Айт күні ақ тілек ақтарылды
«Автобаз» деген мөлтек аудан бар. Тұрғындары бірлікті бәрінен биік қояды. Қай іске де асқан ауызбіршілікпен атсалысып, «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген қағида аясында тіршілік кешеді. Соның кезекті айғағын құрбан айт күні аңғардық.Темір жол саласында көптен бері еңбек етіп, жемісті жұмысымен аудандағы іскер басшылардың қатарынан табылған Талғат Шүренов бұл жолы да Төле би көшесіндегі үлкен-кішінің басын қосты. Нақтырақ тоқталсақ, жүз кісі сиятын палатка ішінде дастархан жайып, құрбан шалды. Жасы да, жасамысы да сауапты іске риза болып, қазақтың қасиетті күні саналған Құрбан айтта бір-біріне жақсылық тілесті. Аталмыш шараға осы көшенің комитеті Серік Акуов және белсенді жастар айрықша атсалысты. Татулығы жарасқан тұрғындар кешегі мен бүгінді ортаға салып, Мемлекет басшысының оң саясатымен мөлтек ауданның жасампаз күйге түскенін ортаға салып, бір заманда ертегідей естілетін жарқын бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына жан-жақты тоқталды.
Жиналған көпшілік алдында ауданымызға ғана емес, облысқа танымал термеші Ғанибек Өмірзақов қара домбыраға тіл бітіріп, жырдан шашу шашты. Қазыналы қарттар Әнес Әуезов, Ырысқали Маханов ақ баталарын беріп, ауызбіршіліктің үлгісін көрсеткен бастамашы топқа алғыстарын айтты. Құрбан айт барысында ұлттық ойындардың да көрігі қызды. Атап айтсақ, батпан көтеру, арқан тарту сынды мықтыларды анықтайтын сайыстар қолға алынып, жеңімпаздар лайықты сый-сияпатты еншілеп, алғыс хаттармен марапатталды.
А.Жайшылық










