Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлмес өмір – өшпес өнеге

Өлмес өмір – өшпес өнеге

Кей адамдар аса мейірімді, әзілқой болуы себепті өз құрдастарынан анағұрлым жас көрінетіні бар. Сондай адамның бірі – ауылымыздың ақсақалы Қайбалды Аманжолов әкеміз болды. Ол кісі әкеммен түйдей құрдас-тұғын. Құрдастары Қайбалды әкемізді «Қайбар» деп қатты әзілдейтін. Біз де, балалар да, «әке» дегеннен гөрі, «аға» деуге бейім тұратынбыз.
Ешқашан ашуланғанын көрмеппін. Осы бір қарапайым адамның өте жүректі, аса қайырымды екенін кезінде ешкім де аңғармады. Ешкім де бағалай алмады.
Ол 1924 жылы Қамыстыбас ауылында дүниеге келген-ді Осы жерден мектепті бітіріп, 1943-1945 жылдары соғысқа қатысқан. Майданнан келген соң, Қамыстыбас балық қабылдау орталығында, «Тресте» балық қабылдаушы болып қызмет қылды. 1970 жылдан бастап Қамыстыбас ауылындағы мектепте шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарып, сол жерден зейнетке шықты. 2004 жылы 80 жасында өмірден озды.
Міне, қысқаша ғана өмірбаянды оқып шығу оңай болғанымен, ішіне тереңірек бойласақ, Қайбалды ағамыздың өмірінің жастық шағы қыл үстінде өтті деуге болады.
Баршаға түсінікті болу үшін, салыстырмалы түрде Қайбалды ағамыздың қызметіндей қызмет атқарған басқа жердегі адамдардың әрекетіне біршама сипат бере кетейін.
«Үмітті Арал» газетінде редактор болып қызмет атқарып жүргенімде, Арал ауданы, Бөген ауылындағы қоғамдық тілші Наргиза Жайманова қарындасымнан «Айтылмаған бір үзік сыр» атты мақала келген.
2013 жылы 80 жасқа таяп қалған әжесі Қабираның аузынан жазып алыпты. Қысқартып айтқанда, былайша баяндалады екен.
«Бір күні 1943 жылы қақаған қыста үйге әкем Бақбергенді әкімшілікке жиналысқа шақырып кетті. Әкем: «Не болып қалды екен?! Бүгін партия жиналысы жоқ еді ғой, аманшылық болғай!» деп орнынан тұрып, жиналысқа кетті. Күн суық. Дала аппақ мамық қарға оранып жатыр. Самал жел лезде ашуға булығып, боран болып, желдің ызғары басылар емес. Біршама уақыттан соң, әкем үйге қайтып келді. Үсті-басы қар, көзінің айналасын қырау басқан. Жылаған тәрізді. Жанарынан бір мұң байқалады. Анам да бірдеңені сезгендей: «Не боп қалды?! Аманшылық па? Жылағансың ба? Көзің ісіп кетіпті, әлде тоңғансың ба?» деді абыржып. Әкем сабырлы үнмен: «Жоқ, а! Еркек басыммен не болды жылап, дала суық, соның ызғары болар көзімнің қырау басқаны, жылы үйге келген соң, жібігені ғой»,-деді. Анам үнсіз. Бірдеңе болғанын іші сезеді. Әкем екеуі бөлмеге барып, біраз әңгімелесті. Қобылаш атаның майдандағы баласы Кенжемұраттан қаралы қағаз келген екен. Әкем: «Бұл ауыр қазаны Қобылаш ата мен Үрме әжеге қалай айтамын? Жүректерін ауыртып, жандарына қаяу салғым келмейді» деп келген қара қағазды көрсетпей, жыртып тастаған екен. Әңгімелесіп болғаннан кейін, шыдамсыздық танытып, анамнан: «Не болып қалды?» -деп тағы сұрадым. Анам сыр бермей, жылы шырай танытып: «Балық мәселесі ғой» деді.
