Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБИҒАТ ТЕРЕЗЕСІ

ТАБИҒАТ ТЕРЕЗЕСІ

Қара құс
– Бұл ХХ ғасырдың орта тұсынан ауған кездегі оқиғалар ғой, – деп бастады әңгімесін сексен жасты еңсерген Сайран Нұралиев, – Шөмішкөл, Көзжетпес, Қасқақұлан көпбірлігі, балықшы колхоздары тарап, Қуаңдария балық аулау базасына қарайтын болып, әлгі колхоздың бәрі учаске болып қалды. Мен Шөмішкөл учаскесінде водовоз машинасының жүргізушісі едім. Енді Қуаңдария базасының басшысы не айтады, соған бағынамыз.
Теңіздің мұзы кетіп, жаз келді. Қасқақұлан Сырдариядан тұщы су тасылады. Ол үшін Қаратерең ауылындағы Кәртіма көліне цистерна-баржа әкеліп қойылады. Осыған 7-8 шақырым шамасындағы Сырдария өзенінен екі водовозбен су әкеліп құямыз. Толған кезде алып кетеді. Цистерна-баржа қайтып оралғанша, менің Тоқпан елді мекеніне де су апаратын міндеттерім бар. Мұнда 50-60-тай балықшы отбасы тұрады.
– Тоқпанға Қаратереңнен тіке өте алмайсың ғой, екі арада теңіз бен бірнеше көлдер жатыр?
– Дұрыс айтасыз, аға! О маңайды сіз жақсы білесіз. Сосын да Сырдарияны өріне тартамын. Жаңақұрылыс қыстағынан асып барып, Қазалы ауданының Түктібаев колхозындағы Сырдариядан өзектен бастау алатын су аламын. Міне, Тоқпанға да жақындап қалғанмын. Мамыр айы, күн кешкірген. Маң жазықта киіктер төлдеп жатыр. Бір кезде астанда қарақұс қаптап кетті. Енді байқадым. Ол жақта туған төлдерге шүйілді. Жасырынатын бұта-шөп жоқ. Көбісі аяқтанбаған. Аналықтары шырылдап жүр. Содан машинадан түсіп, белімдегі жалпақ қайыс белбеуімді шешіп алып айқастым ғой. Қараңғы түскенше сілтедім.
– Ерлеген екенсің!..
– Оны қайдан... Партизан ағамыздың Қасым Қайсеновтің «Жау тылында» деген кітабында ашқұрсақ жүрсе де, түнемелік жанына келіп паналаған лаққа тиегені есіме түсіп, қара терге малынғанымды да байқамаппын...
Ондатор
– Сайран, мынауың қызық екен. Осыны балдар тындаса ғой.
– Ондай мүмкіндік болса кәні! Бірін айтайын.
– Е-е, айтшы?
– Бірде Аңкөлдің маңында келе жаттым. Алдымнан қамшы сүйреткендей бұралаң із шықты. Қуып жеттім. Қып-қызыл, үп-үлкен ондатор. Өзі әбден шаршап болдырған. Үлкендер айтушы еді, балық та, жәндік те судан-суға қатынайды деп. Бірден түсіндім. Ақкөлде бұрын су болған. Енді кеуіп қалған. Бұл жәндіктің бағыты – Қотанкөл. Жақындап едім, шақ-шақ етті. Жаба салдым да, машинаның бортына қойдым. Жолымнан едәуір бұрылып, Қотанкөлге келгесін ондаторды жерге түсірдім. Фуфайкідан жайлап шықты да суға аяғын малып тұрды, кейін маған қарап бұрылып, артқы екі аяғымен тік тұрды.
– Командирге честь берген солдатша?
– Е-е, тап солай, аға!
***
Ол орнынан тұрды. Асығыс екені белгілі болды.
– Алда кездесуге жазсын, сонда бір топ техниканың отыз шақырым теңіз суын жүзіп-өту хикаясын баяндаймын, – деді.
– Отыз шақырымдық теңіз суын дедің, ол қалай, сонда?!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ
18 маусым 2025 ж. 34 0