Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қатыннан хан да қорқады

Қатыннан хан да қорқады

Қайран, қарияларым-ай! Біздің жас кезімізде, яғни, өткен ғасырдың 60-70 жылдары бастарың қосыла қалғанда, небір аңыз-әңгімелерді, тіліқылыштың жүзіндей өткір, ойы салиқалы терең шешендік сөздерді маңқиып айтып отырушы едіңдер-ау. Иә, ол уақытта қазіргі замандағыдай сол әңгімелерді таспаға басатын магнитофон не диктофон, қалта телефондары жоқ. Айтылған әңгіме (құлағының саңылауы бар адам болмаса) айтылған жерде қалғанына әлі күнге дейін өкінемін. Міне, осындай шешендік сөздің бірі – әз Жәнібек хан мен Жиренше шешен арасындағы аңыз-әңгіме есімде қалған-ды. Шешендік сөздері бар-ау деген кітаптардың біразын ақтардық. «Жазушы» баспасынан шыққан «Шешендік сөздер», «Ел аузынан» және «Қайнар» баспасынан шыққан «Шешендік шиырлары» кітаптарын да басынан аяғына дейін оқып шықтым, мұнда да кездеспеді. Сондықтан ұтысы бар, ұтылысы жоқ осы бір шешендік сөзді көңілге түйген ойдың көзін ашып, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім.
Автордан
Заманында әз Жәнібек хан Жиренше шешенді сынап көрмекші болып шақыртады. «Хан салиқалы әңгіме айтып, ой бөліспек шығар» деген ниетпен келген Жиренше мұны қайдан білсін? Келген бойда хан:
–Сен қатыныңнан (Қаракөз айымды айтады) қорқады екенсің ғой? – дейді.
Мұндай сөзді есітермін деп ойламаған Жиренше шешен үндеместен шығып кетеді. Хан да: «Ә, қатырдым ба?» деп өзінше мәз болып қала береді. Бұл оқиға ханның есінен шықты-ау деген кезде Жиренше шешен әз Жәнібек ханға келіп:
–Хан тақсыр, датым бар, – дейді.
–Датың болса айт.
–Хан ием, білмей жүр екенсіз. Уәзірлерің мен нөкерлеріңіздің бәрі де қатындарынан қорқады екен, – дейді Жиренше шешен.
–Мүмкін емес...
–Шын. Бұл менің құлағыммен естігендерім емес, көріп, байқағанымнан айтып тұрмын. 
Ханға бұл сөз ауыр болып тиді ме, орнынан қалай тұрып кеткенін білмей, Жиренше шешеннің қасына барып: 
–Шешенім-ау, мына сөзді ел есітпесін. Жұрттың мазағына қалармыз. Арагідік қорқатындар бар шығар, ойлансаң қайтеді?
–Жо-жоқ, хан ием! Сыпсың сөз жел болып гулеп кететінін өзіңіз де ойланыңыз. Алдын ала ескертіп отырғаным ғой.
–Нақты дәлелің болмаған соң, сеніңкіремеймін. Өсек деп ұғам, – деп, әз Жәнібек сөзін доғарар алдында: «Уәзір, нөкерлерімнің қай-қайсысы болмасын қатындарынан қорқатын болса, олардан бір қойдан ал, мен айтты де». Міне, сонда сенің дәлелің болады,–деп шығарып салады. 
Арада айға жуық уақыт өткеннен кейін Жиренше шешен хан сарайының маңына бір қора қойды айдап келеді де, ханға:
–Әне көріңіз, хан ием,–дейді Жиренше шешен даладағы қойларды терезеден нұсқап. Ауызбастырыққа алған қойларым, дәлел болатын шығар. Және де айтарым, уәзірлеріңіз бен нөкерлеріңіздің ауылын аралап жүргенде саған лайық бір қыз көрдім, өте сұлу екен, – деп бітіргенде әз Жәнібек аузына саусағын апарып, Жиренше шешенге:
–Тс-с, жә-жәйімен айт, қатын есітіп қалмасын,–дейді.
–Иә, хан ием, онда сенен де бір қой,–дейді Жиренше шешен. 
Жазып алған А. Өткелбаев,
ардагер журналист
17 сәуір 2019 ж. 1 159 0