Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорғасыннан компьютерге дейін

Қорғасыннан компьютерге дейін

Облыстық телеарнаның бас редакторы қызметінде жүргенде Арал аудандық «Толқын» газеті баспасына шақырту алдым. Бұрынғы басшы қаржылық кілтипандарға байланысты жұмыстан босатылғаннан кейін, осы жақтың кадры іздестіріліпті. Облыстық газеттегі қаламгер Қази Данабаев ағамыз бастаған жігіттер менің кандидатурамды ұсынса керек. Аудандық басылымда он жыл ыстық-суығына күйіп, нағыз газетші атанған мені туған жер тартты да тұрды. Оның үстіне, көркем сөзге еліктеген бала кезімнен, алғашқы мақалаларым жарық көрген төл «Толқыным» еді.
Жеңіс мерекесінен кейін жұмысыма кірістім. Аудан әкімі Айтбай Көшербай облыс әкімінің кеңесшісі қызметінен таныс, бірлесе жұмыс істеп, бірнеше рет экологиялық хабарлар дайындап, түрлі делегациялармен Аралға да келген едім. Ал, ауданның жағдайы бүкіл еліміздегідей күрделі, зауыт- фабрикалар тоқтап, зейнетақы мен жәрдемақының кешігіп жатқан кезі. Соған қарамастан, әкімдік күндіз-түні жұмыс істеп, жағдайды түзеуін, оңалтуға қажырлы күш жұмсап жатқанын байқадым.
«Толқын» газеті баспасы қалыптасқан, байырғы екі мекеменің мамандары тоғысқан ұжым екен. Бірақ, қазіргі нарық заманында басқарудың бұл тәсілі қиындық тудырады. Бір жапырақ газетте 25-тей адам отыр. Баспасөз науқанын жүргізіп алғаннан кейін мекеме екі-үш ай 4 сағаттық жұмыс кестесіне көшеді екен. Экономикалық қиындықтар, қаржы тапшылығы, заттай айырбас оларды да айналып өтпепті.
Заман қанша ауыр болса да халықтың «Толқынға» ықыласы төмендемеген. Белгілі журналистер Өмірбек Төлепов, Жаңабай Кемал, Толыбай Абылаев, әр сала мамандары Жанар Барбосынова, Болған Жұбатқанова, Зейнеп Рәшева және басқалары қарашаңырақтың бір-бір уығы десе болғандай.
Баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқан кезде «Толқын» газетінің жүлдесі үшін шағын футболдан жарыс өткізіп, оған қала мектептері мен аула клубтарының командалары қатысты. Мекемелерге барып оқырмандар кездесулерін өткізуіміз де жазылымға оң әсер етті. Телевидениедегі тәжірибемді пайдаланып, ауданда өткен түрлі шараларды облыстық телеарнадан көрсетіп тұрдық. Газеттің мазмұнын байытып, сапасын арттыратын алуан тақырыптағы мақалаларды оқырманға ұсынуға күш салдық.
Бұл кезде республикалық, облыстық газеттер офсеттік тәсілмен басылып шыға бастаған еді. Біз болсақ, бүкіл аудандық басылымдар әлі қорғасынмен жарық көретінбіз, ескі баспахананың сапасы да сын көтермейтін. Баспахана бөлшектері табылмай, бір-бірімізден сұрап алатынбыз. Жаңа жылдан бастап офсетке көшуге дайындық жасадық. Аудан әкімдігінің қолдауымен компьютерлік орталық сатып алып, іске қостық. Баспа өнімдерін, шақыру билеттерін шығара бастадық. Мамандарды оқытып, Қызылордадан тәжірибеден өткіздік. Соның нәтижесінде, газетімізде өзіміздің компьютерлік орталықта беттеп, оны облыстық баспаханадан шығаруға қол жеткіздік. Аудандық газеттер арасында алғашқы болып, осылай офсетке көшіп, қорғасынды компьютерге алмастырдық. Бірақ, газет сапасы жақсарғанымен бес жүз шақырым жерден тасымалдау оңайға соқпады.
Ендігі мақсат – баспахана алу керек болды. Жаңақорғандық әріптестер шағын баспахана алды дегенді естіп, Айдар мен Руслан есімді екімаманды шұғыл сонда жібердім. Олар жұмыс барысымен танысып, «Рамоиер» баспа машинасын суретке түсіріп әкелді. Ұсынысымды, құжаттарды алып, аудан әкімі Бақытжан Қодамановқа кіріп, жағдайды түсіндірдім. Тоқылдақ поезбен газет тасымалдайтынымызды білетін әкім қолдау көрсетіп, көп ұзамай баспаханалы болдық. Жұмысымыз да алға басты. 2003 жылғы мәслихаттар сайлауында осы машинаның көмегімен көлемді қаржы таптық. Сайлауға түскен 40-45 үміткердің бүкіл насихат шараларын қамтып, жаңа технологияның артықшылықтарын көрсеттік. Науқан кезінде денмалыссыз жұмыс істеп, қызметкерлерімізге бірнеше айлық сыйақы берілді. Мекеменің компьютерлік орталығын толықтырып, су жаңа УАЗ автокөлігін сатып алдық. Осылайша, жетпіс жыл қорғасынмен шыққан газет заманауи басылымға айналды. Сол жылы «Толқын» – «Республикадағы таңдаулы он аудандық газет» номинациясын жеңіп алып, арнауы дипломмен марапатталды. Кәсіпорынның экономикалық тиімділігі де артып, пайдамен жұмыс істей бастады.
