Аралдағы қуғын-сүргін ақиқаты

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында зобалаң жылдарды жан-жақты зерттеу, ашаршылық құрбандарының санын нақтылау, тарихи құжаттарды жинақтап, оларды мұқият зерделеу керектігін айтқан еді».
Тарихымыздан біздерге жеткен айғақты ақиқат – қазақтың санасында сайрап тұрған 30-жылдардың зобалаң жылдар ызғары. Кешегі Кеңес заманында халықтың көз алдында Алаштың ардақты оқымыстылары мен жайсаңдары, байлары мен молдалары, тіпті тігерге тұяғы жоқ кедейлерінің өздері де жазықсыз жазаланып, əкесі мен анасын, ағасы мен інісін, тіпті баласын бір түнде «халық жауы» деп айдап əкетсе, халқының алдында жиркенішті күйге енген өлмеші ата-əжелерімізбен олардың артында қалған жетім ұрпақтары елге қарарға беті қалмай, сорлының күйін кешіп өмір сүрді. Қазақстан тарихының өткен кезеңдеріне көз жүгіртсек, талай аштық пен қырғын шапқыншылықты, жұт пен қаралы кезеңнің болғанын тарих беттерін ақтара отырып білеміз. Əйтсе де, ел басына түскен небір зұлматтардың ішінде орны толмас өкініш азалы да қаралы кезең, кешегі Кеңес заманы орнағаннан кейінгі 30–37 жылдардағы ашаршылық пен нəубеттің бəрінен асып түскенін білдік. Оның салдарын қаншалықты еске алсақ та, түбегейлі зерттесек те – оның зияны мен зардабының орнын толтыра алмайтын ұлттық қасірет екенін біліп келеміз. Бүгінгі ұрпақ кешегі өткен заманның тарихын білгісі келеді. Иə, оған том-том болып құқық қорғау органдарының архив қорларында 75 жылдан бері құпия сақталып отырған құжаттардың сырының ашылмай қалуында. Оған Кеңестік дəуір кезіндегі қатал тəртіп пен құпия құжаттардың сырын ашуға рұқсат берілмей, архивтерде «совершенно секретно» мөртаңбасы басылып, шаң басып жан баласының қарауына, ақиқатын ашуға рұқсат берілмеуі еді. Сонда да болса соғыстан кейін 50-жылдардың ортасынан бастап тарихшыларымыз аз да болса сол нəубет кезеңінің көріністерін жанамалап болса да бейнелейтін еңбектері жариялана бастады. Сол кездегі идеология Кеңестік биліктің жетістіктерін, коммунистік құрылысты мақтап, халық санасына ХХІ ғасырда орнайтын «коммунизм» (елесі) жақындап қалғанын халық санасына сіңірумен болды. Осындай жалған идеологиямыздың басында лениндік, сталиндік «күн көсемдердің» тұруы, оларды пайғамбардай қадір тұтуымыз, жаңа туған сəбиден бастап, еңкейген кəріге дейін санамызға улап сіңіріп жіберді. Кеңестік патриотизм мен интернационализмді дəріптеу, қаншама ұлттардың тілін, дінін, мəдениетін, салт- дəстүрін ұмыттырып, КСРО да бір ғана ұлт – совет халқы деген терминді қолдана бастадық. Енді, Тəуелсіздігімізді 1991 жылы алмағанымызда «мəңгүрт» елге айналарымыз ақиқат еді.
Қазақ халқының сақталып қалуын таңғажайып құбылыс ретінде қарауға мəжбүрміз. Əлі күнге дейін екі буын ұрпақ өмірге келсе де, «Кеңестік заман көсегемізді көгертіп еді» деген көксеушілер де баршылық. Сондайларға 20-жылдары қазақтың қаймақтары «Алашорда» қайраткерлерінің жаппай қудалануы мен қолдан жасалып ұйымдастырылған ашаршылықты, Карлаг, Степлаг, Алжир т.б. сияқты түрмелердегі мыңдаған зиялыларымыздың азап шегіп тұншықтырылғанын ұмытпағанымыз жөн.
