Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерікті болу – ерлік

Ерікті болу – ерлік

Ерікті – өз еркімен ақысыз жұмыс жасап, қоғамдық жұмысқа белсене араласатын адам. Бұл бағыттағы жандар арасында жасы, жынысы, қаржылық жағдайы мүлдем маңызды емес. Бастысы ақадал, таза ниетті жан болса болғаны. Ондай жұмыспен арнайы топтың ішінде немесе жеке де айналысуға болады. Аясы кең еріктілік жұмыстарының әлеуметтік, экологиялық, спорттық, шаралық, медициналық секілді түрлері бар. Бүгінгідей еліміздегі ауыр жағдайлар кезінде еріктілер көмегі ауадай қажет. Олардың аз да болса жұмыла жасаған істері көптеген жанның өміріне, қауіптің алдын алуға жәрдем.
Осы себепті Сексеуіл кенттік кітапханасында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Сұхбат-TIME» жобасы аясында белсенді Бахтияр Ізбасаровпен «Ерікті болу – ерлік» тақырыбында сыр сұхбат өткізілген болатын.
Оқырмандарға Бахтияр Сағынайұлын таныстыра отырып, адамдарға жақсылық ойлау туралы, еріктілердің адами құндылықтарының қоғамда алатын орнын, олардың адамзат үшін маңызы жайлы мағлұмат беріп, оқушылардың ерікті ретінде биік жетістіктерге жететіндеріне сенім білдіру басты мақсаты болған шараға бұл іске қызығушылығы бар оқушылар мен кент жастары қатысты.
Еріктілік деген бұл әрбір жастың, әрбір азаматтың өзінің жеке жан қалауымен осы қоғамға кішкене болса да қосатын үлесі. Бұл – жастардың бойында азаматтық позицияны, патриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Бахтияр Ізбасаров ерікті болу арқылы біз жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің Отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа екендігін айтып өтті. Сырлы сұқбат барысында кітапхананың белсенді оқырманы Бахтияр Ізбасаров:
– Еріктілер қызметі бұл – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйіспеншілік пен нақты жәрдем. Қайырымдылық адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі және ізгіліктің анық көрінісі болып есептеледі. Ерікті болу – жаңа әлемді ашып, білмегенді үйрену. Ол әлемде өз еркімен, риясыз жақсылық жасау жолында жүрген адамдардың бар екенін дәлелдейді. Ерікті болудың арқасында әрбір азамат еліне көмектесіп қана қоймай, өзіне мүдделес серік табады. Уақытты еріктілікке жұмсау уақытты текке өткізу емес, тұлғалық дамуға құйылған ең қымбат инвестиция екені сөзсіз, – деп өз ойын білдірді.
Кейін кітапхананың тұрақты оқырмандары кент белсендісі Б.Ізбасаровқа өзінің ойларында жүрген еріктілік туралы сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті. Қазіргі таңда еріктілердің елдің шынайы патриоты екенін, сол үшін де адал қызмет етіп жүргенін айтып, құрметтері шексіз екенін жеткізді. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз екендігіне ой пікірлерімен бөлісті.
Г. САҚТАПОВА

20 сәуір 2024 ж. 232 0