Абзал ЕРЖАНҰЛЫ: Би өнері шекара таңдамайды
Қазіргі таңда өнердің өрісі кеңейіп, жастардың шығармашылыққа деген қызығушылығы арта түскен кезеңде би өнері де жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Осындай қарқынды дамып келе жатқан салада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жас таланттарға бағыт-бағдар беріп жүрген жандардың бірі – жеке би студиясының негізін қалаушы Абзал Ержанұлы.Жас та болса, еңбекқорлығымен, табандылығымен және өнерге деген шынайы сүйіспеншілігімен көзге түскен ол бүгінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, би әлемінде өз орнын айқындап үлгерді. Оның шығармашылық жолы, ұстаздық ұстанымы мен алдағы жоспарлары көпшілікке қызық екені анық.
Осы орайда біз өзімен сұхбаттасып, оның өнерге келу жолы, би саласындағы тәжірибесі, шәкірт тәрбиелеудегі қағидаттары мен болашақтағы мақсат-мұраттары туралы әңгімелескен едік.
– Ең алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз. Отбасыңыз туралы, өнерге деген қызығушылығыңыз қалай басталды? Сізді би әлеміне жетелеген алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?
– Есімім Абзал. Айдынды Аралдың тумасымын. Н.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейін бітіріп, Қорқыт ата атындағы университеттің «Хореография» мамандығында білім алып жатырмын.
Айдынды Аралдың кеңдігі мен дархандығы мені бала кезден қалыптастырды деп ойлаймын. Қарапайым, еңбекқор отбасында тәрбиелендім. Ата-анам әрқашан маған сенім артып, қандай жол таңдасам да қолдау білдіріп келеді. Сол сенім – менің ең үлкен тірегім, алға ұмтылуыма күш берген басты себеп.
Өнерге деген қызығушылығым ерте жастан оянды. Бала күнімде музыка қосылса болды, еріксіз қимылдап, ырғаққа елітіп кететінмін. Уақыт өте би өнері мені ерекше баурап алды. Би – мен үшінсезім, тілсіз сөйлейтін өнер. Кейде сөзбен жеткізе алмайтын көңіл күйді сахнада бір ғана қимылмен жеткізуге болатынын ұқтым.
Би әлеміне алғашқы қадамдарым мектептегі түрлі мәдени іс-шаралар мен үйірмелерден басталды. Ұстаздарымның бағыт-бағдары, алғашқы жетекшілерімнің сенімі мені шыңдай түсті. Әрбір қойылым, дайындық тәртіпке, еңбекқорлыққа үйретті. Би тек талантпен шектелмейтінін, оның артында үлкен еңбек, төзім мен табандылық жататынын сол кезде түсіндім.
– Би – үлкен еңбек пен табандылықты талап ететін сала. Осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды, бұл жолда кімдер сізге үлгі немесе қолдау көрсетті? Жалпы би өнеріне келу жолыңыз қалай қалыптасты?
– Бұл мамандықты таңдауыма ең басты себеп – би арқылы өзімді еркін ұстаймын, қай ортаға да араласып кетуім оңай.
Осы жолда маған ұстаздарымның әсері орасан зор болды. Олар тек қана би қимылдарын үйретіп қойған жоқ, сонымен қатар өнерге деген құрметті, сахна мәдениетін, жауапкершілікті бойыма сіңірді. Әрбір ескертуі мен кеңесі мені шыңдап, өзімді дамытуға итермеледі. Кейде шаршап, тоқтап қалғым келген сәттердесол ұстаздарымның сенімі мені қайта жігерлендіріп, алға жетеледі.
Сонымен қатар, әрине, отбасымның қолдауы. Олар әрдайым жанымнан табылып, кез келген таңдауыма түсіністікпен қарады. Өнер жолы – жеңіл жол емес, тұрақсыздық пен үлкен еңбекті талап етеді. Осындай сәттерде отбасының қолдауы адамға ерекше жігер береді.
Би өнеріне келу жолым оңай болған жоқ. Бұл жолда түрлі қиындықтар, күмән, шаршау сәттері де болды. Бірақ мен ешқашан тоқтаған емеспін. Себебі ішкі сенімім мен арманым мені алға жетеледі. Үздіксіз еңбек, табандылық пен өз-өзіме деген сенімнің арқасында біртіндеп өз орнымды таба алдым деп ойлаймын.
Қазір би – менің жай ғана кәсібім емес, ол – өмірімнің мәні. Және мен осы жолды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін.
– Шығармашылық жолыңызда «GN академиясында» хореограф ретінде еңбек еткеніңіз белгілі. Сол кезең сізге қандай тәжірибе берді, өзіңізді кәсіби тұрғыда қалай шыңдадыңыз? Ал қазіргі «АBZAL» би студиясын ашу идеясы қалай туындады?
– «GN академиясындағы» жұмыс тәжірибем мен үшін үлкен мектеп болды десем, артық айтқандық емес. Себебі ол жерде мен тек шәкірттерге би үйретіп қана қоймай, өзім де кәсіби тұрғыда айтарлықтай өстім.Әртүрлі жастағы, мінезі мен қабылдауы әрқалай оқушылармен жұмыс істеу мені әр адамға жеке тәсіл табуға үйретті. Уақыт өте келе мен тек орындаушы емес, ұстаз ретінде де қалыптаса бастадым.
