Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Үміт пен талап желкенін жықпай келеміз…»

«Үміт пен талап желкенін жықпай келеміз…»

Жазушы, көсемсөзші-эколог, қоғам қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Сайлаубай Жұбатырұлымен сұхбат.
– Сөзімізді үлкен ойдың кішкене кіріспесі есепті бір сұрақтан бастайық. Жаңа жыл келді, бір жылғы жүріп өткен жолымызда қандай із қалды?
– Проблемасыз өмір болмайды десек те, созылмалы індет жайы шаршатыңқырап тұр. Әйтеуір, «әр нәрсенің ақыры қайыр» деп, жақсы күнді күткен үміт үлкен, төзім терең. Көппен көрген ұлы той… Ел-жұртымызда қам-қарекет, талап-тірліктер ағымы бұл кезеңде еш іркіліп, тоқыраған емес. Қайта, қайратқа қайрат қосып, алға ұмтылу үлгілері бар. Уақыт-тарихтың қандай да бір кезеңінде ілгері басар өмір шарты сол. Соған шүкір!
Өткен жылы жағдайдың қысаңына қарамастан Сыр бойы көңіл қуантар мол ризық жинады. Біраз отбасы күтулі баспанасына қол жеткізді. Басқа да экономикалық-әлеуметтік, рухани жетістіктер болды. Құдай қарасып тұр десек те, жер-жаһанды жайлаған жаман індеттің біздің жақта пәті қайтып, өлкеміз салауаттылық үлгісін көрсетіп тұрғанына тағы бір шүкіршілік. Бәрі де оп-оңай келе қалған игілік емес, қажырлы қарекет, қарымды ізденіс, еңбек нәтижесі.
– Сіз, бір тұрғыда, өлкеміздің табиғаты мен тағдыры туралы «қызыл империя» заманынан бері жалтақсыз сөз көтерген қаламгер ретінде елге мәлімсіз. Сол сөздің бүгінгі үні қалай?
– Сонау Одақ құрсауында, қазақ жерінің ахуалы туралы басталған сөз ғой ол. Арал, Сыр, Байқоңыр, Балқаш, Ертіс мәселелері көтерілген. Сонан бері экология мұңын қаузаған қаламгер ретінде ел-жер жайына жиі ораламын. Ол солай: экологиямыз мұңды және оның қордасы қалың. Пенденің іс-әрекет, табыс-жеңіс, той-думан дегендері – үнсіз, көнбіс, қайырлы Жер-ана төсіндегі алаңсыз бала ойыны секілді… «Еркелігімізді» көтерген ойкос – қадірі білінбейтін денсаулық сияқты ғой…
Бүгін қаламгер, эколог ретінде біздің парыз-сөз мына Тұран төріне айналып тұр. Аймақ – үлкен, тақырып – сабақты. Бізде ғаламның қайғысы Арал бар; әлем көз тіккен Байқоңыр бар; үш ел жерінен өтіп, шаршап-шалдығып жететін өмір-өзен Сырдария бар. Сондай зілбатпан проб­лемалар шоғыры. Соның ортасындағы Сыр өңірі, Құдайға шүкір дейік, үміт пен талап желкенін жықпай келеді. Алаштың анасы және ақтабан шұбырындыда исі қазаққа жансақтау болған киелі жер ғой, сол қасиет қолдап тұр, сірә, және еңбек, ізденіс, қамқорлық нәтижесі деу керек…
– Әлеуметтік желі арқылы қазақ жеріне көз алартқан біреулерге етіне шоқ басқандай етіп жауап бердіңіз. Ел көлемінде бұған ризашылық сөз көп айтылды…
– Кешегі КСРО көкірек көзімізді басып қойып, барымызды талапайлап тонады. Жалған ұрандар желпіністерінде жанқиярлық пен құрбаншылдықтан біз де алдымызға жан салмадық. Көп қымбат қасиетімізден солай айырылдық. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» деген, мына қысаң уақытта кей көршінің кейбірі итшілеуін әлі де қоймайды. «Жауыңды жеңем десең, ақылын ал» деуші еді, бұл жұрттың кейбірі көре-көзге өз ақылынан өзі адасқан сыңайлы. Оның себебі: бұлардың кейбірінде құрысқан көн секілді империялық көкірек бар. «Қойдың батпан құйрығынан» айырылып қалған пенделік қыжыл бар…
Өткен жылы Ресейдің бір басылымы менен сұхбат сұрады. Ренішті ойды жасырмай айттым (сонан ба, арты дерексіз кетті): КСРО мұрагеріміз деп күпінетін Ресей Байқоңыр дегенде тым пысық, ал, Арал үшін неге ауыз ашпайды? Жады жартыкеш бұл не сонша шолақ саясат?
