Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІКТІҢ ШАПАҒАТЫ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІКТІҢ ШАПАҒАТЫ

Құтты қадам Азды-кем жетістік әркімде бар. Маңдай тер өлшеуіші – кәсіби рахат сезімі баршаға тән. Ой мен қимыл қосындысынсыз шеберлік дағдысы жасалмайтыны және аян. Осы тұрғыдан келгенде, оқу мен тоқу түзілісін шығармашылық қағидат демей көріңіз?! Құрғак пәлсафа қуаламай, өз тәжірибемнен төрелік күткенде, артымыздан жалаулатқан жас буынға наз айтқым бар. «Өткенсіз бүгін жоқ» дейтұғын қанатты сөз астарында әрқашан уақыт салмағы жатады. Заман ағымы қанша құбылса да жаналық тізгініне алдымен жас маман жармасуы керек. Біз де сөйткенбіз. Ұстаздық жолдың тақта алдында басталатынын институт қабырғасындағы алғашқы педагогикалық практика ұқтырды. Қызылордадағы Гагарин атындағы мектеп-интернат босағасынан имене аттап, шәкірт әлеміне көз тіктік. Сақа мұғалімдер қатарында шеңбердегі манай тәріздіміз. Біздің жалтақ-жалтақ кейпіміздің ішкі астарын оқушы жанары әп-сәтте ұғынып болғандай. Жүздерінде мүсіркеу табы бар. Сынып жетекшісінің байсалды өңінен балалар әлемінің әмірші белгісі мен мұңдалайды. Жаутаң көз шәкірттердің лезде парта бетінде колдарын түйістіре, сапқа сән берген сарбаздардай жинақтала қалуы сондай жарасымды. Сыныптағы тыныштық секундтары ашық аспандағы құс қанатының суылындай. Алғашқы әсер ең әділ сыншы һәм шынайы қамқор оқушы қауым болмағын көңіл дәптеріне тізбелетті. Ашық тәрбие сағаты мен пән бойынша ашық сабақ өткізу бойдағы қабілетке қосымша икем қосты. Музыка факультетінде оқитын тіс қаққан студент ұсынақтылығы кәдеге жарады. Жамбыл жағының жұлқындысы ара-тұра қабырғалық көрнекіліктер дайындайтын. Соның плакаттық қаламұшпен батман қағазға тушьпен жазып өрнектейтіні, сурет қиындыларын үйлестіруі, гуашь пен акварель езіндісін, түрлітүсті қалам ұнтақтарын ажарлауға жаратуына қол үйретуге тура келді. Тағы бір музыкант студенттің баянды бебеулетуі сырнай сазына еліктіруі де алдан шықты. Домбыра шертуге бұрыннан ықыласты едім. Тәрбие сағаты Қызылорданы дәріптеуге арналды. Көрнекілігім планшет түрінде жасалды. Оқушыларды баянмен сүйемелдеп ән шырқаттым. Әдебиетке құштарлық ақ өлен түріндегі публицистикалық толғауды өмірге әкелді. Пән бойынша профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың әдістемесіне сүйеніп, тексттен өткізуге күш салдым. Шығарманың құрылысын баяндаудан жоғары қойдым. Педпрактиканы сараптаушылар «бестік» бағаға тоқталды. Сөйтіп жаттандылық ауылынан салғаннан іргені аулақ салып, жаңашылдық шәрбатының дәмін таттым. Әсілі шығармашылық аңсар құрғақ қиялдаудан гөрі, өзгертушілік ұстанымды қолай көретін тәрізді. Институт тәмамдар алдындағы мемлекеттік практика мектеп өміріне кітаби көзқарасты тоқсан градусқа бұрылтты. Елге келіп, аудандық білім бөлімінің ұйғарымымен, сол тұста қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі жетімсіздеу Қарақұм мектебіне маңдай тіредім. Календарлық және сабақ жоспарын жіліктеуге осында қанықтым. Оқыту технологиясы дегеніңіз, жоспарлаудан басталмақ.Ауыл шындауы бөлек. Облыста көргеніме салып пән кабинетіне соны леп қосқым келді. Әдебиет әлемінің алыптарынан қалған ұлағатты пікірлерді жарқырата жазып, қабырғаға айбат бердім. Мектеп директоры қолымды қысты. Тәжірибелі мұғалима Әмина Бәлкейқызынан көмекші әдебиеттер алдым. Мектеп және ауыл кітапханасынан шаңға бөккен сирек кітаптар іріктедім. Шалғайдағы ақ шағыл құм қоршаған ауылда ұстаздық ізденістің сілемін таптым. Білім беру ісінің майталманы Қожабай Бәкешовтің мерзімді педагогикалық басылымдарда жарияланған өзекті материалдардан методика мәйегін іздеген қалам жосылтуы өз бетінші оқып-тоқудың кілтін ұстатты.
