Журналистиканы неге таңдадым?

Бұл саланы таңдауыма түрткі болған өзімнің бойымдағы талантым дер едім. Жаратқан анамның сүті, әкемнің қанымен дарытқан өнерім мен дарынымды одан әрі шыңдап, елімнің дамуына үлесімді қосқым келеді. Қазақ елінің бір тұлғасы ретінде қалыптасуды парызым санаймын. Білім алған алтын ұям мен ұстаздарымның жүзін жерге қаратпауға барынша тырысудамын.
Журналист тыңдарманды өз сөзіне сендіруі және шындыққа тура қарауы керек. Сол үшін әуелі өзіне-өзі сенімді болуы керек. Оның сенетіні – өзінің бойындағы білімі, қабілеті, рухани деңгейі.
Халық пен билікті байланыстырушы көпір саналатын мамандық иесінің қоғамдағы рөлі ерекше. Журналист – алып күш, ашық пікір, шынайы мінез, тұңғиық ой, талғампаз көзқарасы анық көрінетін ерекше мамандық иесі. Тілшілер қауымын «төртінші билік» өкілдері деп те атайды.
Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен келтірсем: «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Міне, сондықтан, болашақта қоғамға қажетті маман иесі ретінде арманымның орындалғанын шынайы ниетіммен қалаймын. Болашақта өз ісімнің шебері болып, өз саламның шыңына жетемін деген үмітім бар.
М.Талғатқызы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенті