Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылорда − иммунитеті қалыптасқан аймақтар қатарында

Қызылорда − иммунитеті қалыптасқан аймақтар қатарында

Соңғы жылдары Сыр өңірінің денсаулық саласында оң өзгеріс көп, деп хабарлайды Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі.

Осыған дейін маңызды мәселелер қатарында саналған дәрігер мамандар тапшылығының төмендеуі, екпе жұмыстарының тұрақты жүргізілуі, өңірде жаңа медициналық құрылыс нысандарының қарқын алуы осыған дәлел. Аймақтағы ахуалды толығырақ білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Бексейітұлы Пазыловпен тілдестік.
− Жуырда ғана Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аймаққа арнайы келіп, сала бойынша біршама оң бастаманың қолға алынатынын жеткізді. Бұл басқарма жұмысының алға жылжуына әсер еткені анық. Қазіргі таңда басқармада қандай өзгерістер, жаңа жобалар қарастырылуда?
 − Денсаулық сақтау министрінің қыркүйек айындағы жұмыс сапары барысында біршама сүйінші жаңалық айтылды. Соның ішінде ең маңыздысы, 2023-2024 жылдар аралығында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында Сыр елінде 27 дәрігерлік амбулатория, елдімекендерде медициналық мекемелер салынатын болады. Жоба шеңберінде өңірде 4 аудандық орталық аурухананы ұйымдастыру жоспарланған. Әрине, бұның барлығы қуантарлық бастама.Атап айтсақ,  2020 жылдың  қаңтар айында тапшылық 205 дәрігерді, 2021 жылы 137-ні құраса, қазіргі таңда облысымызда маман тапшылығы 43,4 пайызға төмендеді. Әрі облыста  материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары күшейтілді. 2021 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы 78,0 пайызды құраса, 2022 жылдың 9 айының қорытындысымен денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы 83,0 пайызға жетті.Осыған дейін Арал және Жаңақорған аудандарына КТ аппараты қойылды. Ал биыл Шиелі, Қармақшы өңірлеріне жеткізу жоспарлануда. 
 − Соңғы уақытта медициналық нысандар құрылысы да ерекше қарқын алған тәрізді...
− Иә, дұрыс айтасыз. Ағымдағы жылы 80-нен аса халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған аудандық емхана ғимараты қолданысқа берілді. Сондай-ақ Жалағаш ауданындағы Таң ауылында дәрігерлік амбулатория,  медициналық ғимараты жоқ  Арал ауданындағы Тастүбек және Қазалы ауданындағы Жұбан елді мекендерінде 2 медициналық бекеттің тұсауы кесілді.
Тұрғындардың бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына қолжетімділігін арттыру мақсатында 2022 жылдың маусым айында Орталық қалалық емханасы қолданысқа берілді. Орталық қалалық емхананың ашылуы нәтижесінде №1, №3 және №6 қалалық емханалардың жүктемесі азайып, денсаулық сақтау желісі нормативке сәйкестендірілді.
Облыста денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен  жылпы құны 2,9 миллиард теңгені құрайтын Қызылорда қаласының сол жағалауында IV санатты жылына 5000-10000 донация облыстық қан орталығын  құрылысы бастау алды.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының сол жағалауын ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көп бейінді аурухана (онкологиялық бөлімшесі бар) құрылысы» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы  алынды. Жобаның құны  36,4 миллиард теңгені құрайды. 
Қызылорда өңірі аймағы үшін жедел және шұғыл қажеттілігін ескере келе, аталған нысанның іске асырылуына жоғары тұрған уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан  қолдау көрсетіліп, 2023 жылы жұмысты бастау үшін республикалық бюджеттен 700,0 миллион теңге қаражат бөлу жоспарға қойылып отыр.
− Эпидемиологиялық ахуал біршама тұрақталды десек те, әлі де ковидпен күресіп жатқан тұрғындар бар. Пандемиядан кейінгі кезеңде  қандай шаралар жүргізілуде? Жалпы вирустың қауіптілігі бәсеңдеді деп айта аламыз ба?
