Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Альмира ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ: Кей уақыттары тәулігіне 35-40 балаға дейін қабылдаған кездеріміз болды

Альмира ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ: Кей уақыттары тәулігіне 35-40 балаға дейін қабылдаған кездеріміз болды

Аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында балалар денсаулығын қорғау ісінің маңызы зор. Бүгінде балалар арасында кездесетін аурулардың алдын алу, дер кезінде ем көрсету және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Осы бағыттағы жұмыстар мен өзекті мәселелер жөнінде аудандық балалар бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Альмира Жұбаназаровамен сұхбаттасқан едік.
– Өзіңізді және бөлімшеңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз.
         – Мен Арал аудандық балалар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-педиатр Альмира Тәуекелқызымын. Денсаулық сақтау саласында, оның ішінде балалар медицинасы бағытында еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Еңбек жолымды 2006 жылы бастадым.
         Біліміне тоқталсам, Батыс Қазақстан медицина академиясының педиатрия факультетін тәмамдап, кейін балалар инфекционисті мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Алғашқы еңбек жолым Арал аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөліміндегі педиатриялық бригада құрамында басталды. Кейін Байтұрсынов емханасында учаскелік педиатр дәрігер ретінде үш жылға жуық қызмет атқардым. Одан кейін аудандық аурухананың кеңес беру-диагностикалық бөлімінде дәрігер-инфекционист болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда аудандық аурухананың балалар бөлімінде дәрігер-педиатр және бөлім меңгерушісі қызметін атқарып келемін.
         Арал аудандық балалар бөлімшесінің тарихы тереңде жатыр. Бөлімшенің ашылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болды. Бүгінде бөлімше 35 төсек-орынмен қамтамасыз етілген, оның 5-і реабилтациялық емге арналған. Мұнда балаларға сапалы медициналық көмек көрсету үшін тәжірибелі мамандар қызмет етеді. Атап айтқанда, бөлімшеде екі педиатр дәрігер, бір оңалту дәрігері, бір аға мейірбике және он мейірбике жұмыс жасайды. Сонымен қатар жеті тазалық қызметкері, бір ас таратушы және бір шаруашылық қызметкері еңбек етеді.
         Біздің басты мақсатымыз  – балалардың денсаулығын сақтау, сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсету және олардың сауығып шығуына қолайлы жағдай жасау.
         – Балаларды емдеу бөлімшесінің негізгі қызметі қандай?
         – Жалпы балалар бөлімшесінде 0 мен 18 жас аралығындағы науқастарға медициналық көмек көрсетіледі. Бөлімшеге түскен балалар толық тексеруден өткізіліп, қажетті ем-дом шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ олардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған шұғыл сауықтыру жұмыстары ұйымдастырылады.
         Қазіргі жаз мезгілінде бөлімшеге тәулігіне орта есеппен 10-12 бала қабылданады. Оның ішінде 7-8 бала жоспарлы түрде ем алуға жатқызылса, қалғандары жедел жағдаймен түседі. Ал қыс мезгілінде науқастар саны айтарлықтай артады. Кей уақыттары тәулігіне 35-40 балаға дейін қабылдаған кездеріміз болды. Ол кезеңде балалардың басым бөлігі тыныс алу жолдарының түрлі ауруларымен жедел түрде жеткізілетін.
         Жалпы биылғы жылдың басынан бері бөлімшеде 345 бала ем қабылдап, сауығып шықты. Бұл көрсеткіш бөлімшенің аудан балаларына үздіксіз медициналық көмек көрсетіп келе жатқанын аңғартады.
– Соңғы жылдары балалар арасында жиі кездесетін аурулар қандай? Бұл аурулардың пайда болу себептері неде деп ойлайсыз?
         – Соңғы үш жылдағы көрсеткіштерді салыстырып қарасақ, балалар арасында ең жиі кездесетін аурулар – тыныс алу жолдарының аурулары. Оның ішінде жедел бронхит, пневмония, бронхиалды астма және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары басым болып отыр.