Біреулердің өті жарылып кетсе де айтайық, кешегі тарих енді жоқ. Біз – ХХІ ғасырдағы азат елміз. Санғасырлық ата-баба жолдарында біздің жоғалтқанымыз да, тапқанымыз да жетеді. Енді, парасат сөзі ауанында, «бұйырғанына шүкір» деген ұстанымымыз бар.  Қазақстан қатары аз славян жұртында өз ағайыны масқара талапайға салған Украина емес. Біздің артымызда ұлы түркі әлемі, ислам өркениеті, азат халықтар, прогрессивті адамзат тұр. Мен соны айттым. Кейін ел Президентінің белгілі мақаласында осы ойлар саяси деңгейде бекем шегеленді.
– Иә, азат жолымызда бізді бақ­қан «қызыл көздерді» жоққа шы­ғаруға болмас… Ал, біздің ішкі өз ахуа­лымыз туралы не айтасыз?
– Біз тарихтың қызыл желі өтінде тұрған халық болдық. Батыс-шығыс­тағы жұрттарға сол дауылдардың біразында алтын көпір, біразында ық-пана болып, көп құбылыстарды өз кеудемізбен қабылдаған халықпыз. Біздің тарихи-жағырафиялық тағдыр сондай…
Дүние ойсыз емес, бірақ, қаламгер ретінде мына болмыстың көп құбылысы кейде таусылта ойлантады. Кешегі күндері «жаһандану» дегенді үбіжік дедік. Енді байқасақ, сол жаһанданудың иірімінде үйіріліп жүрміз. Ол бір анық шеп ұстап келіп ұратын көрінеу жау емес, баспалап келіп, іштен алатын жымысқы болды. Мен экономикалық, саяси жаһани үлкен ­«ойындарды» айтпаймын, мәселе адами ахуалда. Осы біз өзіміз ақыл-санадан жұтап бара жатқан жоқпыз ба? «Жын да қайымын аңдиды» деген, әлгіндейлерге біздің ыри-тыри жағдайымыз, рухымыздың азғаны керек. Бүгіннің жымысқы тактикасы да, стратегиясы да сол… Біздің жұртта ермелік бар. Кешегі кеңестер теперішін көбірек тартқандықтан ба?.. Бұл – тым қатпарлы тақырып. Семенов-Тяньшанский деген айтқан екен біз туралы: «Этот народ любопытный, но не любознательный…» – деп. Осы сөзде мазақ та, шындық та бар. Осыдан арыла өсу, биіктей шығу керек бізге.
Ағайын-жұрт баяғы сияқты-ау. Бірақ… Біз күректеп-шелектеп өз барымыздан бірдеңе жоғалтып жатырмыз. Ол не? Жеткеннің жөні осы екен деп, жойдасыз дарақы болған жоқпыз ба? Өсу-өну жолы сондай ма? Әсіре сөз демеңіз, анығы ат төбеліндей қазақ замананың жаман желінде кейде қаңбақ шалға ұқсайды. Шетелдік жалт та жұлтқа қарап бұт көтереміз – ол бізге жараспайды, қан-жоса триллер күн айналмай ортамызда орын алады, бассыздықтың неше үлгісі бізде сорақы көрініс табады. Неге? «Оны көрсе – онысақ, мұны көрсе – мұнысақ» па? Таупық, мейірім, иман қайда? Ең сұмдығы, қазақы отбасы, үлкендік-кішілік дәстүрлер өліп бара жатыр. Қыздарымыз көркем сезімдерден жұтап, ақша мен арсыздықтың күңдігіне түскенін сезер емес. Тәрбиенің, ұлттық қасиетіміздің құнар топырағы солар еді. Құнарсыз жерге қаңбақ бітеді. «Өзі қаңбақ болсын, онда қандай салмақ болсын» деп Асқар Тоқмағанбетов айтқандай, қаңбақты көрінгеннің желі әр сайға айдап тығады. «Үйрен де, жирен» бар. Үйрену керек. Бірақ «жирене» білу біздің ұлттық талғамымыздың жітілігі, рухани имунитетіміз еді ғой.