− 2021 жылдан бастап, облыс бойынша «Covid-19» жұқпасына қарсы вакцинация жұмыстары белсенді түрде жүргізілді. Нәтижесінде облысымыз вакцинациядан республикада алдыңғы үштікте. Бұл дегеніміз − иммунитеті қалыптасқан  аймақтар қатарындамыз деген сөз. Өздеріңізге белгілі, короновирусты инфекцияның алдын алу, жеңіл өтуі, асқынуларын болдырмаудың бірден бір себебі − вакцинациялаудың тиімділігі болып табылады.
Бүгінгі таңда аймағымызда эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясымен тіркелген науқас жоқ.  Қазіргі таңда облыс бойынша инфекциялық  45 төсек бар, алайда ем қабылдап жатқан науқас жоқ. Эпидемиологиялық  жағдай бақылауымызда.
− Медициналық жоғары оқу орындарын бітіріп, ауылға жұмысқа келген жас мамандарға қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде? Аймақта медицина мамандары жеткілікті ме?
− Ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарына жұмысқа қабылданған мамандарға республикалық бюджеттен көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие  беріліп келеді. Бір маманға берілетін көтерме жәрдемақы 70 АЕК көлемінде, ал тұрғын үй несиесі 1500 АЕК мөлшерінде. Аталмыш әлеуметтік көмек қаржысы облыстық экономика және  қаржы  басқармасында  қарастырылған. Ағымдағы жылы 74 жас маман жұмысқа қабылданып, олардың 16-сы елді мекендерге жолданды. Дәрігерлер бірінші кезекте әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылады. Осы жылы арнайы жасақталған комиссия шешімімен 20 дәрігерге 500 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көтермеақы беріледі. 
Қазіргі таңда облыс халқына барлығы 2860 дәрігер, 10721  орта буынды мамандар медициналық қызмет көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, қабылданған шаралардың арқасында дәрігерлер тапшылығы жылдан-жылға азайып келеді. 
− Ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде 27 дәрігерлік амбулатория салынатынын айттыңыз. Жоспарда аймақтағы қайсы елдімекендер қарастырылған?
− Ауқымды жоба аясында аймақтағы медицина саласы одан әрі сапалы қызмет көрсетуін жалғастырады деген сенімдеміз. Осы орайда Шиелі ауданына қарасты Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Ортақшыл, Ә.Тәжібаев, Тартоғай, Алмалы, Бестам ауылдарында 8 нысанның құрылысы басталады. Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Ақжар, Қармақшы, Қуаңдария ауылдары мен Арал ауданындағы Қызылжар, Бөген, Көктем, Тоқабай ауылдары да көп ұзамай жаңа ғимараттың игілігін көреді. Сондай-ақ Қазалы ауданындағы Бозкөл, Абай, Каукей ауылдары, Жалағаш ауданындағы Мырзабай, Есет батыр, Қаракеткен елдімекендерінде де дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Аталған тізімде Жаңақорған мен  Сырдария ауданы да бар.  
− Қызылорда облысы республикада туу көрсеткіші бойынша алдыңғы орында. Алайда ана мен бала денсаулығына қатысты біршама мәселелер бар. Облыстық принаталдық орталықтың, ондағы аналар мен дүниеге келген сәбилердің қал-ахуалы қандай?
− «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының міндеттерінің бірі жүкті әйелдер денсаулығын сақтау және балалар денсаулығын нығайту болып табылады. Сол себептен, жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсетуші медициналық ұйымдарға межелік индикатор белгіленіп, бекітілген. Жоспар бойынша жұмыстар жасалуда.
Қызылорда облысы республика территориясында туу көрсеткіші жоғары өңірлердің біріне жатады. Қуантарлығы, соңғы 5 жыл ішінде демографиялық дамуда бала туу көрсеткіші өсті. Ең жоғары көрсеткішке 2021 жылы қол жеткізілді, яғни 23 277 сәби дүниеге келді. 
Облыстық перинаталдық орталығы заманауи медициналық тәжірибелерді ендіру арқылы өз жұмысын жан-жақты жетілдіріп келеді. Орталықтың негізгі жұмысы жоғары білікті акушерлік-гинекологиялық көмекті көрсету, тиімді перинаталдық күтімдерге негізделген. Орталық жаңа аппараттармен жабдықталған. 
