Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтыру ауруынан сақтаныңыз!

Құтыру ауруынан сақтаныңыз!

Құтыру -  табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру.
2013-2014 жылдары ауданда адамдар арасында  екі құтыру ауруы тіркеліп, екеуі де құтыру ауруынан қайтыс болған еді. 2025 жылы 5 тамызда Арал қаласында  шет аймақта тұратын  7 жасар қыз баланы маңдайынан  жабайы жануар ( түлкі)  тістеу жағдайы тіркелді, бала ауруханада тиісті емін алды.  Ауданда   2022 жылы 194 адам, 2023 жылы 174 адам, 2024 жылы 163  адам, 2025 жылдың басынан бері  осы уақытқа дейін 144 адам    түрлі жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
         Құтыру ауруының қоздырғышы табиғатта жабайы жануарлар арасында айналыста болады. Құтырумен  ауыратын хайуандардың ішінде қасқыр, түлкі, ит, мысықтарды ерекше атап өтуге болады, сонымен қатар жарқанаттар, қояндар, жабайы шошқалар т.б. да ауырады, үй жануарлары  (сиыр,қой,ешкі,жылқы,түйе) құтырумен ауырған  жабайы  хайуандар мен ит-мысықтардың  жарақаттауынан соң ауру жұқтырады. Құтырған ит те, мал да судан, су ішуден қорқады.  Құтырған иттің сілекейі оның алғашқы сырт көрінісі пайда болғанға дейін 3-10 күн бұрын адам үшін қауіпті, сондықтан иттерді еркелеткенде, ойнатқанда абай болу керек.
       Хайуандар сілекейіндегі  қоздырғыштар адамды сілекейлегендегі, қапқандағы, тістегендегі  пайда болатын жара арқылы нерв жүйелеріне өтеді. Қоздырғыштың адам ағзасына еніп,клиникалық көріністер беруі  8-10 күннен 40 күнге дейін,сирек жағдайларда 3 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Құтыру  ауруының алғашқы белгілері - жануар жарақаттаған жердің  қышынуы, тыртықтың қабынуы, жыбырлауы, бас ауруы, әлсіздік, тұйықтық, асқа тәбеттің болмауы, ұйқысы қашып, түсінде шошынуы байқалады. Ауруда бейжайлық, негізсіз үрей, өлімнен қорқу пайда болады.  Құтыруға  шалдыққан адам алғашқыда судан, судың сылдырынан ,жарықтан және басқа да дыбыстардан шошынады. Құтыруға  тән  сыртқы белгілері науқас ерекше  жұлынып құтырады, сілекей мен тер ағады,  қимылы күшейеді, жұтқыншақта  және  бұлшық еттерде  діріл, құрысу  пайда болады,тыныс алу , жүрек-қан тамыр жүйесінің бұзылыстары, жұтыну рефлексінің бұзылыстары болып ақыры параличке ұласады,  кейін ағзаның жұмыс қабілетінің нашарлау себептерінен науқас қайтыс болады.            
        Кез келген аудан  тұрғыны түрлі жануарлар сілекейлеген, жарақаттаған  жағдайда жарақатты   сабынды сумен жақсылап жууы керек, ол үшін 1 шаруашылық (кір) сабынның жартысын немесе 1 тұтас иіс сабынды пышақпен  майдалап турап, 1 литр суға салып, жақсылап араластыру қажет, осы сабынды сумен көпіршітіп жарақатты 10-15 минут  жуу қажет, бұл шара сілекеймен түсуі мүмкін  құтыру ауруының қоздырғышын жарақаттан шығарып, ағзаға еніп кетуіне жол бермеу үшін өте маңызды, кейін   міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек немесе  аудандық орталық аурухананың қабылдау бөлімшесіне  дәрігерге көріну қажет. Жарақат алған адам дәрігер  тағайындаған құтыруға  қарсы егу шараларын  кестеге сәйкес мерзімді уақытында үзбей алуға тиіс, яғни "0", "3" , "7", "14" , "28" ші күндерде уақытында барып екпе алғанда ғана құтыру ауруына қарсы иммунитет қалыптасып, адам өзін құтырудан қорғайды. Құтыруға қарсы екпе алып жүрген адам 6 ай көлемінде спиртті ішімдік ішуіне, қатты суықтап қалуына, қатты шаршап ауыр жұмыс істеуіне, моншада ыстық бумен қыздырынуына болмайды.      
Жеке қожалықтағы ит-мысықтарды, малдарды  құтырмаға қарсы ектіру қажет, оларға мал дәрігерлік құжат алынуы керек. Иттерді  аулада байлап ұстап, көшеге  қарғыбау байлап, тұмсыққап кигізіп алып шығу  шарт.
А.Сатекеева,
Арал аудандық  санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау
басқармасының  басшысы 

Фото: Н. Нұржаубай                                           
16 қыркүйек 2025 ж. 275 0