Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірдегі жеңістері мен өкініштері туралы айтты

Өмірдегі жеңістері мен өкініштері туралы айтты

Әнші, ұстаз, ҚР-ның Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованы нағыз қазақ өнерінің жанашыры деп атасақ қателеспеспіз. Уақыт зымырап, өзге түгіл, өзіңе көңіл бөле алмайтын заманда өнерпаз қайырымдылықпен айналысып, өскелең ұрпақты өнерге баулып, өмірден өткен Мәдина сынды жезтаңдай әншінің еске алу кешін ұйымдастырып жүр. Өмір мен өнердегі жеңісі, өкініші, ең үлкен арманы туралы сұхбат құрды. Майра апайымыз өнерге кеш келуінің себебі мен атақ-даңқтан құр қалып жүрген әріптестері туралы да сыр шертті деп хабарлайды alashainasy.kz 

– Майра апай, өнер деп өмір сүрген жансыз ғой. Бір ғана жалғыз қызыңыз бар. Отбасында, өнерде, жалпы өмірде бақытты адамсыз ба?


– «Алла Тағала бақыттымын деп айтқан адамды жақтырмайды» деген сөзді оқып қалып едім. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Не берсе де өзі береді. Ал мен бәріне көнемін.
– Майра апай, кейде адам өткен-кеткенді ойлап отырып, саралайды. Өткен өмірге «қап» деген сәттеріңіз көп пе? Әлде өміріңіз өкінішсіз қуаныштан ғана өрілді ме?
– Дүниеге көбірек бөпе алып келмегенім-ай деп өкінген сәттерім болды. Бір тал қызым ғана болып қалды. Бұрын қызым Тоғжан үйде жалғыз отырып қалғанда жүрегім ауыратын. Өскенде де бір өзі жүрді. Екінші бөпемді көтердім. Бірақ шетінеп кеткен еді. Соған өкінемін. Осыны қызым тұрмысқа шыққанда айтып жүрдім. Бірақ бір тал қызым он балаға татиды. Қызыма ризамын. Ақылды, білімді. Қазір жап-жақсы күйеубалам, Алланың берген төрт немерем бар. Ал өмірде қуанышты сәттерім көп. Өмірде, өнерде өзімнің орным бар. Және тек әнші ғана емес, ұстазбын. Қайырымдылық акцияларын өткіземін. Еске алу кештерін жасаймын. Көмек сұрап келгендерге ұстаз, режиссер ретінде кеңестерімді беремін. Нұр-Сұлтан, Ақтау қалаларында өнер мектебім бар. Алматыдан да ашу ойымда бар.
– Жақында қазақтың «Ақбаяны» атанған марқұм Мәдина Ералиеваны еске алу кешін бердіңіздер. Өзіңіздің басқа да жобаларыңыз көп. Бірақ осы концертті беруіңізге не нәрсе түрткі болды?

