Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шөмішкөлдік 10 жасар шабандоз

Шөмішкөлдік 10 жасар шабандоз

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Бүгінде жастар үшін ат спорты дала өркениетінің мұрасы болды. Оны жаңғырту, қайта қолға алып, жастар арасында насихаттау ісі маңызды. Сондықтан түрлі аламан бәйге мен ат спрорты түрлерінен бірінішіліктер ұйымдастырылып жүр. Сол бәйгелердің жеңімпаз жастарының бірі – Шөмішкөл елдімекенінің тұрғыны Сабидулла Нұрәли Саматұлы.
Нұрәли Саматұлы 2014 жылы Арал ауданы, Шөмішкөл ауылында дүниеге келген. Биыл ғана 10 жасқа толған ол өткен жексенбіде болған Жұмабек Әбілдаевты еске алуға арналған аламан бәйгеден жүлделі І орын алды.
–Нұрәли – балаларымыздың үлкені. Өзінің іні-қарындастарына қамқор аға. Өзінен бұрын өзгені ойлап тұрады, өте ақкөңіл. Мектептің де шаруасына белсенді. Біздің қолқанатымыз.
Атқа міну өнері өзінің аталарының да, нағашы жағының да қанында бар қасиет. Өзі де кішкентай кезінен бастап қораға жайлы болып өсті. Тайларға мініп жүретін. Осы соңғы екі жылдықта ауылдағы Әлішер ағайының үйретуімен бәйгелерге қатысып жүр. Кешегі өткен бәйгесі 17-ші ат жарысы, оның ішінде 12-сінен жүлделі орындар алды. Атқа шабудан бөлек, бос уақытында Нұрәлидің балық аулайтыны бар, – дейді шабандоз кейіпкеріміздің әкесі Самат Сансызбаев.
Нұрәли отбасындағы жылқыға жаны жақын жалғыз бала емес. Самат Сансызбаев 4 жасар кіші ұлы Нұрәлемнің де атқа мінуге үйреніп жүргенін айтады.
–Атқа міну маған ұнайды. Өзімнің қызығушылығым жоғары. Оның қыр-сырын білудің өзі қызық. Бүгінге дейін көп жарыстарға қатыстым, Қазақстанның түрлі қаласында болдым. Болашақта мен де жастарды атқа шабуға, түрлі трюктар жасауға үйреткім келеді. Оның денсаулыққа да пайдасы зор, – дейді кейіпкеріміз Нұрәли Сабидулла.
Иә, кішкентай ғана ауылдан шыққан Нұрәлидің жетістігі – отбасы мен жаттықтырушы ағайларының еңбегі. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, болашаққа сенімі мол, арманы асқақ Нұрәлиге тек сәттілік тілейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
30 шілде 2024 ж. 211 0