Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есте қалған жан

Есте қалған жан

Қызметтің оңайы жоқ. Бірақ адам жанына араша бола білген ақ халаттылардың жұмысы тіпті күрделі. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы сала өкілдері талай естелік әңгімелерді айтқанда таңданысымызды жасыра алмаймыз. Талай төтеннен болған жағдайлар мен жаны қысылғандарды қалай аман алып қалғаны жайлы әңгімелер бір жағынан қызықтырып та кетеді. Ал жедел жәрдем қызметінде ұзақ жылдар қызмет жасап, қазірде Алматыда тұратын Лақият Төлепбергенова апайымызбен тілдескенімізде, өзі айтып берген осы бір естелігі медицина қызметкерлерінің беделін көтеріп-ақ тастады.
– Менің жұмысымның өзі науқастардың шақыртуымен байланысты ғой. Жедел жетіп, ем жасап, денінің жақсаруына көмек көрсету басты міндетіміз. Аралда сол уақытта бірнеше ұлт өкілдері тұрды. Сырқаттың беделіне де, тіліне де, дініне де қарамай, антымызға адалдық танытып, көмек беру, болмаса ауруханаға аман-есен жеткізіп, өз қолымызбен тапсырып, сонда орналастыру еді. Ауруханаға жеткенге дейін тиесілі көмек көрсету де біздің құзырымызда. Аллаға шүкір, 42 жыл еңбек еткен уақытта ешкімді ажалға бермедім. Содан болар Аралдың халқы да құрметтеді, – деп бастап одан әрі әңгімесін жалғап кетті.
– Бәрі есімде, алайда мына бір шақыру есімнен ерекше кетпейді. Шамамен 1970-1980 жылдардың арасы. Арал қаласындағы қонақ үйден қоңырау келіп түсті. Күндегі әдетіміз бойынша жедел жетіп, көмек беріп, науқас өз-өзіне келгенше біраз уақыт жанында отырдым. Науқас сәлден кейін көзін ашып, басын көтеріп, күлімсірей бастады. Көзін ашар-ашпастан мені мойынымнан өзіне тартып, маңдайымнан сүйді. "Рақмет қызым, кәсібіңнің жемісін көре бер" деп батасын берді. Маған өте таныс секілді көрінді. Сөйтсем, ол қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланова апамыз екен. Өзіміздің Қазалының тумасы. Өте сұлу, өзгеше жаралған жан болатын, – деді.
Міне қазақтың қайсар қызына медициналық көмек көрсетіп, маңдай терінің игілігін көріп отыр. Лақият Есенбайқызы апайымыз өзіне өте жақын саланың барша қызметкерлеріне абырой тілеп, халықтың алғысын алуына әрқашан тілеулес екенін айтады.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
20 шілде 2024 ж. 120 0