         Соңғы бір жылда балалар арасында қант диабетінің де жиілегені байқалады. Бұл дерт негізінен мектеп жасындағы балалар арасында анықталуда. Мәселен, 2026 жылдың қаңтар айынан бері 10-18 жас аралығындағы жеті баладан қант диабеті анықталып, олар әрі қарай ем алу үшін облыстық балалар ауруханасының эндокринология бөліміне жолданды.
         Тыныс алу жолдары ауруларының жиілеуіне бірнеше фактор әсер етеді. Атап айтқанда, анемия мен аллергиялық аурулар балалардың иммундық жүйесінің әлсіреуіне себеп болады. Бұл жағдайдың бастауы көбіне ана денсаулығымен байланысты. Өкінішке қарай, кейбір әйелдер жүктілікті жоспарлау кезеңінде өздерінің созылмалы ауруларын емдемейді. Сондай-ақ көптеген жүкті әйелдердің жүктілігі анемия аясында өтеді. Соның салдарынан баланың иммунитеті толық қалыптаспай, түрлі инфекциялық ауруларға бейім келеді.
         Сонымен қатар тыныс алу жолдарының аурулары балабақша жасындағы балалар арасында да жиі кездеседі. Бұған ұжымдық ортада вирустық инфекциялардың тез таралуы әсер етеді.
         Тағы бір өзекті мәселе – профилактикалық екпелерден бас тарту жағдайларының кездесуі. Кейбір ата-аналар балаларын вакцинациялауға өз еркімен келіспейді. Ал халықты иммундаумен толық қамту деңгейі төмендеген кезде жұқпалы және тыныс алу жолдары ауруларының таралу қаупі арта түседі.
         Ал қант диабетінің пайда болуына келсек, бұл көбіне дұрыс тамақтанбау мен қозғалыс белсенділігінің төмендігіне байланысты. Балалардың фаст-фуд өнімдерін, тәтті әрі газдалған сусындарды шамадан тыс тұтынуы, таза ауада аз серуендеуі мен спортпен жеткілікті айналыспауы аурудың өршуіне ықпал етеді. Сондықтан ата-аналар балалардың күнделікті тамақтану тәртібіне, дене белсенділігіне және жалпы өмір салтына ерекше көңіл бөлгені жөн.
– Қазіргі таңда балалар денсаулығына қатысты қандай өзекті мәселелер бар?
         – Бүгінде балалар денсаулығына қатысты өзекті мәселелердің бірі – профилактикалық екпелермен толық қамтылу. Сондықтан ата-аналарға вакцинацияның маңызын жан-жақты түсіндіріп, оның бала денсаулығын сақтаудағы рөлі туралы толыққанды ақпарат беру қажет деп есептеймін.
         Сондай-ақ баланы балабақшаға берер алдында оның денсаулығына ерекше көңіл бөлген жөн. Егер балада созылмалы аурулар, иммунитеттің төмендігі немесе дәрумен жетіспеушілігінің белгілері байқалса, алдымен тиісті ем-дом шараларын жүргізіп, денсаулығын нығайтып алған дұрыс. Осыдан кейін ғана баланы балабақша ұжымына қосқан жөн.
         Қазіргі таңда ата-аналарды алаңдатуы тиіс тағы бір мәселе балалардың ұялы телефон мен түрлі гаджеттерді шамадан тыс пайдалануы. Сондықтан баланың экран алдында өткізетін уақытын қадағалап, белгілі бір шектеу қойған дұрыс. Әсіресе демалыс күндері телефон қолдану уақытын реттеп, баланың таза ауада серуендеуіне, спортпен айналысуына және отбасымен бірге пайдалы уақыт өткізуіне көбірек мән берген жөн.
         Баланың денсаулығы ең алдымен отбасындағы дұрыс күтім мен жауапкершілікке байланысты. Сондықтан ата-аналар профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, дәрігер кеңестеріне құлақ асып отырса, көптеген аурулардың алдын алуға болады.
– Бөлімшеде қандай заманауи емдеу әдістері қолданылады?