Мұндай азап лагерлерінің алғашқыларының бірі Арал ауданында орналасқаны жөнінде көптеген оқырмандарымыз білмеуі мүмкін. Қ.Р. Орталық мемлекеттік архив қорында Кеңес өкіметінің алғашқы орнаған жылдарының басында, нақтылап айтар болсақ, 1921 жылы ұйымдастырылған «Барсакелмес» лагерінде Солтүстік Қазақстан облысынан жер аударылып сотталған 220-дай «Кеңес өкіметінің саясатына қарсы шықты» деген желеумен сотталушылардың отырғаны жайлы жазылған құжаттарды көруімізге болады. Мұндай лагерлер кейіннен теңіз қолтығындағы Ұялы, Ауан, Көзжетпес, Возрождение т.б аралдарда да орналасты. Трагедия Казахского аула 1928–1934 г.г. (Алматы 2018) атты кітабының ІІ томында ОГПУ бастығы Воленбургке Никольскийдің 20 ақпан 1930 жылы жіберген хабарламасында, Арал ауданына келетін 15 мың адамға қажетті 12000 пұт азық-түлік пен киім-кешек жəне оларды орналастыру үшін жатын орынға қажетті материалдарды алу үшін 300000 рубль көлемінде қаржыны 20 ақпанға дейін бөлу қажеттігі туралы жазылады. Архив құжаттарын саралағанымызда Ресейдің Орталық аймақтары мен Украина, Кавказдан осы жылдары Арал ауданына 15 мыңға жуық адам жер аударылып келгенінін құжаттар айғақтайды.
Енді қуғын-сүргін зобалаңының нақты аудан көлемінде қандай нəтижелерге алып келгенін ұлы бетбұрыс жылдарының басталған тəркілеу, ұжымдастыру кезіндегі халық басына төнген зобалаңның қалай төнгені жөніндегі ізденісімізді хронологиялық реттілікпен айтып көрелік:
1918 жылы Аралда болған азамат соғысының берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық шаруашылығын аяғынан тұрғызу қиын болды. Аудандағы балық кəсіпшілігінің мəні кетіп, азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Аудандағы кішігірім балық аулау зауыттары нацонализацияланып мемлекет меншігіне өте бастады. Сыр бойы мен Қарақұм өңіріндегі астық пен мал күшпен жиналды.
1920 жылы Қазалы уездік ревкомы болыстарда азық-түліктің салғырты жиналып жатқаны туралы мəселе қарап, «жұмысты жандандыру туралы» қаулы қабылдайды. Бұл қаулы бойынша ауылдарда тұрғын адамдардың қолындағы азық-түлігінің артығын (салғырт) күшпен тартып алу жүргізіледі. Архив құжаттарын қарағанымызда аралдықтардың негізгі кəсібі балық аулау болғандықтан Арал теңізінен балық аулауға шектеулер қойылуы, балықшылардың ау құралдарын тартып алып құралсыз қалдырылуы, 1919 жылы ауланған балық мөлшерінің 1921 жылы 50 % дейін қысқаруға алып келгенін көруімізге болады. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, сол 1921 жылы Арал балықшылары Орталық Ресейдің Орал, Поволжье халықтарына күн көсемнің хатына жауап ретінде 14 вагон балығын ашыққандарға көмек ретінде жөнелтті. Аудандағы мал шаруашылығы саласы да өте ауыр жағдайға душар болып шаруалардың малдарын тартып алу салдарынан мал санының азаюын, малдың қырылу деректерін кездестіреміз.
Қазақстан тарихында ақиқат тұрғысынан баға беретін жəне сол кезеңдегі зұлымдықтардың бетін ашатын кезеңдердің бірі – елімізде 1927 жылы жүргізілген ұжымдастыру саясаты болатын. 1928 жылы 27 тамызда – «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тəркілеу жəне жер аудару туралы» декрет жарияланды. Декреттік негізде бай-феодалдар өздерінің мүліктік жəне қоғамдық ықпалымен ауылдық кеңестердің құрылуына кедергі келтіреді деп ұстаным негізінде енгізді.
Құжаттардан көріп отырғанымыздай, Арал ауданы бойынша осы жылдары бес ірі байдың малының тəркіленгені кездеседі. Осы ірі бес-алты байдың есімдерін Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстық мемлекеттік архиві құжаттарынан кездестіруге болады. Ақтөбе облыстық мемлекеттік архиві құжаттарынан аралдық байларының құжаттарының кездесуі 1932 жылы Қазақстандағы əкімшілік-аумақтық бөлініске сəйкес, Арал ауданының Ақтөбе облысының құрамында 1932–1938 жылдары болуына байланысты болатын. Ал, Маңғыстау облысының құрамындағы аралдық байлардың құжаттарының болуы сол кездегі Адай болысына жер аударылғандығынан.