– Иә, өзімнің төрт жобам бар, солардан шаршап жүрген едім. Тіпті Мәдинаны еске алу кешін өткізу ойымда жоқ болатын. Бірақ желіде «Мәдина Ералиеваны еске алу кешін кім ұйымдастырады? Майра Ілиясова 60 жылдағын өткізген еді ғой» деген жазба оқып қалдым. Ал менен басқа ол концертті біреу өткізбесі анық. Содан бірден Әрсенге (Мәдина Ералиеваның баласы - ред.) хабарластым. Сөйтіп билет сату жағын ол алды, ал мен әншілерді шақыруды өз мойныма алдым. Өйткені жалғыз адамға концерт ұйымдастыру оңай емес. Айта кететіні, Болат Назарбаев қайта 4 миллион теңге қаржы берді. 60 жылдық концертінде де демеушілік еткен болатын. Ол кісі де концертке келіп, ризашылығын білдірді. Концерттен кейін мейрамханада Құран оқыттық. Осы концертке қатысып берген әншілерге басымды иемін. Мәдинасын ұмытпаған халық аман болсын. Еске алу кешінен түскен қаржыны сахнада Әрсеннің қолына ұстаттық.
– «Мәдина – көпшіл, туысшыл болатын» деп айтқаныңыз бар. Бірге жүрген құрбы болдыңыздар. Ол кісіні еске алғанда қандай бейнесі оралады?
– Мәдина екеуміз 15 жыл құрбы болдық. Гастрольдерге бірге шығып, бірге концерт бердік. Ол баянын көтеріп, мен домбырамды ұстап ауылдарға бардық. Әлі есімде отырыстарда еркелеп, күліп қана отыратын. Онысы өзіне жарасатын. Біз сыза алмай, қасымызды қисық бояп жүргенде Мәдина әп-әдемі болып боянып алатын. Әншілердің ішінде Республика сарайына концерт берген де бірінші Мәдина болды. Ол көлік мініп жүргенде, біз оны айдауды да білмейтінбіз. Мәдина пысық болатын. Ерте тұрып, кеш ұйықтайтын. Оның баласына деген махаббаты ерекше еді. Әрсенді емін-еркін өсірді. Не ішем, не жеймін десе де алып беретін. Киімді жақсы тігетін, жасаған тамағы дәмді болатын. Әке-шешесі ерте қайтыс болған. Артынан ерген сіңлісі Сағираға пана бола білді. Концерттен кейінгі отырыста Сағира «Маған ештеңе істеткізбейтін. Мен ешнәрсе жасамай өстім. Мәдина қайтыс болғанда оның енді жоқтығы қатты білінді. Мәдина киіміме дейін алып беретін» деп еске алды.
– Бір кездері «Әнші Майра ауылын салуды» армандаймын деген екенсіз. Арманыңыз орындалды ма екен?
– Бұл арманымның бір шегі орындалды. Мен сахнаға алғаш домбырамды ұстап шыққанмын. Бірақ қазір концертке дәстүрлі емес, эстрада әншісі деп шақырады. Дәстүрлі әншілердің басын қосып, өнер орталығын ашу арманым болатын. Елбасыға ұсынысымды айтқан едім, ол кісі қабылдап, Нұр-Сұлтан қаласынан ғимарат берді. Бұйырса, жақында жұмысқа кірісеміз. Бірақ бір судың жағасына киіз үйлер тігіліп, «Әнші Майра ауылы» деп жазылып, ол жерде тек ұлтық әндер ғана орындалса деген ойым да бар.
– Бұл сонау бала кезіңізден келе жатқан арманыңыз ба?
– Жоқ, мен әнші боламын деген емеспін. Экономист болуды ойлайтынмын. Фабрикада жұмыс істедім, екі жыл ауылда жүрдім. Қарапайым жұмыстарды істей беретінмін. Өйткені біз әке-шешеден ерте айырылып, жетім өскенбіз. Әпкемді оқуға түсірдім. Оның киімі-тамағы бар. Сөйтіп жүріп өзім оқуды 29 жасымда ғана бітірдім. Мен жаңадан оқуға түсіп жатқанда Роза Рымбаева Халықаралық конкурстың лауреаты болатын. Ал мен өнерге кеш келдім. Бірақ соның өзінде шүкір, қазір сол кездегі атақты әншілермен қатар тұрып, жұмыс істеп жүрмін. Ең бастысы, адам өз ісін жақсы көруі керек екен. Сонда ғана олар бәріне үлгереді. Қазір ҚР-ның Еңбек сіңірген әртісі болып отырмын. Алған ордендерім бар.
– Атақ-даңққа көп мән бересіз бе?
– Атақ-даңққа мән бермейтін әнші жоқ. Кейде өнер адамдарынан «атаққа құмар емеспін» деген сөздерді естіп қаламын. Бірақ ол өтірік. Әр адам еңбегінің бағаланғанын қалайды. Біздің кезімізде еңбек сіңірген әртісі деген атақ 30-дан 45 жасқа дейін берілетін. Одан кейін әртістер «Халық әртісі» атағына ұмтылып жататын. Ал қазір бұл атақты майталмандар ғана емес, өнерге кеше қосылған жастар да алып жатыр. Олардың да уақытында бағаланып жатқаны дұрыс шығар. Бірақ атақтың қадірі кетіп бара жатыр. Атақ нағыз әншілерге берілмей жатыр. Мәселен, Жұбаныш Жексенұлының даусы керемет әнші, атағы жоқ. Қыдырәлі Болмановтың Құрмет ордені бар, бірақ атағы жоқ.
– Дәстүрлі әнші болып жүріп, эстрадалық бағыттағы әндерді орындағаныңызда сізді сынағандар болыпты. Яғни, «Майра бөркін тастап, сахнаға жырық көйлек киіп шықты» деп ренжіген...
– «Үкілі бөркін тастап, қосетек көйлегін эстраданың көйлегіне ауыстырды» деп айтқандар болды. Бір күні жырығы бар көйлек кигенімде оған да сөйлеген еді. Басыма сәнді шапка кигенімде де әңгімелер айтылды. Содан бастап мен жырық көйлек кимейтін болып, домбырамен айтқанда басыма бөрік киетін болдым. Қазір облыстарда жеке шығармашылығымды бергенде домбырамен ән айтамын. Әрине, сын айтылғанда одан сабақ алу керек. Ол кезде халықтың басында көзі үйренбеген болуы керек, бірақ шүкір тыңдарманымның алдында құрметім жаман емес. Алақандарына салып, аспанға көтереді.

24 қазан 2019 ж. 1 038 0