         – Балалар бөлімінде негізінен тыныс алу жолдары ауруларымен ем қабылдайтын науқастардың саны басым. Осыған байланысты бөлімшенің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
         Жақында бөлімше жанынан ингаляциялық кабинет ашылып, науқас балаларға қажетті ем шараларын жүргізуге мүмкіндік жасалды. Емдеу барысында арнайы дәрілік препараттар қолданылып, әр баланың жағдайына қарай 5-7 күндік ем курсы тағайындалады. Сонымен қатар науқастарға қосымша физиотерапиялық емдер көрсетіледі. Атап айтқанда, вибромассаж, «Биоптрон» жарық терапиясы және электрофорез аппараттары арқылы ем жүргізілуде.
         Бұдан бөлек, қант диабетімен ауыратын балаларға заманауи дозатор құрылғыларының көмегімен тиісті ем-дом шаралары көрсетіліп келеді. Ал 2026 жылдың қаңтар айынан бастап бүйрек ауруларымен ем қабылдап жатқан науқастарға пульс-терапия әдісі енгізіліп, нәтижелі қолданылуда.
         Бұл емдеу тәсілдері балалардың сауығу процесін жеделдетуге, аурудың асқынуының алдын алуға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
– Ауыр науқас балаларға қандай көмек көрсетіледі?
         – Биылғы жылдың қаңтар айынан бері балалар бөліміне 15 науқас ауыр жағдайда жеткізілді. Олардың 10-ы бөлімшеде қажетті ем-дом шараларын қабылдап, сауығып шықса, 5 бала бастапқыда жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Жағдайлары тұрақтанғаннан кейін олар әрі қарай емін жалғастыру үшін балалар бөліміне ауыстырылды.
         Бөлімшеде ауыр науқастарға арналған арнайы палата қарастырылған. Палата оттегімен қамтамасыз етілген және науқастың жағдайын үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, монитор аппараты арқылы баланың қан қысымы, тамыр соғысы, дене қызуы және жалпы жағдайы тұрақты түрде бақылауда болады.
         Егер ауыр жағдайда түскен балада анемияның күрделі түрі анықталса, мұндай жағдайда гемотрансфузиялық терапия қолданылады. Сонымен қатар күрделі клиникалық жағдайларда облыстық балалар ауруханасының мамандарымен тұрақты байланыста жұмыс істейміз. Қажет болған жағдайда санитариялық авиация желісі арқылы облыстан бейінді мамандар шақыртылып, науқастарға консультациялық және практикалық көмек көрсетіледі.
         Басты мақсатымыз – әрбір балаға дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетіп, олардың денсаулығын сақтап қалу.
– Ата-аналармен жұмыс қалай ұйымдастырылады?
         – Балалар бөлімшесінде науқастың емімен қатар оның ата-анасымен және жақындарымен тығыз байланыс орнатуға ерекше мән береміз. Себебі ауырған баланың артында оның ата-анасы, ата-әжесі және басқа да туыстары алаңдап отырады. Көп жағдайда бір баланың жағдайын білу үшін күніне бірнеше жақыны хабарласып немесе келіп жатады.
         Әсіресе ауыр және орташа ауыр жағдайда ем қабылдап жатқан балалардың ата-аналарымен тұрақты түрде байланыста болып, баланың денсаулығы мен емдеу барысы туралы толық ақпарат беріп отырамыз. Егер тексеру барысында қандай да бір аурудың алғашқы белгілері анықталса, ең алдымен ата-анасымен, көбіне анасымен сөйлесіп, жағдайды жан-жақты түсіндіреміз.
         Сонымен қатар баланың әрі қарай қандай тексерулерден өтуі қажет екендігі, қай медициналық мекемеге жүгіну керектігі жөнінде нақты бағыт-бағдар береміз. Қажет болған жағдайда баланың учаскелік дәрігерімен байланысып, емдеу мен бақылаудың келесі кезеңдерін бірлесе ұйымдастырамыз. Бұл өз кезегінде баланың денсаулығын жүйелі бақылауға және аурудың асқынуының алдын алуға мүмкіндік береді.
– Бөлімшенің жұмысында кездесетін негізгі қиындықтар қандай?
