Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Хәкім Абайға хат

Хәкім Абайға хат

Аса қадірлі де құрметті хәкім Абай. Қаншама адам сізге хат жазып, алғысын білдіретіні сөзсіз. Мына арманыма асықтырған алау шақ өмірімде аталарымды көрмедім. Өкпелемеймін, әрине, Алланың қалауы. Бірақ ата мен немере арасындағы сабырлы жылылыққа балалық шағымда қатты зәру болғаным рас. Сол жылулықтың орны Абай ата, сіздің кәусар өлеңдеріңізбен, қанжардай қырлы қара сөздеріңізбен толықты. Мұқият тыңдап, оқып, өзімді тұлға ретінде қалыптастыруға барымды салатынмын. «Мына қысқа жалған өмірден кеткен жандар, жоғарыдан бақылап тұрады» деп айтатын еді ғой үлкендер. Онда сіз мені жақсы танитын шығарсыз, сірә?.. Сіздің сұлу сырлы шығармаларыңызға ғашықтық сезімім қалай басталғанын баяндап берсем...
Алла тағаланың маған берген дарыны – көркемсөз оқу. Ұстазым сол қабілетімді байқап, жазғы демалысқа шыққанда «Абай атаңның өлеңдерін жатта! Жарысқа қатысасың» деп салмақты тапсырма берді. Байқау десе делебесі қозатын қазақпыз ғой, ойланбастан бірден келісе кеттім. Құр тақылдап жаттап алуды емес, жүрекпен сезініп оқуды ойладым және солай болды да. Абай ата, сіздің әрбір ақылға толы сөздеріңізді оқыған сайын құмарлық деген сезім жан дүниемді жаулап алды. «Абай әлемі» деген теңіздің тұңғиығына сүңгідім де кеттім. Сол сиқырлы тұңғиықта әлі жүзіп келемін…
Абай ата, ХХІ ғасырдың адамдары бақытты жандар ғой. Бақыттан басымыз айналғаны соншалық, «өзгенің қаңсығын, өзімізге таңсық» көру жат дүние болмай қалды. «Батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына» түсіп кеткен жайымыз бар-ау. Нәзік жандыларымыз арын сатып, «ақша майдаланса тиын ғой, ер жігіт майдаланса қиын ғой» деген заманға келдік. «Дербес, еркін боламыз деп шектен тыс шығып, ерсі қылықтар жасап, жаға ұстатар жаңалықтар естіп, қазағым үшін «әттеген-ай, неге бұлай болды екен..?» деумен-ақ күніміз өтуде.
Қазіргі таңда еліміздегі қоғам дерті – педофильдер. Бұл дегеніміз қаскөйлердің арам ойын іске асырып, қаракөз қарындастарымыздың тағдырына балта шабылуының куәсі. Сабағы сынған қызғалдақтарымызға қанша «ұят» суын құйсаң да бой түземейтіні анық. Дәрменсіздік барда мемлекеттің келешектегі деңгейі қалай болар екен?! Журналист ретінде ел тыныштығын ойлап, бұл дерттен де құтылудың күні алыс емес деп сенгеннен басқа үмітім жоқ. Сіздің бүгінгі қазақ қоғамына көңіліңіз толмайтын шығар, бәлкім?! Ренішіңіз де орынды. Сізге көкірегімді тепкілеген сансыз сұрақтарымның кейбірін қойып, сыр бөліскенім ғой, ата. Барша қазақ елінің азаматтары, өзгені түзеуге асықпай, алдымен өзімізді жөндесек – қателікке бой алдырмас едік.
Мұраларыңнан мұнара тұрғызып, салиқалы сөз сөйлеуді тек сізден ғана үйрендім. Сіздің ерік-жігеріңіз бен ерекшелігіңіз – менің езілген еңсемді көкке көтерді. Бүгінгі таңның шапағы мен шуағына шомылып, таңсәріден тыным таппай қоғамның түрлі көзқарастағы керағар пікірі мен ойларын сізге хабарлай отырып қағазға түсіру – сізге деген сағынышымның көрінісі. Үстем тап өкілдерінің үмітін үркітіп, он үшіңде болыс болғаныңыз да ғибрат аларлық дүбірлі дүние екенін білемін. Том-том тарихты парақтап жазғандарым сіздің бір ғана аудармаңызға не сынай жазған қара сөздеріңіздің тырнағына да татымас...
Бүгінгі жаһандық дәуірдің жалынды жасы ретінде қоғамның көкейкесті мәселелеріне аса қатты жауапкершілікпен қарау – борышым деп есептеймін!
Ә. АСЫЛБЕК
14 маусым 2022 ж. 3 963 0