Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » WORLDSKILLS – 2025: ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ТЕМІРЛАН

WORLDSKILLS – 2025: ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ТЕМІРЛАН

Арал индустриалды-техникалық колледжі дәстүрлі түрде өтетін «WorldSkills – 2025» чемпионатының аймақтық кезеңін өткізді. «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттілігі бойынша ұйымдастырылған бұл байқау – кәсіби біліктілік пен іскерліктің, табандылық пен технологияның тоғысқан алаңы.
Қызылорда облысының алты бірдей колледжінен келген үздік білім алушылар өз шеберлігін сынға салды. Олар – болашақтың дәнекерлері, ел ертеңін еңбегімен өрнектейтін жастар.  «WorldSkills – 2025» чемпионатының аймақтық кезеңі аясында ТжКББ ұйымдары арасында «Дәнекерлеу технологиясы» бағыты бойынша үздіктер өзара сайысты.
Салтанатты шараны ашуға келген Қызылорда облыстық білім басқармасының өкілі, облыстық техникалық делегат Ұлан Танмамбет жастардың кәсіби жолдағы қадамын қолдап, еңбекке деген көзқарасты жаңғыртудың маңызын айрықша атап өтті. Жұмысшы мамандықтарының мәні артып, білекпен іс тындыратын жастардың беделі биіктей бастаған бұл тұста мұндай байқаулар өз өзектілігін жоймайды.
 Колледж директоры Рақым Айназаров болашақ шеберлерге жүрекжарды тілегін арнап, әрбір талапкердің артында ел үміті тұрғанын жеткізді. Оның сенімге толы сөзі жастардың жігерін жандырып, шабытын еселей түсті.
Жай ғана жарыс емес, үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын бұл шара – рух пен еңбекке құрметтің көрінісі. Салтанатты рәсім өнерлі жастардың концерттік бағдарламасымен әрленіп, думанды көңіл күй сыйлады.
Содан соң байқаудың бас сарапшысы Әділжан Піржанов жарыс тапсырмаларын түсіндіріп, сайыс кезеңі басталды. Техниканың тілін меңгерген жас шеберлер байсалды қадаммен модульдік тапсырмаға кірісіп кетті.
Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға Қызылорда облысының алты колледжінен білім алушылар қатысты. Атап айтсақ, Қазалы, Жаңақорған, Қызылорда және Арал аудандарынан келген үздік білім алушылар бәсекеге түсті.
Екі күн бойы жігер мен шеберлік сынға түскен аламанда нағыз еңбек иелері анықталды. Солардың арасынан дара шығып, топ жарған – Арал индустриалды-техникалық колледжінің ІІ курс білім алушысы Темірлан Әбдібахыт болды.
Темірдей тәртіп пен тиянақты еңбектің нәтижесі – жүлделі І орын. Бұл – тек студенттің емес, жетекшісі Қаржаубай Өтегеновтің де еңбегінің жемісі. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен білім бірлігі осылайша үлкен жеңіске ұласты.
Облыстық сыннан сүрінбей өткен Темірлан енді өңір намысын республикалық чемпионатта қорғайды. Ол – жаңа белеске бастар үлкен мүмкіндік.
Талапты да талантты студент және оны жетелеуден жалықпаған ұстаз қоғам қайраткері екені анық! Алдағы сындарда да сәттілік серік болып, әрбір қадамыңыз – табысқа, әрбір еңбегіңіз – жеңіске айналсын, Темірлан.
Назарбек НҰРМАНОВ,
Арал индустриалды-техникалық колледжі
Аға шебер міндетін атқарушы
06 мамыр 2025 ж. 65 0