Алаяқ

– Ау, қалайсың көрші?
– Шүкір аманбыз, өзің қалайсың Назираш?
– Аманбыз, сол өзің көрген күйбең тіршілік ауылдағы, сен соқтың-әй Астанаға кетіп қалып. Біз жүрміз төбемізді күн тесердей болып. Бүгін тіпті өртеніп тұр. Талай давлениесі бар адамды құлатады.
– Ой Назира-ау, мені қайбір жетісіп кетті дейсің. Сол сендердің қастарыңда жүре алмай, қарашаңырағыма қайта алмай пұшайман болып жүрген жоқпын ба? Маған салса жол ортасы жасқа жеткенде құтты мекенімнен ешқайда кетпей, шалыммен тұрғызған жаңа үйімнің рахатын көріп отырар едім ғой... – Әрі қарай Жақсыгүлдің дауысы дірілдеп кетті.
– Қой Жақатай, толқыма. Қара орманың тұр. Өзің де қызықсың-әй, елден безіп, тұра қашып. Ауыл адамдары сенің малыңды алса да, жаныңды алмайды ғой. Бәрі көзкөрген адамдар сені де түсініп отыр. Әлі де кеш емес, қайт елге.
– Енді тіптен бара алмаймын, – деп көзінің жасын төкті Жақсыгүл, –Құралайдың қайтыс болғанын естігелі бері жанымды жегідей жедім. Ажалына мен себеп болдым. Байғұс әйел аңқылдап жүруші еді. Қаншама қарызды қалай қайтарамын деген уайымға дімкәс жүрегі шыдамаған ғой. Елдің бәрі мені кінәлап жатқан шығар ?
– Жазмыш қой, сен де қашып қашанғы жүресің. Ауылға кел, халыққа жағдайыңды түсіндіріп айт...
Осы сәтте тыстан гүр еткен дыбыс естілді. – Ойбай Жақатай бақшадан Мұрат келіп қалды әбетін берейін. Ана келін де қалаға кеткен, жақсы кешке хабарласайық.
– Жақсы ақ көршім, Мәкеңе сәлем айт.
Қызыл түймені басқан соң Назира да көзінің жасын сығып алды. – 40 жылдық құрбым-ау, қайтейін. Екеуміз араға бір ай салып осы көшеге келін болып түсіп едік. Содан бері арамыз бір алшақтап, араздасып ұрысып көрмедік. Балаларымызды да қатар өсірдік. Кешегі қиын-қыстау күнде де бірімізде жоқ азық-түлікті бірімізден алып өмір сүрдік. Шарбағымыз қоршалмай, есігіміз құлыптанбай жатушы еді. Амал бар ма? Қартайған шағыңда қайырсыз перзенттен қасірет көріп ел тентіреп кеттің, – деп өз өзінен күбірлеп сөйлеп жүрді.
***
Жақсыгүл мен Жандос 4 перзентті өмірге әкелді. Ауылда қайсыбір жұмыс көзі бар дейсіз. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан қарапайым отбасы қарт аналарының зейнетақысын нәпақа тұтты. Балық аулап, бірді-екілі егін салып күн көріп жүрді. Жақсыгүл мінезі жібектей жайсаң әйел. Марқұм енесі 85 жасқа келіп алжып, дәретімен жарды бүлдіріп, білгенін істеп отырса да сыр бермей, тілі батпай ақтық сапарына дейін келіндік қызметін жасады. Енесі қайтқан соң шиеттей бала-шағаның тамағын тауып беру оңайға соқпады. Жолдасы Жандос шаруаға қырсыз еді. Әйтеуір ілініп-салынып жүріп өлместің күнін қылатын. Өз балаларының мұқтажын зорға өтеп жүргенде Жандостың қалада тұратын інісі әйелі қайтыс болған соң қызын осыларға тастап, өзі басқа әйел алып кетті. Жақсыгүл 5 жасар періштені өзге деп өзегінен теппеді. Өз баласынан кем көрмей өсірді. Кейін балалар есейген соң тіршілік тіптен қиындай түсті. Ақыры Алланың қалауымен Жандос вахталық жұмысқа алынды. Жақсыгүл мектептің еден жуушысы болып жұмысқа орналасты.