Жүдә, мектептегі кезекті педагогикалық кеңесте тым таптаурын, сонашықты тақуа бақылаушы желдірмесіне нақтылауды ескертуіме тура келді. Практиканттан мұндай ұрымтал пікір күтпеген ұжым айран-асыр. Осы тақылеттес көрініс институтта өткен конференцияда тағы да қылаң берді. Бірінен бірі айырғысыз студент есептері арасында мінбеге көтерілген менің сөзім Абайша айтқанда «Шығысым Батыс боп кеттіге» сайды. Методика жағынан институт тәлімінің мектеп қажеттілігінен қашыктығы, пәндік оқу бағдарламасынан студенттердің бейхабарлығын ашына айттым. Профессорлар миығынан күліп, бастарын шайқады. Мұғалім міртебесінің қайтарымын алғаш осылай өтедім.
Өз басым ізденіс ізін кітап оқуға құштарлықтан өрбітем. Ауыл кітапханашысының дархандығын және сенімін пайдаланып, оқылымға жаңа қосылған кітапқа бірінші болып шұқшылатын әдет әлі күнге өзгерту тілемейді.Институттың үшінші курсында семинар мен коллеквиум өзіндік ой қорытуға үйретті. Ішкі дауыс пайда болды. Дербес пікір пәрменімен ғылыми таластан да дәме бар. Қыза келе батылдық балғасымен шындық шегесін кағатын турашылдыққа телініп кете бардық.
Шығармашылық, сірә да, бұйығылықты, жаттандылықты, қайталаушылықты, даңғазалықты қаламайды. Оған теориялык тереңдік, практикалық үйлесім, тың дәйек, жинақтау мен сұрыптау, өзіндік шешім тән. Мамандықты меңгеруге ерте бастан кұлшыныс ояту шығармашылық романтикадан тоят тапкызады.
Ауыл мектебінде әдебиет үйірмесінің бедел алуына әсем безендірілген қос құлаш кабырға газетінің үрдісі енуі себепкер болды. Жас талапкерлердің тырнакалды өлеңдері, новеллалары, сын-сықақтары топтаскан «Жас тұлпарға» ұстаздар мен оқушылар, тіпті ата-аналар да көбірек көз тоқтататын. Жетпісінші жылдардың орта шенінде мәскеулік оқымыстылар да ауыл мектебіндегі қабырға газетіне таңдай қағыскан. Аудандық газет сәт-сапар тілеп, «Ақжелкен» әдеби бетін тұтастай «Жас тұлпарға» арнаған.