Әкем кешкісін балық басына кетті. Ертеңіне үйге балық әкелді. Анам қазанға тамақ асып, уылдырығы мен төстігін салып қармалап, балықтың қабырғасын, жылы жұмсақ жерін үнемі көрші Қобылаш атаның үйіне апарып беретін. Үкімет әр отбасыға 200 гр қара нан беретін. Әпкем Набира екі үйдің нанын алып келетін. Анам біздің нанды «балық басында жүр ғой, қысты күні қалың мұзды ойып...» деп әкеме беріп жіберетін. Жолда әкем ол нанды қолтығына қысып, Қобылаш атаның үйіне апарып беретін. Сонда анам: «Өзің алмадың ба? Тоңып, далада жүрсің ғой, қарындарың ашады» дегенде,әкем миығын тартып: «Біз балық басында жүрміз,өлмеспіз,балық асып жерміз. Қобылаш атаның балық аулап әкеп беретін баласы да жоқ. Күніне үкімет берген 200 гр нан оларға не азық болар дейсің. Ауызашарға Үрме әженің жейтін тамағы жоқ болар»,-дейтін. Әкем балықтан үйге келгенде, асып қойған тамақты жемейтін. «Менің сыбағамды көрші Қобылаш атаға апарып беріңдер» дейтін. Татыран аға екеуі балық басында балық асып жеп алатын. Ол кезде үкімет балықшыларға үйіне бір асымдықтан артық балық бермейтін. Жан басына есептеп беретін. Татыран аға мен әкем түнде ау қарауға баратын. Күндіз оларға қатаң қадағалау болады. Кейде күндіз балық аулағанда, әкем қалың қарға 5-6 балықты көміп кетіп, түнде Татыран аға екеуі көмген балықтарын ауылға алып келіп, көрші жесір қалған келіншектерге, қарт әжелерге бөліп беретін. Заманның қаталдығы сондай-ауылымызда қазан тінтитін бригадирлер болатын. Бригадирлердің ашкөздігі сондай-біреудің қайнап жатқан қазанын: «Сенің жолдасың, не балаң жоқ балық аулайтын», – деп төңкеріп кететін. Сондықтан, 2-3 балықтарын біздің қазанға келіп асып алатын.
Кезінде әкем бригадир болған. Алайда «біреудің үйін тінтіп, қазанын төңкеріп, жекіріп, жесір әйелдер мен жетім балалардың көз жасына қалып, Алла алдында күнәһәр болғым келмейді. Мұндай іске баруға намысым жібермейді»,- деп әкем жұмыстан шығып кеткен. Әкем бұрын бригадир болғандықтан болар, олар біздің үйдің қазанын тінітуге батылдары жетпейтін, жүрексінетін. Күніне 1-2 балықты қанағат ететінбіз.
Бірде үйге Қобылаш ата келіп: «Бақберген-ау, Қалия мен біздің баладан хабар жоқ па?Арасында хат келетіні бар еді»,-деп сұрап еді. Әкемнің жарқын жүзінен күлкі кетіп, бір кінәлы адамдай, беті қызарып: «Ата, балалардан әлі хабар жоқ. Сұрапыл соғыстың өршіп тұрған кезінде олардың хат жазуға да мүмкіншілігі жоқ шығар. Сіз уайымдамаңыз» деп Қобылаш атаны бір серпілтіп тастады. Ата әкеме мақтаныш сезіммен: «Бала Отан алдындағы борышын адал өтеп жүр ғой»,-деді. Әкем де: «Иә, рас, балаңыздың қайраттылығы, өжеттілігі сізге тартқан» деп атайды қолпаштап, бір марқайтып тастады. Ата балаша мәз болып : «Аман-есен келсе екен, өзін қатты сағындым. Неге екенін білмеймін, соңғы кезде түсімде баламды көп көріп жүрмін. Лайым, баламды Алла бізбен аман-есен қауыштыруға жазсын!» деді. Әке жүрегі баласына бірдеңе болғанын сезгендей-ақ! Әкем үнсіз, жанары жасқа толып, атаға сездіргісі келмей: «Ауа райы бүгін керемет екен!» деді. Қобылаш ата: «Балам-ау, мен кетейін, балалардан хат-хабар болса, айтарсың»-деді. Әкем еріксіз миығын тартып: «Ата, уайымдамаңыз, Алла сізге деніңізге саулық берсін!»-деп жылы шыраймен атаны үйіне шығарып салды. Әкем біразға дейін үйге кірмей, далада жүрді. Терең ойдың жетегінде жүр. Арасында күрсініп қояды. Бала болсам да іштей сездім. Әкемнің Қобылаш атаға айта алмай жүрген сыры бар сияқты. Кейін әкемнен сұрауға жүрексіндім.
Мен анама қарағанда әкеме жақын болдым. Қамқор әкемнің еңбекқорлығына тәнті едім. Әкем қыста отын ретінде колхоздың түйесімен 50 бау қамыс әкелетін. Қобылаш атаға, көрші жесір қалған, балалары не жолдастары майданға кеткен келіншектерге, қарт ата-әжелерге қамыс шауып әкеп беретін. Қыстай олардың отын-сулары әкемнің мойнында.
Бірде біз әкеммен бірге балық басына көшіп кеттік. Кейін ауылға келсек, Қобылаш ата мен Үрме әже жоқ. Ауыл адамдарынан сұрасақ, Қазалыдағы туған-туыстары көшіріп алып кетіпті. Әкем естігенде, бір түрлі күйде болды. Біз бала болсақ та, Қобылаш ата мен Үрме әжеге бауыр басып қалған едік»-деп соғыс кезіндегі теңіз жағалауында тұратын балықшы ауыл тұрғындары және олардың жағдайынан сыр шертетін әңгімені оқып отырып, көп нәрсенің біздің ауыл тұрғындары жағдайымен ортақ екенін аңғардым.
