркемөнерпаздар үйірмесі болды. Осы үйірме мүшелері мектепте, ауылда толассыз өтіп жататын өнер фестивальдерінде, сыныпаралық жарыстарда, сондай-ақ мереке күндері ауыл клубында өнер көрсететін домбыра ансамбліне мүше болып, елді мекеннің шағын сахнасына шығып жүрді. Әйтеуір музыкаға деген іңкәрлік оның бойын жаулап алған-тын.
Музыка әлемі - үлкен әлем. Әуелі домбыра тартқан бала Бекболат кейін сол бір кездері сәнге айналған мандолина аспабына көңілі ауды. Қызыққандығы сондай үйдегі үлкендерге айтып, поштамен тапсырыспен алдырып алды. 7-8-сыныптан бастап мектеп бітіргенше мандолинамен көзге түсіп, тіпті ауылдағы осы аспапта орындайтын ең шеберлердің бірі болып өскені рас.
Ақбастыда өнерлі ағалары көп еді. Соның бірі - Болатбай Имашев. Ақтөбеден мәдени-ағарту училищесін бітіріп келіп, аудандық мәдениет үйінде, кейін облыс орталығында осы салада қызмет етті. Ал Достан Көзмағамбетов Қызылорда пединститутының музыка және педагогика бөлімін бітіріп келіп, Арал қаласындағы Өнер мектебінде, басқа да мектептерде мамандығы бойынша қызмет етті. Жақсы-жақсы әндер шығарып, сазгерлігімен танымал болды. Сондай-ақ Арал мәдениеті мен өнерінде қолтаңбалары бар Қиян Ибраев, Алданыш, Қуаныш Әбжәлиевтер, Қызылбай Мықтыбаев жағалау жұртының мақтаныштары еді. Бұлардың бәрі де Қазанғап оркестрі құрамында өнер көрсетті.
№22 Ақбасты орта мектебін 1973 жылы тәмамдап, қолына кәмелеттік аттестат алған Бекболат әуелгі еңбек жолын таңдағанда, ойына әрине аудандық мәдениет үйі түсті. Өйткені өнерлілер арасында болғысы келген. Сөйтіп аудандық мәдениет бөлімінің бір автоклубының меңгерушісі болып жұмысқа қабылданды. Автоклуб меңгерушісі негізінен жүйенің үгіт насихатшысы болғанымен де, халық алдына көбінесе өнерімен шығатын. Себебі аудандық мәдениет үйі жанында атағы дүрілдеп тұрған Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрі бар. Дирижері ғажайып музыкант Сайлау Тілепов еді. Осы жылдары Бекболат қайтадан қазақтың қара домбырасына оралып, осы оркестрдің құрамында отырды. Ізденімпаз жігіт көптеген күйлерді үйренді. Өнер дегеннің қалтықсыз халыққа қызмет екендігін түсінді. Сөйтіп өнер әлеміндегі жаңа бір баспалдағы басталғандай еді.
Арманы биік өнерпаз жас бір-жар жыл мәдениет қызметкері болғаннан кейін, жүректегі асыл арманы аялап Қызылорда педагогикалық институтының музыка және педагогика бөліміне оқуға түсті. Музыка маманы ретінде қалыптасуына әрине жоғарғы білімнің орны ерекше. Сол жылдары осы институтта тамаша музыкант, атақты сазгер Мүлкаман Қалауов дәріс берген. Осы кісінің музыка сауаттылығына байланысты берген білімі оның болашақ қадамдарына жол ашқан-тын. Музыка бөлімі болғаннан кейін аймағымыздағы өңірлерден келген талантты жігіттер Тынысбек Қоңыратбаев, Бексұлтан Байкенжеев, тағы басқалар қатар оқып, әуез әлеміне бойлай түсті. Осы институт қабырғасында жүріп «Сольфеджио», «Гармония» пәндері бойынша білімін тереңдетіп қана қоймай, ән шығаруға деген әуестік Бекболаттың бойын билеп алған. Тіпті курстасы Әлібек Сүлейменов "Әкеме" деп ән шығарып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Олай дейтіні елге белгілі "Ұшырдың баптап ұядан..." деп басталатын ән еліміздің аумағына кең тарап, қазіргі тілмен айтқанда хит болған.

Осындай ұстаздар мен курстас жігіттердің сазгерлік саладағы жетістіктері Бекболатқа да шабыт беріп, жаңа әндер шығаруға жетелеп отырды. Ол көп әндерді ыңылдап жүріп, санасында әбден пісіріп, жүрегіне жатқызып барып шығаратын. Сондықтан да Бекеңнің әндері әр адамның жүрегіне тым-тым жақын келеді.