Қашанда алғашкы қадам сенім серті іспеттес. Еңбек жолының бірінші оқу жылы ұстаз еңбегінің әліппесін қолға ұстатты. Педагогикалык оку деген дәстурлі талқылау бар екен. Әдіс бірлестігінің жетекшісі тәжірибесіздігімізге қарамай, бір тақырыпты қаузау қажеттігін мойынға артты. Амал нешік, студент портфелін ақтаруга тура келді. Тиянақ табылды. Институттағы студенттік оқуда тыңдалған баяндама алдымнан шықты. Әдебиеттен гөрі тіл мәселесіне тісім бататындай көрінетін. Аудиториядағы ой еркіндігі мұғалім столында қайта қанат қақты. Анау-мынау емес, қазіргі қазақ тілінің қадау проблемасына ауыз салдым. Дипломды жастана бермей, аудандық оқу бөліміне төтелеткенше, айқындауыш мүше табиғатын ашуға талаптанған қалам қиғаштауым да бекер болмаган сияқты. Мектеп оқулығы мен академиялық тұжырымды салыстырып, сабақтастырып өзекжарды пікір өрбіттім. Баяндамам ғылыми мақала сипатында түзілді.
Нақты тәжірибеден тым алыс, ғылым даусы мен мундалайтынжас мұғалім үніне ауылдағы әріптестер таңырқап құлақ түрді. Аудандық педагогикалық оқуға ұсынды. Мұндағы талқылау кеуделі екен. Самасаған оқушы жанарының өзі қаймықтыратын сабақ үсті сыны жолда қалды. Мектеп партасына әзер жайғасқан аудандағы кілең ығай мен сығайдың алдында жүрексінбей сөз бастау қайдан оңай болсын?! Саусақтар емес, парақтардың өзі діріл қағатындай. «Оқулық және проблема» деген атпен дайындалған қолжазбам ықыласпен тыңдалды. Нағыз «ызың еткен шыбын үні естілмейді» дейтұғын тәкаппар тыныштық.
Мамырлаған қаздай паң кейіптегі апай орта тұстан сауал тастады. анықтауыш пен айқындауышты айырудың төте тәсілін көлденең тартты. Қағаздағы қалам дабылы тақта бетінде бормен кескінделуге көшті. Мен жекелеген сөз тіркесі, тұтса сөйлемдік жүйні грамматикалық талдау өрнегіне салдым. Әдебиеттен сабақ берген Әбдірейім Есендіковтің каллиграфиялық жазу мәнерін көп назарына тостым. Мұғалімнің тақтадағы бор ұстаған қолынан сөз маржаны төгіліп жатуы тиіс. Дауыстап айтпағанмеен, аға буынға ішкі ишарамды осылайша білдірдім. Профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың жанрға жіліктейтін талдау төрелігі, доцент Әли Байжоловтың сауаттылық аксиомасы, доцент Талғат Сайрамбаевтың ғылыми айналымға еліктеуі жүрегімді жанып, оқулық аясынан тыс ғылыми дәйектерді бала ұғымынан бөөлектемеу керектігін өткірледім. Аудандық әдіс бірлестігінің жетекшісі Елеусіз Баймаханов арқадан қақты. Маңғалбастар аманат жүктер жаңа лекке жылыұшырай мойын бұрды.  Сол алғашқы әсер алдатқан жоқ. Араға жылдар салып, облыстық ғылыми-практикалық конференцияда «Ертегілерді оқыту құрылымы» деп аталатын әдістемелік баяндама тыңдалды. Бедел биіктей түсті.
Тәжірибе тереңі
«Қиналған Мамай жері осы», - деп тұспалданатын қиссадағыдай жан тер шығатын кезең де кездесті. Ауылдан қалаға жұмысқа ауысқанда, әп дегенде бос орын тек №64 сегіз жылдық орыс мектебінен табылды. Үш ұйықтасам, түсіме кірмеген кіріптарлық алдымды орағытты. Шала-пұлы орысшаммен күлкіге қалғым келмеді. Жібі түзі бағдарламасы да жоқ екен. Оқулықтағы текстер мен жаттығуларға негіздей отырып, оқушылардың ана тіліндегі сөздік қорын молайту, ойын жазбаша білдіру, іс қағаздары үлгісіне машықтандыру меже тұттым. Баспасөз материалдарын пайдаландым. Аударма жасаттым. Сөйтіп, шықпа жаным, шықпамен жүріп, №15 орта мектепке табан тіредім. Сондағы арқадан ауыр жүр түсіргендей жеңілдікті қалайша ұмытарсың?!
