Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлеуметтік мәселе – адам өміріндегі маңызды аспект

Әлеуметтік мәселе – адам өміріндегі маңызды аспект

Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр.  Және Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын» деген болатын.
Осы ретте аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, хал актілерін тіркеу бөлімінің маңызы зор. Ол халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын сақтауға бағытталған мемлекеттік мекеме. Жақында бөлім басшысы Ғалия Тоғысовамен сұхбат құрудың реті түскен еді.
Қайырлы күн, бөлімнің негізгі міндеттері қандай? Аймақтағы басты басымдықтар неде?
Бөлімнің негізгі миссиясы – әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.
Соған сәйкес, аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейін түсіру және кедейшілік ауқымын қысқарту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, мүгедектігі бар адамдар және ардагерлерді оңалту және халықты атаулы әлеуметтік қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру, аудандық бағдарламаларға сәйкес аз қамтылған азаматтарды, көп балалы отбасыларын қорғау және қолдау арқылы тиісті мақсаттарға қол жеткізу бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Соңғы жылдары жұмыспен қамту саласы бойынша қандай жетістіктерге қол жетті?
Осы ретте, 2005 жылы аудан бойынша жұмыссыздар саны 2870 адамды құрап, жалпы жұмыссыздық деңгейі 8,5 пайызды құрады.
Ал, 2023 жылы жұмыссыздар саны 1501 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрады.
Сонымен қатар, 2011 жылғы 31 наурыздағы №316 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында ауданда Жұмыспен қамту орталығы құрылған болатын.
Алайда, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап қабылданған Әлеуметтік Кодекстің негізінде ауданда Жұмыспен қамту орталығы таратылып, «Мансап» орталығы ретінде қайта құрылып қызмет көрсетуде.
«Мансап» орталығы қызметінің мақсаты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, оның ішінде қоғамдық, жастар, әлеуметтік, алғашқы жұмыс орындары мен «Ұрпақтар» келісім шарты, «Күміс жас» жобалары бойынша жұмысқа қабылдау. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру мемлекеттік гранттар беру, жастарға арналған 2,5 пайыз жеңілдетілген несие беру, қоныстандыру арқылы жұмысқа орналастыру және атаулы әлеуметтік көмек көрсету болып табылады.
 Қазіргі таңда аудан бойынша жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қандай шаралар қабылдануда?
 Қазіргі таңда, жалпы жұмыссыздық деңгейі сатистикалық мәліметке сәйкес аудан бойынша  5,0 пайыз құрайды.
Соған сәйкес, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жыл басынан бос жұмыс орындарына 1547 адам, субсидияланған жұмыс орындарына 1470 адам жолданса, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 146 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.
Нәтижесінде, 2024 жылдың 1 желтоқсанына жұмыссыздар саны базалық дерекқор бойынша 1281 адам, яғни қараша айының ресми жұмыссыздық  деңгейі 4,3 пайызды құрап отыр.
–Аймақтағы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жобалар турасында айта өтсеңіз...
Қызылорда облысының 2022-2025 жылдарға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша Арал ауданына қарасты 19 жобаға ағымдағы жылға 242 жұмыс орнын ашу көзделген.
Бүгінгі күнге, 17 жоба бойынша 238 адам жолданды немесе жылдық жоспар 98,3% пайызға орындалды.
Сонымен қатар, Президент жолдауында айтылған 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын ашу тапсырмасына сәйкес 2024 жылы аудан бойынша жоспар 947 орын болса, 11 айда 974 орын ашылып, 103 пайызға орындалды.
 Жастарды жұмыспен қамту саласында оң өзгерістер бар ма?
Ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысымен, Арал ауданының Мансап орталығы филиалына жұмыс іздеуші есебінде 6473 адам тіркелсе, оның 18-35 жас аралығындағы жастар саны  3051 адам. Бүгінде 1527 жұмыссыз жас уақытша және тұрақты жұмыстармен қамтылды.
Ашып айтқанда, бос жұмыс орындарына – 653, кәсіпкерлікті қолдауға – 219, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 13, субсидияланған жұмыс орындарына 642 жан қамтылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топқа жататын 69 жас 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашты.
Жоғарыдағы жұмыстардың нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайыздан 3,6 пайызға дейін төмендеді.
 Әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдар мен көпбалалы аналарға қандай көмек ұсынылады?
 Мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы  негізінде мемлекеттік қызметтердің 8 түрі әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетіледі.
Үйден әлеуметтік қызмет көрсету бойынша аудан бойынша 107 мүгедектігі бар балаларға 32 әлеуметтік қызметкер, 97 жалғызілікті қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға 18 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап Арал аудандық мәслихатының 2023 жылғы 11 қазандағы №103 шешімімен бекітілген Арал ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына сәйкес 25 қазан – Республика күніне орай аудандағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 11076 теңгеден бір реттік ақшалай төлем төленді. 2024 жылға 3036 мүгедектігі бар адамдарға 33626,7 мың теңге қаржы төленді.
Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға үстіміздегі жылы 101 балаға 6 794,9 мың теңге тағайындалып, төленді.
Белгіленген кедейлік шегінен аспайтын тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы 124 отбасыға ағымдағы жылдың 11 айында 43 930,8 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді.
Сондай ақ, 2023 жылдың 11 сәуірінде «Арал аудандық отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, өз жұмысын бастаған болатын.
Орталықтың негізгі қызметі қиын жағдайларға тап болған адамдарды, отбасыларды қолдау және оларға кешенді қызметтер көрсету.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап бүгінгі күнге дейін орталық арқылы мүгедектігі бар адамдарға аблитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 601 қызмет түрін көрсету бойынша жәрдемдесу жұмыстары жүргізілді.