Сондай-ақ, «GN академиясы» маған заманауи би бағыттарын тереңірек меңгеруге, жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеде қолдануға үлкен мүмкіндік берді. Әріптестеріммен тәжірибе алмасу, түрлі қойылымдар мен жобаларға қатысу – менің шығармашылық көкжиегімді кеңейтті. Бұл орта мені үнемі ізденісте болуға, тоқтап қалмауға үйретті.
Ал «АBZAL» би студиясын ашу – менің көптен бергі арманымның жүзеге асуы. Бұл– менің көзқарасым, стилім, өнерге деген түсінігімнің көрінісі. Өз студиям арқылы мен тек техниканы ғана емес, бидің рухын, мәнін, сахна мәдениетін жастардың бойына сіңіргім келеді.
Студия ашудағы басты мақсатым – жастарға сапалы білім беріп, олардың бойындағы талантты оятып, дұрыс бағыт көрсету. Әр оқушының мүмкіндігін ашып, өзіне деген сенімін арттыру – мен үшін ең маңыздысы.
Бүгінде студия – менің екінші үйіме айналды. Мұнда тек шәкірттер емес, ортақ мақсат пен арман біріктірген бір үлкен шығармашылық отбасы қалыптасып келеді. Алдағы уақытта осы еңбектің нәтижесін үлкен сахналардан көрсетіп, би өнеріне өз үлесімді қосқым келеді.
– Бүгінде сіз әртүрлі деңгейдегі байқауларға шәкірт дайындап жүрген ұстазсыз. Оқушыларыңыздың жас ерекшелігі қандай, олармен жұмыс істеуде қандай әдістерді қолданасыз? Жас бишілерге қоятын басты талаптарыңыз қандай?
– Қазіргі таңда мен әртүрлі жастағы оқушылармен жұмыс істеймін, негізінен балалар мен жасөспірімдер. Әр жастың, әр баланың өзіндік мінезі, қабылдауы, қабілеті әртүрлі болғандықтан, мен олардың әрқайсысына жеке тәсіл қолдануға тырысамын. Біреуіне жұмсақтық керек болса, енді біреуіне талап қою арқылы нәтиже шығады. Осы ерекшеліктерді ескеру – ұстаз ретіндегі басты міндетім деп санаймын.
Сабақ барысында мен үшін тек қимылды үйрету жеткіліксіз. Ең алдымен тәртіпке, еңбекқорлыққа және сахнада баланың өзін-өзі ұстауына ерекше мән беремін. Себебі нағыз биші тек әдемі билеп қана қоймай, өзін сахнада дұрыс ұстай алуы, көрерменмен байланыс орната білуі керек. Әрбір жаттығу – болашақ үлкен сахнаның дайындығы екенін шәкірттеріме үнемі түсіндіріп отырамын.
Жас бишілерге қоятын басты талаптарым – жауапкершілік, табандылық және өнерге деген шынайы махаббат. Егер балада осы қасиеттер болса, ол міндетті түрде нәтижеге жетеді деп сенемін. Кейде балалар тез нәтиже күтеді, бірақ мен оларға би – уақыт пен төзімділікті қажет ететін өнер екенін түсіндіремін. Үнемі ізденіп, өз-өзіңмен жұмыс істегенде ғана өсу болады.
Сонымен қатар, мен шәкірттеріме тек биші болуды емес, тұлға ретінде қалыптасуды да үйреткім келеді. Өнер арқылы олар өзіне сенімді, ашық, еңбекқор азамат болып өссе – мен үшін ең үлкен жетістік сол.
– Қазіргі таңда жеке би студияңызды дамытып келесіз. Алдағы жоспарларыңыз қандай, студияны қай бағытта дамытқыңыз келеді? Болашақта би өнерінде қандай биік мақсаттарды көздеп отырсыз?
– Қазіргі таңда менің негізгі мақсатым – шетелге шығып, өз білімім мен тәжірибемді халықаралық деңгейде дамыту. Себебі би өнері – шекара танымайтынәмбебап өнер. Әлемнің әр түкпіріндегі бишілердің стилі, техникасы, ойлау жүйесі әртүрлі, сол айырмашылықтарды өз көзіммен көріп, тәжірибе жүзінде меңгеру – мен үшін үлкен мүмкіндік әрі жаңа белес болмақ.
Шетелдік сахналарды көру, түрлі мәдениеттермен танысу –рухани кеңею деп білемін. Әр халықтың биі – оның тарихы мен болмысының көрінісі. Сол арқылы мен өзімнің шығармашылық көкжиегімді кеңейтіп, жаңа бағыттармен жұмыс істеуге шабыт алғым келеді. Әсіресе халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысып, тәжірибе жинақтау – алдағы жоспарларымның негізгі бөлігі.
Жинаған тәжірибемді тек өзімде қалдырмай, оны еліміздегі шәкірттеріммен бөлісу – мен үшін маңызды миссия. Себебі жаңа білім – болашақ буынның дамуына қосылған үлес. Менің мақсатым – тек жақсы биші тәрбиелеу емес, әлемдік деңгейде ойлай алатын, бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастыру.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Әңгімелескен Гүлмарал ӘЛНИЯЗИНА










