Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу маңызды

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу маңызды

Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аудандық комиссиясының кезекті отырысы өткізілді. Оған аудан әкімі А.Оңғарбаев төрағалық етіп, жиынның күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде сөз сабақтады.Жиынға аудан прокуроры, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арал аудандық бөлімшесінің бастығы, аудан әкімінің орынбасары, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары және дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала мамандары қатысты.
Алдымен қала әкімі Б.Ұзақов Арал қаласы әкімі аппаратымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған шаралар туралы хабарлама жасады.
Қазіргі таңда жер алуға кезекке тіркелген азаматтар көп екені белгілі. Аудан әкімі осыған қатысты қала әкімдігі тарапынан қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы жайында сауал қойды.
Артынша мақсаты бойынша пайдаланылмаған (игерусіз) бос жатқан, мақсатын бұза отырып пайдаланған және өз бетінше иеленген жерлерді анықтайтын арнайы жұмысшы топтың мамандарымен бірлесе жұмыс жүргізіп, ол жерлерді шын мәнінде жерге мұқтаж кезектілікте тұрған азаматтарға беру жөнінде қала әкіміне тапсырма жүктеді.
Сонымен бірге салаға қатысты аудан әкімінің орынбасарына қала аумағындағы осы уақытқа дейін табысталған жер учаскелерінің игерілуіне және мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу кезінде заң талаптарын қатаң сақтау, ұжымдарда орын алатын еңбек дауларының алдын алу туралы жауапты сала мамандарына тапсырма берді.
Заң аясында жұмыс істеу маңызды болғандықтан мамандардың білімін жетілдіру, кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында мемлекеттік сатып алуға байланысты оқыту жұмыстарын жүргізудің маңызды екенін айтқан аудан әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жан-жақты қолға алу керектігін айтты.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша атқарылған шаралар туралы бөлім басшысы Ш.Есжанов хабарлама жасады.
Баяндамашыға аудан прокуроры М.Бекпанов прокурорлық қадағалау нәтижесінде кейбір кемшіліктер анықталғанын атап өтіп, оларды жою бойынша қандай жұмыстар жасалып жатқанын сұрады.
Бөлім басшысы ол бойынша сотқа жүгіну арқылы мәселенің шешімін тапқанын баяндап, алдағы уақытта тұрақты назарда болатынын айтты.
Хабарламашының сөзінше өткен жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүргізілген. Алайда бұл жұмыс биыл назардан тыс қалған.
Аудан басшысы алдымен осы мәселені назарға алып, кестеге сәйкес жұмыстардың мерзімінен кешіктіріліп келе жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, халықпен кері байланыс орнатуда да салада кемшіліктер бар екенін айтып, жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Сонымен қатар аудандағы салынған кейбір жолдардың сапасы сын көтермейтіндігі айтылды. Айталық, Бөген-Ақлақ аудандық маңызы бар автожолы ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып жүруінің салдарынан қайта бүлінген. Осындай себептің салдарынан «Арал-Тоқабай-Абай» жолы да жыртық-жамауға айналып отыр. Осы сынды олқылықтар бүгінде саладағы жүйелі жұмыс тиісті деңгейде қолға алынбай отырғанын көрсетеді.
Қаладағы жарық жүйелері мен қоғамдық орындардағы кемшіліктер де көңіл құлазытып отыр. Мемлекеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы және істелген жұмыстың нәтижесіне сынның айтылуы көп жағдайда атқарушы биліктің атқарған жұмыстарын жоққа шығарып жатады. Міне, осы бағыттағы жұмыстар жауапты бөлімдер тарапынан ұдайы назарда болуы тиіс. Басты мәселе мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша кемшіліктер болмауы керек. Мемлекет қаржысын игеруде жанашырлық пен ұқыптылық керек екенін баса айтты аудан әкімі.
Мұнан өзге аудан орталығында салынған тұрғын үйлердің сапасына да қатысты соңғы кездері сын айтылып жүр. Аудан басшысы осы мәселені де қатаң сынап, бұл жұмыстарда бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеу керектігін айтып, аудандық мәслихат төрағасы Б. Төрахметовке «АMANAT» партиясы атынан құрылыс жұмыстарына партиялық бақылау жүргізу керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, аудан әкімдігіне қарасты барлық мекемелерде құжат айналымын электронды түрде жүргізуді жолға қою қажеттігін тапсырды.
Жиын соңында аудан әкімі А.Оңғарбаев күн тәртібіндегі мәселеге қатысты кемшіліктерді жіті саралап, тиісінше жауапты сала өкілдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
18 шілде 2024 ж. 121 0