Псевдоерлер көбейіп кетті. Әрекеттері – қайткенде халық көзінде герой болу. Ал, өздерінің көкей есебі ұсақ, астарлы. Олардан елге қайыр аз. Біздің осынау ерлерде ел-жер үшін патриоттық үн болды ма? Қауіпсіз, модалы сөз келгенде ғой, бәрінің шулап шыға келгендері. Кезінде бәрін көріп отырып, тіпті, қолдарымен істеп отырып, бір ауыз жанашыр сөзін айтуға шамалары келмеген… Қазіргі иманы шолақ біреулерден де үмітім жоқ. Олар халықты ренжітеді, жирентеді. Елдің наразы көңіл-күйін туғызатын жабайы капитализм көрінісі соларда бар. Мәрттік, батырлық, көшелілік пасықтан шықпайды. Елім деген арлы ерлердің жөні басқа!
Біз үшін өмір күресі қай тарихымызда да бір сәтке де толастаған емес. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заман – идеал.  Идеал идеясы – бізді ілгері сүйреуші күш. Бірақ істің сөзі көп, өнегесі аз болса, ол талаптан нәтиже болмайды. «Көпте ақыл жоқ» деген дана Абай. Демек, сол көпке шалаптай шайқамай, қатықтай ұйытатын ұйытқы-мәйек керек. Ол – арлы, намысты, әділетті, көреген саясат. Нақты, жүйелі, жоспарлы, кешенді ұлт мүддесінің жұмыстары. Әрине, айтуға оңай. Бірақ ел міндеті қашан жеңіл болып еді?!
Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы осының нақты міндеттерін әр санаға жететіндей түрде алға қойды.
– Біз үшін ділгір тақырып – тағы да экология жайына оралсақ. Бұл тұрғыда жеріміз қордалы екені рас…
– Ол солай… Зор мәселе өзегі – Сырдария. Бұл дарияда Құдай берген, бірде тасу, бірде қайту, 32 млрд (бір есепте – 36 млрд) текше метр су бар. Соның, бір қисапта, өзбек ағайын 51 процентін, бірде тіпті 60 процентін алады. Бұл – ойланарлық жайт. Бұның сыртында дариядағы сыбағалы суымыздың бізге толық келуі проб­лемалы болды… Бұның да сыртында біздің «Тоқтағұлдан» астық, көмір, газ беріп сатып алған ақылы суымыз қазақ жеріне жетпей жоғалады. Ол аманат дүние ғой. Мұсылманда аманатқа қиянат – күнәнің зоры. Ал, енді, көршілер аманаты біздің де жерімізден өтіп жатыр. Әлгі сумен өсірген жеміс-жидекті қырғыз-іні, өзағаң, тәжекең біздің жерімізбен, әуемізбен әлем нарығына күні-түні тасып жатыр. Яғни, олар үшін бұл да бір өмір-дария. Соған біз әлгі істегендей істесек, қалай болар еді?!
Көршінің кей әрекеті әкеліп отыр­ған қарымта ой бұл. Жақсы ой емес…
Ғарышкерлер айтады: көктен көз салғанда, жан-жаққа қисапсыз қаша берген көп арна көрінеді, Қызылқұм мен Қарақұмның беті – шашыраған бейберекет су. «Тұранның рәсуа шашылған қаны» дейді мұны бір ой… Ұлы шөлдердің мыңдаған жылдық өзіне тән, өз қасиетті шөл философиясы бар еді. Сол мыңжылдық дәстүрлер бұзылып жатыр. Жердің сорлануы, өсімдік, жан-жануарлар дүниесінің азғындау-мутациясы – бұл да Арал қасіреті сияқты, ұлы шөлдерге келген нәубет. Оңтүстік көршілерде осыны терең ұғыну жоқ па деймін. Тек әйтеуір дариялар суын тойымсыз ала беру ниеті ғана. Осы варварлық әлем өркениеттерінің Ата Отаны – қос дарияны құртып тынатын сияқты… Орталық Азия дарияларға келгенде, «қызыл саясат» ауруынан шыға алмай, ұсақ пайда, шолақ есеп ізінде ата-бабаларының ғасырлар бойғы экологиялық мәдениетінен жұтап барады. Болмыс­та шекара жоқ. Зауалы күн айналмай келеді…
Табиғаты бүтін, қоршаған ортасымен мәмілелі, биік өркениетті елдер де нан жейді. Оларда халық саны, жерге сұраныс бізден артық болмаса кем емес. Бірақ өз өмір ортасына варварлық, әсіре тұтынушылық көзқарас-қатынас мейлінше тежелген, тәртіпке келтірілген. Еуропаның күретамыры Дунай осыған мысал. «Менің қарным тойса болды, менен басқасын өрт алсын» деген әсірепрагматикалық кісәпірлік жоқ ол жерде.
– Әлгі айтқандарыңыз Сырдың төменгі бойын мекен еткен бізге де қатысты емес пе?