Күн мен түннің қатар болатыны секілді өмірде мейірім мен қатыгездіктің, сүйіспеншілік пен сатқындықтың, жақсылық пен жамандықтың қатар өмір сүретінін, өмір сүре беретінін бір сәт жадымыздан шығармауымыз керектігін түсіндім.
Пендеміз ғой! Бір сәт тойынсақ, аш кезімізді, жалаңаш кезімізді дереу ұмытып кетеміз. Сонау өткен ғасырдың 60-жылдарында басын бәйгеге тігіп, ашқұрсақ ауылдастарына жанқиярлықпен көмек жасаған адамдар бүгінде ұмыт қалып, қолында билігі, біршама байлығы бар адамдардың ықпалында кеткеніміз ешкімге де жасырын емес.
Бала болсақ та, сонау өткен ғасырдың 60-жылдарында халықтың өте кедей, әлі де аш-жалаңаштық белең алып тұрғанын көзбен көріп өстік. Әсіресе, ері соғыста қаза тапқан жесір әйелдер мен жетім балалардың жағдайы өте ауыр болатын. Қазіргідей, не зейнетақы, не жәрдемақы жоқ. Берілуге тиісті болса да, беріле бермейтін. Оны мен жетім-жесірлерге болысып, сонау Мәскеудегілермен үнемі айтысады да жататын әкемнің іс-әрекетінен білетінмін.
Міне, осындай ауыр кезеңге қарамастан, қыста бекауызға (пакгауз) сыймай, сыртта тау-тау боп үйіліп жататын балыққа тигізбейтін шолақ белсенділердің қатыгездігі шектен шықса, аулымызда я балық дүкені жоқ, я сатып алатын ақшасы жоқ, қолда бар балықты Ресейге аударып жатқан үкіметтен қайыр жоқ, халықтың жағдайы өте ауыр болатын.
Осындай ауыр кезеңде халқына жаны ашитын азаматтардың іс-әрекеті кейде оқыс боп, кейде күлкі тудырып жататыны бар-ды. Сондай жанның бірі – біз әңгімелеп отырған Қайбалды ағаның әрекеті болатын.
Қазіргідей емес, ол кездегі ауылдың келбеті мүлде бөлек-ті. Ауылдың батыс жақ бетіндегі «Сталин путь» тас жолы балық «Тресіне» келіп тіреледі. Содан басталатын тар көшенің бойы ұзыннан-ұзын созылып, ауылдың солтүстік-шығыс бетіндегі темір жол өткеліне дейін ысылдаған құм болатын. Осы құмға сол кездегі техниканың батпайтыны болмайтын. Балық тиелген шағын ГАЗ-ик автомашиналары батып, қатты қиналатын.
Ересек балалардың әмірімен теңізден, көлдерден балық тиелген автокөліктердің жүретін жолына құмды ұзына бойы төбе-төбе қып үйіп қоятынбыз. Өздері әрең келе жатқан көліктер құмға келіп тіреледі де, батып қалады. Батқанда да белуардан кіріп кетеді. Сол кезде тасада тұрған балалар балықты «ханталапай» қыламыз. Біздің жаз бойғы кәсібіміз-осы! Бір қызығы, ересек балалардың әмірі естілісімен, әлгі батқан автокөлікті шығарысуға да біріміз қалмай көмектесетінбіз. Дорбадағы балықтарымыз да тең бөлінетін. Жетім-жесірлердің де несібелері ұмыт қалмайтын. Тағы бір таңқаларлығы, Қайбалды аға автокөліктің балық тиелген портында келе жатқан күні, құм төбелер жасалмайды. Есесіне, Қайбалды ағамыздың: «Тетеңді тігейін!» деген дауысы құлақты қақ жарардай қатты шығады да, артынша балаларды үркіту үшін балықпен ұра бастайды. Ұрғанда да балықты жаңбырша жаудырады. Тағы бір қызығы, ұрылған балықтардың ірі, әрі ешкімге тимейтіні! Қайбалды ағамыздың балаларға көрсетіп жатқан сесін байқап келе жатқан автокөліктің кабинасында отырған Аралдан келген бақылаушылар өздерінше мәз болысады. Ештеңе сезбейді.
Қайбалды ағалар еш кедергісіз өтіп кеткеннен кейін, балық бөліс қайта басталады. Бәрі әділ! Семіз асымдық балықтар сол күні бүкіл ауылды тойындырады. Бұл әрекеттердің құпиясы там-тұмдап болса да кейін ашыла бастады.
Бұл – бар байлығымызды Мәскеу сорып алып, шолақ белсенділердің көмегімен халықты аш құрсақ ұстап отырған орыс империясының езгісін сәл де болса жеңілдету жолында көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыздың шарасыз әрекеті еді. Оның үстіне ол кезде қарапайым халықтың бір-біріне мейірімі де, қамқоры да, иманы да жоғары болатын. Бір-бірін сатпайтын. Заман ауыртпалығын түсінетін.
НҰРБАЙ ЖҮСІП
14 қазан 2025 ж. 72 0