Облыстық перинаталдық орталық базасында тиімді перинаталдық күтім мен ана сүтін енгізу бойынша Ресурстық орталық ашылды.Көпбейінді облыстық аурухана мамандарынан экспертті топ құрылып,  ауыр жағдайда түскен жүкті әйелдер мен балаларға дер кезінде телеконсультациялар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, керек жағдайда республикалық деңгейдегі мамандар кеңес беруге тартылуда.  Туа пайда болған ақаулармен  шала туған балаларға мониторинг жүргізу мақсатында көпбейінді облыстық балалар ауруханасында катанамнестикалық кабинет жұмыс жасап келеді. Патронаждық қызметтің әбебап-прогрессивті моделі бойынша жұмыстар жалғасуда. 
     − Ауыл тұрғындары арасында тыныс алу, ас қорыту, қан айналым аурулары жиі кездеседі. Қарапайым халықтың денсаулық сапасын жақсартуда қандай жұмыстар атқарылуда? 
− Жалпы халықтың денсаулық жағдайын тексеру, аурудың алдын алуда мамандарымыз аянбай еңбек етіп келеді.
Ауруды ерте анықтауда «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бар. Онда скринингтік зерттеулерге жататын ауыл халқы адамдарының қосымша нысаналы топтары да бекітілген. 
Ендігі кезекте, мінез-құлықтық қауіп факторларын ерте анықтау, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы ерте анықтау, асқазан-ішек жолдарының ауруларын және созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтау, тыныс алу ағзаларының туберкулезін ерте анықтау, қуықасты безі обырын ерте анықтау мақсатында нысаналы топтар арасында скринингтік зерттеулер жүргізу жоспарлануда. Аталған тексерулер ауыл халқы тұрғындары арасында ауруларды ерте анықтауға бағытталған.
− Өңірде дәрі-дәрмек қорының жеткіліксіздігі мәселесі бар ма? Қандай да бір диагнозбен есепте тұрған тұрғындар үшін тегін дәрі беру түбегейлі жолға қойылған ба?
− Басқармаға қарасты медициналық ұйымдарда әр бейсенбі сайын стационарлық деңгейде дәрілік заттардың қалдық қорына мониторинг жүргізіліп отырады.  Нақты себепсіз дәрілік заттардың жеткіліксіздігі жоқ.
 «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген тізімге сәйкес, диспансерлік есепте тұратын науқастарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету бір жолға қойылған. Амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде ересек тұрғындарға 50 түрлі ауру түрімен  және 18 жасқа дейінгі балалар үшін 73 түрлі ауру түрімен 402 атау бойынша дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және мамандандырылған емдік өнімдер тегін қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қызылорда облысы мәслихаты шешімімен 27 ауру түрі бойынша 300-ге жуық науқас қосымша тегін дәрілік затттар берілуде.
− Соңғы уақытта емхана кезегінен жастардың қатары артқанын байқаймыз. Аймақ жастары сала мамандарына қандай шағыммен жиі жүгінуде?
− Жастардың саны артты деуге келмес. Дегенмен дұрыс тамақтанбау, спортпен шұғылданбау салдарынан әлсіздік, остеохандроз ауруларының жиілейтіні белгілі. Көбіне жастар арасында осы шағыммен жүгінеді. 
Жалпы жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында, медицина мамандары аурудың алдын алуға байланысты жиі кеңес беріп тұрады. Жастар мен жасөспірімдер арасында аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыс бойынша ағымдағы жылы 2495 іс-шара өткізіліп, шарада 75993 адам қамтылды. 
Одан бөлек, «Дүниежүзілік денсаулық күніне» орай облыстық жастар ресурстық орталығында, Сыбаға, Айт-бек, Қорқыт сауда үйлерінде тұрғындар арасында «Репродуктивті денсаулық», «Дұрыс тамақтану», «Зиянды әдеттердің алдын алу», «Жұқпалы аурулардың алдын алу» тақырыптарында акция өткізілді. Акция барысында халық арасында қан қысымын, бой-салмақ өлшеніп, тақырыптық ақпараттық танымдық материалдар таратылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Халықтың денсаулығын сақтау – басты міндетіміз.
Сұхбатыңызға рақмет!
baq.kz
05 қараша 2022 ж. 5 090 0