         – Біздің бөлімше соматикалық бөлім болғандықтан мұнда түрлі аурулармен ауыратын балалар ем қабылдайды. Атап айтқанда, тыныс алу жолдары, орталық жүйке жүйесі, асқазан-ішек жолдары, қан жүйесі, несеп-бүйрек жүйесі ауруларымен, сондай-ақ буын сырқаттарымен ауыратын науқастар түседі. Педиатр дәрігер ретінде біз балалардың барлық негізгі аурулары бойынша медициналық көмек көрсетуге тырысамыз. Дегенмен кейбір тар бейінді мамандардың тапшылығы сезіледі.
         Қазіргі таңда біз үшін аса қажетті мамандардың бірі – гематолог дәрігер. Себебі соңғы үш жыл ішінде аудан бойынша жедел лейкоз диагнозы алғаш анықталған балалар санының артуы байқалады. Сонымен қатар буын ауруларымен ауыратын науқастарға көмек көрсету үшін ревматолог дәрігерге де сұраныс жоғары. Кардиолог маманның тапшылығы да сезілуде. Өйткені туа біткен жүрек ақауларымен есепте тұрған балалар аз емес.
         Науқас баланы емдеу барысында біз тек оның денсаулығына ғана емес, ата-анасының психологиялық жағдайына да көңіл бөлеміз. Кейбір ата-аналар дәрігерлердің түсіндіру жұмыстарын дұрыс қабылдап, емдеу процесіне түсіністікпен қараса, енді біреулері ауыр жағдайды қабылдай алмай, эмоционалды күйзеліске түседі. Сондықтан бөлімшеде ата-аналармен тиімді жұмыс жүргізу үшін психолог маманының болуы да маңызды деп есептеймін.
         Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен интернеттің қолжетімділігі де өз әсерін тигізіп отыр. Кейбір ата-аналар баласы ауырған кезде алдымен интернеттен кеңес іздеп, ондағы ақпараттың ғылыми негізіне немесе дұрыстығына мән бере бермейді. Соның салдарынан дәрілік препараттарды өз бетінше қолдану немесе емдеу тәсілдерін дұрыс пайдаланбау жағдайлары кездеседі. Мұндай кезде баланың жағдайы асқынып, кейін медициналық мекемеге ауыр халде жеткізілетін жағдайлар да жоқ емес.
         Тағы бір өзекті мәселе – халық емшілеріне жүгіну жағдайларының әлі де кездесуі. Әсіресе бір жасқа дейінгі балаларды түрлі емдік рәсімдер жасау үшін апаратын ата-аналар бар. Алайда кез келген емдік шара дәрігердің кеңесімен және медициналық көрсетілім бойынша жүргізілуі тиіс. Осыған байланысты халық емшілігімен айналысатын азаматтармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әсіресе кішкентай балаларға өз бетінше ем-дом шараларын қолданбаудың маңызын айтып келеміз.
         Баланың денсаулығы – аса жауапты мәселе. Сондықтан кез келген жағдайда ата-аналар ең алдымен білікті дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, дәлелді медицина қағидаларына сүйенгені дұрыс деп санаймын.
– Бөлімшені дамытуға қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
         – Балалар бөлімшесін дамыту бағытында алға қойған жоспарларымыз аз емес. Соның ең маңыздысы – сәби өлімінің алдын алу және балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыру. Бұл бағытта ауыр жағдайда түскен науқастарды тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда облыстық деңгейдегі мамандардан кеңес алу, консилиумдар өткізу және учаскелік дәрігерлермен өзара байланысты күшейту жұмыстарын жүргізіп келеміз.
         Сонымен қатар педиатриялық көмек көрсетуге қатысты қолданыстағы №25 бұйрық талаптарына сәйкес жұмыс жүргізуге ерекше мән береміз. Басты мақсаттардың бірі – дәрігерлердің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру. Алдағы уақытта мамандарымызды Астана және Алматы қалаларындағы жетекші медициналық орталықтарда оқытып, тәжірибе алмасуға жіберу жоспарланып отыр. Мүмкіндік болған жағдайда шетелдік оқу бағдарламаларына қатысу мәселесін де қарастырудамыз.
