Шекарашылар – елге қалқан, тыныштықпен атсын әр таң
Бауыржан Момышұлы.
Елге қызмет ету, Отанды қорғау – ұлы іс. Туған өлкенің түйір тасы мен бір уыс топырағын да көздің қарашығындай қастерлеу – бәріміздің Отан алдындағы қасиетті парызымыз. Десе де бұл ретте Шекараны күзетуде айбынды ер-азаматтардың атқарар рөлі орасан. Елге қорған болар Отан қорғаушылардың ерекше мерекесі қарсаңында Алтай мен Атырау арасын алып жатқан ұлан-ғайыр даланы көз қарашығындай қызғыштай қорыған шекарашылардың өлшеусіз еңбегін тақырыпқа арқау еттік.
Бүгінде Қазақстанның ұлан-ғайыр шекарасы шегенделген, түбегейлі бекітілген. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та сан мәрте айтты. Қазақстан Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – елдің мемлекеттік шекарасын күзетуге арналған арнайы қызмет.
Кіріспеден кейінгі негізгі әңгімемізге ойыссақ, 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдында жас мемлекеттің аймақтық бүтіндігі мен егемендігін қорғау және қамтамасыз ету бойынша мәселе туындады. Мемлекеттік шекараны сенімді қорғап, күзету – Шекара қызметінің маңызды міндеті және ол ел басшылығының жіті назарында. Елдің шетінде, желдің өтінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қалт жібермей күзетіп жатқан шекарашыларға халықтың алғысы шексіз.
Сондықтан ел жолында қасық қаны қалғанша шайқасып, сайын дала төсінде қалыптасқан атамекеннің әрбір сынық сүйем жерін кеудесімен қорғаған қаһарман хандарды, қол бастаған сардарлар мен батыр бабаларды насихаттау – бүгінгі буынның парызы. Ағайыны аралас, қойы қоралас көршілес Қазалы ауданы тарих тағылымы арқылы қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың рухани өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Нақтырақ тоқталып тарих қатпарына көз жүгіртсек, 1992 жылдың 18 тамызында КСРО-ның Шығыс шекаралық округінің базасында Қазақстан Республикасының шекара әскері іске кірісті. Олардың негізгі міндеті – жоғарыда атап өткеніміздей, шекара іргесінің беріктігін сақтап, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін көзден таса жібермей күзету. Уақытпен санаспай антына адалдық танытатын жауынгерлер теріс пиғылдылардың жолын кесуде.
Иә, тарихымызға үңілсек, ұлан-байтақ даламызды сыртқы басқыншылардан қорғау жолында қаншама ержүрек жауынгерлеріміз шейіт кетті. “Ұрпақтан ұрпаққа аман-сау жеткен қасиетті жерімізге жан баласы көзін аларта сұқтанып, еліміздің тұтастығы бұзылмаса екен” деген кіршіксіз армандарын жүзеге асыру үшін қажет кезінде қолына қару алып, ғұмырларын осы жолда сарп еткен барша қаһарман аталарымыздың біздерге қалдырған қасиетті жерін күзету – үлкен абырой, үлкен жауапкершілік. Шекара қызметі – жай ғана қызмет емес, ол жанкештілікті, батылдықты, жоғары кәсібилікті талап ететін міндет. Отанға мінсіз қызмет етіп, әскери құрылымның қалыптасуы мен өркендеуінде департаменттің әр әскери қызметкерінің қосқан үлесі орасан зор. Қиын қыстау кезеңдерде түпкі тамырынан көз жазып қалмай, табандылық таныта білді.
Осы мақаланы әзірлеу барысында Арал ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының жұмылдыру бөлімшесінің бастығы-бөлім бастығының орынбасары, майор Ерболат Бодыбаевты сөзге тартқан едік. Өз кезегінде запастағы майор Ермекбайұлы:
– Шекара әскеріндегі қызмет тек шекараны қорғау ғана емес, ол еліміздің тарихын, мәдениетін және болашағын қорғау болып табылады. Осы уақытқа дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі толық құрамда жасақталды. Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіндегі шекара бекеттері сайдың тасындай, әскери іс-қимылға әбден машықталған азаматтармен толықты. Сондай-ақ, мемлекеттік күзет қызметі және Қарулы Күштердің әскери бөлімдерде де жалынды жастар Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге өздері сұрануда. Бұл – елжандылықтың, жақсылықтың нышаны. Ар-намыстың, борыштың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің айнымас көрінісі.
Мемлекетіміздің ел шебіндегі ұлттық қауіпсіздік мүддесін асқан қырағылықпен күзетіп, қазіргі таңда шекарашылар заман талаптарына сай бағыт алуда. Елімізді сыртқы және ішкі жаулардан қорғауда, қалтқысыз қызмет етіп, шекарашыларымыз тәуліктің қай уақытында да ел мен жер үшін тынбай қызмет жасауда. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.

– Әскери борышыңды өтеу – әрбір азаматтың борышы. Мен Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, Қарақия ауданындағы шекара бөлімінде болдым. Таңмен таласа тұрып қолға қару ұстаудың әсері тіптен ерекше. Әсіресе туған жерге деген сағыныш ол жақта жүрген кезде еселене түседі. Алайда Отан алдындағы борышыңды ұғынғаныңда айрықша сезімге бөленесің. Жаныңда бірге болған замандастарым да қасиетті борыштың маңыздылығын қаперде ұстап, әскери тактиканы жетік меңгерді. Қолбасшылардың бұйрығын дер кезінде орындап, берілген тапсырмаларға сергек қарауды үйренді. Қазіргі таңда өзіміз естіп-біліп жүргендей, әскер бәзбіреулер айтқандағыдай емес, темірдей тәртіппен жүріп-тұрасың. Жасыра алмаймыз, бүгінгі қоғамда үрке қарайтындар жетіп артылады. Бұл енді жаңсақ көзқарас. Бұрыс ой. Қайталанбас жастық шақты бос өткізбей, өмірдің маңызды тұсы саналатын әскери міндетін өтеп қайтса, құба-құп деп ойлаймын деп ойлаймын. Бұрынғы аға буын теңіз әскерінде үш жыл, құрлық әскерінде екі жыл борышын өтегенін ескерсек, қазіргідей бір жылдық міндет көрген түстей болатынын білген жөн, – деп жастардың армияға деген құлшынысының артқанын қалайтынын айтты.
Шекаралық заставалар – өзге мемлекет азаматтарына Қазақстанды өз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады. Бұл ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады.

К. ЗДЕНОВА