Бір ғажабы, пәндестердің алқалы жиынында өзіме төте сұрақ қойып тосылтқан білімпаз апай Нұржәмилә Айқалқаевамен осы білім ұясында 15 жыл сырласа жүріп ұстаздық рәуіш сезімге бөленгенімді мақтаныш тұтамын. Сол тәрізді биологиы пәнінің білгірі Бақыт Қостаева апайдың ұстазға тән биязы бейнесі жадымда мәңгі жатталып қалды.
Аралдағы №15 орта мектепте шығармашылық қазаны бұрқ-сарқ қайнады. Республикаға еңбегі сіңген мұғалім Зылиха Әбілова мектеп директорының орынбасары ретінде жас мамандарды кәсіби шыңдауға аса құлықты еді. Эрудицияны бағалайтынын аңғарғандықтан, ол кісі қатысқан сабақтарымды дереу құбылтып, ойда жүрген шығармашылық эксперименттіғ шетін шығаратынмын. Мектеп директоры Жұман Беламанов бірде «Меніңосал тұстарым қайсы?» деп тосылтқан. «Тексеруші емеспін, тәжірибесі толыспаған жас мұғалімнен данғайыр ұстаз нені күтті екен?!»-деп әлі күнге ойға қалам. Шамасы, ізденіс жасқа, тәжірибеге тәуелді емес-ау?! Энтузиастарда қиял айнасындағы сезінетін ерекше алғырлык энергетикасы бар. Олардың шаршаудың өзінен рахат табатыны да даралық нышаны.
Қала мектебінде қабырға газеттері панорамасы пәлендей шалқуды көтермейді. Соның өзінде жаттандылық жетегінде кетпей, әр оку жылында бір-бірін қайталамайтын эстетикалық көркемділігі де, мазмұндық алуандығы да түрліше газет шығарғанбыз. Әдебиет үйірмесі мүшелерінің тырнақалды туындыларын отырыста талқылап, әдеби ахуалмен таныстырып, қалам құдіретіне мектепте төселдіру қол сілтейтін шаруа емес.
Шығармашылық ситуацияны да сезіну білу керек. Мен тәжірибемде такырыптың қаншалықты күрделі екендігіне қарамастан, оқушылардан табиғат құбылыстары: ақ жауын, алғашкы кар, дүлей дауыл, күн шуағы, үскірік аяз мен мұңдалаған сәтте шағын суреттемені сыныпта бастап, үйде аяқтауды өтінетінмін. Қас-қагымдағы көңіл толқынын сипаттаған жазбада тіл дамыту бедері ойнақ салатын.
Жетпісінші жылдардың соңы білем, аудандық білім бөлімінің әдіскері Әбдуали Әлмаханов қала бойынша ашық сабақ өткізуге қолқа салды. Әріптестік ауқымы ұлғайғаны – өзіңді қамшылауға жақсы. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясына таңдау жасадым. Оқулық мәліметіне тояттамайтын әдетпен монографиялардан дәйек іздедім. Фото, түпнұсқа құжаттар көшірмесін топтастырдым. Радиолардан күйтабақ арқылы Құрманғазы күйлерін сарнатып соның астарында магнитофонға эпопеядан сәйкес үзінділер түсірдім. Күйтабақтағы Әуезов дауысы және пайдаланылды.
Қаланың бір шетінен орталықтағы мектепке бүкіл көрнекілігім, техникалық жабдықтарым, кітаптарымды колякаға салып емпендегенде, бұл әрекетімді ешкім ерсі көрген жоқ. Кодоскоп, эпидиоскоп арқылы тарих сұлбасы экранда көлбеңдеді. Магнитофон таспасы толғана тіл қатты. Сынып бөлмесін үлкен аудиторияға балап, ежелгі әпсана рухында әдебиеттегі Әуезов сенсациясын асқақ пафоспен кестелеп бақтым. Көркемдік гармониясына құрылған сабақ сәтті шықты. Қоғырау сыңғыры ғана уақыт нүктесін қойғызған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ауданда алғаш ұйымдастырылған көрнекі сабақ өмірге осылайша жолдама алған.