Орталыққа 105 адам өтініш білдіріп, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен аз қамтылған көпбалалы аналар арнайы психолог маманынан қызмет алып, белсенді ұзақ өмір терапиясы және спорт бөлмесіне қатысты.
 Ауданда еңбек ресурстарының жетіспеушілігі немесе артықшылығы бар сала түрлері туралы не айтасыз?
 Қазіргі таңда, аудан бойынша бірінші кезекте денсаулық сақтау саласында мамандар тапшылығы айтарлықтай сезілуде. Оның ішінде, аудандық ауруханасының мәліметіне сәйкес белгілі бір мамандықты талап ететін 18 дәрігер маман жетіспеуде.
Аталған маман тапшылығын азайту мақсатында өңірге қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің қолдауымен оқу гранты бойынша жыл сайын оқуға түсуде.
Бүгінгі таңда, өңірге қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің оқу гранты негізінде 36 студент білім алуда.
Бұдан бөлек, аудан көлеміндегі жастар тарапынан білім саласына қатысты мамандарға қызығушылықтарының артуына байланысты білім беру жүйесінің мамандары бойынша артықшылықтар қалыптасуда.
Аталған мамандардың артықшылығын азайту мақсатында Арал ауданының Мансап орталығы арқылы жастар тәжірибесіне, алғашқы жұмыс орындарына және ұрпақтар келісім шарты бойынша субсидияланған жұмыс орындарына жолдануда.
Сонымен қатар, ауданымызда «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан білім нысандары пайдалануға берілгеннен кейін жаңадан ашылатын бос жұмыс орындары арқылы мамандар артықшылығын азайту жоспарлануда.       
 Жергілікті өзге де ұйымдармен тығыз байланыс қалай жүргізіледі?
 Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында бірнеше ұйымдармен бірлесе отырып, түрлі шаралар іске асырылып келеді.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласында орналасқан «Талсуат – мүгедектерді оңалту орталығына» ем алуға 70 мүгедектігі бар адам, 7 зейнеткер жолданды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен «Арал ауданы мүгедектер ұйымы қоғамдық бірлестігі» 18 жасқа дейінгі 24 мүгедектігі бар балаларға күндіз болу бөлімшесі бойынша жартылай стационар жағдайында қызмет көрсетуде.
Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес Қызылорда қаласында орналасқан №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мүгедектігі бар 4 адам, №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 1 қарт және мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығына 2 бала жолданды.
Мүгедектерді тасымалдау қызметін ұйымдастыруға 2024 жылға бюджеттен 25 000,0 мың теңге бөлініп, оның 14 447,8 мың теңгесі игерілді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы «Арал мүгедектігі бар адамдарды қолдау» қоғамдық бірлестігімен келісім шарт жасалып, олардан 3 автокөлікпен 86 мүгедектігі бар адамдарды тасымалдады.
Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жобаларды іске асыру мақсатында «Жас Арал өрендері» қоғамдық бірлестігімен келісім шарт жасалып, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатындар және босатылғандарды, сонымен қатар пробация қызметінде есепте тұратындарды қайта әлеуметтендіру және әлеуметтік бейімдеуге бойынша тиісті шаралар іске асырылуда.
Бұдан бөлек, Отбасын қолдау орталығымен тұрмыс жағдайы төмен отбасылар, көп балалы аналар және мүгедектігі бар адамдарға жәрдемдесу мақсатында «Арал мүгедектігі бар адамдарды қолдау» қоғамдық бірлестігі, ЖК «Жакипбаева Мөлдір» оқу орталығы, «Отбасы Банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда облысы филиалымен меморандумдар жасалып, тігінші, шаштараз, маникюр және массажист мамандықтарының қысқа мерзімді оқыту курстары ұйымдастырылып, 48 адамға сертификаттар табысталды.
 Жұмыспен қамту саласындағы ең күрделі мәселелер қандай?
 Қазіргі таңда, аудан халқының басым көпшілігі тарапынан мемлекеттік мекемелердегі техникалық мамандықтарға сұраныстар көптеп түсуде.
Осы ретте, аудан көлеміндегі жеке секторлардан техникалық мамандықтарға қажеттіліктер туындауда.
Алайда, халықтың ол жұмысқа орналасуға қызығушылығы өте төмен. Негізгі себебі жеке сектордегі жұмыс берушілер тарапынан жұмысшыларға жалақыларының қолма-қол жүргізілуіне және міндетті әлеуметтік жарналарының төленбеуінен болып отыр. 
Соған сәйкес, жеке сектерлар тарапынан аталған жұмыстарды өз деңгейінде жүзеге асырған жағдайда аудан бойынша жұмыссыздық деңгейіне айтарлықтай оң әсер етері сөзсіз.
 Алдағы жоспарларыңыз қандай? Аймақтың еңбек нарығын дамыту үшін қандай бастамалар қолға алынбақ?
Мемлекет басшысы биылғы жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз деген болатын.
Соған сәйкес, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру мақсатында түрлі шараларды ұйымдастыру арқылы аудан жастарының жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру бағытында тиісті жұмыстарды жүргізу.
Осы ретте, аудан бойынша жаңа жұмыс орындарын құру бағытында және түрлі бағдарламалар арқылы іске асырылып жатқан жобалар бойынша жұмыстарды жандандыру арқылы аудандағы жалпы жұмыссыздық деңгейін төмендету.
 Сұхбатыңызға рақмет. Алдағы жоспарларыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Гүлмарал САҚТАПОВА
10 желтоқсан 2024 ж. 88 0