Оқырмандар арасынан сонау ғасырдың басында Қарақұм өңірінде болған 1700000-дей ірі қара малды қайда жібердің? – деген заңды сұрақ туындауы мүмкін.
Арал ауданынан ірі жəне орташа байлардың малын тəркілеу туралы құжаттарынан ірі бес байдың құжаттары кездескенімен, сол жылдардағы сотталғандардың арасынан орташа жəне молда болған 72 адамның ұсталғаны анықталып отыр.
Осы жылдардағы Арал ауданы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың есебін алатын болсақ, ОГПУ-дің мəліметі бойынша 1000-ға жуық адам жазықсыз жазаланған. Бір ғана Қарақұм көтерілісіне қатысқан 586 адам тұтқындалып, оның 175-і ату жазасына кесіліп, 172 адам 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге еңбекпен түзеу лагерлеріне, көбісі шығыс Сібірге жіберілді. Сталиннің «социализм жолымен ілгеріленген сайын тап күресі шиеленісе түседі» деген «теориясынан» бастау алған қуғын-сүргін шаралары əсіресе 1937–1938 жылдарда аса белең алды. Бұл жолғы саяси қуғын-сүргіннің ауқымы өте кең болған еді, жаппай жазалауға ұшырағандардың көп болғандығы соншалық, олардың істерін сот, прокуратура қарап үлгере алмайды. Соған орай Сталиннің тікелей нұсқаумен жер-жерде арнайы «үштіктер» құрылады. Сөйтіп «халықтар көсемінің» өзінен бата алған үштіктердің ақ деген алғысқа, қара дегені қарғысқа айналып, талай боздақтардың сайда саны, төскейде бастары шашылып қалды. «Тазалау» науқанына Республика басшыларының да қосқан «үлесі» аз болмаған еді. Оған соңғы кезде баспасөз бетінде жарияланып, үлкен қоғамдық пікір тудырып жүрген Қазақстан басшысы Л. Мирзоянның Сталинге жазған «құпия хаты» дəлел. Онда Республика бойынша репрессиялануға тиісті 1-категория бойынша 800 адамды (олар міндетті түрде атылуға тиісті болған), 2-категория бойынша 1500 адамды тұтқындау жөніндегі «жоспарлы тапсырманы» азсынып «қоғамдық жат элементтерді жазалау үшін» тағы да қосымша 1500 адамға лимит сұрағандығы айтылады. Құжатқа Сталин бұрыштама жазып келісім берген.
Бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда облысында жеке адамдарға бағытталған қуғын-сүргін өте қатал жүргізілді. Облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша, 1930–1939 жылдары ОГПУ-НКВД органдарыи 4 мыңға жуық адамдарды жазалаған. Олардың ішінде 300-ден астам адам ату жазасына кесілген, қалғандары бас бостандығынан айырылып, концлагерьлерге жөнелтілген. Бұл қуғын-сүргінге ұшырату жоспарлы түрде жүргізілген. Оны Арал, Ақтөбенің НКВД бастықтарына келген жеделхаттан байқауға болады. Онда былай делінген: «Барлық аудандық бөлімшелерге дəлме-дəл бесінші қазаннан кешіктірмей облыстық басқармаға екінші категориямен қуғын-сүргінге тартылған адамдардың тізімі мүлтіксіз жіберілсін. Оларды қамауға алуға менің рұқсатымды күтпеңдер. Осы уақытты пайдаланып куəларды жауапқа тартыңыздар. Сонымен қатар атқару комитетінен анықтамалар алынсын. Қамауға алудың жоспары мынадай: Арал ауданы бойынша – 30 адам, Ақтөбе облысы бойынша – 120 адам. НКВД бастығы Делюдов» .
Саяси қуғын-сүргіндерге ұшырағандардың басым бөлігі қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған зиялы қауымы болса, ауылдардағы еш жазығы жоқ қарапайым еңбеккерлерге де нақақтан жала жабылып жазалауға ұшыраған. Атышулы қуғын- сүргін жылдарының ызғарлы саясаты ел ішіне үрей туғызды, ынтымақтаса отырған ағайын арасына іріткі салды. «Домалақ» арыз жазу, сыртынан көрсетіп жала жабу, бірін-бірі ұстап беру сияқты келеңсіздіктер етек алды. Адамдарды «ертеңгі күнге дейін бармыз ба, жоқпыз ба» деген қорқыныш билеген, өйткені ауыл, үйлерді аралап жүретін, үш-төрт адам басы қосылып əңгімелесіп отырса басып кіріп «жау» деп ұстап алып кететін жағдайлар көп болған.