Ұстаздық романтика жоғалған жерде тоқырау, бірсарындылық белең алады. Қазір басқа мамандықтың шабарманы болсам да, мектеп жанынан өткенде, дәлізіне енгенде, сынып есігін ашқым кеп тұрады. Онда ұстазға қуат еселейтін арманшылдар атты қуат көзі бар. Тақта атты тұңғыш қолтаңба түсетін пірлі құрал бор ұстағаныңды қалайтындай. Әрбір білім бейнеткеріне ең кемі осындай ішкі кәсіби ынта керек!
Шығармашылық қыры да, сыры да сан алуан. Сабақ шартты міндет болғандықтан, көбіне оқыту процесі назарда тұрады. Сыныптан, мектептен тыс жұмыстар, сыныпқа жетекшілік екінші қатарға ысырылады. Мұнда науқанилық басымдау кетеді. Бірізділік сақтала бермейді. Оқушы дербестігі, қабілет нышаны қалтарыста қалады.
Мен осы ескі өлшем шеңберінен барынша аулақ болдым. Үйірме мүшелерін ақын-жазушылармен жүздестіру, тырнақалды туындыларын газеттерге жолдау, жаңа кітаптарды бірге рецензиялау, баспасөздегі таңдауды жарияланымдарды талдау арқылы жанр табиғатын тануға дағды қалыптастыру текке кетпеген сияқты.
Сексенінші жылдардың басында республика бойынша екі-үш аймақта педагогикалық сынып ашу эксперименті жүргізілді. Соның бірлігіне таңдау Арал ауданына түсті. Білім бөліміндегілер №15 орта мектепті қолай көріп, жауапкершілік салмағын маған артты. Мәскеу университеті дайындаған бағдарлама қағаз ғана қолда. Тараулар, тақырыптарды қамтитын әәдебиеті де көрсетілмеген.
Амал нешік, өздігімше тырбануға тура келді. Бала кезден жұғысты болған кітап оқуға құмарлықтан сүйеніш таптым. Қызылордадан Жалаңашқа қол талдырып әкелген қос сөмке кітабым Қарақұмға беттегенде екі қапқа айналды. Одан Аралға көшкенімізде кітап саны мыңға жуықтады. Газет-журнал тігінділері және бар. Соның ішінде орыс тілінде жарық көрген педагогика, методика, тәрбие жұмыстарын жүлгелейтін құнды кітаптар да аз емес-тін.
Бақылаушылар көзіне ілігуіме календарьлық, сабақ жоспарын жасау үрдісім себепкер болса керек. Қалыпты жүйеге жаңа саты, жаңа буын қосып отырғаным дұрыс секілді. Сол тұстары әр мұғалімнің өзіндік білім көтеру жоспары деген болды. Мен ол жоспарға еш бүкпесіз ойға алған шығармашылық межелерімді айқын көрсететінмін. Оқитын ғылыми-педагогикалық, методикалық әдебиеттерім, көркем шығармаларым, жазатын дүниеме шейін жариялы түрде мәлімдейтінмін. Негізінде, бұл шарт – ұстаздық даму деңгейін құрамдас бөлігі ретінде өзін-өзі ақтаған мүмкіндік.
Сынып жетекшілігін бастауыштан шыққан бойда қабылдау өте-мөте нәтижелі болмақ. Төртінші сыныптан тәрбиеме алған шәкірттерім басқаларынан әлдеқайда ыстық. Звеноларға жіктелетін қызыл галстукты құрметтілерім отряд ұғымын бауырластық сезімде аялап бақты. Құйтақандай кабинетте қарлығаштай тізілген олардың қимыл-қозғалысы, пішіні, сөйлеу мәнері сағыныш төрінен ізделеді. Ата-аналармен қоян-қолтық түсіністік әлі күнге атойлайды. Олар мені басқа сала белсендісі емес, балаларының сүйікті ұстазы ретінде бағалайды. Ата-ана сенімі деген – қозғаушы күш.
