АДАМ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ – ПРОКУРАТУРАНЫҢ АЙШЫҚТЫ МІНДЕТІ
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құруды басты мақсаты ретінде айқындады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Конституциямыз ел дамуының берік іргетасына айналып, онда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы екенін айқын көрсетті. Негізгі Заңның 17-бабында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке немесе қорлайтын жәбір көрсетуге болмайтыны нақты белгіленген. Біз бүгінгі мақалада ауданның аға прокуроры Мадияр Бекпанов ұсынған мәліметтер негізінде халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар легіне тоқталмақпыз. Халықаралық стандарттарға сай қадамдар
Қазақстанның азаптауға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстануы халықаралық деңгейде 1998 жылы БҰҰ-ның «Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенциясына» қосылуымен басталды. Бұл адам құқықтарын қорғау саласындағы еліміздің маңызды қадамы еді.
– 2011 жылы қылмыстық заңнамаға алғаш рет «Қинау» туралы 141-1-бап енгізіліп, азаптау үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Ал 2014 жылғы жаңа Қылмыстық кодексте бұл мәселе 146-баппен жетілдіріліп, азаптауды қолданған лауазымды тұлғаларға төрт жылдан он екі жылға дейін нақты қамау жазасы белгіленді.
2019 жылдан бастап азаптауға барған тұлғаларды қылмыстық жауаптылықтан босатуға мүмкіндік беретін бірқатар баптарды (65, 68, 71, 78-баптар) қолдануға заң жүзінде тыйым салынды. Бұл – азаптаумен күрестің күшейгенінің айқын дәлелі, – дейді аға прокурор.
Президент тапсырмасы және жаңа реформалар
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында азаптауды «орта ғасырлық жабайылық» деп атап, онымен күрес – мемлекет саясатының басымдығы екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы азаптау істерін тиімді тергеу үшін жауапты органның болмауы белгілі бір тәуекелдер туғызатынын айтып, бұл функцияларды Бас прокуратураға бекітуді ұсынды.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаптау фактілерін тергеп-тексеру толықтай прокуратура органдарына жүктелді. Осы мақсатта Бас прокуратура Стамбул хаттамасына сүйене отырып арнайы Нұсқаулық пен іс-қимыл алгоритмін әзірледі. Бұл құжаттар азаптау істері бойынша сапалы, жедел және халықаралық стандарттарға сай тергеу жүргізуге мүмкіндік беруде.
Тиімді бақылау және алдын алу тетіктері
– Құқық қорғау органдары арасында бірлескен бұйрықтар қабылданып, азаматтарды жеткізу, ұстау, тінту, медициналық куәландыру сияқты барлық процестерде бейнежетондарды міндетті түрде пайдалану тәртібі енгізілді.
Сонымен бірге жедел қызметкерлердің тергеушінің рұқсатынсыз жеткізілген тұлғамен байланысқа түсуіне тыйым салынды. Ғимараттардағы бейнебақылау жүйесін бақылау және «соқыр аймақтарды» жою міндеті орган басшыларының жауапкершілігіне бекітілді. Прокурорларға бейнежазбаларды онлайн көру және қашықтан бақылау мүмкіндігі берілді. Бейнежазбаларды сақтау мерзімі 30 тәуліктен кем болмауы белгіленді.
Азаптау фактілерін әшкерелеу жұмыстарының нақты нәтижелері де бар. 2019 жылы Қызылорда облысында мал ұрлығына қатысты істі «мойындату» үшін азаматты азаптаған үш жедел уәкілдің қылмысы прокуратураның кәсіби тергеу тактикасының арқасында дәлелденіп, олар сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын, – дейді М. Бекпанов.
Прокуратура – азаматтардың құқығын қорғаудың негізгі тірегі
2024 жылдың алғашқы жартысында Қызылорда облыстық прокуратурасы «Азаптаудың алдын алудың өзекті мәселелері» атты кеңейтілген форум өткізді. Форумға омбудсмен өкілдері, құқық қорғаушылар, судьялар, адвокаттар мен сарапшылар қатысып, азаптауға қарсы іс-қимылды күшейтудің нақты жолдарын белгіледі. Оның ішінде кадр және ішкі қауіпсіздік қызметтерінің жұмысын күшейту, барлық қызметкерлерді бейнежетондармен толық қамтамасыз ету, прокурорлардың онлайн-бақылау жүйелерін жетілдіру, заңсыз ұстаудың алдын алу үшін кезекші бөлімдердің жауапкершілігін арттыру, азаптау орын алған мекеме басшысын қызметтен босатуға дейінгі тәртіптік шараларды қолдану, қылмыстарды ашуда жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізу ұсынылды.
Бүгінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Прокуратураның ұйымдастырушылық және қадағалау қызметі азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқарып келеді.
Қазақстан азаптауға нөлдік төзімділік қағидатын бекітіп, халықаралық стандарттарға сай құқықтық тетіктерді қарқынды жетілдіруде. Мемлекеттің саяси еркі, прокуратураның күшейтілген өкілеттіктері және қоғамның белсенді қатысуы – азаптаусыз қоғам құрудың негізгі кепілі. Адам құқықтарын қорғау – мемлекеттің басты міндеті, ал осы жолдағы жүйелі реформалар еліміздің құқықтық мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Елімізде әділдік пен адамға құрмет – заңның да, қоғамның да мызғымас қағидатына айналуы тиіс.
Н.БАҚЫРАН