Газет – қоғамның үні, өңірдің тынысы, насихатшысы ғана емес, ауданның ажырамас бір бөлшегі. «Толқынның» 70 жылдығына байланысты атқарылған шаралар осының бір айғағы деуге болады. Мерейтой ауданның рухани саласына серпін берген айтулы шара болды. Сол заманда облыстық деңгейде өткізу газетке деген үлкен құрмет еді.
Редакцияның бұрынғы ғимараты тұрған «Базар» көшесі «Толқын» газетіне беріліп, салтанатты ашылуы болды. Аудандық мәдениет үйінде мерейтойлық салтанатты жиналыс өткізілді. Сол күні түсте басылымды ширек ғасыр басқарған Сағижан Ермағанбетовтің атына көше атауы беріліп еді. Жалпы, елімізде мұндай мәртебеге ие болған аудандық газеттер санаулы ғана екенін ескерсек, бұл тарихи оқиға деуге болады.
Баспасөз күні мерекесінде газетіміздің 70 жылдығына байланысты шағын мұражай дайындадық. Мұражайдың ашылуына классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қатысып, лентасын қиып, тілек кітабына лебізін қалдырды. Редакция төрінде ел ағаларымен, зиялы қауыммен кездесуде заңғар суретке әсерлі әңгіме өрбіткен еді.
Содан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. «Толқында» өткен жылдар ұмытылмайды. Жастық жалынмен еңбек еткен Күлмараш, Күлдәрі, Райкүл, тағы басқа әріптестерім бүгінде білікті мамандар ғана емес, осы ұжымның ақылшы ұстаздары. Осылай уақыт алға жылжып, ұрпақ ауысып, заманның өркендей беруі өмір заңы.
Тырнақалды мақалаларымыз «Толқында» жарық көргенін басында айтып едім. Сол КазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүргенде редакцияға тәжірибеден өтуге келгендегі бір оқиға есімнен кетпейді. Үш апталық тәжірибе мерзімі аяқталып, ауылым Бөгеннен Аралға келу керек болды. Ауыл әуежайындағы комендант ағамызға ертерек ескертсем де ертеңіне самолеттен орын болмай қалып қойдым. Кешке поезға мініп кетпесем сабақтан қаламын. Жаным қысылды, ағамыз тамыр-таныстыққа салғанын байқап тұрмын. Сәтін салып, түстен кейінгі пошта таситын самолеттің ұшқыштары жағдайымды түсініп алып кетті. Аралға түсісімен құстай ұшып «Толқынға» келдім, мінездеме мен газеттерімді алуым керек. Сол жерде бірден «Жәкеме жолаяқ жасадың ба?» деп коменданттың тамыр-таныстықпен билет сататынын әшкерелеп, фельетон жазып, Серік Сейітмағанбетов ағамның қолына ұстаттым. Сәкең оны «Қармаққа» салып жіберіпті. Ол кезде партияның гүрілдеп тұрған кезі, газетке сыналып шықсаң, қызметіңнен қуыласың. Ауылдағы ағамызды жиналыста әбден сілкілеп, жұмысында әзер қалыпты. Содан кейін көзім ашылды, мен де кедергісіз ұшатын болдым. Ал ағамыз, ауыл сыртындағы аэропорттың үйінде жолаушылардан босаған бос бөтелкелердің жинап жүріп, «Жолаяқты біреулер жасайды, газетке мені жазады» деп маған қарап күңкілдегенін естіп, жымиып күліп алатын едім. Міне, «Толқынның» сондайы бар еді...
Журналистік жолыма қарасам, үш салада радиода, телеарна мен газетте жұмыс істеген екенмін. Зейнет демалысына дейінгі соңғы бес жылда облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Сыр бойы» газетін басқардым. Осы мәртебелі басылымда «Екпінді балықшының» редакторы болған Тойбазар Елемесов ағамыздан бастап талай аралдықтар қызмет еткен. Соған қарап, туған газетіміз қаламгерлердің қуатты ұстаханасы, мерейлі мектебі деуге болады.
Аралдың айтулы шежіресі тағылымды тарихы болған «Толқын» халқымен бірге жасай берсін демекпіз.
Жұматәли ӘБДІРАМАН,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Қазақстанның құрметті журналисі.
31 мамыр 2025 ж. 98 0