Оқушыларым сыныптан-сыныпқа көшкен сайын менің тәрбие жоспарым мен күнделігім қалыңдай түседі. Оқушыларымның ортақ істе, жеке әрекетіндегі байланыс пен үзік арасын жалған, бір жанұяның баласындай өзара жанашырлықты төрелікке тартты. Бірде ашық тәрбие сағатында шындық пен намыс туралы бүкпесіз сырластық. Жүдә, момақан шәкіртім басқалар білмес, сынып өмірінен тыс қателігіне өкініш білдіріп жанарын жаспен шылағанда сынып түгел тебіреніске түсті. Сондай риясыз сәттер, бастамашылдық, додаларда төменшіктемей жігер таныту оларды еркіндік самалымен желпіді. Өзара сынға өкпелеп, дықтанудан аулақ балалар пәктік байрағын желбіреткен сыныбым маған да қанат бітірді.
Педагогикалық сынып эксперименті кезекті мадақтауға ұласты. Суретім ауданның Құрмет тақтасында ілулі тұрған сәті шәкірттерім үшін ыстық аллеяға айналды.Жасаған лекцияларымның конспектісі, педагогикалық байқау күнделігін бүтіндеген көкшулан түсті қалың дәптер көзіме оттай басылды. Ауданда тұңғыш кәсіптік бағдар кабинетін ұйымдастырғанымыз да жаңашылдық жоралғысына жатады.
Жақсы мұғалім ешқашан шеберлік радиусын тарылтпайды. Жаңа мүмкіндіктер жаңа өріс ашады. Мектеп директорының орынбасарлығынан аудандық оқу бөліміне эстетика жөнінен әдіскерлікке шақырылғаным тәжірибе тану тыңына түрен салдырды. Араға жыл салып аудандық оқу бөлімінің әдістеме кабинеті меңгерушілігіне сенім білдірген кезең айырықша ізденіс соқпағына айналды. Академик Бабанскийдің оқытуды оптималдандыру идеясын одақтық педагогикалық дүмпуге ұластырған жаңашылдар шоғырын насихаттау оңай соққан жоқ. Амонашвили, Шаталов, Ильин, Лысенкова тәрізді оқытудың озық үлгісін қалыптастырған саңылақтар тәжірибесін аудан мұғалімдеріне дәріптеу тігзінін ұстау мені де шығармашылық шабарманға айналдырды.Қазақ тілі мен әдібиетінен Пацая Нұрсеиітова “методист мұғалім”, химия, биология пәндерінен Нәтипа Шәкірова, Үрзада Сейітжанова “аға мұғалім” белгісін кеудесіне таққан сәт менің еншіме тигені ешқашан ұмытылмайды.Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің I слеті, семинар өткізу, әдістемелік десант, озаттар тәжірибесінен буклет, плакат шығару, тәжірибе альбомы, әр мұғалімге картотека ашу тәрізді жұмыстар – аудандық әдістемелік кабинетті басқарған кездегі ұмтылыстар. Аттестация салмағын әділ безбеңдеген төрелігімізге де ешкім қабақ шытқан жоқ.
Мақтаныштар мерейі
Арал өңіріндегі ұстаздық эталоны саналатын айырықша тұлғалар туралы тағзым тұрғысындағы естелік есігіне әлі күнге елеңдеймін. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімдері шоғырынан ізделетін білім бөлімін басқарған математик Ебейсін Исаев, майдангер ұстаз, №19 орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Әбсадық Ахметов, №15 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарихшы Зылиха Әбілова, №220 орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі, ауданда лингафон кабинетін тұңғыш оқу үрдісіне еңгізген Болат Махатов сынды бастамашыл педагогтармен жүрекжарды жүздесуді ойдағыдай ұйымдастырғаныма барша ұстаздар қауымы бәрекелді дескенін ешбір мадақтау алмастыра алмайды.  