1937 жылғы наурыз айының бір күнінде №2 ауылға аяқ астынан қара плащ киген погондылар келіп бір топ адамдарды əй-шайға қаратпай үйлерінен алып кетіпті. Олардың бəрін қалаға апарып қамап, 27 наурызда бір күннің ішінде «істерін» қарап, барлығын да 10 жыл мерзімдерге бас бостандығынан айыруға кесіп, түрмеге тоғытқан. Олардың артында жанұяның асыраушысынан айырылған шиттей бала-шағалары қалды-ау деп ешкім бас қатырмаған. Сонда ауылдың қарапайым малшы, балықшылары болып күнкөрісте жүрген Құдайбергенов Махамбет, Бөлебаев Əбдіжəлел, Тұрманов Есжан, Меңдібаев Мұхидин жəне басқаларына тағылған айып – «Міндетті салықты төлемегені, кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ниетте болып зиянкестік əрекеттер жасағандығы» болған. Солардың ішіндегі жасы 80-ге келген Мыңжасаров Арғынбай сияқты қарияның «жансыз» болып КСРО-ға қандай зиян тигізуі мүмкін бе деген ойға келесің!
НКВД «үштігінің» шешімімен «партия қызметкерлерінің атына айтылған сөгіс сөздері» үшін қойма меңгерушісі Ахметов Хасьян, «террорлық сипатта айтқан сөздері үшін» мүгедектер артелінің меңгерушісі Дүйсенов Смағұл, «Революцияға қарсы ұйымдарға мүше болып насихат жүргізгені» үшін аудандық атқару комитетінің экономисі Данияров Молдахмет 3–10 жыл мерзімге сотты болып айдалып кеткен. Осындай əділетсіз жаламен айыпталған №7 Мұрыншы ауылдық Кеңесінің тұрғындары Əліпбаев Қайып, Сүндетов Тахаш, Əбдіқадыров Елубай, Рысқұлов Балмағанбеттердің де тағдыры бір күннің ішінде шешіліп, нақақтан қиянаттың құрбанына ұшыраған. Ал, 1937 жылдың тамыз-қазан айларындағы «қылмыскерлер аулау» науқанында қолға түскен «айыпкерлер» – тауар ауласының күзетшісі Ізбасханов Ысқақ, №10 ауыл малшысы Аманбаев Баймағанбет, Байшораев Сүндет, №5 ауыл балықшысы Жүсіпов Сүйіншəлі, №12 ауылдан Жүгінісов Қапа, –№9 ауыл, Сексеуіл стансасының жұмысшысы Аймағанбетов Сейдуллаға ешқандай аяушылық көрсетілмей, қылмысты жазаның ең ауыры атуға үкім шығарылған.
Аудандағы Сексеуіл стансасынан ишан Жұбаназар Бекенов пен оның немере інісі Нағымет Битеновтер 1938 жылдың басында Қызылордада атылыпты, ел ағасы ақын Баймахан Ізмəмбетов 1940 жылы Омбы қаласында қайтыс болыпты. Əбдіхали Бектұрғанов, Қарабек, Нұрбай бақсылар сотталып, айдалып кеткен. Осы кішкентай ауылдың өзінен-ақ жиырмадан астам азамат қапасқа қамалып, көбісі отбасыларына оралмаған екен.
