Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық тыңдауда ауқымды мәселе қамтылды

Қоғамдық тыңдауда ауқымды мәселе қамтылды

Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Аманжол Оңғарбаетың төрағалығымен Арал қаласының аумағынан жаңа орталық қорымның орнын белгілеу жөнінде қоғамдық тыңдау өтті.
– Қазіргі таңда, жерлеу орындары саналатын қорымдар тірі адамдардың таңдау жасайтын талқысына айналғандығын байқатады. Себебі, қорымдардың жиі орналасуы өз алдына, ру мен әулеттерге бөлініп бейіттер салынған. Соның нәтижесінде қала мен ауылдардың төңірегінде әр рудың өз алдына бейіт салуы үрдіске айналған. Бұл қоғам арасындағы алауыздықты, қала берді рулық жікке бөлінудің басты қасіретіне айналуы мүмкін, – деген аудан әкімі осы мәселеге қатысты көпшілік пікірін ашық талқыға салуды ұсынды.
Ауданда жалпы саны 180-ге жуық қорым болса, Арал қаласының өзінде 15-тен астам бейіт орналасқан. Жиында осы қорымдарды қоршап, өлі аруақтар орналасқан аумаққа мейілінше құрмет көрсету жайы айтылды. Ал алдағы уақытта қаланы қақ жара өтіп жатқан темір жолдың екі жағынан орын алатын орталық қорымды толықтай қоршап, инфрақұрылым жүргізу мәселесі сөз болды. Бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев жан-жақты мәлімет беріп, баяндама жасады. Айтуынша қаладағы қорымдардың алтауы қоршалған болса, З.Шүкіров атындағы қорым жартылай қоршалған. Ал қалған сегіз қорымның мүлдем қоршалмағандығы анықталған. Жоғарыда аталған қорымдардың бүгінде төртеуінде жерлеу рәсімдері толығымен тоқтатылған. Қалған зираттар бойынша марқұмдарды жерлеу рәсімі жалғасып келеді.
Жиында қорым салуда бәсекелестікке бой алдырып, аста-төк ысырыпшылдыққа жол беру мәселесі де сөз болды. Мәселен бір-бірінен биік күмбезді мазарлар салу үрдісі белең алған. Мұны дін де, шариғат та құптамайды. Осы жөнінде аудандық орталық мешіттің бас имамы Қ.Қабылғазиев сөз сабақтады.
Қоғамдық тыңдауда үлкен қалаларда ұсынылатын жерлеу қызметін ашудың негізігі тетіктерін жан-жақты зерделеу керектігі айтылды. Жиын барысында көтерілген мәселе бойынша өз ұсыныс-пікірлерін айтқан ардагерлер жергілікті билік тарапынан қолға алынып жатқан мәселелердің
барлығын құптайтындықтарын жеткізіп, осы іске мұрындық болған азаматтарға алғыстарын жеткізді.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

06 шілде 2024 ж. 174 0