ЕРТЕГІГЕ ӘЛІ ДЕ ҚАЖЕТТІЛІК БАР

Жылдар өте келе ол мұралар халықтың қиялы мен арман-тілегімен байытылып, көркем сипат алып, ұлттық дүниетаныммен астасты. Бірақ қандай өзгеріске ұшыраса да, олардың негізінде өмірдің шынайы шындығы жатыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың «Бөгенбай батыр» кітабын оқып отырып, осыған көз жеткізуге болады. Ғалым ғылыми дәлелдер мен деректерді аңыз-әңгімелермен шебер ұштастыра отырып, халықтың рухани әлемін терең ашады. Тілі жеңіл, мазмұны бай. Бір тұлға арқылы тұтас ұлттың болмысын таныта біледі.
Айтпағым бұл ғана емес...
Бір сәт балалық шақтағы ертегілердің аяқталуын еске түсіріп көріңізші. Әдетте оқиға соңы ізгілікпен тәмамдалады: кейіпкер ханның немесе байдың тапсырмасын орындайды, әділдік жеңіп, бақытты ғұмыр кешеді. Осы позитивті түйін – ертегінің негізгі мәні. Жақсылық жеңіп, жамандық жазаға тартылады. Міне, жасөспірім санасына сіңетін ең маңызды қағида – осы.
Ал бүгінгі шынайы ахуал қандай?
Балаларымыз теледидар мен интернеттен нені көреді?
– Қанды оқиғалар, атыс-шабыс, қатыгездік, қорқыныш.
– Зорлық пен зұлымдықты дәріптейтін «кейіпкерлер».
– Тартып алу, жою, өлтіру сынды көріністер.
Мұндай мазмұн тек көрерменнің жүйкесін жұқартпайды, жасөспірімнің психикасына кері әсер етеді. Кейде мектептерде болған қайғылы жағдайлардың себептерін сырттан іздейміз. Алайда балалардың бойындағы агрессияны күнделікті көріп жүрген «виртуалды ортадан» бөліп қарауға болмайды. Зорлық-зомбылықты насихаттаған кез келген медиаплатформа мен контент иелері де жауапкершіліктен тыс қалмауы тиіс.
«Momo» деген атышулы ойын туралы естіген боларсыз. Қауіпті ойын. Өзім де зерттеу мақсатында тіркеліп көрдім – үшінші сыныптың оқушысы ретінде. Алғашында тапсырмалар жеңіл көрінді: «біреуді ұрып кет», «бұрышта тұр» дегендей. Бірақ кейін тапсырмалар қиындап, қауіпке айнала бастады. Соңғы тапсырманы күтіп жүрмін. Осы тәжірибем негізінде көлемді мақала дайындамақпын.
Сыр өңіріндегі бір тренингте мектеп жасындағы балалардың көбі дәл осы «Momo»-мен байланысқа шыққаны туралы мәлімет естідім. Бұл – ойланарлық жайт. Аймақта суицид көрсеткішінің жоғары болуы да осындай виртуалды қатерлермен байланысты болса керек. Бұған алдағы уақытта арнайы тоқталу керек.
Осы тұста ертегілердің тәрбиелік рөлі қайта өзектене түседі. Жасөспірімге жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен сатқындықтың ара-жігін ажырата білу үшін рухани негіз қажет. Сол негіз – ертегілерде жатыр. Олар жас буынның тарихи санасын қалыптастырады, ұлттық құндылықтарға жетелейді, жақсылық жасауға үйретеді, елжандылық пен отансүйгіштікке баулиды.
Яғни, ертегілерге әлі де қажеттілік бар. Тек соны түсініп, дұрыс бағытта пайдалана білсек болғаны.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