– Егер, көңілім алдамаса, біздің төменгі Сыр жағдайы әлгі айтылғандардан бөлектеу. Биіктеу… Ең алдымен біз теңіздің, Аралдың тұтас бір акваториясын тірілту талабындамыз. Мұндай имандылық іс басқа елде жоқ. Аймағымыздағы бұл бағытты соңғы кезең тенденцияларына саралай тоқталған дұрыс болар.
Аймақтың жаңа басшылығы бас­тамаларымен Сыр бойында елеулі өзгерістер болады деген үміт нақты мәнге ие бола бастады. Тым жойдасыз кеткен күріш дақылының аумағы  Сыр бойында,  бәлкім,  тіпті өткен ғасырдан келе жатқан бір сабақты сырқаттың бетін ашты. Экологиялық ұрандар астында, имани сөздер тасасында жылжи жүріп, жаңа тарихымызда 90 мың гектарға бір-ақ жеткен күріштік – шектен шыққан шама. Байғұс, шаршаған Сырдария сыр бермегенде, мұны да білмегендей екенбіз. Ал, енді, кімді кінәлаймыз, өзіміздегі жағдай осы! Біз кеңестік психология­ның сарқыншағын сынаймыз. Оның күмпілдек рапорттары мен ұрлық гектарларын айтамыз. 1993 жылы Елбасы сынға алған, шектеуді тапсырған дарадақылдың мына шарықтауы не? Тіпті дария суы сыр бермесе, бұл жылансырғақ солай көлеңке (ұрлық) гектарлармен 100 мыңға кете бере ме?
«Күріштікті азайтсақ, дариядағы суымыздан айырыламыз» деген адам күлерлік уәж бар екен. Бекер. Қазақстанның Сырдариядағы үлес суын, ел болып, шашауын шығармай алу міндет. Оны қалай, қайда пайдаланамыз, ол – біздің өз еркіміз. Ең басты мәселе – осы. Айналып келіп, өз ел-жерімізді қинай беретін «геройлықтан» гөрі облыстың, рес­публиканың ізденуші күштерін, мамандарымызды үлесті суымызды сақтап қалу ісіне жұмылдыру қажет. Мемлекетіміз Қазақстанның Сырдариядағы 12-16,5 текше шақырым өз суын заңды түрде бекітуге қол жеткізуі керек. Бұл – аса салмақты міндет. Біз еліміздің сындарлы саясатына сенеміз.
Көршілер тәжірибесінен алатын бір үлгі: су мәселесінде осы саланың ардагері Н.Қыпшақбаевты ел Президентінің су істері жөніндегі  кеңесшісі етіп алу көрегендік қадам болар еді.
Сыр бойындағы «шаруашы­лық­тарды әртараптандыру» деген сөз әбден жауыр болды. Анығы, бұл идеяның мәні терең ғой… Сусамыр күріш аумағын Арал алабында 75 мың гектарға шейін түсіру бастамасы – өте құптарлық іс. Мұны Сыр бойы жағдайын оңалтудың алғашқы батыл қадамы деп сену керек. Болашақта бұл көлемді 60-50 мың гектарға дейін түсіру – өлкенің өзге салаларын жандандыруға, әлеуметтік, экологиялық жағдайды елеулі түрде оңалтуға сеп болар еді. Мысалы, 1 гектар күріш 35 000 текшеметр су ішеді екен. 30 мың гектар қысқарған күріштік 1 миллиард 50 миллион текше метр су үнемдейді. Бұл дегеніңіз – облыс өмірінің басқа салаларына қан беретін мол игілік. Осындай ізгі бастама Оңтүстік көршінің мақталы аймақтарында да қатар жүрсе нұр үстіне нұр болар еді. Осыны ел билігі алдына ашық қою керек.
– Қазіргі ана-дария дидарына қарап тұрып, адамның экология­лық мәдениеті қай шамада екен деген ойға қаламын…
– Сырдариядағы судың ысырабы мен рәсуасы – сұмдық. Көктем басталғаннан бүкіл жаз бойы дария­дан есепсіз көп су ысырапқа кетіп жатады. Бұл – біздің жағдайымызда орасан зор шығын. Ел айтып жүргендей, Сыр бойындағы экологиялық мәдениет сын көтермейді. Өлкемізде су, табиғат игілігін пайдалануда экологиялық мәдениетті мейлінше жолға қоюдың кешенді жоспарын жасау керек. Арал теңізі балығын аулаушы жалға алушылар іс-әрекеті хақында да осыны айтуға болады.