Жылдар жылыстады. Үлкен қызы мектепті бітіре салып тұрмысқа шықты. Екінші қызы да ақ бантикті ақ орамалға ауыстырды. Жалпы бұл отбасында "балаларға үйленсеңші, қашан үйленесің немесе қашан тұрмысқа шығасың" деген сұрақтар қойылған жоқ. Жандос пен Жақсыгүл тез-ақ ата-енеге айналып шыға келді. Үлкен қызы Жадыра алыс қалаға кетті. Жылына бір келсе келгені, келмесе амандығын телефонмен білдіріп, түзу тіршілік кешіп жатты. Ал екінші қызы Шынар көрші ауылдың баласына тұрмысқа шықты.
Мәселе осы қыздан болды. Қаржылық сауаттылық, мемлекеттен оңай жолмен қалай ақша табуға болады деген сауалдың төңірегіндегі әлеуметтік желіде жазбалар жариялап жүрді. Өзінің бір айда тапқан табысын көрсетіп, өз командасына қосылғандарды осындай табысты етуге уәде берді. Жақсыгүл қызының табысты болып аяққа тұрғанына балаша қуанды. Қасындағы әріптестеріне, достарына айтып мақтанды. Оңай ақша кім-кімнің де болса қызығушылығын оятпай қоймайды. Олар да ақша табуға құлықты екендерін айтып, жолдарын сұрастыра бастады. Әрине, Шынар қуана келісті. Осылай ол табыс табамын деген әрбір адамды кәсіпкер етіп тіркеп, мемлекеттік тапсырыстарға қатысты. Алаяқтық жолмен бәрін оңай шешіп миллиондаған қаржыны өз қалтасына басып, ауылдағы аңқау халықты тиын-тебенмен алдап отырды. Не керек, әр адамның атынан ашылған кәсіпкерлік жабылмай, тапқан табысының салық мөлшерлемесі артып отырған. Осылай арамзаның апанына түскен ауыл тұрғындары аз ақшаға марқайып пайда таптық деп жүргенде, салыққа берешектері миллионнан асып түсіп, шалқы ортасына құлатты.
Содан бастап Жақсыгүлден береке қашты. Есігінен адам үзілмейтін болды. Бірі жылап келді, бірі айқай шығарып келді. Қанша амалын табайын десе деп қиюуы келмеген соң ақыры Жақсыгүл мен Жандос жұмысын, үй-күйін тастап Астана асып кете барды.
***
Құралай да сан соғып қалғандардың бірі еді. Екі жыл бұрын 18 жастағы ұлын жер қойнына тапсырған соң есін әзер жинап, жан-жағына қараған байғұс әйел Жақсыгүлмен бірге жұмыс істейтін. Жақсыгүлдің күнде қызынан сұраған ақшасын алып, шалқып жұмсап өмір сүріп жатқанын көзбен көріп отырған соң «мен де бір жыртығымды жамайын» деп Құралай да қызығушылық танытқан болатын. Ақырында оған 1,5 миллион салыққа қарыз екенін көрсеткен хабарлама хат келгенде, қан қысымы көтеріліп ес-түссіз құлады. Араға апта салмай-ақ небары 42 жасында аурухана төсегінде бақилық болды.
Назира болса 40 жыл дәмдес болған құрбысын сағынады. Күнделікті телефонмен амандығын біліп, ауылдың жаңалығын бөлісіп отырады. Қараусыз қалған үйін де күніне бір барып, айналып қарап шығады. Ыстық естеліктер көзге оттай басылып, көңілін толқытады. Талай жыл екі үйдің арасын жол қылып, жақсылы-жаманды жаңалығында бір-бірінің қасынан табылған еді...
– Кемпір тамағың дайын болса әкел, ішіп алып көз шырымын алайын. Түстен кейін бақша басына қайта баруым керек – деген Мұраттың дауысы жарқын шықты.
– Дайын, дайын қолыңды жуып жайғаса бер, – деді Назира.
Екеуі шүйіркелесіп отырып түскі астарын ішті. Түздегі балаларының жаңалығымен бөлісті. Назира орайы келгенде Жақсыгүлдің хабарласып, сәлем айтқанын айтты. Мұрат үнсіз ұзақ отырды да Алладан абыройдан айырмауды сұрады. Назира ауыр күрсініп, жүзін төмен салды.
Н. МАРАТ