         Бөлімшеде ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Осы мақсатта жыл бойы семинарлар мен оқыту шаралары ұйымдастырылып, медицина қызметкерлерінің білім деңгейі жетілдіріліп келеді. Сонымен бірге науқас балалардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, ауруханадағы санитарлық-гигиеналық талаптар мен ішкі тәртіп ережелері таныстырылады.
         Балалар денсаулығын сақтауда профилактиканың маңызы зор. Сондықтан бөлімшеге түскен әрбір баланың ата-анасына егу күнтізбесінің маңызы түсіндіріліп, вакцинацияның бала денсаулығын қорғаудағы рөлі туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Сондай-ақ нәрестелерді емізудің артықшылықтары мен ана сүтінің маңызы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өйткені соңғы уақытта кейбір аналардың балаларын ерте жастан жасанды қоспалармен қоректендіру жағдайлары жиі кездесуде.
         Соңғы үш жылдағы көрсеткіштер балалар арасында тыныс алу жолдары ауруларының, әсіресе қыс мезгілінде жиі өршитінін көрсетіп отыр. Көп жағдайда ем алып шыққан балалар араға көп уақыт салмай қайтадан сырқаттанып жатады. Осыған байланысты алдағы уақытта бөлімшеден тұзды шахта кабинетін ашу жоспарда бар. Мұндай кабинет жиі ауыратын балалардың тыныс алу жолдарын сауықтыруға және аурулардың алдын алуға оң әсерін тигізеді деп күтілуде.
         Сондай-ақ соңғы уақытта құрысу синдромымен түсетін балалар санының артқаны байқалады. Оның ішінде алғаш рет анықталатын эпилепсия жағдайлары да кездеседі. Қазіргі таңда мұндай науқастардың жағдайы тұрақтанғаннан кейін оларды қосымша тексеру үшін Қызылорда қаласына электроэнцефалография (ЭЭГ) зерттеуінен өткізуге жібереміз. Алайда бұл қызметке сұраныс жоғары болғандықтан кезек те көп. Сондықтан алдағы жоспарларымыздың бірі мамандарды арнайы оқытып, бөлімшені ЭЭГ аппаратымен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде диагноз қою уақытын қысқартып, балаларға медициналық көмекті жедел әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік береді.
         Жалпы біздің басты мақсатымыз – аудан балаларына заманауи талаптарға сай, қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетіп, олардың денсаулығын нығайтуға барынша жағдай жасау.
– Науқастың жағдайына байланысты облыс орталығына ауыстыруға мүмкіндіктеріңіз бар ма?
         – Ауыр жағдайда түскен науқас балаларға қажетті медициналық көмекті дер кезінде көрсету мақсатында оларды облыстық деңгейдегі мамандандырылған медициналық мекемелерге жолдау мүмкіндігі қарастырылған. Биылғы жылдың қаңтар айынан бері облыстық балалар ауруханасына тоғыз науқас бала ауыстырылды.
         Олардың ішінде үш нәресте өкпені жасанды желдету аппаратының көмегін қажет еткендіктен облыс орталығына жеткізілді. Сондай-ақ жедел лейкоз диагнозы қойылған бір науқас гематология бөліміне ауыстырылса, қант диабеті алғаш анықталған төрт бала облыстық балалар ауруханасының эндокринология бөліміне жолданды.
         Жалпы ауыр жағдайда түскен науқастардың әрқайсысы бойынша облыстық балалар ауруханасының бейінді мамандарымен тұрақты түрде кеңесіп отырамыз. Облыстық әріптестерімізбен кәсіби байланысымыз жақсы жолға қойылған.
         Қазіргі таңда облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдарға түсетін науқастар санының артуына байланысты көптеген ауру түрлері бойынша емдеу жұмыстарын өз бөлімшемізде жүргізіп келеміз. Бұл аудан деңгейінде көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен күрделі жағдайларда науқастардың қауіпсіздігі мен сапалы ем алуын басты назарда ұстап, қажет болған кезде облыстық мамандандырылған орталықтарға жолдау жұмыстарын жалғастырып келеміз.
         – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Айсауле НҰРЛАНОВА
13 маусым 2026 ж. 20 0