Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРОКУРОРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

ПРОКУРОРЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ҚАШАНДА ӨЗЕКТІ

Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруы, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын жоғары бағалайтын ел ретінде қалыптасуындағы тарихи маңызды оқиға – 1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда қабылданған Конституция.Конституцияның 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге немесе жазалауға болмайтыны белгіленген.
Қазақстан Республикасының азаптауға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстануы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) «Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияға қосылу туралы» 1998 жылдың 29 маусымындағы №247 Заңын қабылдаудан есеп жүргізеді десек қателеспейміз.
2011 жылы қолданыстағы Қылмыстық кодекске 141-1-бап (ҚИНАУ) енгізіліп, азаптау алғаш рет арнайы норма ретінде бекітілді. Бұл бапта тергеушінің, анықтауды жүргізушіадамның немесе өзге лауазымды тұлғалардың қинау арқылы мәлімет алу немесе мойындату, сондай-ақ тән және психикалық зардап шектіргені үшін бес жылдан он жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
2014 жылы жаңа Қылмыстық кодексі қабылданып, азаптау 146-бапта (Азаптаулар) айқындалып, бүгінгі таңда бап «Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар» деп аталады. Азаптауды қолданған лауазымды тұлғаларға төрт жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
2019 жылдан бастап, азаптау жасаған кінәлі тұлғаларға Қылмыстық кодекстің 65-бабындағы «Шынайы өкінішіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату», 68-бабындағы «Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату», 71-бабындағы «Ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату», 78-бабындағы «Рақымшылық немесе кешірім жасау актісі негізінде қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату» нормалары бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуға және шартты жазаны қолдануға тыйым салынды.
Сонымен қатар нақты бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Яғни елімізде 1998 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін азаптауға қарсы іс-қимыл мәселелері ерекше назарға алынғанын және олардың себептері мен салдары терең зерттелетінін байқауға болады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН – ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына жолдауында азаптау орта ғасырлық жабайылық құбылысы екеніне тоқталып, онымен күреске ерекше мән беріп, «Азаптаусыз қоғам» қалыптастыру саясатын ұстанғанымызды атап өтті.
Мемлекет басшысы жолдауында «Бүгінгі таңда бұл бағытқа жауапты нақты орган жоқ. Мұндай тәжірибе белгілі бір тәуекелдерге толы. Сондықтан бұл функцияларды Бас прокуратураға бекітуді ұсынатынын» айтты.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы 1 қаңтардан бастап азаптау істерін тергеп-тексеру прокуратура органдарына жүктелді.
Бұл ретте Бас прокуратура азаптауды тергеудің тиімді құралы ретінде Стамбул хаттамасы негізінде «Прокуратура органдарында азаптау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» Нұсқаулық пен іс-қимыл алгоритмін әзірледі.
Стамбул хаттамасы азаптауды тергеу мен құжаттауды тиімді басқару және алдын алу үшін құнды құрал ретінде бүкіл әлемде қолданылатынын атап өткен жөн.
Азаптаулар туралы арыздарды тіркеу және кезек күттірмейтін тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде прокурорлардың іс-әрекеттерінің алгоритмі әзірленді. Бас прокуратураның бастамасымен қылмыстық қудалау органдары азаптаудың алдын алу мақсатындағы бірлескен бұйрықтар қабылдады.
Аталған бұйрықтармен тұлғаны жеткізу, ұстау, жеке тінту және медициналық куәландыру барысында міндетті бейнежетон қолдану тәртібі бекітілді.
Сонымен қатар жедел қызметкердің жеткізілген тұлғамен тергеушінің рұқсатынсыз байланысқа түсуіне тыйым салынды. Құқық қорғау орган- дарының бірінші басшыларының ғимараттардағы бейнебақылау жүйелерінің дұрыс жұмыс жасауына және соқыр аймақтардың жойылуына жауаптылығы белгіленді.
Прокурорлар бейнебақылау жазбаларына қашықтықтан қарау мүмкіндігін алды және олар енді азаптаудың алдын алу мақсатында жазбаларды онлайн режимде қарауға құқылы. Жазбаларды сақтау мерзімі 30 тәуліктен кем болмауы тиіс. Бейнежазбалар сақталатын серверлерге қолжетімділік оларды бөлек ғимаратқа шығару арқылы шектелді.
2019 жылы Арал аудандық полиция бөлімінің ғимаратында ашылмай тұрған мал ұрлықтарын Айтжановқа азаптап мойындатпақшы болған жедел уәкілдер Сагындыков, Әлнашов және Рахметовтерге қатысты қылмыстық іс арнайы прокурормен білікті тергеу тактикасын қалыптастыруының нәтижесінде әшкереленді.
Сот үкімімен Сагындыков, Әлнашов және Рахметовтер 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
 
Сот үкімдері азаптаудың өтеуі әділ жаза екенін көрсетті
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қызылорда облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Азаптаудың алдын алудың өзекті мәселелері» тақырыбында кеңейтілген форум өткізілді.
Форумға Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі, азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, құқық қорғау және арнайы орган басшылары мен қызметкерлері, судьялар, адвокаттар мен кәсіби сарапшылар қатысты.
Жалпы облыстық прокуратура аталған проблемалық мәселелерді оңтайлы шешу үшін келесідей тұжырымға келді:
• құқық қорғау органдарының ішкі қауіпсіздік, кадр қызметкерлері мен психологтарының қызметін жандандыру;
• бірлескен бұйрық талаптарын бұлжытпай орындауды және тез арада соқыр аймақтарды жоюға қаражат қарастыру;
• органдар ғимаратындағы бейнебақылауды кезекші прокурорлардың онлайн көру мүмкіндігін қалыптастыру;
• күдіктенген тұлғаларды жеткізу мен айналысатын қызметкерлерді толықтай бейнежетон мен қамтамасыз ету;
• жеткізілгендердің заңсыз ұсталуын болдырмау мақсатында кезекші бөлім қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру;
• азаптау орын алған мекеменің бірінші басшысын лауазымынан босатуға дейінгі тәртіптік шарасын қолдану;
• қылмысты ашуда және дәлелдемелерді жинақтап бекітуде заманауи жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажеттілігіне.
Бүгінде осы мәселелерді шешу жолында жүйелі прокурорлық ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуде. Адамдарды азаптауға қарсы іс-қимылда прокурордың рөлі айқын.
Прокуратура азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуына қамқорлықтың бірден-бір кепілі болып табылатыны сөзсіз.
Мадияр БЕКПАНОВ,
аға әділет кеңесшісі
03 қыркүйек 2025 ж. 332 0