Сотқа құрмет– құқықтық мәдениеттің көрсеткіші және азаматтардың парызы
Қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейі азаматтардың заңға, әділдікке және сот билігіне деген қатынасынан көрінеді. Мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының ең алдымен әділ сот төрелігіне және азаматтардың оған деген сеніміне тікелей байланысты. Сотқа құрмет – бұл тек заң талабы емес, сонымен қатар қоғамның рухани деңгейін айқындайтын өлшем. Сол себепті сотқа құрмет көрсету – азаматтың ішкі мәдениеті мен құқықтық санасының айғағы.Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабының 1-бөлігінде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны көрсетілген. Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек.
Сотқа өз сөзінің тікелей әсер ететінін біле тұра шақыртуға себепсіз келмегендер сотты құрметтемей тұрғанын жете түсіну керек. Шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті, жеделдік артқан ақпарат дәуірінде SMS хабарламалардың көмегімен хабардар бола тұра келмей, сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты сыйламау болып табылады.
Сонымен қатар сотты құрметтемеушілік — сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбау, орнынан сөйлеу, балағаттау, алкогольдік ішімдік ішкен күйде келу, сот отырысына себепсіз келмеу, сот актілерін орындамау әрекеттерінен туындайды.
Мұндай немқұрайлық танытқан азаматтардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі- ӘҚБтК) 653-бабына сәйкес жазаланатындарын білгені жөн. Кодекстің бұл бабында процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) сотты құрметтемеу болып саналатыны тайға таңба басқандай жазылған. Заңды бұзған азаматтарға әрекеттеріне қарай ескерту жасау не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.
Ал, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) бойынша отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу әкімшілік жазалары көзделген.
Сондықтан әрбір азаматтар сот шешімін салқынқанды қабылдап, қажет болса заңды тәртіппен шағымдана білуі, сот отырысында тәртіп сақтап, өз пікірін мәдени түрде білдіруі және сот билігінің беделін қорғауға үлес қосуы тиіс.
Сот – мемлекеттің бір тармағы, сондықтан сотқа құрмет мемлекетті құрметтеу, заңға құрмет, ал заңға құрмет өз еліңе құрмет болып саналады.
Қазіргі уақытта азаматтардың соттың шақыртуларына дәлелді себептерсіз келмей, одан бөлек сот процестерінде эмоцияға беріліп, сот процесі кезінде судьяға тіл тигізу, әдейі дау шығару, куәгерлерге қысым көрсету немесе сот шешімін қорлап жария түрде сынау жағдайлары кездесіп жатады.
Осының салдарынан өздерінің құқықбұзушылыққа барып жатқандарын дұрыс бағамдамай, заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылып жатады.
Сондықтан, процеске қатысушылардың заңнамада көзделген процестік міндеттерді орындауы тікелей міндеті екенін ұғынғаны абзал.
Арал аудандық сотының бас маманы
К.Баймағанбетов










