Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мен саған үлкен сенім артамын

Мен саған үлкен сенім артамын

Ұстаз мейлі ғалым, мейлі ақын немесе қойшы не ойшыл болсын, барлығын теңдей оқытқан, әр оқушының қабілетін шыңдай түсіп, олардың үлкен өмірге қадам басуына себеп болатын ұлы тұлға. Оның еңбегі тек сабақ берумен шектелмей, оқушының жүрегіне жол тауып, білімге, адамгершілікке баулиды. Ол үшін кітаптан алған білім жеткіліксіз, сонымен қатар шынайы қамқорлық пен үлкен жүрек керек. Мұғалімнің әрбір сөзі санамызға сәуле беріп, жүрегімізге нұр құйып, білімнің жарығын жағып, кемелденуге жол бастайды.
Ол тек жақсы түсіндіруші, жол сілтеуші, бағыт беруші ғана емес, үлкен мотиватор болуы қажет. Себебі әр баланың бойында болатын жасқаншақтық, ұяңдық, қобалжу деген қасиеттерді жеңуге сол қасиеті көмектеседі.
Менің апайым, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақниет Киікбайқызы дәл осындай жан. Бірде мектептің атынан сайысқа түсетін болдым. Көп дайындық жасадық, оқыдық, білімімізді тереңдете түстік. Мұғаліміммен бірге жасаған осы әзірліктен кейін жеңістің алыс емесін анық сездім. Бірақ сайыс басталар сәтте қатты қобалжыдым. «Қарсыластарым әр мектептің озық оқушылары ғой. Олар қандай дайындықпен келді екен, жеңіске жете аламын ба?» деген сұрақтар санамда тұрып алды. Сонда мені жеңіске жетелеген жалғыз адам Ақниет апай еді. Оның «Сенің қолыңнан келеді, мен саған үлкен сенім артамын» деген бір ауыз сөзі менің арманыма қанат бітіріп, мұқалмас жігер сыйлады, ерекше қолдау болды. Нәтижесінде жеңісті еншілеп, әлгінде айтқан қобалжудың барлығы қуанышқа айналды.
Иә, Ақниет Киікбайқызы шынайы жанашыр тұлға. Оның күн сайын сабағы тек тақырыпты түсіндіру емес, білімнің шексіз әлеміне саяхат жасау секілді. Әр тақырыпты жүрекке жақын, қарапайым өмірмен байланыстыра түсіндіретін апайымның сөзі де, әрекеті де бізді ойлануға, ізденуге үйретеді. Білім беру әдістері де бірсарындылықтан аулақ. Оқушының бұрын байқалмаған ерекше қабілет-қарымын ашуға, шыңдауға бағытталған. Балаға еркіндік те береді. Қазақы әзілмен балаларды сергітіп, кейде қатаң талаппен жинап алатыны нағыз кәсібилігі деп білемін. Мен осындай ұстаздың тәрбиесін көріп, болмысын бойыма сіңіріп келемін.
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, менің де қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімді арттырып, әдебиет әлеміне сүңгіп кетуіме себепкер болған жан осы.
Шәкірттеріне білімнің қадір-қасиетін, қиындығы мен қызығын бір адамдай парықтап, парасатты ой тастап отыратын апайым туралы жазарым да, айтарым да көп-ақ. Ұстаздың осындай құрметке бөленуі – өзін қоршаған орта мен шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Ал өнегелі ұстаздың өресі биік шәкірттері көп болмақ.
Жанерке АСЫЛБЕК,
Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінің 10 сынып оқушысы
05 қазан 2024 ж. 132 0