Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың "Ақ алтыны"

Аралдың "Ақ алтыны"

Аралдың солтүстік-шығыс беткейіне қарай сапарласаңыз, Жақсықылыш деген қырат шығады алдыңыздан. Қылыштың жүзіндей қиястана біткен қырдың баурайында өндірісі өркендеген іргелі кент бар. Бұрын «Аралсульфат» аталған бұл ауыл тәуелсіздік туғасын Жақсықылыш деген жаңа атты иеленді. Бүгінде тамыры терең елді мекен тұрғындары жергілікті «Аралтұз» кәсіпорнынан нәпақасын тауып отыр. «Ақ алтынмен» аты шыққан зауытқа, берекесі тасыған өлкеге арнайы барып, тынымсыз тірлікке куә болып қайтқан едік.
Біз айтқан ауылға қарай ат басын бұр­саңыз, тұз тиелген вагондардың темір жол үстімен сырғып бара жатқанын көресіз. Өңкей тұз өңгерген темір тұлпар зауыттан шыққан өнімдерді ел игілігіне жөнелтіп жатады. Жақсықылыш қаладан онша алыс емес. Тас жолмен жүйткіп отырып, өрден ассаңыз, алдыңыздан ауыл күтеді. Біз де елді мекенге енгесін бір­­ден тұз өндіретін зауыттың тұсына ке­ліп тоқтадық.
Кәсіпорын маңында ең алдымен көзге түсетіні – тау боп үйілген тұз. Кәдімгі тұз­шылардың қолымен тұрғызылған тау. Биіктігі бірнеше қабатты ғимаратпен теңесетін «ақ алтын» көбіне жазда жи­налады екен. Ал қысқы тірлік – сол өнімді өңдеу. «Аралтұз» АҚ вице-президенті Наға­шыбай Әуесхановтың айтуынша, жер­гілікті халықтың басым бөлігі осы өндірісте жұмыс істейді.
– Әр үйден бір адам осы жерден нан тауып отыр десем болады. Тіпті, бір отбасында бірнеше азамат жұмыс іс­теп, тіршілігін тұзбен байланыстырған. Кәсіпті атадан балаға ұластырған динас­тиялар да табылады. Жұмысшылар уақы­тымен келіп, өз ісіне кіріседі. Жалақы да уақытылы. Бұрынғыдай емес, қазір зауыт біраз жаңарып, заманауи технологияның көмегімен өнімділік артты, – дейді Нағашыбай ағамыз.
Біз де кәсіпорынның жұмыс процесіне араластық. Нағашыбай аға айтпақшы, тынымсыз айналып жатқан жаңа тех­но­логия тұздың түр-түрін тарқатып жатыр. Қандайы керек? Қаптамаға, қорапқа, құтыға салынғаны бар. Бір жағында бри­кеттелген тұз тізіліп тұр. Айтпақшы, ал­ғашында шаршы-шаршы болып жатқан осы брикеттелген тұзды кесек шығар деп ойлап қалғанымыз өтірік емес. Бұрын көрмегесін білмедік. Сөйтсек, бұл да «ақ алтыннан» шығатын өнім екен. Бри­кеттелген тұзды малдың жеміне қосып беретін көрінеді. Сонда бұл асыл өнім­нің тек адамның емес, төрт түліктің де «тә­бе­тін» ашатынын түсіндік.
«Аралтұз» – республикада теңдесі жоқ, нөмірі бірінші кәсіпорын. Тәуел­сіз­дік алған жылдары талай зауыт тұ­ра­лағанда, аталған құрылым еңбектің ар­қасында өз-өзін сақтап қалды. Тұзшылар ата кәсібінен ажыраған жоқ. Кеңес Одағы кезінде де алдыңғы орынға шығып, тамақ өнеркәсібі саласы бойынша Одақтың ауыспалы «Қызыл туын» елуден астам рет жеңіп алған. Ал жетпіс-сексенінші жылдары ең жоғарғы нәтижелі көрсет­кіш­ке қол жеткізді. Кеңес Одағы ыды­ра­ған алмағайып уақытта зауыт 1993 жылы акционерлік қоғам  болып қайта құ­рылды. Міне, содан бері өз биігінен түспей келеді.
Осыдан 6-7 жыл бұрын зауыттың жаңа тынысы ашылғандай болды. Инвес­ти­ция­ның арқасында кен орнында игі­лікті жұмыстар жүзеге асырылды. 2013-те «Аралтұз” акционерлік қоғамы өз қара­жаты есебінен жаңа цех салып, ауқы­мын кеңейтті, испан технологиясы іске қосылды. Цехтар қайта жаңартылып, жұ­мыс­шы саны артып, өріс кеңейді. Құр шөппен ауыз сүртпей бірлі-жарым мәлімет келтірейін. Өткен жылы аудан бойын­ша барлығы 601,6 мың  тонна тұз қазылып, 212,3 мың тонна йодталған тұз өндіріліпті. Осындай алып көлемдегі қаз­баның нәтижесінде экспорт та жыл сайын еселенуде. Мәселен, бұған дейін Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Украина се­кілді мемлекеттерге шығарып келсе, биыл­дан бастап 1 жарым миллиард халқы бар Қытай нарығы Аралдың «ақ алты­нын» қабылдайды. Бүгінде өнімінің 65 пайызын экспорттайтын кәсіпорын бұл межені одан әрі арттыруды көздеп отыр.
Аралдың қос бренді – балық пен тұз. Теңіз толғалы су маржаны көбейсе, жаңа технологияның қуатымен «ақ алтын» өндірісі артты. Ішкі нарықты тұзбен қам­тып отырған кәсіпорын 1200 адамға жұ­мыс беріп отыр. Тынымсыз тірлік пен толағай табыс кеншілер ауылына көрік беріп тұр. Міне, тұз­ды өлкені көріп түйгеніміз осы.
"Толқын" ақпарат
29 қараша 2022 ж. 407 0