Аудандағы ұстаздар қауымын ерекше елеңдеткен №57 орта мектептін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын Мәлика Нұралиеваның айтыскер шәкірттері Гүлдәурен Наренова мен Қайрат Құлекешовтің облыстық, республикалық жыр додаларында көрермен қошеметіне бөленгені естен кетер ме?! №20 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиетін пәні мұғалімі Гүлнар Құрманалиеваның жаңашылдық үлгісіндегі ашық сабағы, №73 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Тәңірберген Дарменовтың мектеп мұражайын ұйымдастыру талпынысы, №231 орта мектептін бейнелеу өнері пәні мұғалімі Талғат Қармысовтың мектепті эстетикалық тұрғыда безендіру үлгісі, №248 орта мектептегі халықтық педагогиканы насихаттау семинары ұтымды нәтижеге ұласты.
№14 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Людьмила Владимировна Сапожникова Шевченконын Арал теңізінде болған тарих орнында экскурсия жасаудың жүйесін қалпытастырды. №58 орта мектептің география пәні мұғалімі Әлдірза Жолдасов географиялық алаң жасау жөнінде тың бетбұрысқа барды.
“Жыл мұғалімінің” облыстық байқауында аудан мерейін үстем еткен Лиза Жұматоватың, Дәріқұл Махамбетовтың, Бахыткүл Сермағанбетованың, Маржан Қожаеваның бас жүлдені еншілеуі аудандағы барша әріптестерін шығармашылық энтузиазмға барынша жіргерлендірді.
Сонымен бірге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен алғашқы олимпиада ұйымдастырған тың ұмтылысымыз шәкірттер шығармашылығына қайран қалдырды. Бүгінденрі аудандық білім бөлімңн басқарып отырған Санира Жанназарова сол эксперименттік олимпиаданың жеңімпазы болатын. Осындай педагогикалық консилиумға татитын озаттар тәжірибесі кейінгі толқынға қамшы салдырмайтын бетбұрыс баспалдағына нық қадам бастырғанын тамсана еске аламын.
Қырық жылдық еңбек өтілімнің аттай жиырма жылы білім cаласына арналыпты. Оқытуды түрлендіру, тәліми жұмыста адам тану машығы шығармашылық рәуіш сезімін жүрек түкпіріне берік ұялатты. Педагог трибунасына асқақ рухпен көтерілдік. Қоғамдық жұмыспен де біте қайнастық. Аудандық мәдениет үйінде талай тамаша кештердің жүргізушілік жүгін көтердік. Өнерпаздар алдында әдебиеттен лекция оқыдық. Облыстық халық сотының заседателі ретінде сот тергеуінде сөзіміз жерде қалмады.
Кейінгі жиырма жыл баспасөз айдынында ақ желкен көтертті. Ұстаздықты қаншама қимасам да, қалам құдыреті біржолата ақ қағазға төндіріп, сөз ұстасына айналдырды. Аудандық «Толқын» газетіне соны леп әкелгенімді бұрынғы-кейінгі әріптестер бекерден-бекер ауызға алмайтын шығар. Менің қарсыласым – жаттандылық. Журналистикаға қоңсы қонудың жауапкершілігіне әлі де жауап іздеп келемін.
Осынау шығармашылық ізденісті қуат қайнарына айналдырған өлшеусіз ұстаздық үлесімнің шығармашылық шапағатынан әлі күнге сүйеніш табамын.
Қыран ақын Қасым Аманжоловтан қалған «Өзге емес өзім айтам өз жайымды» дейтұғын сына сөзді қалқан тұтып, кейінгілерге педагогикалық энтузиазм турасында сыр аштым. Қалай десек те, оқушы дәптерін қуалайтын қызыл түсті қалам, тақта бетінде сәйгүліктей көсілдіретін бор, жан жихазы саналатын кітап шығармашылық тұтқасындай сезіледі.
Жаңабай КЕМАЛ,
Қазақстан Республикасының құрметті журналисі
Арал ауданының құрметті азаматы
03 қыркүйек 2025 ж. 29 0