Жазалау машинасы «айыпты» болғандарды ұлтына да, дініне де, жынысына да қарамай түрмеге тоғыта берген. Мысалы, Поднебесов М.И. – ұлты орыс, банкіде есепші, Фахрутдинов Барий – ұлты татар, Аралтұз трестінің жабдықтау бөлімінің бастығы, Сольский Б.К. – поляк, Михайлова В.Е. – дəрігер, ұлты еврей, Быкова О.И. – аяжан, ұлты неміс, Ким И.Н. – балық цехының жүкшісі, ұлты кəріс, Остмейн О.Я.– киномеханик, ұлты эстон. «Шетел барлаушыларына қызмет етіп шпиондықпен айналысып, бандылар тобына мүше болған» жалған айыптармен қатаң жазаланған. Осы жылдары Аралда басқа ұлт өкілдері көп болған. Мəселен, статистикалық деректер бойынша 1932 жылы ауданда 55335 халық тұрған болса, соның 11954-і (21%) əртүрлі ұлт өкілдері болған. Олардың ішінде Орынбор–Ташкент темір жолы салынған кезде кəсіп, байлық іздеп келген «қарашекпенділердің» ұрпақтарымен қоса, 1930–1933 жылдары 15 мың адамға «саяси сенімсіздік» көрсетіліп басқа өңірлерден күштеп көшіріліп келгендер (спец. переселенцы). Осы кезге дейін «қызыл империяның» кəріне ұшырап жер аударылғандардың КарЛАГ, СтепЛАГ,АЛЖИР сияқты лагерьлерге тоғытылып келгені жайлы ғана білетін болсақ,қолымыздағы жаңа деректер ондай лагерьлердің Арал ауданында да орын тепкенін айғақтайды. Тағдыр теперішіне ұшыраған ондай халықтар Арал ауданының аумағында, əсіресе темір жолдан қашық, теңіз жағалауындағы елді мекендерде Ауан, Көзжетпес, Көкарал,Бөген, Возрождение т.баралдарда əскери комендатуралар қарауында болып қатаң режимде ұсталып отырған.
Қуғын-сүргінді ұйымдастырушылардың қаһарына ел ішіндегі дін өкілдері –қожа-молдалар мен имамдар да қатты іліккен. Халықтың сенім-құрметіне ие болып жүрген ондай сөзі өтімді, сыйлы жандардың діни-ағартушылық қызметтері кеңестік саясатқа сай келмейді деп саналып, қоғамға қауіпті əлеуметтік элемент ретінде айыпталып жаппай қудалауға ұшыраған. Қуғын-сүргін құрбандары жайлы «Аза» кітабында Қызылорда облысы бойынша 45 молда ишандардың қанды-құрыққа ілініп опат болғаны жайлы деректер келтірілген. Соның 14-і Арал ауданынан: оның ішінде - Бекенов Жұбаназар, Жүрсінов Тілеуқұл, Сүгіралиев Муса, Таңжарықов Жиеналі,Сүлейменов Сейтоллаға қарсы «панисламдық-троцкишіл бүлікшіл жасырын ұйымның мүшесі ретінде ауылдарда Кеңес өкіметін көре алмаушылықпен жамандап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді» деген айыптаулар бойынша қамауға
алынып «үштіктің» қарауына жіберіліп, атуға үкім шығарылған, қалғандары 5–10 жылға сотталған. НКВД жендеттері олардың қыр соңынан қалмай бір рет жазалаумен ғана шектеліп қоймай қайткенде де көздерін жою шараларын қарастырған. Мəселен, №17 ауыл молдасы Құсмамбетов Абыл осындай айыппен 1931 жылы мал-мүлкі тəркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталса, соңына шырақ алып түскен «қырағылар» оның «қылмыстық ісін» қайта көтеріп 1937 жылы Ақтөбе облыстық НКВД «үштігінің» қаулысымен атуға жəне жеке мүліктерін тəркілеуге үкім шығарған, үкім жедел орындалған.
Кеңес билігіне қарсы шығып, көтеріліс ұйымдастырушылары да жазасыз қалмады. Олардың арасында көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі – Ақжанов Балапанды жəне Сатаев Өмірбайларды т.б. айтуға болады. Олар Тоқабай маңындағы өзінің қонысында өткізілген екінші мəжіліс отырысында Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісті 1931 жылдың сəуір айында бастау нақты шешкен. Осы мəжілістерге қатысқан тұрғындар арасында Қарақұм орталығына көшу жəне Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліске қару-жарақты жинауды Сарыбөпеев Бертілеу, кемінде 1500 сарбаз жинауды Төралиев Қалжан мен Ақкүшіков өз міндетіне алған.