Қызылорда пединститутын бітірген соң, Бекболат Әкиұлы туған жері Ақбастыға оралып, ауыл балаларына ән сабағынан тәлім берді. Алыстағы ауыл балалары музыкант ағайынан қаншама әндер үйренді. Кейін осы өнер саласына жол тартқандары да баршылық. Баян аспабын жетік меңгерген Бекең өзі дайындап, өзі сүймелдеп оқушыларын аудандық ән байқауларына апарды. Жалпы әлгі іштей ыңылдап жүрген әндері бір күндері толыса-толыса қанат қаққысы келгендей тіпті дегбірсіздендіріп жіберетін. Енді соларға лайықты ән мәтіндері керек болды. Ақбасты ауылында Айдос Құлманов деген жігіт ағасы тұратын. Жергілікті газеттерге мақалалар жазып, өлеңдер де шығаратын. Сол Айдос ағаға өз өтінішін жеткізген. Жас ұстаздың ән шығарған талабын құптаған ол ұзатпай-ақ "Сағынышым - туған жер" деген өлеңді жазып әкеліп берді. Бұл сөзді өз әуеніне салған Бекболат осылайша алғашқы әнінің дүниеге келгеніне қуанғаны есінде. Содан кейінгі уақытта да "Ақбастының ару қыздары", "Асыл жарым ардағым" сияқты бірнеше әндерді тыңдармандарға қарай қанат қақтырды.

Аудан орталығында үлкен мектептерінде жоғары білімді музыка пәні мұғалімдерінің жетіспеуіне байланысты Бекболатты білім бөлімі шақырып алып, қаладағы №83 орта мектепке ауыстырды. Сол жылдардан бастап Бекболат Әкиұлының әндерінің тақырыбы балаларға арналған әуендерге ұласты. Өйткені күнделікті жұмыс барысында шәкірттерге үйретуге сол жылдары балалар әндері өте аз еді. Бірнеше жылдың бедерінде Бекең жиырма шақты ән шығарып, балалар әлеміне сыйлады. Ол әндерге Аралдың ақиық ақыны Толыбай Абылаев бастаған сөз зергерлері өлең жазған. Міне осы өз жанынан туған, жүрегінен шыққан әндерін оқушыларға үйретуден бір жалыққан емес. Ал олар аудандық, облыстық байқауларда топ жарып жүрді.
Білікті музыка маманы болған Бекең тәрбиелеген шәкірттердің бірнеше толқыны мектеп бітірген соң, кейін өнер саласына қарай қадам басты. Олар бүгінде есімдері елге танымал болып қалған №13 орта мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, әнші Жұмагүл Қосымбаева, аудандық Өнер мектебінің директоры Гүлмира Омарәлиева, сондай-ақ өзге аймақтарда өнерін танытып жүрген Абай Бектұрғанов, Жаңылсын Жәрменова, тағы басқаларды мақтанышпен айтып отырады. Олар да әрбір кездескен сәттерде сүйікті ұстаздарын ортаға алып, құрмет көрсетуден жалықпайды.
Бекеңнің әндерінің бірнешеуі әнебір жылдары белгілі режиссер Оңталап Нұрмаханов ұйымдастырған "Тамаша" ойын-сауық отауында айтылып, көрермендердің көп қолпаштауына ие болған-тын.
Ұзақ жылдар білім саласында ұстаздық қызмет еткен Бекболат Әкиұлы Сәдуақасов №71 мектепте, №262 мектеп-гимназияда, қаладағы мектеп-интернатта басшылық қызметтер атқарды. Бірнеше жыл аудандық білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болды. Жауапкершілігі мол қызмет атқарып жүрсе де, жүрегіндегі ән толқынын, әуен толқынын ешқашан дамылдатқан емес. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің белді мүшесі болып, еліміздің көптеген қалаларында берілген концерттерге қатысты. Қазір ардагер ұстаз ауданымыздағы танымал өнер отауы "Ұлағат" ансамблінің көркемдік жетекшісі. Өңірдегі ауыл сахналарында жұртшылықты өз өнерлерімен сусындатып келеді.
"Ән - көңілдің ажары" десек, сол әуенді бүкіл саналы ғұмырында өз жанынан туындатып және де әр жылдары халыққа насихаттап келе жатқан білім саласының саңлағы, танымал сазгер, музыкант Бекболат Әкиұлы Сәдуақасовтың жүректерге жылы тиетін ән-әуендері үзілмей көрермендердің жүрегіне жетіп, әркез жалғасын таба беретініне біз сенімдіміз.
Ерғали Абдулла.