Сырдың төменінде жаңа су қоймаларын салу жоспарына да сын көзбен қараған жөн. Анығында, Аралдың және төменгі Сырдың тарихи қасіретін туғызған – сондай су қоймалары. Бұл бізге өмір көзге шұқып көрсеткен тарихи ескерту, сабақ. Еліміз өзендерінде су қоймаларын салу мүмкіндіктері бар болар, ал Сырдария сияқты күйзелген су үшін бұл – басқа тактиканы талап ететін шаралар. Сондықтан, кейбір табиғи су жүйелерін тірілту жұмыстарын нақтылап, онда да, су шығыны көп болмайтын, суды аз тұтынатын нұсқаларды ғана жүзеге асырып, экологиялық аймақ мүддесін ескере іс қылған дұрыс болады.
Мен қайталап айтудан шаршамаймын: Іле-Балқаш алабындағы экологиялық мәдениет Сыр-Арал алабына да келуі керек. Мыңдаған гектар егістікке жарар жерлер ол жақта да аз емес. Бірақ Іле-Балқаш табиғаты адамдар қамқорлығына алынған. Сондықтан, күріш емес, бұқар бұғысы, тораңғы тоғайы қамы ол жақта бірінші орынға қойылған.  
Бүкіл дүниежүзі, біздің респуб­ликамыз да экологияны оңалтуды бірінші кезекке қойып отыр. Өрке­ниетті адамзаттың салауатты өмірі үшін ендігі жол – осы. Сырдария (Әмудария) алабындағы су бөлінісін әділеттілікпен реттеу, қадағалау, басқару ісіне БҰҰ-ның беделді миссиясын шақыру біз үшін өмір қажеттілігіне айналып келеді. Мұның тәжірибелері дүние жүзінде бар және осы шара Орталық Азиядағы су жағдайы үшін аса өткір өмір мәселесі болғалы тұр.
Дария игілігі – біз және болашақ ұрпағымыздың өмір мүддесі. Ел басшылығы алдына осы мәселені ашық қою қажет.
– Сөз ретінде «Кіші Арал» мәселесін қалай айналып өтеміз?
– Бүгін таңда «Көкарал» бөгетін сақтап қалу үшін аймақ басшылығы Сыр аяғында қолға алған шаралар халық үмітін оятты. Бөгетке қойылған балық қорғау қондырғысы – соның сәтті бастамасы. Енді дария суын Бөген, Қарашалаң көлдері арқылы 4 тармақпен теңізге тарата құйғызу – аса тиімді жол. Бұл жұмыстар алдағы көктемде басталады деген жақсылық лепесті ел асыға күтіп отыр.
«Кіші Арал» мәселесінде арысы – 31, берісі 16 жыл жоғалттық. Әрі тарт та, бері тартпен дариямыздың бүгінгі хәліне жеттік. Әдейі істегенде де мұндай болмас! Елге, жерге болсын деген игі ниетті құрт-құмырсқаға теңеп, білгендерін айтып жатқан мырзалар бар. Адами мәдениетті айтпағанда, әр сөздің сұрауы бар-ау… Әр көңілде – бір қиял…
«Кіші Арал» жұмысын жобалауда, Дүниежүзілік банк бөлген 1,5 млн доллар грантты пайдалануда, аймақ басшылығы 31 жылдық халық пікірін басшылыққа алып, ел үміті жолын таңдауы керек. Сөйткенде, «Кіші Арал» төңірегіндегі жөнсіз талас өз-өзінен қалады. Бұл – ел Үкіметі беріп тұрған бір тарихи мүмкіндік. Оны келешегі тар шолақ шешімге ұрындыру тарихи қателік болады. Халық бірдеңгейлі, бүтін Кіші Аралды сұрап отыр. Айтумен келе жатыр­мыз: бұл әлден азып-тоза бастаған қатерлі «Көкаралды» толығымен жауып, оның кінәраттарынан біржолата құтылуға қол жеткізеді. Тұтас Кіші Аралдың су жиегін 50-51 м (БЖ бойынша) жобалау өлкеміздің экономикалық, әлеуметтік, экология­лық ахуалын көп жақсартады.
«Сарышығанақ»  «Көкарал» кінә­рат­­тарын жаба алмайды.
– Жеке өзіңізде не жаңалық?
– Уақыт берерін беріп, аларын алып жатады. Ол – заңдылық. Азды-көпті еңбек бағаланды, өткен жыл маған облыстың «Құрметті азаматы» атағын берді. Көп рақмет!
Алдыма қойған бірсыпыра жоспарлар бар. Қайсысы қалай жүзеге асады, оны уақыт көрсетеді.
Әңгімелескен
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
19 қаңтар 2021 ж. 831 0