Міне, осы көтеріліске қатысқандардың көбісі кедей-шаруалар болса да, олардың қуғын-сүргінге ұшырағаны шындық. Кеңестік идеологияның атеизмді ұрандатып халқымыздың ғасырлар бойы қанына сіңген діни наным, сенім, ар-имандарына қарсы ақтауға болмайтын қаскөйлік əрекеттері мұнан кейін де жалғасын тауып жатты. Жоғарғы биліктің пəрменімен мешіттерді жауып, халықтың қасиетті орындарға барып түнеуін тоқтату жөнінде шаралар жүргізілді. Осындай жосықсыз жүргізілген «аса маңызды шаралар» барысында жер-жердегі мешіттер бұзылып, жермен-жексен ету басталып,
ал қалғандарын қоймаға, гаражға, ат қораға, шеберханаға айналдыру сияқты өрескел əрекеттер жүзеге асырылған. Оған қоса халық жадының тірегі болып табылған көненің көзі, өркениеттің ізі болған діни жəне тарихи ескерткіштерді жою да масқаралықпен жүргізілді. Ақиректегі «Арыстан баб əулие» жəне басқа қасиетті орындарға бару тоқтатылып, «Бегім Ана» мазарына діни рəсімдер орны ретінде қарауға тыйым салынды. Дегенмен Кеңес өкіметі қазақ халқының тарихына, өнеріне, діни сенімі мен рухани құндылықтарына қаншама кедергі жасап жоқ қылуға тырысқанмен ұлтымыздың жүрек түкпіріндегі сақталып қалған отын өшіре алмады.
Кеңестік билік ел ішіндегі зор бедел құрметке ие болып халық сүйіспеншілігіне бөленген өнер адамдары ақын-жырауларын да аяусыз қырына алып қырғидай тиді. Оларға қарсы іс қозғап қылмыстық жауапкершілікке тарту-заң талаптарын өрескел бұзу мен адами құндылықтарды аттап өту сияқты арсыздық əрекеттермен жүргізілді. Ақындық қаламының жүйріктігі ерте танылған, Арал өңірінің дарынды ақыны Нұмағанбет Қосжанұлының басына да репрессияның қара бұлты қайта-қайта төнеді. 1930 жылдары Сексеуілде ауылдық Кеңестің хатшысы болып жүргенде «кəмпескеге жататын бай молдалардың есебін жасырдың» деген жаламен бес жылға сотталады. 1936 жылы Қарағанды түрмесінде жазасын өтеп келгеннен кейін Арал қаласындағы «Пятилетка» артелінде ағаш ұстасы болып жұмысқа орналасады. Одан əрі «Шора батыр», «Əйелдің сыны» сияқты туындыларымен елге танымал болған ақын біржолата шығармашылыққа ден қойып, халқымыздың Жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлік күресін жырлаған «Сартай батыр» дастанын жазуды қолға алады. 1937 жылы 2 мамыр күні «Көкаралдағы» туысқандарын аралап Аралға келген ақын аяқ астынан қамауға алынады. Сол жылдың 29-тамызы күні ақынға «бай-молдалардың сөзін уағыздады, Кеңес өкіметін жамандап қарсы үгіт жүргізді» деген айып тағылып Ақтөбе облыстық НКВД-ның «үштігінің» үкімімен ату жазасына кесіледі. Арада 5 күн өткенде үкім орындалады. Халқының рухани қазынасына қосар үлесі əлі де көп болатын есіл ер «Сартай батыр» дастанын аяқтай алмай, «Жанқожа батыр» жырын жазу мақсатын орындай алмай қиянат құрбаны болып арманда кетті. Осындай нəубатқа Нұртуған ақынға ұстаз, аға болған белгілі шайыр Рахметов Сұлтан (1868 жылы туған, Аманөткел а/с, жұмыссыз) да ұшырады. Оған «контрреволюциялық ұйымның мүшесі, соның үгіттеушісі. Мақсаттары колхоз құрылысын жою» деген негізсіз айып тағылды. Оның қылмысты екендігін айғақтайтын ешбір құжат, не куəгерлер болмаса да тергеу амалдары көне-көрнеу заңға қайшы жүргізілуі нəтижесінде Ақтөбе облысының НКВД «үштігі» 1937 жылдың 20 қарашасы күні атуға жəне жеке мүліктерін тəркілеуге үкім шығарып, арада үш күн өткеннен кейін ол үкім орындалды.
Өзінің суырып салма, əуезді жырларымен халқының сүйіспеншілігіне бөленіп Арал өңіріне танымал болған Кəрібоз жырау Əйімбетовтың тағдыры да зұлматты заманның осы бір зобалаңына тап келді. Ел аралай жүріп айтқан жырлары кейінірек өзіне жау болып тиерін білді ме екен, жырау оның үстінен «Колхозшылар арасында ескі сарындағы өлеңдерді жырлайтыны, соған байланысты адамдардың ақша тастап отыратыны, жырау осы жиналған қаржыны үкіметке қарсы көтеріліс мақсатына жұмсады» деген «сарында» домалақ арыз түседі. Міне осы бір жапырақ шимай- шатпақ қырық бес жастағы жігіт ағасының тағдырын ту-талақтай етеді. Тіпті оған «Қазалыдағы «Асандар көтерілісіне» қатысып сотталған, жазасын өтеуден қашып жүрген қылмыскер» деген де кінəні артады жендеттер. Осы айыптардың өзі ақ оның 1937 жылдың 15 тамызы күні тұтқындалып абақтыға қамалуына жеткілікті болған еді. Оған «контрреволюциялық диверсиялық ұйымның мүшесі, колхозшылар арасында Кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген ауыр айып тағылады. Əрине оның жаңа үкімет алдында ешқандай жазығы жоқ екендігін айтып қасарысып тұрып алғанын «шаш ал десе бас бас алатын» жендеттерге еш уəж емес еді, тіпті тергеу барысында оның қылмысын дəлелдейтін бірде-бір құжаттың болмағандығы, бір адам ғана куə болып беттестірілмегендігі, тергеу амалдарының орысша жүргендігі сияқты процессуалдық талаптардың өрескел бұрмаланғандығына қарамастан қанқұйлы «үштіктің» 15 қыркүйектегі, құпия мəліметтерде Кəрібоз жырау ату жазасына кесіледі.
Сыр жыраулық мектебінің көрнекті өкілі, «маңғаз мақам, сұлу саздың сұлтаны» атанған жырау Дəріқұл Өмірқұлының тағдыры да трагедияға толы. «Əскерден қашты» деген желеумен жауапқа тартылған жырау алғаш Шымкент гарнизоны əскери трибуналының 21.05.1943 жылғы үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айыруға, кейін ол аздай «қылмыстық ісі» қайта қаралып ИТК Ақтөбе лагерлік сотының 21.07.1945 жылғы əділетсіз үкімімен тағы 10 жылға сотталған. «Адамға ажал анық, бейнет белден» деп ішқұса болып, «бұл күнде жүрмін жайлап бір асуда, сегіз жыл сергелдеңнің есігінде» деп өкси тебіренген есіл ер Тюмень облысының Обь түзеу мекемесінде жазасын қанды қапаста өткізген шерлі жырау тек «мұртты көсем» өлгеннен кейін ғана 1954 жылы босанып, туған елге келіп өзін титықтатқан ауыр науқастан ұзамай дүние салады.
Саяси қуғын-сүргін «науқанының» шарпуы аудан басшылығын да қағыс қалдырмаған, оларға «жоғарғы партия шешімдерін орындауға сылбырлық көрсеткені үшін» саяси сенімсіздік көрсетіліп қатаң айыптауларға ұшыраған. Соның себебі болар, ресми құжаттарда жазылған мəліметтерге қарағанда Ақтөбе облысына қараған бас аяғы алты жылда (1932–1938) Арал аудандық партия комитетінің бес секретары, Аудандық атқару комитетінің жеті төрағалары қызметтерінен босатылған . Аудан басшыларының барлығы да сырт жерлерден келген, басқа ұлт өкілдері болған. Тек 1933 жылы БК(б)П Арал аудандық комитетінің бірінші секретары болып М. Дəулетқалиев келген, алайда оның да бұл қызметті атқаруға бірнеше ай ғана мүмкіндігі болған. Мүташ Дəулетқалиев (1904–1982ж.) белгілі қоғам қайраткері, 30-жылдардың басындағы ашаршылықтың қазақ халқына əкелген зардабын жеңілдету үшін тəуекелге бел буып батыл əрекетке барып Сталинге жазылған əйгілі «Бесеудің хатының» авторларының бірі. Аудан басшыларының ішінде репрессияның қанды тұзағына ұшырағандарда бар. 1937 жылдың 13 тамызында Арал аудандық партия комитетінде түс ауа ешкімде күтпеген оқиға болады. Үгіт-насихат жəне мəдениет бөлімінің меңгерушісі Дүйсен Тəжібаевты НКВД-ның екі қызметкері кабинетіне кіріп келеді де əй-шəйға қаратпай қолына кісен салады. Керек десе секретарьлардың біріне кіріп ескертуді де қаперіне алмайды. Екі жендеттің ортасында қолдары шынжырмен байланған қалпында бара жатқан Дүйсенің: – «Бұл арада бір түсінбестік бар. Анық-қанығын шешіп үйге қайтаратын болар», – деуге ғана шамасы келеді. Артында қалған əке-шешесі, əйелі мен үш баласы атпал азаматты ұшты күйлі жоғалтады. Дүйсеннің хабары арада тек 20 жыл өткенде барып белгілі болады, 1957 жылғы 31 тамыздағы Жоғарғы Сот шешімімен қылмысты іс-əрекетінің анықталмауына байланысты оның ақталғандығы жайлы хабар қосағы Қантайдың қолына тиеді. Кейін анықталғандай, Д. Тəжібаевқа сол кездегі бірсыпыра Республика басшыларымен достық қарым-қатынаста болғаны үшін «халық жауы» деген айып тағылып əйгілі 58 статья бойынша ату жазасына кесілген болып шығады. Əрі сол үкім бойынша 1938 жылы 27 ақпанда Алматы қаласында 41 адамның бірі болып атылғандығы да белгілі болады.
Арал аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы Қуатбай Бақтыбергеновтың 1937 жылдың қыркүйегінде ұсталып кетуі де осыған ұқсас тағдыр. Оның 14 жасында байдың малын баққаны, өз еңбегімен қызмет сатыларынан өтіп жауапты лауазымға қол жеткізіп міндетіне адал қарағаны, өзіне тағылған айыптардың ешбірімен де келіспейтіні ескерілмеген. Жендеттер оны ұстап əкетердегі жеке заттарының тізімінде Ленинмен Сталиннің томдарынан басқа ештеңе болмаған көрінеді. Бұл қанды қасірет жылдары халық есінде мəңгілік өшірілмеcтей жазылып қалды.
Тарихи құжаттарда Қазақстан бойынша қылмыстық Кодекстің атышулы 58 статьясы бойынша 1937–1950 жылдарда 100 мыңнан астам адамның саяси қуғын- сүргінге ұшырап, солардың 25 мыңының ату жазасына кесілгендігі жайлы деректер бар. Біздің зерттеуіміз бойынша Арал ауданы бойынша 384 адам жазаланып, соның 77-і ең жоғарғы ату жазасына кесілгені жайлы мəлімет жинап отырмыз. Біз қолымыздағы осы тақырыпқа байланысты жинақталған материалдардың ішінен саяси қуғын-сүргін шындығын дəлелдейтіндей бірнеше мысалдарды ғана атап көрсеттік. Осының өзі ақ бұйрықшыл, əміршіл, «шаш ал десе бас алған» зұлмат науқанының ақиқатын көз алдымызға елестетпей ме? Алайда қуғын-сүргінге ұшырап жазықсыз жапа шеккендердің саны мұнымен ғана шектелмейтін сияқты.
Өйткені күні кешелері ғана тар қапастағы жазасын өтеп елге оралған кейбір ағаларымызға байланысты деректерді қанша іздестірсекте таба алмай жүрген жайлар бар. Еліміз егемендік алғанннан кейін ғана тарих пердесі айқара түріліп тоталитарлық зобалаң кезеңіні заңсыздықтарын ашық айтуға мүмкіндік туғаны белгілі.
Зобалаң жылдарының тақырыбын зерттеу тарихи сана қалыптастыру үшін қажет. Ал ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сана қалыптастыруға қызмет етеді. Мұның бəрі тəуелсіздігімізді күшейтетін маңызды факторлар екендігі сөзсіз. Сондықтан еліміздің басына түскен алапат қасірет Қазақстанның бір бөлшегі Арал ауданындағы ізін терең түсінуге мүмкіндік беретін, осы зерттеуіміздің тəуелсіздігімізді нығайтуға өз үлесін қосады жəне осы тақырыпты қозғап жүрген тарихшыларға, өлкетанушыларға, зерттеушілерге тың серпін береді деген ойдамын.
Болатбек Қуатов,
Қ.Р. Журналистер одағының мүшесі,
«Арал өлкетанушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Фото: kazislam.kz